БАҒЫТ-БАҒДАРЛАР БАР, ТIЛ НЕГЕ ДАМЫМАЙДЫ?

БАҒЫТ-БАҒДАРЛАР БАР, ТIЛ НЕГЕ ДАМЫМАЙДЫ?

БАҒЫТ-БАҒДАРЛАР БАР, ТIЛ НЕГЕ ДАМЫМАЙДЫ?
ашық дереккөзі
201

Елбасы «Тiлдер туралы» заңның қайта қаралуын қалайды

Өткен аптада «Ана тiлi» газетiнде Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы — қазақ тiлiнде» атты (№19, 11.06.06) сұхбаты жарияланды. Аталған сұхбатта Елбасы қазақ тiлiнiң дамуы үшiн қандай қам-қарекеттер жасау қажеттiгiне ерекше тоқталыпты. Сондай-ақ, мемлекеттiк тiлдiң болашағына байланысты үш бiрдей мәселенi бағдар еткен. Ойға қонымды, ал ең бастысы, жүзеге асыруға әбден болатын бағдарларға тоқталуды бiз де жөн көрдiк.

Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң мәселесi айта-айта жауыр болған мәселелердiң бiрiне айналып барады. Жағдайды сәл де болса алға жылжыту үшiн патриот азаматтар қазақ тiлiн қызғыштай қорғап, соттасу процестерiн де бастап кеткен едi. Жағдайдың шын мәнiнде ушығып бара жатқанын сезгеннен болар, Елбасы да сұхбатының басым бөлiгiн мемлекеттiк тiлге арнапты.

Тiл проблемасын тығырықтан шығару үшiн Президент төмендегiдей мәселелердi бағдар еткен: «Бiрiншiден, Тiлдер туралы Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерiстер енгiзу; Бұл заңның осал тұстары мен кемшiлiктерiн айтып, заман талабына сай заң қажеттiгiн ұлт зиялылары мен патриоттары да талай айтып келедi. Тiптi, «Ұлт тағдыры» қозғалысының бастамасымен «Мемлекеттiк тiл туралы» жаңа Заң жобасы да дайындалды. Бұл орайда екiншi заң жобасында қазақ тiлiне мемлекеттiк тiлге сай басымдықтар берiлiп, «ресми тiл» статусында жүрген тiлге «диаспора тiлi» деген анықтама да берiлген. Ал, «Тiлдер туралы» Заң қайта қаралса, ол қостiлдiлiктен қаншалықты айыға алады деген сауал да жоқ емес. Көршiге жалтақтай беретiн мiнезiмiзге қарағанда, «Тiлдер туралы» Заңға азды-кемдi өзгерiстер енгiзiлiп, ресми тiлге қатысты басты баптар өзгерiссiз қалатын сияқты. Сондықтан ескi заңды қайта қарау қажет пе, әлде заман талабына сай жаңа заң қабылдау жөн бе, мұны қазақ халқы шешсе игi.

«Екiншiден, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тiлi 50 пайыздан кем қолданысқа түспеуi тиiс», – делiнген. Негiзiнен «БАҚ туралы» заңда мемлекеттiк тiлдегi көрсетiлiмдер өзге тiлде шығатын хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауы тиiс деп айтылған. Бұл өзге тiлдегi ақпарат құралдары шығарған «50х50» деген сөз емес. Тарқатып айтсақ, қазақ тiлiндегi хабарлардың көлемi орыс, ұйғыр, ағылшын т.б. тiлдерде шыққан хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауы тиiс деген сөз. Яғни, қазақ тiлiндегi көрсетiлiмдер 60 пайыз, 80 пайыз, тiптi, 100 пайыз да бола алады. Ең бастысы – мемлекеттiк тiлдегi көрсетiлiмдердiң өзге тiлдегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауы керек.

«Үшiншiден, 2010 жылға дейiн жасалған Тiлдердi дамыту туралы бағдарламаға тиiстi толықтырулар енгiзiп, әр облыстың мемлекеттiк тiлге көшу кестесiн қатаң бақылау қажет». Бұған толықтай қосыламыз. Бүгiнде мемлекеттiк тiлге көштi деген 4-5 облыстың өзi қазақша iсқағаздарымен көкiрек қағып, мақтана алмайтын көрiнедi. Сондықтан қатаң бақылаудың қажеттiгi сөзсiз.

Сондай-ақ, Елбасы қазақтiлдi балабақшаларды көбейтудi, қазақ мектептерiнiң санын өсiрiп, оларды осы заманғы технологиялармен жабдықтауды, орыс мектептерiнде қазақ тiлi пәнiн екi-үш сағаттық мөлшерде емес, қазақ мектептерiндегi орыс тiлi сияқты аптасына бес-алты мәрте оқыту қажеттiгiн баса айтады. Тағы бiр айта кетерлiгi, республика көлемiндегi барлық мектеп оқушылары бiрыңғай ұлттық тестiлеудi қазақ тiлi пәнiнен мiндеттi түрде сынақ тапсыру қажеттiгiн екшеп айтады. Сол сияқты «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерге оқуға жiберiлетiн жастарға қазақ тiлiн бiлудi мiндеттейдi.

Елбасы: «Бiлiм, денсаулық, сауда және халыққа әлеуметтiк қызмет көрсету саласы мамандарының қазақ тiлiн жетiк меңгеруiне ұмтылуымыз керек», – дейдi. Сонымен қатар, мемлекеттiк қызметкерлердiң қабiлет-қарымдысына, соның iшiнде қазақ тiлiне қамшы салдырмайтындарына жан-жақты қолдау көрсетiлу қажеттiгiн және өзге ұлт өкiлдерiнiң қазақ тiлiне жетiктерiн баспасөз, теледидардан жиi насихаттап, тiл, салт-дәстүр, әдепке байланысты түрлi байқаулар ұйымдастыру қажеттiгiн де екшейдi.

Қарап отырсақ, Елбасы мемлекеттiк тiлдiң дамуына қатысты бағыт-бағдарларды айқындап, тиесiлi министрлiктер мен әкiм-қараларға жол сiлтеген. Былайша айтсақ, «қазақ тiлiн дамыту үшiн мынаны iсте» деп, оңтайлы шешiмдi шенеунiктердiң аузына шайнап берген. Бiрақ қандай заңдар, қандай бағдарламалар қабылданбаса да, мемлекеттiк тiл мәселесi өзектi күйiнде. Тәуелсiздiк жылдары тiл мәселесiн тығырықтан шығару үшiн қандай бағдарламалар мен ұсыныстар жасалмады дерсiз?! Зиялылар жаңадан заң қабылдауды, тiлдi дамытуға бағытталған кешендi бағдарламалар жасауды, тiптi Тiл полициясын құруды ұсынды. Тiл мәселесiн оңтайлы шешiп келе жатқан Балтық жағалауы елдерiнiң мысалын да үлгi еттi. Бiрақ қазақ тiлiнiң жағдайы көңiл көншiтерлiктей емес. Бұл орайда Елбасының жас ұрпақты бала-бақша мен мектептерден бастап қазақ тiлiне баулу мәселесi өте орынды. Дегенмен, елiмiзде нағыз қазақтiлдi ұрпақ қалыптасуы үшiн олардың ортасын бүгiннен бастап қазақтандыру керек. Ол үшiн Елбасы да, министрлер де, әр деңгейдегi шенеунiктер де, электронды ақпарат құралдары да мемлекеттiк тiлде сөйлеуi керек. Осы арқылы ғана болашақ ұрпақ бүгiннен бастап қазақ тiлiнде сөйлей бастайды. Қазақы ортаны бүгiннен бастап қалыптастырудың маңызы да осында.

Жоғарыда айтылған мәселелердiң әрқайсысы да маңызды. Сондықтан қазақ тiлiнiң дамуына толықтай жол ашатын мәселелер сөз жүзiнде қалмай, iс жүзiнде жүзеге асқай деп тiлеймiз. Ал, ол үшiн Президенттен бастап өзге де билiк тармақтарындағы азаматтар қазақ тiлiнiң дамуына iс жүзiнде атсалысып, аталған бағыт-бағдарларды бетке ұстаса игi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары