281
Батырбек БИЖАНОВ: БАЗАРЛАР ҚЫСҚАРҒАНЫМЕН, АДАМДАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Батырбек БИЖАНОВ: БАЗАРЛАР ҚЫСҚАРҒАНЫМЕН, АДАМДАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Қазақстан экономикасы үшiн Алматының жөнi бөлек. Ел қазынасына Алматы қаласынан түсетiн түсiм көлемi мұнайлы облыстардiкiнен әсте кем емес. Елдiң iрi-iрi банктерi, сауда объектiлерiнiң денi Алматыда орналасқан.
Алматы базарларының Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген жұртшылыққа жұмыс тауып берiп отырғаны тағы бар. Алайда, қазiргi күнi қаладағы кiшiгiрiм базарлар бiртiндеп қысқарып, олардың аумағына үлкен-үлкен сауда үйлерi салынып жатыр. Жұртшылық арасында «Бұрынғы базарлар жақсы едi» деген пiкiрлердiң бары да рас. Бұған қоса, базарлар қысқарған сайын, ол жерден күнкөрiсiн айырып жүргендер де өз мәселесiн алға тартады. Мiне, осы тақылеттес жайттар жөнiнде Алматы қаласы Кәсiпкерлiк және өнеркәсiптi дамыту департаментi, сауда бөлiмiнiң бастығы Батырбек Бижановпен сұхбатасқан едiк. – 2006 жылдың басында қала әкiмшiлiгi тарапынан «Алматыдағы базарларды санитарлық жағдайларға сай қайта жасақтаймыз. Жаңа эскиздерiн жасаймыз. Безендiремiз» деген бастамалар көтерiлген едi. Солардың жағдайы қалай болып жатыр? – Мына «барахолка» төңiрегi, қаланың солтүстiк шығаберiсiнiң (северное кольцо) қазiргi жағдайы сiздерге онсыз да таныс қой. Базарлар орналасқан көшенiң о жақ шетiнен, бұ жақ шетiне жетемiн дегенше бiр сағат уақытыңыз кетедi. Сол ауданға айналма жол (развязка) салынып жатыр. Айналма жол бiраз мәселенi шешетiн шығар. Алматы — үлкен қаржы орталығы, дамып келе жатқан қала. Алайда, базарлары өте ескi. Мәселен, «барахолкадағы» контейнерлердiң барлығы да 80-90-шы жылдардың қалдығы. Қазiргi «Сауда қатынастары жайлы» ережеде контейнер деген нәрсе мүлде қарастырылмаған. Қазiргi талап: әр базардың бутиктерден құралып, онда қол жуатын жер, әжетханасының болуы керек. Киiм-кешек iздеген жұрттың жаңағы бутиктерге кiрiп, жайлы да жақсы дүниелердi таңдап алуына дұрыс жағдай жасалынуы тиiс. Ал бiздiң базарларда қашан көрсеңiз жұрттың қуықтай контейнерлерге кiре алмай, далада бүрсеңдеп тұрғаны. Далада қалта қаққыш ұрылар жүредi. Саудагерлер тек өздерiн ғана емес, саудаларын жүргiзетiн сатып алушылардың да жағдайын ойлауы керек. Айтпақшы, сол саудагерлердiң өздерi кейде қыстыгүнi далада тоңғаннан шәй, шарап iшiп тұрады. Бұл дұрыс па? Дұрыс емес! Мiне, осы жайттың бәрiн дұрыстау үшiн базарлардағы ахуалды қолға алу керек. «Адем» сауда үйiне қараңызшы! Қандай ыңғайлы етiп салынған! Мiне, «барахолкадағы» өзге базарлардың орнына да дәл сол «Адемнен» артық болмаса, кем емес сауда үйлерi салынуы қажет. Осындай бастаманы әкiмшiлiк көтерген. Сол мақсатта, қаланың солтүстiк шығаберiсiнiң ашық болуы үшiн жұмыстар атқарылып жатыр. 2011 жылы қалада Азиада ойындары өтедi. Соған дейiн бiраз тiрлiк жасалынуы керек. 2011 жылы қалаға кiретiн жол ашық болуы тиiс. Арғы жағынан 6 қатар, бергi жағынан 6 қатар көлiк жүретiндей болуы керек. Қазiр сәулет департаментi осы сауда үйлерiн қайта жасақтау жөнiндегi жобаны арнайы сүзгiден өткiзуде. Ол жобаның бiтуiне аз уақыт қалды. Жол ашылған соң, көшелерде көлiктер тiзiлiп тұрмайды. «Барахолка» үлкен көтерме (оптовый) сауда орталығына айналады. Ол сауда үйiнiң арнайы көлiк қоятын жерi — парковкасы болуы керек. Базарларға келетiн адамдарға да ол ыңғайлы болмақ. Сатушылар болса, өз дүкендерiнде фирмалық дүниелер сата ма, жоқ әлде, тек Қытайдың заттарын сата ма, оны өздерi бiледi. – Бұл жоба қашан жүзеге аспақ? – 2007 жылдан бастап жүзеге асырылады. Бәлкiм, 2008 жылдың басында, тiптi, ол базарлардың түрi мүлде өзгерер. Ал 2011 жылы онда бәрi де адам танымастай түрленiп, қолайлы әрi жақсы сауда орталығына айналмақ. – Базар басшылары тарапынан керi тартушылықтарды кездестiрдiңiздер ме? Осы қалыпқа үйренiп қалғандардың инновацияны қабылдағысы келмейтiнi секiлдi, мәселен… – Жоқ, көп кездеспейдi. Дегенмен, ара-тұра ондайларды кездестiруге де болады. «Менiң контейнерiмнiң құны 8 мың АҚШ доллары едi, болмаса 10 мың АҚШ доллары едi. Ендi не iстеймiн?»- деп шағым айтып келетiндер бар. Алайда, бiздiң айтатынымыз: «Сауда үйi салынған кезде, сол объектiде әрбiр контейнер иесi 0,5 пайыздай болса да өзiндiк пайызын иеленбек. Яғни, сол сауда үйiнiң пайының иесi болады (долевые участники). Оны сауда үйiнен ешкiм де қуып шықпайды. Мәселен «Болашақ» базарында 80-120 контейнер болса, соның әрқайсысының қожайыны жаңадан салынар сауда үйiнiң құрылысына қатыса алады. – Бүкiл сауда объектiлерi осы Алматы қаласында орналасқан. Қаланың сауда орындарынан түсер қаржы қаланың IЖӨ-нiң қанша пайызын құрайды деп айтуға болады? – Қазiр қалада 60 базар қалды. – Бұрын қателеспесем, 71 едi… – Иә. Осы жылдың қаңтарынан берi қазiргi күнге дейiн түскен қаржының көлемi 500 млрд.теңге. Нақпа-нақ айтсақ, 498 млрд. теңге. Бiрақ дөңгелектегенде, 500 млрд.теңге болады. – Соңғы кезде, қаладағы базарларды бiртiндеп қысқартып жатырсыздар. Ол базарлардан күнкөрiсiн айырып жүрген адамдардың ахуалы қалай болар екен? – Ол базарлардың орнына жаңадан сауда орталықтары ашылып жатыр. Өйткенi, ол базарлардың ахуалы кiсi аярлықтай күйге түскен. Сол баяғы 80-жылдардағы контейнерлер. Сол баяғы жыртық-жыртық көк палаткалар. Электр жарығымен дұрыс қамтылмаған. Заттарын сақтайтын тоңазытқыштары жоқ. Сол үшiн базарларды жауып жатырмыз. Жапқанда қалай, СЭС өкiлдерi келiп, базарлардың талапқа сай еместiгiн дәлелдейдi. Базарда әр сатушының өзiнiң қол жуатын жерi, әжетхана сияқты нәрселер болуы керек. Ал базарларда ондай жағдай мүлде жасалынбаған. – Кiшiгiрiм базарлар орналасқан шағын аудандардың тұрғындары болса, базарларды алып тастағанға кейiп жатады… – Қарсылықтар болады. Елдiң бәрi де солай деп айтып жүр. «Базардан арзанға алушы едiк. Сауда үйiндегi азық-түлiк қымбатқа түседi» дейдi олар. Менiңше мұндай пiкiр қисынға сай емес. Мен осыны әдейi өзiм барып тексердiм. Мәселен, базарлардағы сатушылар 200-100 грамм көлемiнде бәрiбiр де таразыдан тартып қалады. Оның бұл тәсiлiн сатып алушының тiптi сезбеуi де мүмкiн. Ал сауда үйiндегi таразының бәрi электрондық жүйеге қосылған. Негiзi, сауда үйi мен базардағы бағаның парығы бiрдей. Сол сары майдың бағасы «Грос», «Рамстор» секiлдi сауда үйлерiнде 68 теңге. Ал базарға барыңызшы, онда да дәл сондай. Бiрақ, «Гростан» тауар алсаңыз, сiзге оны тоңазытқыштан алып бередi. Өте сапалы болады. Егер көңiлiңiзге жақпаса, чегiңiздi көрсетiп, өз наразылығыңызды бiлдiре аласыз. Олар жасалынған уақытына, сапасына кепiлдiк беретiн сертификатын көрсетедi. Базарда олай жасай алмайсыз. Мәселен, Қаскелеңде маргариндi бiрдеңемен араластырып, сары майға айналдырады екен. Сол тауарды сауда үйiне әкелсе, мiндеттi түрде сертификатын көрсетуi керек. Ал базарларда «Мынау май ма? Ә, май екен ғой» деп ала салады. Жақында «Рахат» кондитерлiк фабрикасының кәмпиттерi секiлдi кәмпиттер айналымға шығыпты. Қағазы да тұп-тура «Рахаттiкi». Ал фабриканың өкiлдерi ол кәмпиттiң құрамының басқа екенiн айтып жатты. Мiне, осындай тауарлар делдалдар арқылы базарларға енiп кетедi. – Базарлардағы азық-түлiк тауарларының қымбаттап кетпеуiн қадағалау сiздердiң функцияларыңызда ма? – Иә. – Тауар аяқ астынан қымбаттатып жiберу фактiлерiн қалай тежеп отырсыздар? – Бұрын тауарды сатып алып, қысқа дейiн сақтап қойып, қыс кезiнде өз бағасымен босататын объектiлер болған. Кеңес кезiнде. Бiрақ, қазiр жоқ. Сол мәселе ендi — ендi қолға алынып жатыр. Әуежайдың ауданында үлкен база салып, сонда азық-түлiктердi сақтайтын жер жасалынады деп күтiп отырмыз. Ал қазiр бүкiл нәрселердi жаз кезiнде сатып алып, қыс түсе бастаған кезде қымбаттатып жiберетiндердiң қолы жүрiп тұр. Жаңағыдай базалар болса, жазда болатын азық-түлiк тауарлары арнайы тоңазытқышқа, арнайы температурада сақталынар едi. Ол база қалалық әкiмшiлiкпен өте тығыз қарым-қатынаста болады. Мәселен, бiреу бағаны көтерiп жiбергiсi келiп, шарықтатып жiберетiн жағдайға орын берiлмейдi. – Бұл жоба қашан жүзеге аспақ? – Құдай қаласа, жақында жүзеге асып бастайды деп ойлап отырмыз. Бiлесiз, ғой, жақсы ғимараттардың барлығы да сатылып кеткен. Тәп-тәуiр ғимараттардың бәрi де жекешеленген. Жеке меншiк дүниеге ықпал жүрмейдi. Қаланың iшiнде бос жатқан ғимараттарды табу қиын. Сондықтан, әуежай немесе Қаскелең жақтан сондай база ашамыз деп отырмыз. Ол объект қаланың шет жағында орналасуы керек. Әуежай жақтағы объектiнiң жағдайы шешiлдi. Ал Қаскелең жағы қарастырылып жатыр. – Дәл қазiргi күнi базарлар қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етiп отыр? – Бiздегi базарларда 15 000 орын бар. Ал сауда саласына 78 000 адам тартылған. Қазiр базарлар жабылып, адамдар жұмыссыз қалады деген пiкiрлер бар. Бiрақ, мен мұнымен келiспеймiн. Аумағы 80 000 шаршы метр «Мега орталық» ашылды. Онда бiраз адам жұмыс iстей алады. Көлемi 55 000 шаршы метр «Армада» сауда үйi ашылды. Сауда орындары әлi де ашылуда. Сондықтан, базарда iстегендер жұмыссыз қалады деп ойламаймын. Негiзiнен, Қарақалпақстан, Өзбекстаннан келетiн адамдар бiзде өте көп. Солар затты сатып алып, оның үстiне үстеме баға қойып, көшелерде сатып отыруға бейiмдеу. «Мұның дұрыс емес» десең, «Ойбай, шеттен келдiк, оралман едiк» деп жылап қоя бередi. Жұмыс iстегiсi келсе, заңдастыру акциясы болып жатыр. Адам сияқты дұрыс жұмыс iстесiн. Бiз еш қарсы емеспiз. Қазiр не көп, вакансия көп. Әртүрлi конкурстар жарияланады. Ал олар өйтiп жұмыс iстегiсi келмейдi. Асфальтте отырып, өздерiн бизнесмендей сезiнедi. Айтпақшы, бiз қазiр әр сенбi сайын Алматы қаласы мен облыстың өнiм өсiрушiлерiне арнап жәрмеңке жасап жатырмыз. Қала саяжайларында өсiрген өнiмдерiн сататын қала тұрғындары болсын, Алматы облысы тұрғындары болсын, өз өнiмдерiн жұртшылыққа ұсына алады. Жәрмеңке алты ауданда өткiзiлуде. Сол жерге СЭС өкiлдерi келiп, тексередi де. – Базарлардағы орынға салық төлеу жағы қалай қазiр? Орындардың қымбаттап кетуi деген мәселелер де сiздердiң қадағалауларыңызда ғой? – 2005 жылдың сәуiрiнде базар басшылары «Базардағы орын бағасын, көрсететiн қызмет түрiн қымбаттатпаймыз» деп арнайы меморандумға қол қойған. Содан берi ол мәселе көтерiлмейдi. – Сiз әкiмшiлiкте қанша жылдан берi жұмыс iстейсiз? – Әкiмшiлiкте iстегенiме 9 жыл, сауда саласында 2 жылдан берi жүрмiн. – Бұрынғы жұмыс iстеген кезiңiз бен қазiргi жұмысыңызды қалай салыстырасыз? – Ендi Храпуновтың кезiнде де жақсы тұстар болды. Ал қазiргi әкiм келгелi көптеген жағымды iс-шаралар басталып кеттi. Жақсы өзгерiстер болып жатыр. Храпуновтың кезiнде базарлар көбейген. Қазiр сауда үйлерi артып келедi. Тағы бiр жайт, мен өзiм көлiк жүргiзушiсi тұрғысынан қарасам, жолдар жақсы жөнделуде. Тiптi, қаланың жолдарында көлiк жүргiзуге жақсы болып қалды. Мәшинемдi жөндетуге де көп қаржы жұмсамаймын. – Жаңа жыл алдында қаланы безендiруге жоспарлар құрып отыр екенсiздер… – Иә, иә, жаңа жыл алдында қаладағы мекемелердiң бәрiнiң сыртын әдемiлеп, безендiруге көңiл бөлiп отырмыз. Эскиздер алып келiп жатыр. Сауда үйлерi, бизнес-орталықтары, әкiмшiлiктер, барлығының ғимараттарын жаңа жылдық көңiл-күйге сай әрлетпекшiмiз. Конкурс те жарияладық. Былтыр өз ғимаратын әрлегендерге 300 мың теңгелiк қоры бар сыйлықтар болған. Ал биылғы номинациялар тiптi көп. Ең әдемi сәнделген сауда үйiне немесе бизнес орталығына деген әртүрлi сыйлықтар бар. Бiрiншi желтоқсанға дейiн соның бәрiн дайын қылыңдар деп ұсыныс жасап отырмыз.
Сұхбаттасқан Гүлнәр МҰҚАНОВА