1290
ҚАРСЫ БОП АҚ ПАТШАҒА ҚАЗАҚ ШЫҚТЫ
ҚАРСЫ БОП АҚ ПАТШАҒА ҚАЗАҚ ШЫҚТЫ
1916 жылғы Жетiсудағы ұлт-азаттық көтерiлiске қазақтар мен қырғыздар бiрдей белсене қатысты. Сондықтан да бұл көтерiлiс тарихи әдебиетте «1916 жылғы қазақ-қырғыз көтерiлiсi» деген жалпы атпен де аталады.
Көтерiлiстiң шығу себептерi, барысы, жеңiлiске ұшырауы секiлдi мәселелер көтерiлiс болған 1916 жылдан бергi 90 жылдың iшiнде әр қырынан зерттелiнiп, көптеген ғалымдардың еңбегiне арқау болды. Дегенмен де көтерiлiс барысындағы қазақ-қырғыз байланыстары мәселесi арнайы зерттеуден тыс қалып келедi. Бұл мәселеге алғаш көңiл аударғандар патшалық Ресейдiң жергiлiктi шенеунiктерi болды. Мұрағаттық құжаттарда сақталған мәлiметтер олардың бауырлас, тағдырлас, әрi көршi қазақ пен қырғыз халықтарының отаршылдыққа қарсы күресте өзара күш бiрiктiру әрекетiн жiтi қадағалауға алғандығын аңғартады. Жалпы, түркi-мұсылман жұртының орыс отаршылдығына қарсы бiрлесiп бас көтеруi мәселесiне Патша үкiметi ХIХ – ХХ ғасыр басында ерекше көңiл бөлдi. Әсiресе, қазақтар мен қырғыздардың Орталық Азиядағы түркi-мұсылман және мұсылман халықтарының азаттық қозғалыстары мен көтерiлiстерiне үн қосып, атсалысуы назардан тыс қалмады. Оның өзiндiк себептерi де жоқ емес-тi. Қазақтар мен қырғыздардың Шығыс Түркiстандағы қожалар көтерiлiсiне қатысуы, 1850-1855 жылдары Iленiң сол жағалауында орыс бекiнiстерiнiң салынуына қарсы Тойшыбек Қасаболатұлы бастаған күресте күш бiрiктiруi, Шығыс Түркiстандағы дүңгендер көтерiлiсi кезiнде мұсылмандық бауырластықты айқын көрсетуi, 1860 жылғы Ұзынағаш шайқасында түркi-мұсылман қолын құрауы, Жақыпбек Байдаулет мемлекетiн қолдауы, 1898 жылы Әндiжан көтерiлiсiне қатысуы т.б. Жетiсу өлкесiнде саяси сананың жоғары екендiгiн көрсеттi. Осындай саяси оқиғалар кезiндегi екi туыстас халықтың отаршылдыққа қарсы бiрлесе күресуге әрекеттенуiн патшалық Ресей өзiнiң империялық тұтастығына төнген қатер ретiнде танып, оған «пантүрiкшiлдiк», «панисламшылдық», «дiни фанатизм» т.б. деген атау берiп, үрке қарады, әрi мұндай құбылыстарды болдырмауға бар күш-жiгерiн жұмсады. Оның үстiне ХХ ғасыр басында қазақ азаттық қозғалысында бiрi батысшыл, бiрi түрiкшiл – екi бағыт қалыптасып келе жатты. Батысшылдар қоғам дамуында Батысты үлгi тұтса, түрiкшiлдер қазақтарды бүкiл түркi-мұсылмандармен бiрiктiруге ұмтылды. Ұлттық-дiни бағыттағы түрiкшiлдер қазақтар ғана емес, қырғыздар арасында да 1916 жыл қарсаңында белсендi де басым топты құрады. Түрiкшiлдер Түркияны бедел тұтты. 1914 жылы басталған дүниежүзiлiк соғыста Ресейдегi езiлген түркi-мұсылман жұрты үмiтпен қараған Түркияның «Үштiк одақ» жағында Ресейге қарсы Германиямен бiрге соғысқа кiруi мұндағы елдiң үмiт отын қайта тұтатып қана қоймай, отарлық езгiге қарсы бас көтерулерiне де бiрден-бiр себепкер болды. «Сарыбағыштар, – деп жазды орыс шенеунiктерiнiң бiрi 1916 жылы, – түрiктердiң орыстарға қарсы соғысып жатқанына қатты қуанышты және Түркиядан Тоқмаққа келген әулие Түркия үшiн қаражат жинауда» . Қазақтар да Түркияға арнап қаражат жинады, мысалы, Верный уезiнiң қазақтары 10 сомнан жинаған. Қырғыздар секiлдi қазақтар да Түркиядан, Меккеден келген әулиелердi полициядан тасалап баққан. Қазақтар мен қырғыздар өздерiнiң отаршылдықтан құтылуына сырттан бiр көмек болса, Түркиядан болады деген сенiмде болды. Себебi, қазақтар мен қырғыздардың көпшiлiгiнiң түсiнiгiнде сол замандағы исi түркiлiк қуатты мемлекеттердiң қатарында Түркия саналды. Н.Зеланд қырғыздардың ақыл-ойының дамуы туралы: «Саяси мазмұндағы әңгiмелерi, негiзiнен, қай мемлекет күштiрек деген төңiректе өрбидi, әрине, оларды мұсылмандық Шығыс, Түркия қызықтырады» ,– деп жазды. «Қазақтар өздерiн жоюға бағытталған саясатты байқамайтындай, көптеген құқықтарынан айрылып отырғандықтарын көрмейтiндей санасыз емес, қайта жеткiлiктi саналы» – дейдi тағы бiр орыс зерттеушiсi. 1916 жылға қарай қазақтар мен қырғыздар арасында Үрiмжi маңындағы дүңгендер Қытай үкiметiн құлатып, мұсылмандық патшалық құруға шешiм қабылданғаны жөнiнде мәлiмет тарайды. Бұл мағлұмат жетiсулық мұсылмандарға қатты әсер етедi. Осы жылы исламшылдықты насихаттаушы Берлин комитетi де, Түрiк сұлтаны да мұсылмандарды қасиеттi соғысқа шақырып жатты. Бұл да өз нәтижесiн бермей қоймады. «1916 жылғы көтерiлiс кенеттен болған жоқ, – деп жазды А.В.Брискин. – 1913 жылы-ақ жандармдық ротмистр Железнов Верныйдағы әскери губернаторға берген ресми баяндамасында: «Қазақтар өз жерiн қайтарып алу үшiн Ресейдiң кез-келген жауына көмек беруге әзiр» деп мәлiмдейдi. Балкан соғысы кезiнде-ақ қазақтар Түркияға iш тартты, қызу қолдады, мұсылман зиялылары түрiктердiң пайдасына ақша да жинады». 1916 жылы әлеуметтiк-экономикалық жағдайы күрт төмендеп кеткен қазақтар мен қырғыздар Маусым жарлығымен майданның қара жұмысына 19-42 жас аралығындағы ер адамдарды алу қазақ-қырғыз жерiн иесiз қалдыру деп ұқты. Қырғыз тарихшысы, 1916 жылғы көтерiлiстiң куәгерi Б.Солтоноев бұл жайлы былай деп жазды: «Малымызды, мүлкiмiздi, жақсы атымызды соғысқа алса және бозбала мен 40 жасқа дейiнгi еркегiмiздi солдатқа алса, кемпiр-шал өз тiршiлiгiне қарамастан соғысқа керектi қызметтi қылса, жақсы жерiмiздi переселендерге алып бергендiктен бiзде егiн жоқ болса, жас бала-шағамыз қырылады екен деп ақылдан ажырап, есi ауды». Қазақтың батысшыл бағыттағы зиялылары алғашында не iстерiн бiлмей дағдырғандай болған халыққа соғысқа Ресей жағында (майданның қара жұмысына болса да ) қатысқан жөн деп кеңес бердi, өйткенi олар Ресей жеңiске жете қалса, осы соғыста көмектескенiмiздi айтып, автономия сұрармыз деген үмiтте болды, әрi Ресейдей қуатты елдiң зеңбiрегiне қылышпен қарсы тұрудың зиянды екенiн түсiндiрiп жатты. Түрiкшiл бағыттағылар түркi-мұсылман бас бiрiктiрiп, қарсы тұруды, сөйтiп Түркияны қолдауды ұсынды. Оны 1916 жылы 27 шiлдеде жазылған мына бiр хаттама мазмұны да растай түседi: «Шапырашты болысының №3 ауылында Қарғалы болысының бай қазағы Әлiм Құлыншақов келiп, кiм соғысқа барса, сол күнәһар, себебi, Ресей қазақтармен, бiзбен дiндес Түркияға қарсы соғысуда деп үгiттедi. Оны Шапырашты болысының бай қазақтары молда Рақым Сәрсенбi және Жазылбек Тоқтарбаев қуаттап көмектесуде. Молда Сәрсенбiнiң көп кiтаптары бар, ол сол кiтаптарын оқи жүрiп, өз бауырластарың – түрiктерге қарсы соғысу үлкен күнә деп басқа қазақтарға түсiндiрiп жүр. Құлыншақов болса, Қарғалы болысына жиналуға шақырды, сондағылармен бiрiгiп, соғысқа бармау туралы қаулы шығаруды ұсынды. Қарғалыға баруға мүмкiндiктерi жоқ кедей қазақтаға өз есебiнен мiнiп баратын ат тауып беруге уәде еттi». Жетiсудағы 1916 жылғы қазақ-қырғыз көтерiлiсi – ХIХ ғасырдағы орыс отаршылдығына қарсы күрестiң, азаттық жолындағы бабалар күресiнiң жалғасы iспеттi болды. 1916 жылғы көтерiлiс кезiнде қазақтар мен қырғыздар дәстүрлi хандық билiктi жаңғыртты, патшалық Ресей үкiметiнiң басқару жүйесiн жоюға ұмтылды. Хан сайлауда меритократиялық принцип сақталынды, яғни хан сайланар кiсiнiң ақсүйектiлiгi емес, жеке кiсiлiк, қол бастаушылық қасиеттерi ескерiлдi. «Санасында дәстүрлi билiк туралы ұғым сақталған, таза көшпелiлiк дамыған аудандарда көтерiлiстiң негiзгi ұйымдастырушы күшi ру басылары мен хандар болды», – делiнген «Отан тарихы» кiтабында. Көтерiлiстi басқару үшiн қазақтар мен қырғыздар арасынан төрелер мен манаптардың, әйгiлi батырлар мен билердiң ұрпақтары, ру басылары, бұрын болыс басқарғандар немесе болыс болып iстеп жатқандар атқа қонды. Мысалы, Торғай даласында Нияз бидiң (Қыпшақ ханы – Әбдiғапар әмiр), Иман батырдың (Амангелдi сардар), Шақшақ Жәнiбек батырдың (Арғын ханы – Оспан хан), Шұбыртпалы Ағыбайдың ұрпақтары қол бастаса, Жетiсу жерiнде де хан сайланғандардың, көтерiлiстi басқарғандардың көбi атақты би, батыр, төрелердiң ұрпақтары едi. Олардың қатарында Алтынемелдегi 5 болыс ел хан көтерген Тезек төре Нұралыұлының баласы – Құдярхан Тезеков, қырғыз-қазақққа танымал Ұлы жүздiң Жаныс руының биi Әшекей Дайырбековтiң ұлы – Бекболат Әшекеев, Албан – Бұғы, Суанға белгiлi Саурық батырдың ұлы – Ұзақ Саурықов, қазақ-қырғызға бiрдей әйгiлi Албанның батыры Тазабек Пұсырмановтың ұрпақтары – Тезек Тазабеков, Әубәкiр Солтанбекұлы Тазабек немересi, Жақыпбердi Тазабек немересi т.б. болды. Арғы тектерi әйгiлi Сәмен, Әлмес, Қасаболат, Қапсалаң батырлардан тарайтын, қазақ-қырғызға танымал Ботбайдың батырлары, әрi билерi Диқанбай Қапсалаңов пен Тойшыбек Қасаболатовтың ұрпақтары, ағайындас туыстары Ботбайлар көтерiлiсiн (Самсы көтерiлiсiн) бастады. Олардың басында Диқанбай бидiң баласы Самалтыр Диқанбаев тұрды. Шапырашты Саурық пен Сұраншы батырлардың да өнегесiн көргендер көтерiлiстен тыс қалған жоқ. Тайторы көтерiлiсiнiң жетекшiлiрiнiң бiрi 73 жастағы Бошқұл Саурықов ерекше көзге түстi. Қырғыздарда да хан сайланғандар және көтерiлiске жетекшiлiк жасағандар көбiне манаптар, манаптардың балалары , билер мен батырлар ұрпақтары едi. Олардың қатарында Қыдыр манап, Қанат Ыбыкеұлы (Қ.Абүкеұлы, Қ.Үбүкеұлы деп те жазылады, орысша құжаттарда К. Абукин), Шабдан манаптың ұлдары – Мокуш, Самүдүн, Кемел, Жантай манаптың немересi, Шабдан манаптың iнiсi – Ыбырайым Төле Қажыұлы (Ы.Төленов деп те аталады) т.б. болды. 1916 жылы қазақтарға елшiлiкке келетiн, осы көтерiлiс жөнiнде тарихи маңызы зор мәлiметтерi бар «Қырғыз-қазақ тарихының» (1993 жылы бұл еңбек 2 кiтап болып, Бiшкекте «Қызыл қырғыз тарихы» деген атпен баспа бетiн көрген) авторы Белек Солтоноев та Атаке болысының басқарушыларының бiрi болатын. 1916 жылғы қазақ-қырғыз байланыстарының беки түсуiне Шабдан Жантаевтiң ұлы – Самүдүн Шабдановтың өзiндiк орны бар. Оны Пiшпек уезiнiң қырғыз-қазақтары мен дүнгендерi хан көтерген . Самүдүннiң Самарқаннан оқып келiп, молда атанып, Шабдан мешiтiнiң бас имамы болуы да Ұлы жүз қазақтары арасында оның беделiн арттыра түссе керек. Самүдүн Шабданов (1876-1942) Шабданның Сарыбағыш қызы – Сұлтаннан туған баласы. Шабдан Сұлтанмен Самүдүн 1,5 жасқа келгенде ажырасып кетедi. Сұлтан кейiн қазақтың атақты Жаныс Ноғайбай биiнiң iнiсiне тұрмысқа шығып, 2 балалы болады. Самүдүннiң өзi де қазақтардың күйеу баласы болған. Қазақ қызы Әлиладан Самүдүннiң Рахия деген қызы туған. Сөйтiп, 1916 жылғы көтерiлiс кезiнде қырғыздар мен қазақтарды туыстық қарым-қатынастар да жақындата түскен. Бұған тағы бiр мысал – Пржевальск уезiнiң қырғыздары хат арқылы өздерiнiң көтерiлiсiне қолдау көрсетудi сұрап, кiсi жiберген Ұзақ Саурықұлының да қырғыздармен жақын туыстық қарым-қатынасы болғаны. Ұзақ батырдың екi әйелi – қырғыз қыздары екен. Балтабай деген атақты қырғыздың қызы – Қаным деген әйелiнен Ұзақ батыр Мәшен, Тәлiп деген балалар сүйген. Ал бiр әйелi Қыдыр деген қырғыз досының туыстарының қызы екен, одан Ұзақ батырдың Күлән атты қызы туылған. Жетiсулық қазақ пен қырғыздың бiрлесiп күресуiне Бекболат Әшекеев те елеулi рөл атқарды. Б.Әшекеев Пiшпек уезiндегi Шабдан Жантаевтың балаларына Маусым жарлығына байланысты қырғыздардың көңiл күйiн және қандай шешiм қабылдағандықтарын бiлiп келуге елшi қылып Серiкбай Аманжоловты жiбередi, ал өз ұлын (құжатта оның аты Аламан деп көрсетiлген) Батыс Қастек болысына жұмсайды. Бекболат Әшекеев Тайлақ Бекбас батыр немересiн хат берiп, Қарқарадағы Албан елiне аттандырады. Ұзақ Саурықов хатты жиналғандарға дауыстап оқып бередi. Өлеңмен жазылған хатында Бекболат батыр: «Әуелi барлық үлкен-кiшi сәлем бауырларға Суан, Дулат iнiсi, Албан аға, Тарайды Ұлы жүзден қанша бала. Үш жүздiң баласымен кеңесе алмай, Жарлық тығыз ұлықтан амал бар ма… Жерге ерiктi право бiрдей болсын, Қамамай халқымызды тау мен құмға. Мектеп ашып оқысын бала-шаға, Бәрi де теңеледi сонда ғана. Елшi арқылы сөзiне қанарсыздар, Тәуекел деп, мiнекей, шықтық жолға», – деп өздерiнiң көтерiлiс жасауға қамданып жатқанын жазады . Қырғыздарға барып келген елшi – С.Аманжолов Б.Әшекеевке Самүдүн Шабдановтың хан болып сайланғанын, қырғыздардың майданға жiгiт бермей, ұрысқа шығуға бел буғандықтарын, көп оқтары мен мылтықтары бар екенiн және Самүдүннiң Бекболатты Пiшпек уезi көтерiлiсшiлерiне қосылуға шақырғанын, егер Бекболат қырғыздардың ұсынысын қабыл алса, мылтықпен қаруланған 500 жiгiттi жәрдемге жiберетiнiн және осы жiгiттермен бiрге Верный уезiнiң батыс бөлiгiндегi қазақ-қырғызды қорғауды сұрағанын жеткiзедi. «Мұндай мәлiметтi алған соң, Жетiсу өлкесiн орыстар алғанға дейiн әкесi бұл өңiрде хан болған Бекболат Әшекеев өзiнiң болысының қазақтарын жиып, баласы Әбiлданы хан көтеруге және осы күнге дейiн сақтап келген Әшекейдiң туын көтеруге шақырды, бұдан соң Бекболат ауылында ту бие құрбандыққа шалынды»,– деп көрсетiледi мұрағаттық құжатта. Осы тұста Бекболаттың әкесi хан болған деген сөздердiң мәнiн аша кету керек. Ұлы жүздiң Жаныс руынан тарайтын Бекболат Әшекеевтiң шығу тегiн тарқатып қарасақ, ол былайша өрбидi: Қазыбек – Байдалы –Есенқұл – Дайырбек – Әшекей – Бекболат. Бекболаттың әкесi Әшекей Дайырбеков би болған кiсi. Ол – 1850 жылы капитан Гутковский экспедициясына қарсы күрескен Тойшыбек Қасаболатұлы бастаған қазақ-қоқан қолымен бiрге Үшалматы бойын қорғауға белсене атсалысқан Ұлы жүздiң азулы билерiнiң бiрi. 1860 жылы Әшекей Дайырбеков түркi-мұсылман әскерiмен бiрге Ұзынағаш шайқасына қатысып, патша шенеунiктерiнiң қысымына ұшырап, Қапалдағы түрмеге де отырып шығады. Әке тағлымымен Бекболат Әшекеев те 1916 жылғы дүрбелеңде қырғыздармен қосыла отырып, азаттық үшiн күресуге бел буды. Тергеушiлерге берген жауабында Бекболат батыр өзiнiң 73 жаста, ал баласы Әбiлда 43 жаста екенiн, күйеуде 3 қызы барын, iшкiлiкке салынбағанын және өзiн кiнәлi деп мойындамайтынын баяндайды. Тергеу кезiнде Б. Әшекеев 2,5 жыл болыс басқарушы болып, 1899 жылы жазда орнынан түскенiн, баласының да болыс боламын деп сайлауға түскенiн, оны сайлауда өткiземiн деп 34 бас малын сатып, банкiден 1000 сом қарыз алып, кедейленiп қалғанын, өзiнiң бұдан соң 3 жыл би болғанын айтады. «Менi жұртым хан дептi, ендi тура қан болайын деп тұрмын» дейтiн Бекболат Әшекеевтiң ащы мысқылының астарында орыс отаршыл әкiмшiлiгiне деген наразылық жатты. Орыс жазалаушыларының қыспағына шыдап баққан Б.Әшекеев қанша қысымға түссе де қырғыз көтерiлiсшiлерiнiң басшыларын «Менiң Шабдан балаларымен байланысым болған жоқ» деп сатпағандығы батырдың тектiлiгiн және бiр көрсетсе керек. «Бекболат Әшекеевке Пiшпек уезiнен 2 қырғыз келiп, оның көтерiлiстi бастауын сұрады, бұдан соң Әшекеев бүлiк шығарды», – дейдi көтерiлiске қатысқандардың бiрi. Бұл мәлiмет 1916 жылғы көтерiлiстiң қырғыз-қазақ басшылары түзген өзiндiк ұрыс жоспары болғандығын айғақтай түседi. Мұндай жоспардың болғандығын қырғыз тарихшысы Б.Солтоноев та растай түседi. Қырғыз-қазақ басшыларының көтерiлiс жоспары бойынша алдымен орыстың қайнаған жерi, ұлықтары, жандаралы мен әскерi көп үлкен қала Алматыда басталуы тиiс болған, яғни әуелi Алматының қазақтары бүлiк шығарып, осы кезде оларды Пiшпек, Тоқмақ, Нарын, Қарақол қырғыздары қолдап кетуi тиiстi-тұғын. Тоқмақ, Қарақол қырғыздары Алматы қазақтарымен байланысып, Қарақол, Ыстықкөлдегi, Тоқмақ пен оның төңiрегiндегi орыс қоныстарын талқандауы керек-тi. Сонымен бiрге Жаркент уезiне, одан Лепсi, Қапалға кiсi жiберiлiп, ондағы қазақтарды Николай патшаға қарсы шығару ойластырылды. Қошқар, Жұмғал, Шудағы қырғыздар Тоқмақ, Пiшпек қалаларын қоршап, Әулиеата жолын тосып, Таластағы қазақ-қырғызды өздерiне қосып, Ташкент жолын тосуы тиiс едi. Сөйтiп, лажы болса, орысты бүкiл Түркiстаннан ығыстыру жоспарланды. Б.Солтоноев бұл жоспардың жасалуына Қанат Ыбыкеұлы мен С.Шабданұлы қатысқандығын көрсетедi. Ал қазақтар жақтан кiм қатысқандығын көрсетпеген. Мұрағаттық құжаттар мәлiметтерiн саралай қарағанда, қазақтар жақтан бұл жоспарды Б.Әшекеев, С.Ниязбеков, Ұ.Саурықов, С. Диқанбаев т.б. қолдағандығы аңғарылады. 1916 жылы шiлдеде қағаз бетiне түскен құжаттарда: «Ұзақ Саурықов өзiнiң жақтастарын Верный уезiне аттандырды. Жайлауда бiрге көшiп-қонып жүрген пржевальскiлiк қырғыздардың үгiт-насихаты оларға сөзсiз әсер етедi», «Шығыс Қастек, Тайторы, Батыс Қастек болыстарының қазақтары Пiшпек уезiнiң құрметтi қырғызы Дүр Саурамбаев пен және дүнген Булармен байланысқа түстi. Дүр Верный гимназиясының 4 класын бiтiрген, ал екiншiсi (Буларды айтып отыр) өте ықпалды адам», – делiнген. Пржевальскiде өткен қырғыздардың съезiнде Пржевальск, Жаркент және Верный уездерiнiң түйiскен шекарасында үлкен жиын өткiзiп, мәселенi кеңiнен талқылау керек деген шешiм қабылданады. 1916 жылы Верный уезi қазақтарының Үшқоңыр мен Үлкен Сазда өткiзiлген съездерiмен бiр мезгiлде Пржевальск уезiнiң қырғыздары Ақсу жайлауында съез өткiзедi.Шолпанбай, Кенгелдi, Талқанбай секiлдi болыстар мен Сарбас би және басқа құрметтi қырғыздар, молдалар қатысқан съезде дүңген болысы Б.Магуевтiң хаты оқылады. Б.Магуев майданға қайткенде де адам бермеудi сұрап, ал егерде талап тым күшейiп кетсе, жастарды көтерiлiске дайындап шығаруды ұсынады. Барлық болыстардағы бай адамдардың және аңшылардың мылтықтары жиналсын, қырғыздың қару-жарақ жасайтын шеберлерiне бiр тоқтыға бiр қанжардан жасатылсын, әр жiгiт 1 қойдың сүрленген етiнен азық дайындап алсын дей келе, Булар көтерiлiске шыққандарға Қарақұныс селениесiнде сақталған мылтықтарды беруге, ал оған керектi оқ-дәрiнi Қытайдан алдырып беруге уәде етедi. Хат оқылған соң, 2 ту бие сойылып, құрбан шалынады. Съездiң шешiмiмен Тайторы болысының бұрынғы болыс басқарушысы Сакеге (Шаке молда Теменовке), Жайылмыс болысындағы Сәт Ниязбековке, Соғаты болысындағы Сәрсенбаевқа хат жолданып, Б.Магуевтiң өтiнiшi бойынша бұл шешiмдi құпияда ұстау қатаң тапсырылады. Ал Верный уезiнiң Шамалған және Шапырашты болыстары шекарасында, Үшқоңырда 7 шiлдеде Сәт Ниязбековтiң басқаруымен өткен съезде көтерiлiс бастала қалған күнде алдымен Верныйды Ташкент, Қапалмен жалғастыратын телеграф сымдарын жою, содан соң Қордайдағы орыстардың қаруларын тартып алып, Пiшпек уезiндегi қазақ-қырғызбен бiрге көп қол құрап, 400 ғана әскерi бар Верныйға аттану керек деген шешiм қабылдайды. 10 шiлдеде Кiшi Алматы қазақтарын Шаке молда Теменов жинап, Сәт Ниязбеков басқарған съездегiдей шешiмдi бiрауыздан қабылдап, ақсарбас шалып, бата қылады. 11 шiлдеде Ұзақ Саурықов ауылында Мерке, Шiлiк, Торайғыр, Сарытоғай, Қоңырбөрiк, болыстары мен Пржевальск, Верный, Қапал уездерiнiң қырғыз-қазақтары және Кетпен, Ақсу-Шарын болыстарының ұйғырлары жиналады. Жиында Серiкбай Қанаевтiң майданға жiгiт бермеуге шақырған хаты оқылады. Верныйдағы ұйғырлар да қазақ-қырғызға жәрдем беруге, егер майданға күштеп алу басталса, қаланы өртеуге дейiн бару керек деген байламға келедi. Дүңгендердiң қазақ-қырғызбен бiрiге қимылдауына Б.Магуев көп еңбек сiңiрдi. «Пржевальскiлiк дүңгендердi көтеру үшiн Қытайдан онда бұрын губернатор болған Юнома келдi», – деп хабарлайды орыс тыңшылары. Пржевальск уезiнде алдымен қырғыздар көтерiлiп, оларға Марийнск селосының дүңгендерi қосылады. «Дүңгендер мен қырғыздардың iс-әрекетiнен көтерiлiске шығуға әбден дайындалып, ұйымдасқаны байқалады», – дейдi тағы бiр ақпарат көзi. 5-6 тамызда Ақсу жайлауында болыс басқарушыларының шақыруымен бiрнеше мыңға жуық қаруланған жастар жиналады. Олардың бiр бөлiгi 8-9 тамызда Қарақұнысқа аттанып, Қордайдағы қазақтарға қосылуы, ал келесi бөлiгi Қызылбөрiктерге көмектесу үшiн Асы жайлауына аттануы тиiс-тұғын. Аталған жиынның басшылары хат жазып, 5 адамды Нарын жаққа жiбередi, оларға ол жақтағы жастарды қаруландырып, бiр бөлiгiн Қастектегi қазақтарға жәрдемге жiберiңдер, қалған бөлiгi Нарында қалдырыңдар деген нұсқау берiледi. Қапал уезiнде, Балхаш маңында болыс басқарушы Қожахан 30000 (отыз мың) қазақты жинайды. Верныйға жақын жатқан болыстар да шағын топтар құрып, жиналып, Қордай қазақтарына қарай жылжиды. 1916 жылдың шiлде-тамыз айларындағы қырғыз-қазақ бас қосқан кеңестердегi жоспарлар iшiнара болса да жүзеге асқандығы байқалады. Верный уезi қазақтары көтерiлiстi бiрiншi болып бастады. Верный уезiнiң қазақтары көтерiлiстi бастағандары жөнiнде Шапырашты руының қазағы Әбдi Қажыны қырғыздарға жiбередi, 5 тамыз күнi ол кешке қарай Қоңыр жайлауында жатқан қырғыздың Атаке, Сарыбағыш болыстарына келiп, Боранбай Сазанұлына хабар бередi. Бұл хабардан соң, әзiрленiп тұрған Шу бойы қазақ-қырғыздары көтерiледi. Қастек асуы арқылы көтерiлiс толқыны Пiшпек уезiнiң Атаке және Сарыбағыш болыстарына жеттi. Жаныс болысының қазақтарының басшылары, тергеушi Дергачевтiң көрсетуiнше, болыс басқарушысы 27 жастағы Тiлепберген Сарманбетов, бұрынғы болыс басқарушысы Мүсәпiр Қожамбердиев, Тiлеке Телiбаев (58 жаста) және Сарманбек Естiмбетов болды. «Жаныс елi қазақтан, – деп жазады Б.Солтоноев, – көп түтiн Тоқмақтан асып, қырғызға қосылуға көшiп бара жатқанда, мұжық пенен солдаттар алдынан шығып, қатын-бала деместен көп кiсiнi өлтiрiп, мал-мүлкiн талап алған. Дулаттың Жаныс руынан шыққан және осы көтерiлiске қатысқан қазақ ақыны – Кенен Әзiрбаев та Қанат Ыбыкеұлы жөнiнде «Он алтыншы жыл» атты өлеңiнде «Қарсы боп ақ патшаға Қанат шықты» деп жырға қосты. Осы өлеңiнде К.Әзiрбаев: Ат қойды Көлқамысқа үш мың кiсi, Патшаның солдаты екен тамның iшi. Мылтықтан қалың елге оқ жаудырды, Ойсырап кейiн қашты топтың күшi, – деп баяндайтын оқиғаны қырғыз тарихшысы Б.Солтоноев мәлiметiмен салыстырып қарағанда, оқиғаның 1916 жылы қыркүйектiң соңына қарай Қошқар өзенiнiң ойпатында болғанын, орыс әскерлерiнiң Әуезбек (Авазбек) дегеннiң тамында тығылып жатып, қазақ-қырғыз қолына оқ жаударғанын, кейiн орыс әскерлерiнiң қазақ-қырғыздың соңына түсып қуып, қырғыздардың тау асып кетiп, ал қазақтардың көп қырғынға ұшырағанын түсiнуге болады. Шапыраштылардан Тулақ батыр бастаған 60-70 түтiн келiп, қырғыз көтерiсшiлерiне қосылған, кейiн олар қырғыздармен бiрге Тұрпанға қашып барып, 1917 жылы елге оралған. 1916 жылы жазылған мұрағаттық деректерде Шапырашты қазағының қырғызға қосылып, одан соң Қытайға бiрге кетуге ойы бар екендiгi айтылады. Қазақтар мен қырғыздар қолының бiрлесiп қимылдауынан болса керек, Тоқмақ төңiрегiндегi көтерiлiсшiлер саны жағынан ең көп болып, 5000 адамды құраған. Көтерiлiсшiлер бiр-бiрiне кiсi жiберiп, хат арқылы хабар алып отырған. Мысалы, қарақолдық қырғыздар көтерiлiске дайын екенiн және Шу бойындағы көтерiлiсшiлерге көмек ретiнде 60 түйеге артылған қару-жарақ жiбергендерiн хабарлаған. Қырғыз-қазақ көтерiлiсшiлерiнiң бiрлiгiне жiк салу үшiн орыс шенеунiктерi руаралық қайшылықтарды пайдалануға, орысша бiлiм алғандарды, отаршыл орыс әкiмшiлiгi қызметiндегiлердi өз жақтарына тартуға тырысты. Мысалы, Құдиярхан Тезекұлы Верныйға шақыртылып, Жетiсу облысының әскери губернаторы Фольбаум тарапынан қысымға алынып, «Алтынемелдегi халыққа жауап беремiн» деп құтылады. Омбыдан Ешмұхамет Аблайхановты шақыртып, Көксудағы қазақтар арасына белгiлi нұсқаулармен жiберу көзделедi. Дегенмен де Қастек тауларында, Буам шатқалында және Кебен өзендерi аралығындағы қазақ-қырғыздар Әулиеата, Наманган уездерiндiгi, Талас өзенiнiң жоғарғы ағысы бойындағы елмен тығыз байланыста болып, бiр-бiрiмен қосылып кетуге ұмтылған. Көтерiлiсшiлер бiрiгу, қолдау белгiсi ретiнде бас киiмдерiне қаңылтыр белгi тағып, туларын көтерген. Қастек тауындағы Ботбай көтерiлiсшiлерiнде де осындай қаңылтырдан жасалған белгi болған. 1916 жылғы көтерiлiсшiлер желбiреткен тулар, байрақтар ата-бабалардың күрес жолын жалғастырудың да белгiсi-тұғын. Б.Әшекеевтiң әкесi – Әшекей би Дайырбековтiң ақ туын көтеруi, бұл көтерiлiс ата-бабалар бастаған азаттық күрестiң жалғасы, кiм бұл жолды қаласа, қатарға тұр деген ұғымды бiлдiрiп, көтерiлiсшiлерге рух, дем берiп, жебеген. Шапырашты руының қасқырдың бас сүйегi салынған жебелi туы – Бөрiлi байрағы туралы Сүйiнбай ақынның: «Бөрiлi байрақ астында – Бөгелiп көрген жан емен! Бөрiдей жортып кеткенде, Бөлiнiп қалған жан емен ! …Бөрiлi байрақ астында, Ту түсiрiп, жау алған, Қазыбек, Қастек атамыз. Бөрiлi байрақ көтерсе, Жоқты жонып табамыз. … Бөрi басы – ұраным, Бөрiлi – менiң байрағым. Бөрiлi байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым!» – деп жырлауы да осы ойды нақтылай түседi. Пiшпек, Тоқмақ маңындағы қырғыздар көтерiлiс кезiнде 28 ту көтерiп шыққан және олардың түсi әр түрлi болған. Бөлекбай болысындағылар сары жолағы бар ақ ту, Шамсы болысындағылар ақ ту, Темiрболат болысындағылар ақ дақтары бар көк ту, Абаилда болысының қырғыздары қызыл ту ұстап шыққан. 1916 жылы қазақ-қырығыз жерiнде көтерiлген әр алуан тулардың көптiгi түрiкшiлдiк рухтың, тәуелсiздiктi аңсаған ұлттық рухтың әлi де сынбағанын, қайта беки түскендiгiн байқатты. Көтерiлiсшiлердi от ауызды, арқалы ақындар қуаттап, дем берiп отырды. Әр жердегi көтерiлiс ошағының өз жыршысы болған. Ырғайты болысынның қазағы Әли Нұрғожаұлы бастаған көтерiлiсшiлердiң жыршысы Есдәулет Қандеков, Шу аңғары, Мерке жақтағы қазақтардың жыршысы Сауытбек Үсенов болды. Әли батырдың ерлiгiн Кенен Әзiрбаев та өз дастанына арқау еткен. Қырғыз ақыны Тоқтағұл Сатылғанов, қазақ ақыны Албан Асан да екi елдi көтерiлiске шығуға үндеген. Албан