БӨКЕТОВТIҢ ШӘКIРТI

БӨКЕТОВТIҢ ШӘКIРТI

БӨКЕТОВТIҢ ШӘКIРТI
ашық дереккөзі
286

Әбдуәлi Баешовтың бала кезiндегi арманы радиоэлектротехника маманы болу едi. Кентау қаласындағы №2 мектеп интернатта оқыды. Музыка және радиотехника кружоктарына қатысатын. Сазды әуеннiң сырына қанығып, кейiндеу күй шығарумен әуестендi. Кәдуелгi кiшкене радионың бiрнеше түрiн құрастырды. Уақыт өте соған әуестiгi артты. Бұл мамандықтың жоғарғы оқу орны тек Ресейде. Қаражат тапшылығы, аяқ-қолын байлап, алысқа ұзатпады. Амал жоқ Шымкенттегi Қазақ химия-технология институтындағы электрохимия өндiрiсiнiң технологиясы мамандығын таңдауына тура келдi.

Ол институттың үшiншi курсынан бастап, ғылымға ден қойды. Кафедра меңгерушiсi Равиль Самиевич Вахитовтың жетекшiлiгiмен химиялық тәжiрибелер жасап, алғашқы ғылыми негiзде жазған қанат қақты мақалаларын республика басылымдарында жариялап жүрдi. Оның ғылымға деген ерекше ынта-ықыласын бiлетiн Вахитов, институт бiтiрген соң кафедрасына қалдырғысы келген. Алайда ректормен арадағы кикiлжiңге байланысты ұсынысы өтпей, Баешов Петропавл қаласына жiберiледi. Куйбышев атындағы Машина жасау зауытының Гальваника цехына инженер-технолог болып орналасты. Зауыт тiкелей СССР Кеме жасау министрлiгiне қарайтын. Алайда былайғы жұрт онда әскери өнiм шығарылатынынан мүлдем бейхабар. Су асты шекара қауiпсiздiгiне арналған қуатты торпедо қаруы аса құпия жағдайда құрастырылады. Негiзгi мамандарының түгелге жуығы Мәскеудiң Бауман атындағы жоғары техникалық училищесi мен Ленинград Кеме жасау институтының түлектерi. Зауытта өте қатал әскери тәртiп қалыптасқан. Арнайы рұхсатсыз жан баласын цехтан, цехқа жiбермейтiн. Мұнда негiзгi өнiмнен басқа халық шаруашылығына қажеттi техникалар мен тұрмыстық заттар шығарылады. Бұл 1970 жылдың тамылжыған тамыз айы едi.

Зауыт ауласында қорабы кез келген жағына аударыла беретiн сүйретпе тележкалар тұрды. Олардың саны күн өткен сайын көбейе түстi. Бос орын қалмаған соң, бiрiнiң үстiне бiрiн шығарып жинады. Баешов әуелгiде оларға аса мән бермеген. Кейiндеу “Бұларды неге шаруашылықтар сатып алмайды?” деген ойда жүрдi. Бiр байқағаны тележкалардың өтпеуi басшыларды мазасыздандырып, жүйкелерiн жұқартқан секiлдi. Ол ыңғайы келген сәтте бас металлург, жиырма екiншi бөлiмнiң бастығы Русановтан:

– Данил Васильевич, тележкаларды сатып алушылар табылмай жатыр ма? –деп сұрады. Ол шылымын үстiн-үстiне сорып, қабағын шытты. Кiжiнiп:

– Әй! – Қолын сiлтей салды. – Бұлардың шешiлмей жатқан түйткiлдерi бар.

– Қандай?

Русанов тақымдаған жас маманға шегiр көзiмен тесiле қарап, “Осы не бiледi?” дегендей аз-кем үнсiз тұрды да:

– Ресордың қамыттарын қатырған кезде шытынап сынып кетедi. Қолданбаған амалымыз қалмады. Кiлтипанын таппай басымыз әбден қатты. Бұған не iстеу керек? Бiлмеймiз,–дедi күрсiнiп.–Сапасыз техниканы кiм сатып алсын. Қып-қызыл шығын.

Баешовтың есiне баяғыда мектепте оқып жүргенде кездескен сутектi омырғыштың жайы түстi. “Не де болса соның залалы шығар”. Өзiмен бiрге осында алып келген химия оқулықтарын ақтарды. Көзiн анық жеткiзу үшiн Русановқа:

– Данил Васильевич, қамыттың зауытқа келiп түскеннен, шыққанға дейiнгi жүйесiмен таныссам, – дедi. Үстөл басында отырған Русанов “Мәскеу мен Ленинградтың марғасқа мамандары таппаған кемшiлiкке сен тыраштанбай-ақ қойсаң қайтер едi” дегендей сыңай танытты. Сонда да немқұрайдылау үнмен:

– Жарайды, Әбдуәлi, көңiлiң қалмасын. Мен саған рұқсат қағаз жазып берейiн, – деп тiлдей қағазға қолын қойды.

Ол цех жұмысын мұқият бақылады. Бiрiншi жүйедегi жұмысшылар алақандай жалпақ темiрдi кесiп, екiншi жүйедегiлер оны иiп жатыр. Үшiншiлерi электрохимиялық тәсiлмен темiрлердi майсыздандырады екен. Яғни бұл тәсiл катотта жүргiзiледi де одан сутегi бөлiнедi. Содан кейiн детальды жылтырату үшiн акциздейдi. Ғылыми тұрғыдан бәрi де дұрыс. “Ал неге қамыт ресорға қатырған кезде сынады?” Ол технологиялық құжаттарды парақтады. Ондағы көрсетiлген цифрлық сандарды сүзгiден өткiздi. Тапты-ау әйтеуiр. Мұндағы бар гәп темiрдi майсыздандыруда электрохимиялық әдiстiң дұрыс жүргiзiлмеуiнде екен. Қате технология құжатынан кеткен. Онда темiрдi катотта ұстау уақытын 30 минут деп көрсетiптi. Бұл процестi 3 минуттан артыққа созуға болмайды. Катотқа жалғанған темiр соншалық ұзақ уақытта өзiнiң берiктiк қасиетiнен айырылып, сәл күш түссе болды, шытынап шыға келедi.

Ол бас металлургке ұсыныс жасады.

– Данил Васильевич, катот процесiн алып тастап, оның орнына химиялық майсыздандыруды қолданған жөн.

Оның ұсынысы сол күнi-ақ сынақтан өттi. Қамытты ресорға қатырғанда шытынамай қалпын сақтады. Тележка қорабына тиiстi мөлшерде жүк салып, ойлы- қырлы жерлермен жүргiздi. Қамыт сыр бермедi.

– Жарайсың Әбдуәлi!– Русановтың қуаныштан өңi жайнап, оның қолын қысты. — Шынымды айтсам бастапқыда саған күмәнмен қарап едiм. Қателескен екенмiн.

Сол күннен бастап, оған ресейлiктердiң көзқарасы мүлдем өзгердi. Кездескен жерде бұрынғыдай кейкиiп өте шықпай бастарын иiп, iлтипатпен сәлемдесетiн болды. Аз күндерден соң аула да тележкалардан босады.

Келер жылдың жазында Вахитовтан хат келдi. “Әбдуәлi! Қарағандыда Қазақ ССР Ғылым академиясының Химия-металлургия институты бар. Директоры Евней Арыстанұлы Бөкетов. Аты Одаққа әйгiлi үлкен ғалым. Оған өзiң туралы айтқанмын. Қалайда сол институтқа ауысып, ғылыммен айналыс. Сенен айтулы ғалым шығатынына сенемiн. Сәлеммен Вахитов”.

Петропавлдан шұбатыла созылып қозғалған поезд Қарағандыға жұма күнi кешке жеттi. Ол қонақ үйде бос орын болмаған соң, вокзалдың ұзын жайдақ орындығына кiшiгiрiм сөмкесiн жастанып, үш күн түнедi. Дүйсенбiде Химия-металлургия институтына барды. Бөкетов ұзын бойлы, мол пiшiндi, ажарлы кiсi екен. Сәлемiн жылы шыраймен алды. Баешов келген мақсатын айтты. Екеуi металлургия туралы ұзақ сөйлестi. Бөкетов сұрақ қояды, Баешов жауап бередi. Профессор көңiлденiп:

– Әбдуәлi батыр, ғылымнан хабарың бар екен. Мен сенi инженер қызметiне аламын. Жұмыс орның гидрохимиялық процестер технологиясы зертханасында болады, – деп жатақхана комендантына телефон шалып, жеке бөлме бергiздi.

Сол күнi оның қуанышында шек болмады. Ғылыми-зерттеу институтында қызметi бар, жататын оңаша бөлмесi мiне, ғылыми-зертеулер жасайтын зертханасы әне. Бұрын бiр-ақ күнде осындай адам қатарына қосыламын деп ойлап па. Бұл қалада өзiнен асқан бақытты жан жоқ секiлдi.

Уақыт дөнен тәулiктен-тәулiкке, айдан-айға арындап барады. Бөкетов әдеттегiдей сәрсенбi күнi таңертең зертханаға келдi. Аспиранттардың ғылыми- зерттеу жұмыстарын көрiп, асықпай сөйлесiп, ақыл-кеңесiн бердi. Содан соң Баешовтың бөлмесiне кiрiп, үстөлiне жайғасты.

– Әбдуәлi, осы үстөлiңдi сәрсенбi күндерi түске дейiн маған арендаға бере тұрсаң қайтедi. Мен де ғылыми жұмыстарымды жалғастырайын, – дедi күлiмсiреп.

– Қарсы емеспiн, аға.

– Ендеше мына үстiңгi тартпасы да менiкi болсын – Ол дәптерлерi мен бiр көзiлдiрiгiн соған салды.

Тағы бiрде ол: “Әбдуәлi, мына бiр химиялық элементтiң қасиетiн қалай бiлемiз?” – деп сауал тастады. Мұнысы шәкiртiнiң көзқарасын, ой-өрiсiн, қабiлет қарымын байқау. Ғұламаны долбар сөзбен алдай алмайсың. Сыралғы Әбдуәлi сұрағына нақты жауап берсең ғана iштей риза болатынын жақсы бiледi. Ол кiдiрмей өз тұжырымын жинақы жеткiздi. Ұстаз мақұлдаған кейiппен басын изедi. Оның қол астына келгелi Әбдуәлi осындай тосын сындарының талайынан қамшы салдырмай өттi. Содан ба академиктiң оған деген көзқарасы басқаларға қарағанда өзгеше. Iш тартқаны сезiлiп тұратын. Кейде аспиранттары бiр мәселе төңiрегiнде пiкiр таластырып, бәтуаға келе алмай жатса: “Әй, шырақтарым, Баешовпен де ақылдасып көрiңдершi”, – деп соған жұмсайтын. Оның бiлiктiлiгiн бағалайтыны сондай сәттерде де сезiлетiн.

Күзде Әбдуәлi Баешов әскери комиссариаттан шақырту алды. Медициналық тексеруден өткен соң, комиссар әскери борышын өтеуге баратынын ескерттi. Ол жатақханада жиналып жатқанда бөлмесiне бас сұққан аспиранттардың бiрi: “Әбдуәлi, әскерге кететiнiңдi Евней Арыстанұлына айттың ба?”, – дедi. “Уақытын алып қайтемiн”. Анау: “Ол кiсi сенi бәрiмiзден де жақсы көредi. Тым болмаса қоштасып шықсайшы”,–деп сыртқа беттедi.

Әбдуәлi ұстазға мән-жайды баяндады. Комиссариаттың қағазын алдына қойды. Бөкетов:

– Сендей алғыр жiгiт солдат етiгiн киiп жүргеннен гөрi, ғылымда көп iс тындырады,–деп әскери комиссариатқа телефон шалды. Комиссармен жеңiл әзiлдесiп, оны қалдырудың жолын сұрады. Тұтқаны орнына қойып:

– Әбдуәлi батыр, аспирантураға өтiнiшiңдi жаз. Күдiзгi бөлiмдегiлердi әскерге алмайды екен,–дедi.

Баешов он бес күннiң iшiнде емтихандарын тапсырып, аспирантураға қабылданды. Алыстағы Башқұрстаннан хат алды. Жазған Вахитов екен. Қал-жағдайын, ғылыми жұмысын сұрап, өзiнiң Уфа университетiне ауысқанын хабарлапты. Ол жауап хат жазып, алғысын бiлдiрдi.

Бөкетов зертханаға келген бiр жолы:

– Әбдуәлi, мына Балқаш қаласында аумағы ат шаптырым үлкен комбинат бар. Сол комбинатта 1960 жылдары дүние жүзi бойынша ең таза мыс алынатын. Кейiнгi кезде сол мыстың сапасы бiраз төмендеп, бұрынғы даңқынан айырылып барады. Сонымен айналысып, себебiн анықташы, – дедi.

Институтта бұл iспен үш-төрт ғалым көптен шұғылданып жүрген. Мәскеулiк iрi ғалымдардың да араласқандарына бiраз уақыт болыпты. Мыстың құрамында мышьяк пен сульма элементтерiнiң өте көп мөлшерi бар. Бұл жергiлiктi жердiң кен табиғатына байланысты болып шықты. Ғалымдар соларды мыстан тазартудың жолдарын iздестiруде. Өкiнiшке орай нәтижелерi жоқ.

Зерттеу жұмыстары бiр жылға созылды. Баешов уақытының барын Балқаштағы мыс комбинаты мен Қарағандыдағы зертханада өткiздi. Ақыры үздiксiз iзденiсi өз жемiсiн бердi. Ол титанның қосылысымен мысты мышьяк пен сульмадан тазалауға болатынын тапты. Зертханада ойдағыдай жасалынған сынақ, зауыттың үлкен қондырғысында да тамаша нәтижеге қол жеткiздi. Бұл дүниежүзiлiк жаңа тәсiл едi. Жаңалық өндiрiске ендiрiлiп, қайтадан тап-таза мыс шығарыла бастады.

Комбинатта талай жылдардан берi шешiмiн таппай келе жатқан тағы бiр күрделi мәселе бар. Мысты өзге де элементтерден тазалау кезiнде астына мыс ұнтақтары көп түсiп, өнiмдiлiктi аз да болса кемiтуде. Ғылым тұжырымдамасы бойынша ондай қалдықтардың болмауы керек. Сол кезге дейiн онымен айналысып жүрген ғалымдар ары ойлап, берi ойлап, неше алуан амалдар жасаса да себебiн анықтай алмаған. Бөкетовтың ұсынуымен, бұл iспен Баешов та шұғылданды. Қалдықты түсiрмеудiң бiрнеше тәсiлдерiн тауып, қолданып көрдi. Бәрiбiр қалдық қалды. “Неге?” Осы бiр жалғыз сұрақтың санасына шегедей қадалып, мазасын алғаны қашан. “Шынымен-ақ, ғылымда қателiк кеткен бе? ” деп қалың-қалың кiтаптарды қайта ақтарып, ертеден кешке дейiн көз майын таусып, тапжылмай отырған күндерi қаншама. Жоқ. Ғылым жаңсақтыққа жол бермептi. Ол iзденiсiн тыңнан қайта бастады. Күрделi мәселе қиындығымен қызықтырды. Талмай талпынып жүрiп, оның да түбiне жеттi-ау әйтеуiр. Мәселенiң мәнi электр тоғында екен. Зауыт тым үлкен. Цехтарының көптiгi соншалық iшiн аралаған жанның адасуы бек мүмкiн. Әр цех тоқты әрқалай пайдаланады. Содан ток құбылмалы қалыпқа түскен. Бұл мыс тазалау процесiне әсер етiп, қалдықты көп қалдыруға себебiн тигiзедi екен. Баешов бәрiн дәл есептеп, сарапшылар алдында дәлелдеп шыққанда Бөкетов:

– Әбдуәлi, Балқаш мыс комбинаты ашылғалы берi шешiлмеген түйiндi сен шештiң. Рахмет, айналайын!–дедi. Академиктен алғыс алу, олар үшiн жоғары наградамен бiрдей едi. Ол 1997 жылы Бөкетовтың ғылыми жетекшiлiгiмен “Электрорафинация кезiндегi электроттық процестердi зерттеу” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ұстазы сол күнi оның жетiстiктерiне ерекше қуанып, өзгелерге үлгi еттi.

Баешов бұрын-соңды Бөкетовтей жанды кездестiрмептi. Бiтiм болмысы бөлек, табиғатынан ерекше жаралған жан оны әркез тәнтi етiп жүрдi. Әсiресе есте сақтау қабiлетiн айтсайшы. Кез келген уақытта, кез келген заттың балқу температурасын сұрасаңыз, салған жерден айтып бередi. Қарапайымдылығы да кiсi таңқаларлықтай. Қай бiр жылы Тәшкенттегi ғалымдардың үлкен жиынына жас шамасы бiразға барып қалған аспирантын ертiп барса, ондағылар бiр күн бойына қайсысының академик, қайсысының аспирант екенiн ажырата алмай дал болыпты. Қонаққа барып, аздап көңiл көтергендi де жаны жаратады. Кейде ондайдан әйелi Зүбайра (Нұртас Оңдасыновтың жақын қарындасы) тартынып қалған сәттерде, қасына екi-үш аспирантын мiндеттi түрде ерiтедi. Сол аспиранттардың бiрi мiндеттi түрде Баешов болады. Академик келедi деп үй иесi бар мәзiрiн үстөл үстiне жайнатып қоймай ма. Ондайда Бөкетов шәкiрттерiне: “Ал жiгiттер, отағасы алдарыңа ас қойдым, екi қолыңды бос қойдым” деп отыр. Мына тағамдардан қысылып-қымтырылмай тойғандарыңша жеңдер,–деп құрақ ұшқан үй иесiне. – Сендер де аспиранттарға ас берiп, Алланың алдындағы бiр парыздарыңды өтедiңдер”,–деп ризашылығын бiлдiредi. Үлкен астан соң ол: “Әбдуәлi, домбырамен күй тарт. Басқамыз ауылдың алты аузынан ән салайық” – деген ұсыныс жасайды. Оның күйiн тыңдап, қоңыр дауысымен өзгелердiң әнiне қосылады. Кейде халық сазгерлерi әндерiнiң шығу тарихынан қызықты әңгiме шертедi. Оның соңы Абайдың, Пушкиннiң, Лермонтовтың, Есениннiң өлеңдерiн жатқа оқуымен ұласады. Тек құлағыңды тiгiп тыңдай бер. Тұнық қайнардан салқын суды қанып iшкендей әсерде отырасың.

Кейде оның ырымшыл мiнезi де оларға қызық көрiнетiн. Алматыдан Қарағандыға келген Сәбит Мұханов, Шахмардан Есенов секiлдi академиктер Бөкетовтiң үйiнен дәм татпай аттанған емес. Оларды шығарып салысымен Баешовтың зертханасына телефон шалып: “Әбдуәлi, сондағы аспиранттардың барын ерiтiп бiздiң үйге кел”, – дейдi. Олар үстөл басына жайғасқан кезде: “Әлгiнде Алматыдан атақты ағаларың келiп, түстенiп кеттi. Мынау солардан қалған коньяктар. Сендер де сол кiсiлердей үлкен дәрежелi болыңдар!”–деп рюмкаларға бөлiп құяды. СССР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi атанғанда Баешов бастаған бiр топ шәкiрттерi құттықтап үйiне барған. Сонда тiлек айтқан әр шәкiртiнiң омырауына сыйлығының “Алтын белгiсiн” өзi кезек-кезек тағып: “Бұл сыйлық сендерге де жұғысты болсын! Сендер менiң қанатымсыңдар!” дегенi Баешовтың күнi бүгiнге дейiн есiнде.

Академик Евней Бөкетов Қарағанды мемлекеттiк университетiне ректор болғанда да институт аспиранттарынан қол үзбедi. Әдеттегiдей аптаның сәрсенбi күнi келiп, асықпай сөйлесiп, ғылыми iзденiстерiне бағыт-бағдар бередi. Сондай күндердiң бiрiнде ол:

– Әбдуәлi, ертең күн жексенбi ғой. Үйге кел. Бiраздан берi жұмыстан қол тимей, сөйлесе алмай жүрмiз,–дедi.

Бертiнде белгiлi ғалым Әбдiрәсiл Жәрменов:

– Евней Арыстанұлы лабороторияға келсе, тек сенiң бөлмеңе кiрiп, тек сенiң үстөлiңе ғана отырушы едi. Сенi соншалық жақсы көргенiне әлi күнге қайранмын, – деп жүрдi.

Баешов сол күнi ұстаз үйiне түс әлетiнде барды. Шәй үстiнде химия, металлургия ғылымдарының соңғы жетiстiктерi сөз болды. Әлден соң үйдiң қоңырауы шырылдап, есiктен қасына ересектеу бала ерткен етжеңдi бейтаныс әйел кiрдi. Бөкетов оларды құшақ жая қарсы алды. Ол амандық-саулық сұрасқандарынан әйелдiң елдегi туысы екенiн сездi. Жұмсақ орындықтарға жайғасқан соң Бөкетов ауыл ақсақалдарының қал-жағдайларын сұрады. Әйел олардың сәлемдерiн жеткiздi. Тоқ басар шақта ол әйелге:

– Шаруаңызды айта отырыңыз,–дедi.

Әйел шайпау мiнездi екен. Өзiмсiнiп сөйледi.

–Мына кенже балам биыл мектептi бiтiрдi. Өзiңнiң университетiңе оқуға түсiрерсiң.

Бөкетов жымиды.

– Балаңыз жақсы оқыса, менiң көмегiмнiң де қажетi бола қоймас.

–Өзiңдей дөкей ағасы тұрғанда, менiң баламнан асып, кiм түсушi едi бұл оқуға.

Бөкетов кеңк-кеңк күлдi.

– Қане, баланың бiлiмiн байқап көрейiк. Ал батыр, қай мамадықты қалайсың?

– Жазушы болсам ба деп едiм. –Бала қолымен шашын бей-берекет, қайта-қайта қайыра бердi.

– Өте жақсы. Ендi маған ең соңғы оқыған әдеби кiтабыңды айтшы?

Бала жоғарыға бiр, төменге бiр қарады. Ойлағансып-ақ отыр. Есiне түсiре алмады.

– Жарайды. Бейiмбет Маилиннiң қандай әңгiмелерiн бiлесiң?

Балада үн жоқ. Бөкетовке тура қарауға жасқанып, басын төмен салды.

– Ендеше бiлетiн жазушыңның атын аташы.

Бала басын көтермедi. Бөкетов әйелге бұрылды. Қоңырқай үнi сұрланып кеткен.

– Мына баланы оқуға түсiрген жан қылмыскер. –Үнi зiлдi естiлдi. Әйел тұлданып баласына “Жүр кеттiк!–дедi.

Бұл келеңсiз жай Баешовтың есiне Свердлов политехникалық институтының ректоры Наботченконың естелiгiн түсiрдi. Ректор докторлық диссертациясына оппонент болған Бөкетовке ғылыми еңбегiн жiбередi. Ол онымен танысу барысында бүкiл сөйлемдерiн стилистикалық жағынан қайта түзеп, қызылала бояудан сау бетiн қалдырмайды. Соңына “Жолдас Наботченко, сiз орыссыз. Мен қазақпын. Сiздi мен неге орыс тiлiнде дұрыс жазуға үретуiм керек. Ойланыңыз” – деп қолын қойған. Иә, оқу мен ғылым мәселесiне келгенде, Бөкетов ешқашан да ешкiмнiң де ымырасына көнбей, керiсiнше осылай өзгеше қатал мiнез танытқан.

Арада апта өткiзiп, Бөкетов зертханаға тағы келдi.

– Әбдуәлi, мына Жамбыл мен Шымкенттегi фосфор шламдары өте қауiптi. Қалайда сол шламнан фосфориттi бөлiп алып, залалсыздандыру керек. Басқа жұмысыңды уақытша тоқтатып, соны өзiң зерттешi.

Зауыттардың басшылары iстiң оңай жақтарына көшкен. Фосфоры бар қалдықтарды қала сыртына апарып төгедi де, үстiн сумен жабады. Алайда бұл мәселенi шешудiң тиiмдi жолы емес екенiн олар да, қала басшылары да, жақсы бiледi. Ғайыптан, күтпеген табиғат апатынан су тартылса, күн сәулесiнiң қуатымен шламдағы фосфор қалдықтары лезде тұтанып, улы түтiнi қаланы басып қалуы неғайбыл. Орны толмас өкiнiштiң сонда болары хақ.

Бұл мәселемен ғалымдар бұрын да айналысқан. Алайда оңтайлы шешiмдер таба алмапты. Баешов сонда да олардың iзденiстерiмен танысып шықты. Шламды бiрнеше химиялық элементтермен әсерлестiрiп, тәжiрибелер жасады. Ғылыми зерттеулерi нәтижеге бастап, осы уақытқа дейiн әлем ғалымдарына сыр бермей, жұмбақ күйiнде келе жатқан мәселенi шешудiң жолы ашылды. Жаңа технологиясын жасады. Сонымен ғылым тұрғысынан шламнан фосфорит бөлiп алынып, толық залалсыздандырылды.

Зауытта тағы бiр шешiмiн таппай жатқан жай бар екен. Ол фосфор шламындағы фосфордың мөлшерiн анықтау. Зауыт зертханасының ең тәжiрибелi қызметкерлерi оны өте қолайсыз әрi аса қауiптi жағдайда анықтап жатқанын көрдi. Олар күнiне бар болғаны үш-төрт сынамаға ғана анализ жасайды. Қапелiмде оқыс қимылдан қолы тайып кетсе, анау фосфор ауамен жанасады да жалын лап ете қалады. Одан бензол тұтанса, жойқын жарылыс зерхтананың күлiн көкке ұшырады.

– Евней Арыстанұлы зауыттағы осы мәселенi де айналдырып көрсем қайтедi?

– Әбдуәлi, оны шешсең талайдың сауабын аласың.

Ол зерттеу барысында элементтi фосфор мен мыс купорасының әсерлесуiне баса назар аударып, реакция кезiнде фосфордың диспропорцияланатынын алғашқы ғалымдардың бiрi болып байқады. Осы реакцияның жүру формуласы ғылыми оқулықтарда дұрыс жазылмағанын да анықтады. Зерттеу кезiнде элементтi фосфор мен мыс иондарының әрекеттесу реакциясы негiзiнде фосфор шламындағы фосфордың мөлшерiн анықтаудың принципиальды жаңа әдiсiн ұсынды. Сол әдiспен зертхана қызметкерлерiне күнiне 100-ден аса сынамаларға анализ жасау мүмкiндiгi туды және өте қауiпсiз. Мемлекеттiк потент жөнiндегi комитеттегiлер:

– Мұны Баешовтың жаңа әдiсi,–деп жазамыз.

Ол:

– Жоқ, менiң орныма Бөкетовтi жазыңыздар. Өйткенi бұл еңбекте ол кiсiнiң көп идеясы бар,–дедi.

– Әйткенмен де ғылыми-зерттеу жұмысын бастан аяқ жүргiзген сiз ғой. Оның үстiне бұл дүниежүзiлiк жаңа тәсiл. Ол кiсiнiң атын дара көрсеткенiмiз қалай болар екен?..

– Оған еш қысылмаңыздар.

– Бiз сiздi түсiнемiз. Ұстазыңызға деген шынайы құрметiңiз жөн-ақ. Алайда ақиқаттан аттамау керек. Бәлкiм “Фосфор шламындағы фосфорды анықтаудың Бөкетов-Баешов әдiсi” деп жазсақ келiсерсiз.

Олар солай бәтуаға келдi. Авторлық куәлiктерi табыс етiлдi.

Баешовты тағы бiр толғандырған жай мыс шламындағы 6 валенттi селендi бөлiп алу. Өте күрделi мәселе. Ол әлемдiк деңгейдегi ғалымдардың да еш нәтижеге қолдарын жеткiзе алмағандарын жақсы бiлдi. Сондықтан да бұл зерттеу жұмысы туралы Бөкетовке тiс жармады. “Әлiң келмейтiн шоқпарды белiңе байлап қайтесiң” десе бетiм қайтып, беттемей қалармын деген зiлдей ойда жүрдi. Әйтсе де жаңалыққа деген құлшынысы алға жетеледi. Уақыт тынымсыз iзденумен өтiп жатты. Тәжiрибелерi сәтсiз шыққан кездерде өкiндi де. Бiрақ райынан қайтпады. Жан қинап жүрiп, оның да әдiсiн тапты-ау әйтеуiр. Мәселеге термодинамика тұрғысынан қараса 6 валенттi қырсық селенiң оп-оңай тотықсызданады екен. Мiне, жаңалық!

Бұл кезде академик Евней Бөкетов университет ректоры қызметiнен босатылып, осы Химия-металлургия институтына ғылыми қызметкер болып орналасқан. Бұрын өзi жетекшiлiк еткен ұжым. Баешов ертеңiне үйдiң үшiншi қабатындағы ұстазына алып ұшып барды. Ентiгiп тұрып:

– Евней аға, 6 валенттi селендi электрохимия тәсiлiмен бөлме температурасында тотықсыздандырдым! – дедi. Ұстаз жаңылыс есiтiм бе дегендей қайта сұрады. Баешов әлгi сөзiн тағы қайталады. Бөкетов басын шайқап:

– Жоқ Әбдуәлi, сен қателесiп тұрсың. 6 валенттi селен ешқашан да тотықсызданбайды. Оған әлемнiң мүйiздерi қарағайдай ғалымдары 100 жылдан берi бастарын қатырып, ештеңе шығара алмаған соң жылы жауып қойған. Аспандамай жерге түс. Нақты iске малданғаның жөн.

Әбдуәлi қызбалақтап:

– Евней аға, мен тотықсыздандырдым, – деп делелдемекшi болғанда ұстазы қабағын шытып:

– Әбдуәлi батыр, қойсайшы! Бұрын құлаққа кiрмейтiн бос сөз айтпаушы едiң. Бүгiн не болған саған?–Тыңдағысы келмегендей үстөл үстiндегi кiтапты алып, өз жұмысына кiрiстi.

Келесi күнi ол ұстазының есiгiн тағы ашты.

– Евней аға, менiң зертханама жүрiңiз. 6 валенттi селендi қалай тотықсыздандырғанымды нақты тәжiрибемен дәлелдейiн.

– Ой, батыр, сен де ертегiңдi қоймадың ғой. Қане жүр. – Шәкiртiнiң көңiлiн қимай лажсыз соңынан ердi. Баешов зертханада электрохимиялық тәсiлмен тәжiрибесiн қайта жасады. Қып-қызыл таза селен жарқырап шыға келдi.

– Мiне, Евней аға, селен тотықсызданды!

Бөкетов ертiндiге үңiлiп қарап тұрды да, тағы да басын шайқады.

– Жоқ Әбдуәлi, сен алданып тұрсың.

– Өз көзiңiзге де сенбейсiз бе?

– Әбдуәлi, сенiң тотықсыздандырғаның 6 валенттi емес, 4 валенттi селен. Бұл ғылымда жаңалық емес.

– Евней аға, тотықсызданған 6 валенттi селеннiң реакцияға түспеген бiр бөлiгi мынау. – Ұстаз оған немқұрайдылау көз тастады.

– Әбдуәлi батыр, мұны жасап жатқан орыстар. Олар iшiмдiк iшпей ештеңе де iстемейдi. Көздерi бұлдырап, саған 6 валенттi селен деп 4 валенттiнi бере салған. Мұншалық аңғал болармысың.–Бөкетов езу тартып, есiктен шығып кеттi.

Табан астында аузына сөз түспей, маңдайынан шып-шып тер шығып, Баешов қала бердi. “Қалайда дәлелдеуiм керек!” Өзiне-өзi серт еттi.

Ол зауыттан 4 валенттi мен 6 валенттi селендердi алып келiп, үстөл үстiне қатар қойды. Анықтап қараған жан сұйықтардың түстерiнен айырмасын анық көредi. Ұстазын үшiншi рет шақырды.

– Евней аға, мiне екi түрлi селен.

– Иә, көрiп тұрмын.

– Мен әуелi 4 валенттi селенмен жұмыс iстеймiн. Сiз мұхият қарап тұрыңыз,–деп iске кiрiстi. Химиялық элементтер қосып, тотықсыздандырды. Сосын ұстазына — Келiсесiз бе?–дедi.

– Мұның жаңалық емес.

– Ендi 6 валенттi селенге электрохимиялық тәсiл қолданамын. – Ол машықтанған тәжiрибесiн қайталады. Тотықсызданған селен қызара бөртiп көз жауын алды.

Бөкетов селен үстiне төне түсiп, қайта басын көтердi. Өңi күреңiтiп:

– Ой, Әбдуәлi батыр! Мына тәсiлiң ғажап!–деп таңданысын жасырмады. –Мен саған бекер сенбей жүр екенмiн “Ұстаздан шәкiрт озады” деген осы!

Бұл әлемдiк химия ғылымында үлкен жаңалық едi. Совет өкiметiнде сол кезде селенационды жетiк бiлетiн әйгiлi екi ғалым болды. Олар – Евней Бөкетов пен Татьяна Грейвер. Ол 6 валенттi селендi тотықсыздандыру жөнiндегi ғылыми-зерттеу жұмысынан докторлық диссертация қорғайын деп жаза бастағанда, Бөкетов қапияда өмiрден озды. Ал Грейвер Ленинградта тұрады. Оның жаңа тәсiлiнен мүлдем бейхабар. Байланыс жүйесi арқылы авторефератын таныстыруға жiберсе, сенбей лақтырып тастауы мүмкiн. Оның пiкiрiнсiз диссертациялық Ғылыми кеңестiң жаңа тәсiлдi бекiтуi екiталай. “Қалайда Грейвердiң алдынан өтуiм керек” Баешов осы ойымен Ленинградқа аттанды.

Татьяна Грейвердiң әкесi Наум Саламонович Грейвер атақты ғалым едi. Кезiнде “Металлургия негiздерi” деп аталатын 6 том кiтап жазып, артында құнды мұра қалдырған. Қазiр Татьяна әкесiнiң атындағы зертхана меңгерушiсi. Алпыстың үстiндегi егде әйел. Баешов өзiн ана бiр жылдары Қарағандыда екi рет көргенiн есiне салып, шаруасын қысқа қайырды.

– Мүмкiн емес!–Грейвер оған бақшия қарады.

Баешов 6 валенттi селендi электрохимия жолымен қалай тотықсыздандырғанын тәптiштеп түсiндiрдi.

– Жас жiгiт, ендi менi тыңдаңыз. Бәрi де сiз айтқандай болуы мүмкiн емес. Қазiр бұл ғалымдарға қиял ғана. Мұны менiң әкем 50-60 жыл айналдырған. Мен де айды аспанға бiр-ақ шығармақшы болып, қаншама жылдар бойы әуре-сарсаңға түстiм. Ештеңе шықпады. Қайран уақыт-ай! Сiз де кейiн өкiнбес үшiн осы бастан iс-жүзеге асатын басқа ғылыми жұмыстармен айналысқаныңыз жөн-ау.

– Жоқ Татьяна Наумовна, әлгi тәсiлмен мен мұның жұмбағын шештiм. Ең оңай, ең тиiмдi, ең қарапайым жолы әзiрге осы. Керек болса, үш-төрт айдан соң қайтып келiп, зертханаңызда дәлелдеп беруге бармын.

– Сiз 4 валенттi селенмен шатастырып жүрсiз. Маған келiп әуре болмай-ақ қойыңыз. Қысқасы, менiң де, өзiңiздiң де, басыңызды қатырмаңыз.

Әбдуәлi Баешов араға алты ай салып, Ленинградқа қайта оралды. Профессор Татьяна Наумовна университетте шетел студенттерiне дәрiс оқып жатыр екен. Ашық есiктен оны көзi шалып қалып, қолын бұлғап шақырды.

– “Кiмдi айтсаң, сол келедi” деген рас-ау. Мiне, Баешовтың өзi де келдi, –Ол таңдана жымиып, Әбдуәлiнi құшақтап, бетiнен сүйдi де студенттерге бұрылып. – Дүние жүзiнде бiрiншi болып, 6 валенттi селендi электрохимия жолымен кәдуелi бөлме температурасында тотықсыздандырған жас ғалым осы,–дедi. Студенттер қошамет көрсетiп, қол соқты. Баешов аң-таң. Грейвер осылай қарсы алады деп кiм ойлаған!

Үзiлiс кезде Грейвер:

– Ана жолы өзiңе қарсылығымды бiлдiрсем де “Баешов босқа айтып тұрған жоқ-ау” деген бiр ой мазалап, сол бойда зертханаға тарттым. Сенiң тәсiлiңдi қайталадым. Тотықсызданған 6 валенттi селендi көрiп, несiн жасырайын таңданғаннан жағамды ұстадым. Әбдуәлi, сондағы оғаш мiнезiме қазiр өзiм де қысыламын. Айып етпе, – деп ағынан жарылды.

Ол 1991 жылы Алматыда докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Содан соң академик Мұрат Жұрыновтың шақыруымен Түркiстанда ашылған Қазақ-Түрiк университетiне ауысқан. Бұл өз алдына бөлек әңгiме. Ал қазiр ол Алматыда Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институтының қызметкерi. Алпыстың асқарына шыққан Әбдуәлi Баешов атақ-даңқтан да кенде емес. Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары және Қолданбалы экология академияларының академигi. Тоқсаннан аса патенттiң, жиырма екi ғылыми кiтаптың авторы.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары