БҰЛ НЕ ДЕГЕН ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIК!..

БҰЛ НЕ ДЕГЕН ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIК!..

БҰЛ НЕ ДЕГЕН  ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIК!..
ашық дереккөзі
305

ТМД-да тiл мәселесi тек Қазақстан мен Қырғызстанда ғана бар

Сәуiрдiң 9-ы күнгi хабарында «31-канал» телеарнасында көрсетiлетiн «Состояние.kz» апталық сараптамалық бағдарламасы тiл мәселесiне арналған сюжеттi көрсеттi. Онда тiптi қазақ тiлiне мемлекеттiк статус берiлгеннен берi кәмелетке толарлықтай уақыт өттi дегендей де сөздер айтылды. Бiрақ, әрине, шындығында әлi сонша мерзiм өткен жоқ. Қазақ тiлiне мемлекеттiк статус беру туралы заң 1989 жылдың күзiнде қабылданды, ал күшiне ол 1990 жылдың 1-iншi шiлдесiнен бастап ендi. Демек, алдағы жазда оның күшiне енгенiне 16 жыл толмақ. Осы жаста адамға паспорт берiлетiн. Қазақ тiлi де өзiнiң мемлекеттiк статусымен паспорт алатындай жасқа жақындап қалыпты. Бiрақ көңiл толарлықтай жетiстiк шамалы. Осыдан 16 жыл бұрын, яғни сол жоғарыда аталған заң күшiне енердiң қарсаңында «2000 жылға дейiнгi мемлекеттiк тiлдердi дамыту бағдарламасы» дайындалды. Осы мақсатқа арналған шаралар ауқымында әлеуметтiк зерттеу жүргiзiлiп, қазақтың 40 процентке жуығы ана тiлiн онша жақсы бiлмейдi немесе тiптi бiлмейдi екен деген тұжырым жасалды.

Ендi, мiне, жақында, 16 жылға жуық уақыт өткеннен кейiн Президентiмiз: «Қазақ халқының жартысынан астамы ана тiлiн бiлмейдi», — деген сөздер айтқан (К.Тасболатова «Тiл десе, Терещенконың тырысып қалатыны несi?», «Түркiстан» газетi, №11, 16 наурыз 2006 ж.). Бiр адам мемлекеттегi жағдайды жақсы бiлетiн болса, ол сол кiсiнiң өзi емес пе?! Демек, мемлекеттiк статус арқалаған 16 жылдың iшiнде қазақ тiлiнiң жағдайы жақсармақ түгiлi, бұрынғыдан бетер мүшкiлденген ғой. Солай ма? Осыншама уақыт iшiнде Қазақстанның қазақ емес азаматтарының қазақ тiлiн игеруiне барынша мұрындық болудың орнына өзiмiздiң оны бiлу деңгейiмiз төмендеп кетiптi. Сонда бiзге не болған?!

Айта-айта асылдың да атын ақ жем қылуға болады: еш ниет-құлықсыз, айтылған сөздiң мәнiне терең үңiлiп, оның нардың белi қайысар жауапкершiлiк жүктерiн түсiнбесең, түйсiнiп алған соң бiлектi сыбанып жiберiп, үн-түнсiз кiрiспесең, тiрлiгiңде мән қалып жарытпайды.

Ненiң-ненiң, айтудың, айғай сап, дiлмәрсiп айтудың алдын бермейтiнiмiздi соңғы он бес-он алты жыл аясында әбден-ақ дәлелдеп шыққан сияқтымыз. Жағасын кiр шалғанын ешбiр зiлсiз ескертсең де, өкпелеп, тiптi кейiп қалатын халықпыз ғой – алдын-ала айтайын, бұл мақаламен бiреудiң әзер-алдамен жинаған беделiн түсiрейiн, болмаса иiлiп-бүгiлiп жүрiп иемденген нанынан айырайын деп отырған жоқпыз.

Бiздiң ойымызша, ақжүректiкпен айқайлап жүрiп, ақжем етiп алған мәселелерiмiздiң бiрi және бiрегейi тiл мәселесi – өзiмiздiң еңiрегенде етегiмiз толатын мемлекеттiк тiл мәселесi!

Қазақтың бөркiн аспанға атқызған айтулы Тiл туралы Заңның күшiне енгенiне биыл 16 жыл толады. Өткенге салауат, ендi «пәлен-түген» деп жер сабалағанмен, өткендi қайтара алмайсың. Ендiгi жерде не iстеймiз? Осы сауалдың күнi шынымен ендi туған секiлдi. Неге дейсiз ғой?

Өздерiңiз бiлетiндей, қазiргi қолданыстағы Ата Заңымыз орыс тiлiн ресми тiл деп танып, оның мемлекеттiк және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында қазақ тiлiмен – мемлекеттiк тiлмен – тең дәрежеде қолданылуын заңдастырған. Мақұл делiк. Азуды айға бiлеудiң жөнi жоқ, әрi «өзiңе-өзiң бекем бол, көршiңдi ұры тұтпа» деген де бар – шындығына келсек, бүгiнгi таңдағы тiлге қатысты басты мәселе бұндай шешiмнен емес, билiктiң пиғылынан туындайтын болса керек. Жоқ, жалпы үйреншiктi енжарлық пиғылынан емес, нақты сол ана тiлiне қасақана қарсы болу пиғылынан. Дәлел керек пе?! Келтiрейiк.

Президентiмiздiң қазақ тiлiнде алдымен қазақтардың өздерi сөйлеуге дағдыланып, қалған жұртқа өнеге көрсетсiн дегенiн естiмеген қандасымыз жоқ шығар. Дұрыс. Бiрақ ең алдымен бұндай талап – билiктiң өзiне қатысты емес пе?! Моральдiк жауапкершiлiк туралы айтпай-ақ қояйық. Тек қабылданған заң талаптарына ғана жүгiнейiк. Конституция бойынша, мемлекеттiң тiлi – мемлекеттiк тiл. Демек, ол — ең алдымен мемлекеттiк қызметтiң тiлi. Мемлекеттiк қызмет дегенiмiз – негiзiнен атқарушы билiк жүйесi. Бұл жүйенi басында – жеке-жеке министрлiктер мен басқа да мемлекеттiк ведомстволарды басқаратын министрлерден құралатын үкiмет. Яғни мемлекеттiк тiлде басқа сөйлемесе де, осылар мiндеттi түрде сөйлеуге тиiс. Егер оны бұлардың өзi мойындамаса – тiлiмiздiң орындалып отырған мемлекеттiк статусы туралы әңгiме айтудың өзi орынсыз.

Жағдай шындығында солай болып тұр. «Тiл туралы» заңды орындамаушыларға қатысты зiлдi сөздер айтады. Бiрақ министрлер мен басқа да мемлекеттiк деңгейдегi басшылар бұндай әңгiменi құлағына да аспай, тiл статусының түбiрiне балта шабатын әрекеттердi күллi жұрттың көзiнше жайбарақат жүзеге асырудан танбаған соң, осының бәрiнен не қайыр. Ол ол ма, әлгi үкiмет, мәжiлiс депутаты Уәлихан Қалижанұлының айтуына қарағанда, «Дипломатия туралы» Заңға «Дипломатиялық қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуi мiндет» деген баптың енгiзiлуiне келiсiмiн бермей отырғанға ұқсайды (У.Қалижанұлы «Ұлттық санаға ұлттық сiлкiнiс керек», «Түркiстан» газетi, №11, 16 наурыз 2006 ж.). Ал бұндай позиция – Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына тiкелей қайшы позиция. Егер үкiметтiң өзi сөйтiп жатса, мемлекеттiк басқару жүйесiнiң қалған қызметкерлерiнен қандай сұраныстың болуы мүмкiн?!

Мәселенi осылайша қойсаң, жоғарғы жақтағылардан еститiнiң мынау: әзiрше осыншама қатты кетуге болмайды, тiлге қатысты шараларды бiрте-бiрте жүзеге асыру керек. Дұрыс делiк. Бiрақ онда басқа сұрақ туады: кешегi Кеңес Одағының құрамында Қазақстанмен бiрдей одақтас республика болып, бүгiн өз алдына отау тiгiп отырған ТМД-ның басқа елдерiнде осындай мәселе неге жоқ? Олардың барлығында дерлiк қазiр жергiлiктi байырғы халықтың тiлi толыққанды мемлекеттiк тiл ретiнде қолданылып жатыр. Және осыған қарсы болып жатқан да ешкiм көрiнбейдi. Сонда мемлекеттiк ұлт ретiнде олардың жолы бiр бөлек, бiздiң жолымыз бiр бөлек болғаны ма?! Неге олай? Бәрiмiз де сол Кеңес Одағынан шыққан жоқпыз ба?! Түсiнiксiз.

Тағы бiр назар аударарлық мәселе мынау. Басқа ТМД елдерiнiң көпшiлiгiнде үкiмет ұлт тiлi мүддесiне келгенде парламенттен де озық жүредi. Қайта парламент мүшелерi оларға «сендер осы ұлтшылдыққа тым көп салынбаңдар» дегендей басу айтып жатады. Ол да түсiнiктi. Өйткенi үкiмет — атқарушы орган. Ол Конституция мен бар заңды мүлт жiбермей орындауға тиiс. Ал парламенттегiлер – халық қалаулылары. Оларды сайлаған халық iшiнде жергiлiктi байырғы ұлт өкiлдерi де, басқа ұлт өкiлдерi да табылады. Халық қалаулысына олардың ешқайсысының көңiлiн жығуға болмайды.

Мәселен, қазiргi Грузияда грузиннен басқалар үшiн жоғары оқу орнына түсу өте қиын. Өйткенi сынақ емтихандары грузин тiлiнде жүргiзiледi. Үлкен қалаларда туып-өскен және грузин тiлiн жақсы бiлетiн басқа ұлт өкiлдерi үшiн бұның еш қиындығы жоқ. Ал жеке-жеке аудан болып тұрып жатқан және негiзiнен өз ана тiлi мен орыс тiлiнде түсiнiсуге дағдыланған армян, әзiрбайжан және грек ұлттық диаспораларының жастары үшiн осындай жағдай үлкен мәселе тудырып жатыр. Олар ел астанасы Тбилисиге барып, университетке оқуға түспек түгiлi, өз аудандарындағы сол университеттiң жергiлiктi бөлiмшелерiне де түсе алмайды екен. Өйткенi бұндағы сынақ емтихандары да, кейiнгi берiлетiн сабақ та – грузинше. Түскен күнде де, әрi қарай алып жүру өте қиын көрiнедi. Сондықтан жүздеген орындары бар жергiлiктi бөлiмшелерде өз ұлттық аудандарында тұратын армян, әзербайжан мен грек ұлттарының өкiлдерi тек бес-алты адамнан ғана оқиды екен. Қалған орындардың бәрi басқа жақтардан келген грузин жастарының үлесiне тиедi. Олар өздерiнiң армян, әзiрбайжан және грек ұлттық аудандарына жоғары бiлiм алуға келуiн бұндағы байқаудың төмен болатынымен түсiндiредi. Егер оқу жергiлiктi ұлт өкiлдерi де, армян, әзiрбайжан және грек жастары да бiрдей бiлетiн орыс тiлiнде жүргiзiлген болса, грузиндердiң осыншама ұтымды жағдайға ие болуы екiталай болған болар едi.

Бiздiң, әсерлi тiлмен айтқанда, жырымыз тiптi басқа. Бiз, кем дегенде, 90 процентi қазақтан тұратын дипломатиялық корпусымызды заңдық негiзде қазақ, яғни мемлекет тiлiн бiлуге мiндеттей алмай жүрмiз. Өйткенi «асығыстың қажетi жоқ» дегенге осы күнге дейiн алданамыз.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары