«Ұлт тағдыры»: Оқ атқан шекарашылар Қазақ елiнiң сотына берiлуi керек
«Ұлт тағдыры»: Оқ атқан шекарашылар Қазақ елiнiң сотына берiлуi керек
27 ақпан күнi қазақ-өзбек шекарасында тағы да оқ атылды. Оқ атқандар – сол баяғы Өзбекстан шекарашылары. Жапа шеккендер – қазақ азаматтары. Көршi ел шекарашыларының тайраңына бойымыз үйренiп қалғаннан болар, өзбек жағынан атылған тағы бiр оққа ресми түрде тойтарыс берген ешкiм жоқ. Бiрақ «Ұлт тағдыры» қозғалысы бұл жәйтке бей-жай қарауға болмайтынын алға тартып отыр.
Жақында орын алған шекарадағы оқиғаға аса алаңдаулы «Ұлт тағдыры» қозғалысының өкiлдерi Қазақстан Республикасы Сыртқы Iстер министрлiгiне Ашық хат жолдады. Онда: «Өзбекстан шекарашыларының Қазақ жерiне басып кiрiп, бiздiң азаматтарға қару қолданғанын – шектен шыққан бассыздық деп қабылдаймыз. Барлық әлемде бұндай әрекет екi елдiң арасына от салатын арандатушылық қылмыс болып есептелiнедi» – делiнген. Шынымен-ақ, 27 ақпан күнi қазақ азаматтарын қорқыту мақсатында атылған оқ алғашқы емес. Бұдан бұрын адам өлiмiне де әкеп соққан қайғылы оқиғалар да болды. Бiрақ бұған селт еткен ешкiм жоқ. Өзбекстандағы басбұзарлардың жазасын алғаны жайлы хабар да естiлмейдi. Бұл орайда «Ұлт тағдыры» қозғалысы: «Бұл келеңсiз жағдайдың ең басты себебi – бiздiң үкiметiмiздiң ынжық, солқылдақ саясаты. Бiздiң мемлекетiмiз – өз азаматтарын қорғай алмайтын, көршi елдердiң барымтасы мен бассыздық әрекеттерiне тоқтау сала алмайтын мемлекетке айналды» – дейдi, ашына. Ақпарларға қарағанда, кешегi оқиға Қазақстанның территориясында орын алыпты. Сондықтан қозғалыс мүшелерi «қарақшылық әрекеттердi жасаған адамдар Қазақ жерiнде бiздiң заңымызбен сотталуы шарт» дейдi. Бұл талапты ұлт патриоттары Қазақстанның СIМ-не қойып отыр. «Өзбекстан мемлекетi алдына қатаң талап қоя отырып, әлемдiк қалыптасқан заң ережелерiне сүйене отырып, кешегi Қазақ жерiне басып кiрiп, оқ атқан шекарашыларды Өзбекстан құқық қорғау органдарынан талап етiп, Қазақ мемлекетiне алдырып, Қазақ елiнiң сотына бергiзудi сұраймыз» – дейдi, «Ұлт тағдыры» қозғалысының өкiлдерi.
Бұндай талапты қоймасқа амал қалмаған сияқты. Қазiр жан-жағымызға қарасақ, барлық жерде қазаққа қоқан-лоқы көрсету әрекеттерi байқалады. Ресейде ұялы телефонмен қазақша сөйлегенi үшiн қазақ қызы скинхедтердiң жәбiрiнен қаза тапты, Өзбекстанда шекарадағы қазақ тұрғындарына қарсы оқ атылды. Тiптi, Қазақстанның өз iшiнде де қазақтың тiлi мен дiнiнiң жағдайы мәз емес. Осындай келеңсiз жағдайларды ескере отырып, «Ұлт тағдыры» қозғалысы қазақ мәселесiнiң көп ұзамай шешiлуiн күтедi. Бос сөзден гөрi оңтайлы iспен айналысуды жөн санайтын қозғалыс мүшелерi қазақ мүддесiн аяққа таптатпай, қорғап, қолдап жүретiнiне сендiредi. Ұлт патриоттарының бастамасын билiк те қолдаса едi. Түбiнде Қазақ мәселесi ары қарай да созбаланып, өз шешiмiн таппаса бұл елдi жақсылыққа апармайды. Ұлттық қозғалыстардың көбейiп жатқаны да бекер емес. Бұл халық iшiндегi бұлқыныстың бiр көрiнiсi. Сондықтан Қазақстандағы қазақ мәселесi шешiлмесе, елiмiздiң өзге де салалардағы жетiстiгiнiң бағасы көк тиын. Қазаққа керегi – ұлттық мәселесiнiң шешiлуi.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА