ҚАЛА IШIНДЕГI ҚЫМЫЗХАНАЛАР

ҚАЛА IШIНДЕГI ҚЫМЫЗХАНАЛАР

ҚАЛА IШIНДЕГI ҚЫМЫЗХАНАЛАР
ашық дереккөзі
218

Дәл Жеңiс күнiнiң қарсаңында бiр топ тiлшiлер қауымы Алматы облысының орталығы Талдықорғанға қарай сапар шектiк. Алғашында iс-сапардың барысын түсiнбегенiмiз рас. Жеңiс күнiн талдықорғандықтар өзгеше тойлайын деп жатқан шығар деген ойымыз да болды. Сөйтсек, мерекеге орайластырып, жер жәннаты Жетiсудың төрiнде 19 қанат ақшаңқан үйлер тiгiлiп, қымызханалар пайда болыпты.

Қаланың кiре берiсiнен басталған қымызханалар қаланың әр-әр жерлерiнен орын тепкен. Ал қымызханалардың облыс орталығында орын тебуiне тiкелей ықпал еткен облыс әкiмi Серiк Әбiкенұлы Үмбетовтiң өзi көрiнедi. Қымызханаларды қалаларда ашу идеясын Серiк Әбiкенұлы Жамбыл облысына әкiм болып жүрген кезiнен бастаған екен. Сол идея аяқсыз қалмасын деген мақсатпен Алматы облысында да жүзеге асырыпты. Облысқа қарасты 19 ауданға қаланың әр-әр жерлерiнен жер бөлiп берiп, олардың тез арада жүзеге асуына да өз ықпалын тигiзiптi. Талдықорғанның әрiн келтiрiп, сәнiн кiргiзген қымызханалар қаланың кiре берiсiнен басталған. Есiгiнiң алдына оншақты түйе байланған киiз үйдiң иесi өзi де фермер жiгiт көрiнедi. Қымызы мен шұбатын алдымызға тосқан қағiлез жiгiт қымызханасының ендi ғана ашылып жатқандығын, күнi ертең қымыз бен шұбаттың жанында бұл киiз үйлерде қазақтың ұлттық тағамдарының да даярланатынын айтып, алға тартады. Киiз үйдiң кiре берiс қабырғасында Iле ауданы деген жазу бiрден көзге түседi. Сөйтсек, әрбiр аудан өздерiне тиесiлi жерлерге ақшаңқан үйлерiн тiгiп, қымызы мен шұбатын ұсынып, халыққа қызмет ететiн көрiнедi. Нарықтың заңын түсiнiп қалған соң, әуелi сұрағанымыз да қымыз бен шұбаттың бағасы болды. Қымыздың әр литрiн «200 теңге» деген үй иесi шұбаттың әр кесесiн қырық теңгеге бағалап отыр екен. «Қымызханалар жаңадан ғана ашылып жатыр. Сондықтан, әзiрге тұрақты бағаны қойған жоқпыз. Бiртiндеп барлығы жүзеге асқан соң, жан-жағымыздағы қымызханалардың бағасын көремiз. Қай қымызханада қандай баға қойылып жатқандығын сараптаймыз, сөйтiп тұрақты бағасын шығарамыз ғой», – дейдi қымызхананың иесi. Қаланың кiре берiсiнде орналасқан соң, Iле ауданының қымызханасына түйе ұстап, бие байлауға мүмкiндiк бар. Ал, қала орталықтарында орын тепкен өзге аудандардың жай-күйi қалай болар екен деген ойдың иектегенi рас. Осындай оймен, екiншi қымызхананың есiгiн аштық. Мұнда да қымызы мен шұбатын ұсынған үй иесi. Тек, бұл үйдiң қымызды сатып алатындығы болмаса.. Ауылдардан, фермерлерден арнайы тапсырыстармен алынатын көрiнедi. 19 қымызхананың бәрiн араламасақ та, бiрқатарына тоқтап, қымызы мен шұбатының дәмiн көрiп қайттық. Кейбiр қымызханалардың иелерi сатып алуға сенбей, ауылдарда бiрнеше бие байлап, соның қымызын алдыртып жатқан көрiнедi. Ауылдарды бiрнеше бие байлатып, соның қымызын таңертең тасымалдатып отырады екен. Қымызханалардың көбейгенi дұрыс-ау, бiрақ олар ертеңгi бәсекеге шыдай алмай, жабылып қалмай ма екен деген қаупiмiзге: «Қымызхананың жабылып қалмай жұмыс iстеуi, аудан әкiмшiлiктерiне қатысты нәрсе. Ауданға арнайы тапсырыс берiлген соң, қымызханалардың тұрақты жұмыс iстеуiне өздерi ықыласты болуы керек» деген жауап алдық. Қымызханалар қазан айына дейiн ғана жұмыс iстемек. Одан ары қарай, қымызханалардың жанында ұлттық тағамдарды дайындап сататын дүкендер пайда болмақ. Олардың алғашқы құрылыстары да жүргiзiле бастапты. Болашақта әрбiр киiз үйлердiң жанында «Сыбаға» сияқты дүкендер қызмет көрсете бастайды.

Тiлi орысша шүлдiрлеп, салты орысқа ұқсап бара жатқан талдықорғандықтар үшiн қымыз бен шұбаттың дәмi таңсық болары сөзсiз. Тiптi, қала балалары қазақтың киiз үйлерi тiгiле бастаған кезде таңырқап, айналасынан шықпай қойыпты. Балалары тұрмақ, ата-аналарының қазақы салттан, қазақтың ұлттық тағамдарынан, салт-дәстүрiнен алыстап кеткенi қашан… «Мiне, қазақтың өзiнiң тамырына қайта оралуы деген осы» деген едi әрiптесiмiздiң бiрi. Расында да, қазақылықтан ада, сырт қалып бара жатқан қала үшiн қымызханалар қазақы рең берiп тұрғаны рас. «Қазақтар өйту керек, бүйту керек» деп, құр сөзден аспай жүргендерге облыс әкiмi Серiк Үмбетовтiң жүзеге асырған осынау иiгiлiктi iсi үлгi боларлық дүние.

Түстен кейiн, Талдықорғанның ипподромында ат жарыстарынан ұлттық ойындардың байқауы басталды. Мерекеге сәйкестендiрiлiп жасалған дүние болды ма екен десек, облыс жыл сайын ұлттық ат спорты байқауын өткiзiп тұрады екен. Ол байқау биылға дейiн, мамыр айының соңғы күндерiнде өтiп жүрiптi. 31-мамыр саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi болғандықтан, ол күнi қиқулатып, ат жарыстырып, той тойлағанымыз дұрыс болмас деп, алдыңғы күндерге шегерiптi. Шегерудiң арқасында, ұлттық ат спорты жарысы Жеңiс күнiмен тура келгенге ұқсайды. Бәйге өтедi екен десе, қазақ үйiнде қарап отырушы ма едi. Тайлы-таяғы қалмай, бәрi ипподромда жүр. Ақсақалды аталарымыз бен әжелерiмiз де осында. Көңiлдерi шат, жүздерiнде мейiрiм ұялаған. Ақ жаулықтары ағараңдап, кимешектерiнiң жағасын түзеп, екеуара құрбылармен әңгiмеге кiрiскен. Қариялардың көбiнiң әңгiмесiне құлақ түрсеңiз, «пәленшенiң құнаны мен пәленшенiң жылқысын» суреттеп әлек. Тiптi, бәйгеге шапқан құнанның кемшiлiктерiне дейiн тiзiп қояды. Одан қала бердi, сақалын сипап қойып, баяғы өзiнiң жас күнiндегi ат жарыстарының хикаясын бастап, ұзын-сонар әңгiмеге кiрiсiп кеткен…

Аламан бәйгеден оза шауып, мәреге алғашқы боп жеткен шабандозшы бала Джип жеңiл көлiгiнiң кiлтiн ұстады. Жеңiл көлiгiнiң жанында, тұлпарының мойнынан иiскеп тұрған жас жеткiншектiң қуанышында шек жоқ. Жорға жарыстырып, құнан бәйге өткiзген, көкпар тартып, аударыспақ жасаған, ат үстiнде тұрып теңге алғандарды да көрдiк бұл күнi…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары