«КОМСОМОЛЬСКАЯ ПРАВДА» КІМНІҢ МЕНШІГІ?

«КОМСОМОЛЬСКАЯ ПРАВДА» КІМНІҢ МЕНШІГІ?

«КОМСОМОЛЬСКАЯ  ПРАВДА» КІМНІҢ МЕНШІГІ?
ашық дереккөзі

Ресей БАҚ-тары қайта бөліске түспекші

«Кім ақпаратқа иелік етсе, сол әлемді билейді»,–деген ұстаным қазіргі уақыта дәлелді қажет етпейтін аксиомаға айналды. Жаңа дәуір, жаһандану ғасырында ақпарат және оны тарату құралдарына ие болу үшін әлемнің барлық елдерінде дерлік астыртын да, ашық та күрес тоқтаусыз жүргізілуде.Ақпарат құралдарының құдіретті күшін ертерек мойындаған демократиялық батыс елдерінде адамдар, әсіресе саяси қайраткерлер БАҚ-тардың қоғамдық ролін әрқашан жоғары бағалағаны мәлім. Мәселен, әйгілі Уинстон Черчилль сонау 1895 жылдың өзінде-ақ «Дейли Телеграф» газетінің әскери тілшісі ретінде Кубаға барып, өз қаламының мүмкіндігін сынап көрген, бұл Ұлыбританияның болашақ премьер-министріне қоғамдық күштермен қарым-қатынас орнатуға кең жол ашқаны айқын.

Миллиондардың ой-санасын билеген, мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуына, тіпті, халықаралық саясаттарға ықпал жасайтын медиамагнаттардың атақ-даңқы, таңғажайып ертегі сияқты өмірлері, тез байып, кейбірі ізінше қара бақыр санаған тіленшіге айналғаны жөніндегі аңызға бергісіз шындықтар талайды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыратыны аян. Әлбетте, еңбек жолын Австралияда газет сатушы қолбала болып бастаған Мэрдоктың, кейін Англияда беделді БАҚ-тарға ие болып шыға келуі, CNN телеарнасын құрып, әлемдік ақпаратты билеушіге айналып шыға келген Тед Тернер, Италияның медиамагнаты ғана емес, атақты «Милан» футбол клубының да иесі, ол ол ма, әлемдегі аса дамыған жеті мемлекет қатарындағы елдің премьер-министрлігіне дейін жеткен Сильвио Берлусконидің өмірлік тәжірибелері, тіпті, Қазақстандағы кейбіреулерге де маза бермейтін сияқты. ?йткені, үмітсіз–шайтан, әркім-ақ медиамагнат болуды армандаса несі айып?!

Бірақ, БАҚ-тардың маңында бақытсыздықтар да қоса жүретінін қаперге алу қажет. Сильвио Берлусконидің үстінен кезекті рет қылмысты іс қозғалуда қазір.

Оған ағылшын нарығына шығу үшін осы елдегі бірқатар шенеуніктерге 300 мың доллар көлемінде пара берген деген айып тағылуда. Егер итальяндық тергеушілер осынау даңғазалы істі мәреге дейін жеткізе алса, «Миланның» иесі 6 жылға бас бостандығынан айырылмақшы. Бірақ, қоғамда осылай болатынына әрі әділдік салтанат құратынына күмән келтірушілер көп. Өйткені, Берлускони осыған дейін өзіне қарсы қозғалған осындай екі істе сүттен ақ, судан таза болып құтылған.

Ресей БАҚ-тарының айналасындағы талас-тартыста сонау қайта құру жылдарынан бері еш тоқтаған емес. Кезінде Кремль билігіндегілерге мейлінше жақын болған, саяси, экономикалық реформалардың қай бағытта дамуына ықпал жасаған медиамагнат Борис Берозовский бұл күндері Англиядан саяси баспана сұрап, тұманды Альбионнан аттап шыға алмай жүр. Өзі өміріне орасан зор қауіп төніп тұр деп сескенеді. Мұндай қауіптену негізсіз емес, өйткені, соңғы кездері Путиннің Чешенстандағы жүргізіп отырған саясатын ұзақ жылдар әшкерелеген Анна Поликовскаяның Мәскеуде өлтірілуі, ал Ресей қауіпсіздік қызметінің бұрынғы полковнигі, 2000 жылы Лондонға қашып кеткен Александр Литвиненконың да жантүршігерлік азаппен өлуі Кремльдің бұрынғыдан қатаң саясат ұстап отырғанын аңғартса керек. Ешкімді аяй қоятын түрлері жоқ! Тіпті, таяуда Франциядағы жол апатынан ауыр жарақат алған миллионер Керимовтың қасында болған тележүргізуші Тина Канделаки тағдыры да Ресей БАҚ-тарында сан-саққа жүгіртілуде. Ал түптеп келгенде, осының бәрі біраздан бері Ресейде жүріп жатқан БАҚ-тарды қайта бөліске салуды жасырып-жабудың, қалың көпшілікке жария ете қоймауға тырысудың белгісіндей. Және бұл бөліс өте құпия түрде әрі Кремльдің ықпалымен ғана емес, тікелей нұсқауымен жүргізіп жатқаны аңғарылады.

Ресей БАҚ-тарын қайта бөліске салудың өзіндік ұстанымы мен тұжырымы да қалыптасып қалған сыңайлы. Ол–«бір адам мың кісінің жұмысын атқара алмайды. Бірақ, мың кісіге қалыпты жұмыс атқаруына жағдай жасай алады!» Кім білсін, солай да шығар,бірақ осы орайда баяғы түрік ақынының: «Жүз батыр бір жалаңашты шешіндіріп ала алмайды», – деген ғибраты ойға оралады. Расымен қанша батыр болғанмен өзі жалаңаш адамды қалай шешіндірмек? Ал істің шындығына келсек, Бірақ, жалпы БАҚ-тардың , әсіресе, Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының айналасында тоғысып жатқан заңды, заңсыз қаржылар көлемі орасан зор.

Қараша айының бастапқы күндері «Проф-Медиа» холдингі «Рамблер Медиа Лимитед» компаниясының үлесін сатып алды және ТВ-3 тележүйесіне ие болды. Осының нәтижесінде «Проф-Медиа» қаржы қуаты жағынан Ресей медиакомпанияларының арасында «СТС Медиадан» кейінгі екінші орынға шығып, Шығыс Еуропадағы ең ірі медиахолдингтердің біріне айналды. Оның жалпы құны – 1 млрд АҚШ доллары! TNS Gallup Medіa компаниясының директоры Руслан Тагиев. «Холдинг ТВ-3 тележүйесін сатып алғаннан соң біз Шығыс Еуропадағы ең ірі жекеменшік жаңа медиакомпанияның пайда болғанын айта аламыз»,– дейді. Ал осы келісімге ақыл-кеңес берген «Ренессанс-Капитал» банкінің меңгеруші директоры Дмитрий Крюков мырзаның пікірінше, әлемде электронды ақпарат құралдарына баса назар аударып отырған мұндай холдингтер саусақпен санарлық.

Ол рас та, өйткені, ТВ-3 тележүйесін сатып алған «Проф-Медиа» холдингі бұрын өзінің иелігінде болған газет-журналдарды сатып жіберуге бел шеше кірісуде. Холдинг, әсіресе, атақты «Комсомольская правда» газетін сатып құтылуға асығып отыр. Бір кездері Кеңестік жастардың жетекші газеті, кезінде ВЛКСМ Орталық Комитетінің үні, құлағы, қырағы көзі болған атақты «Комсомольская правда» ауыр күндерді бастан кешуде секілді соған қарағанда, бірақ қазақ айтатындай: «Тесік моншақ жерде қалмайды»!. Соңғы жылдары ауыр кезеңді бастан кешіп отырған, шығармышылық тұрғыдан дағдарысқа ұшыраған бұл таблоидты «Газпром-медиа» сатып алмақшы және келісімге соңғы нүкте қойылуға таяу. Әрине, кез-келген коммерциялық мәмілелер сияқты бұл келісім шарттың да екі жаққа қаншаға түсері әзірге құпия сақталуда.

Дегенмен, құрылтайшысы атақты «Газпром» болып табылатын «Газпром-Медиа» компаниясы сұраған кез-келген ақшаны төлеуге қабілетті.

Кремль үшін халықаралық саясатта маңайдағы көршілер түгілі, алыс Еуропа елдеріне ықпал етуге мүмкіндік әперіп отырған «Газпром» әлемдегі ең бай компания екені белгілі. Ол – Путиннің Украина мен Грузияға экономикалық, саяси қысым жасау құралына, империяшылдық саясаттағы басты тетікке айналғаны мәлім. НТВ телеарнасы да осы «Газпром-медиа» акционерлік қоғамымен тығыз қарым-қатынаста.

2001-2003 жылдары НТВ телекомпаниясының бас директоры болған Борис Иордан 1998 жылдан «Спутник» тобын құрушы әрі президенті болғаны мәлім. Аталмыш топ «Европа плюс» радиостанциясы, «Афиша» баспалар үйіне, авиациялық және автомобиль моторларын шығаратын «Тилерт» пен «Сиданко» мұнай компанияларына, тағы басқа ондаған жобаларға инвестиция құйған-ды. Міне, осы олигархтың айтуынша, кезінде «Афиша индастризді» ірілендіру үшін жаңа жобалар жасалған. Және «Коммерсантъ» баспалар үйін сатып алу үшін осыдан екі жылдай бұрын Борис Березовскиймен де жолығысқан.

Борис Иорданның айтуынша, олар Борис Березовскиймен осы тақырыпта әңгімелескен, бірақ мұнда сөз етілген баға шамадан тыс жоғары болған екен. «Коммерсантъ» продавался как политический проект, а я занимаюсь бизнесом, а не политикой. Я был готов приобрести «Коммерсантъ» за треть предложенной цены», – дейді Борис Иордан мырза. Кезінде НТВ телекомпаниясын басқарған бұл мырза Кремль билігіндегілерге жақындығымен аты шыққан жан. Міне, осындай кәсіпкерлер мен компаниялардың арқасында Кремль елдегі БАҚ-тардың барлығының тізгінін өз уысында ұстауға ұмтылып отырғаны анық. Өйткен жағдайда, Ресейдегі демократиялық реформалар мен сөз бостандығы алдағы талай жылда орындалмаған жоба күйінде қалмақшы.

Жаңабек ШАҒАТАЙ