КРЕМЛЬДIҢ ҚҰПИЯ ЖОСПАРЫ
КРЕМЛЬДIҢ ҚҰПИЯ ЖОСПАРЫ
НАТО сарапшылары тарапынан осы ұйымға мүше мемлекеттер өкiлдерiне таратқан құпия деректерiнде орыстардың энергоқорға бай елдердiң басын қоса отырып, қуаты ОПЕК-ке тең газ ұйымын құруға талпынған әрекеттерi айтылыпты. Кремль Орталық Азиядағы Қазақстан, Әзiрбайжан, Өзбекстан мен Иран, Норвегия, Катар, Нигерия, Тринидад, Алжир, Ливия мен Тобагоны бiрiктiрудiң арқасында әлемдiк саясатқа ықпал жүргiзудi көздейдi. АҚШ пен Батыстың күн тәртiбiндегi энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн түбегейлi шешуге дәрменсiздiк танытуы да Мәскеудiң «өзiм дегенде өгiз қара күшiм барлыққа» салынуының кесiрiнен. Бәсекелестерi аттанға басып жатқанда Ресей: «Мақсатымыз — энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету. Бiзде басқа ой жоқ» деп ақталып бағуда. Орыстардың ұсынысы қабылдана ма, жоқ па деген сауалға жауап беру ертерек. Бiрақ мұндай аса қуатты ұйым құрылған күннiң өзiнде қазақтарға түсетiн пайда бар ма?
Кремльдiң қуаты ОПЕК-ке пара-пар газ саласындағы ұйым құруға деген бастамасын АҚШ пен Батыс энергетикалық қауiпсiздiкке ғана емес, әлемдiк саяси тұрақтылыққа төнген қатер ретiнде қабылдап, дабыл қағуда. Алайда Еуропалық Одақтың сыртқы iстер министрлерi ресейлiк энергоқорларға қатысты ортақ шешiмге келе алмады. Себеп: Кремльмен арадағы қатынасы ушығып кеткен Польша келешек келiссөздердiң барлығында Мәскеуге қатаң талаптар қойылуы қажеттiгiн айтып, алған бетiнен қайтпай отыр. НАТО экономистерi табиғи рестурстарды экспорттаушы мемлекеттердi Мұнай экспорттаушы елдердiң ұйымы (ОПЕК) тәрiздi бiр құрылым астына бiрiктiрудi көздеген Кремль әрекетiнен түк шықпайтынын мәлiмдедi. Олардың пiкiрiнше, егер орыстардың ұсынысы бойынша құрылған газ саласына қатысты ұйым шеңберiнде энергоқорды тасымалдау ауқымы кенет қысқаратын болса, Норвегия, Катар, Нигерия, Тринидад, Алжир, Ливия мен Тобаго өз беттерiнше инвестициялар мен жаңа технологиялар тартуға қауқарсыз. Өткен айда ЕО-Ресей саммитi қарсаңында Еуроодақтағы iшкi саясат мәселесiне жауап беретiн Хавьер Солана Алжир мен Ресей арасында жасалған келiсiмге баса назар аудару керектiгiн мәлiмдедi. Орыстармен жасаған келiссөзден кейiн Алжир шетелдiк инвесторлар қатыстырылатын газ жобаларының акция пакеттерiн сатуды тоқтатқан болатын. Халықаралық сарапшылар Мәскеудiң «Газпром» қуатын пайдалана отырып, өзiнiң мүмкiндiгiн кеңейткенiн, ал Алжирдiң көмiрсуларға қатысты заңына өзгерiстер енгiзуiнiң нәтижесiнде кез келген жобадағы мемлекеттiк компанияның үлес салмағы баяғыдай 30 емес, 51 пайызға тең болатынын айтады. Бiрақ орыстардың алпауыт ұйым құруға деген бастамасы әзiр Нигерия, Катар, Норвегия тарапынан қызу қолдауға ие бола қойған жоқ. Өйткенi, газ саудасы мұнай саудасына қатысты ережеден мүлде бөлек. Сондықтан көп жағдайда мұнай бағасына тәуелдi ұзақмерзiмдiк келiсiм-шарттар да бұрынғысынша өте маңызды рөл атқарады. Мамандар пiкiрiнше, ресейлiк iшкi нарықтағы газ бағасы жасанды жолмен жүйеленiп отыратындықтан, «Газпром» Еуропаға өте тәуелдi. Олар РФ тарапынан жасалынып жатқан бұл қадам Батыс Еуропа мен Мәскеу арасындағы энергетикалық қауiпсiздiкке қатысты туындаған салқындықты бiлдiретiнiн айтады. Осы мәселеге орай арнайы дайындалған баяндамада Кремльдiң энергетикалық саясатты өзiнiң саяси мақсатына жетудегi төте жол ретiнде қарастырып отырғаны айтылған. Бұған мысал ретiнде Ресейдiң Украина мен Грузияны жыл басында қыстың көзi қырауда жылусыз және жарықсыз қалдырғаны келтiрiлiптi. АҚШ пен Батыстың алаңдаушылығын терiске шығарған Кремль өкiлi Дмитрий Песков «энергетикалық қауiпсiздiк аясында ұйымдастырылып жатқан шараларды «кейбiреулердiң» терiс түсiнетiнiн» қынжыла жеткiздi: «Бiздiң басты мақсатымыз – өндiрушiлер мен тұтынушылар арасындағы өзара тәуелдiлiк. Газымызды тұтынып отырған Еуропаны Ресей бопсалайды» деген ой тек есуастарға ғана келуi мүмкiн. Өйткенi, еуропалық тұтынушыға бiз де тәуелдiмiз». Энергоқор өндiрушi компания басшыларының айтуына қарағанда, газ бағасының тұрақтылығына төнетiн басты қауiп – Ресейдiң газ саласына жеткiлiктi деңгейде инвестиция құйылмауы және Кремльдiң өзге де газ өндiрушi елдердi инвестиция тартуды шектеуге үгiттеуi.
Бүгiнгi таңда энергетикалық қауiпсiздiк үшiн бас қатырып отырған тек кәрi құрлық емес. Орыстардың табиғи ресурстарынан аспан асты елi де дәмелi. Бiрақ оның РФ-ға тиесiлi мұнай кен орындарындағы акциялардан үлес алуға ұмтылған талпынысы Кремль тарапынан үнемi кедергiге ұшырап келедi. Энергоқорды Сiбiр арқылы тынықмұхиттық жағалауға тасылмалдауды жоспарлап отырған мұнай құбырының құрылысына араластырудан да ат тондарын ала қашты. Сiбiрлiк құбырдан қалыс қалған қытайларды орыстар құны аса қымбат әрi қауiпсiздiк кепiлдiгi төмен темiр жол арқылы тасымалға ұсыныс бiлдiрдi. Сарапшылар пiкiрiнше, мұның астарында ұлттық қауiпсiздiк мәселесi жатыр (әрине, бұл жерде экономикалық мүдденiң де маңызды рөл атқаратынын ешкiм жоққа шығара алмайды). Ресми мәлiметтерге сүйенсек, қытайлар 2025 жылға қарай Шығыс Сiбiр мен РФ-ның үштен бiр бөлiгiн алып жатқан Қиыр Шығысқа қара құрттай қаптамақ. Елдiң небәрi 5 пайызы қоныстанған (7 миллион адам) бұл кеңiстiкке шекаралас жатқан қытайлық бөлiктегi тұрғындар саны 100 миллионнан асып жығылады екен. Қазiрдiң өзiнде 250 мыңға жуық қытай орыстар жерiнде нан тауып жүр. Ресейлiк билiктiң дүниенiң төрт бұрышына тарап кеткен қандастары мен РФ азаматтығын алуға мүдделi шетелдiктерге жағдай жасауға жанталасып жатқаны сондықтан. Ата жұртына қайтып оралуға бел буған қазақстандық орыстар үшiн Қиыр Шығыстан 8 миллион адамға арналған тұрғын үй құрылысын салу жоспарланып отырған көрiнедi. Демографиялық ахуалын түзеп алуға жанталасқан Кремль әлемдiк сахнадағы беделi мен қуатын арттыруға да мүдделi. Сондықтан өзiн әлi күнге қожайын сезiнетiн орталықазиялық аймақтағы тәуелсiз мемлекеттердiң дамыған елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуын қолдай қоймасы анық. Ал үстiмiздегi жылдың 28-29 қарашасына жоспарланған Астанадағы «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» тақырыбындағы сауда, инвестициялар, энергетика және көлiк жөнiндегi кезектi 8-отырысы ЕО-ның күн тәртiбiнен түспей келе жатқан энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн өз бетiнше шешуге тырысқанын айғақтайды. Әрине, Еуропалық комиссия хатшылығы, Еуропалық комиссияның Қазақстандағы өкiлдiгi және Қазақстанда ресми түрде тiркелген Еуропалық Одаққа мүше-мемлекеттер елшiлiктерiнiң өкiлдерi қатысқан бұл шара Кремльдiң көңiлiне жақпай қалғаны анық. Бұған дейiн, яғни, өткен аптадағы ЕО-Ресей саммитiнде еуропалық шенеунiктердiң Қазақстан, Әзiрбайжан сияқты табиғи ресурстарға бай елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысқан әрекетiне «қиял» деп баға берген Путин Ресей, Иран, тiптi, Катар сияқты энергоқорларды кәрi құрлыққа тасымалдайтын әрi бәсекеге төтеп бере алатын өзге мемлекеттердiң жоқтығын емеурiнмен жеткiздi (Еуропа елдерi тұтынып отырған табиғи газдың 24 пайызы – қазақ, өзбек, әзiрбайжандардан энергоқорды арзанға сатып алып, кәрi құрлыққа бiрнеше есе қымбат бағамен сататын орыстардiкi).
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