Асан ақын: «Албан, Бұғы қонысы, Пайдаланған жердi алды. Жазықтан тегiс айрылып, Қысылмаған нең қалды», – деп қазақ-қырғызға ендi бас көтеруден басқа жол қалмады дегендi меңзесе, Тоқтағұл ақын: «…Бар жарақты қолға алып, Атыңдын белин бек тартып, Табылса бараң айылдан, Ок дарыны мол алып, Топтонуп алып чыккыла, Ынтымак менен чынданып!» – деп көтерiлiске ашық үндедi. Дiни фактордың да қазақ-қырғыздың 1916 жылғы көтерiлiс кезiндегi өзара байланысында орны ерекше. Молда,ишандар, қажылар да елдi көтерiлiске шығуға үндеп, «ғазауат» жариялауға шақырды. Көтерiлiс басшыларының арасында қажыға барғандар аз болмаған. Ботбайлар көтерiлiсiнiң белсендiлерiнiң бiрi – Қарынбай қажы Тасыбекұлы Диқанбаев едi. Генерал Колпаковский оның атасы туралы 1860 жылы «Орыс үкiметiне еш берiлмеген Шапырашты Андас, Ботбай Диқанбай, Жаныс Әшекейдiң елге терiс үлгi-өнеге беруiнен сақтану керек» деп жазғаны рас келдi. Қошқардағы қырғыз-қазақ көтерiлiсiнiң басшысы Қанат Ыбыкеұлы да қажыға барған жан болатын. Дiн мен дiлдiң, ұлттық рухтың мықтылығы 1916 жылғы көтерiлiсшiлердi өздерiнiң ата-қоныстарын қайта алуға ұмтылдырды. «Бiздiң айылдың адамдары Отрадный қыстағына шабуыл жасады. Өйткенi, бұл украиндықтар келiп, қыстақ салған бiздiң жер болатын, – деп әңгiмелейдi Ыстықкөлдегi көтерiлiстiң куәгерлерiнiң бiрi Құсейiн Қарасайұлы. Самсы (Ботбай) көтерiлiсiнiң қатысушылары да өздерiнiң ата-қонысы Үшалматы бойын келiмсектерден қайтарып алуды көздедi. Нарынқол – Шарын, Текес бойындағы жерлер үшiн Албандар мен Бұғылар бiрлесе қимылдады. Қарқарадағы қазақтар мен қырғыздардың көтерiлiсi табыстарға да жеттi. 12 тамызда көтерiлiсшiлер Қарқара жәрмеңкесiне шабуылдады, бiрнеше орыс селоларын да алды. «Бүкiл Нарынқол – Шарын өңiрi шалкөделiк қазақтардың қолында, олар Қарақол жолын өздерiнiң қолында ұстап тұр», – деп мәлiмделедi мұрағаттық құжаттарда. 12 тамызда Қарақол түрмесiндегi қазақ-қырғыздар және басқа мұсылмандар көтерiлдi. Қарақол түрмесiне Қарқаралы (Албан) көтерiлiсiнiң жетекшiлерi Ж.Мәмбетов пен Ұ.Саурықов та жабылған болатын. Қарақол түрмесiнiң терезесiнен олардың « Албан, Бұғының балалары, солдат бермеңдер! Бiз Албан мен Бұғы үшiн құрбан болуға даярмыз» деп айғайлағанын естiгендер болған . Қарқаралы түрмесiнде ажал жетiп, Жәменке Мәмбетұлының сүйегi қырғыз жерiнде қалды. Керiсiнше, қырғызға хан болған Қанат Ыбыкеұлының сүйегi қазақ жерiнде жатыр. Ол Верный түрмесiнде көз жұмған едi. Бұл құжаттарға тiркелiп, бiзге жеткен мәлiметтер ғана, ал азаттық жолында қаза жетiп, көмусiз қалған жандар қаншама?! Ұзақ Саурықұлы болса, 12 тамыздағы Қарақол түрмесiндегi көтерiлiсте түрмеден қашу кезiнде оқ тиiп, қаза табады. Қарақол түрмесiнен аман-есен қашып шыққан Әубәкiр Солтанбеков, Тұрлығожа Жансекин, Бiләл Ыразақов Қытайға бет алған қазақтарды қуып жетiп, қосылады. Қытайға ауған Албан қазақтарына Пржевльск уезiнiң 8 болыс қырғызы, Верный уезiнiң 3 болыс қазағы келiп қосылып, қырғыз-қазақ болып, шекара асты. Онда да екi халық тағдыр тауқыметiн бiрге тартты. Көтерiлiстi басуда орыс отаршылдары Ботбайлардың 3 ауылын түгелге жуық жойып жiберсе , қырғыздардың Ордон, Рыспай, Тәкiш секiлдi бүтiн бiр руларын талқандап жiбердi . «Қазақ-қырғыздың 1916 жылғы көтерiлiсi жеңiлiспен аяқталды» деп жазады зерттеушiлер. Рас, патша жендеттерi бас көтерген қазақ-қырғызды атты, шапты, түрмеге салды, дарға да асты, бiрақ тәуелсiздiкке деген екi елдiң ұлттық рухын жоя алмады.
А.Ш.Махаева, әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң доцентi,
тарих ғылымдарының кандидаты