ТАЖАЛ КӨМІЛГЕН АРАЛДАР

ТАЖАЛ КӨМІЛГЕН АРАЛДАР

ТАЖАЛ КӨМІЛГЕН АРАЛДАР
ашық дереккөзі
371

Возрождение аралы – Кеңес Одағының ең құпия әскери нысаны болып келді. Онда орналасқан полигон 80-жылдардың аяғына дейін бірнеше кодты атаулары бар биологиялық қару және жабдықтарды сынақтан өткізіп отыратын жасырын мекенге айналды. Олар “Аральск-7”, “Бархан” және “ПНИЛ-52” сынды ғылыми-зерттеу лабораториясы арқылы жүзеге асты. Бұрын Арал теңізінің алып айдынында 300-ден астам арал болса, қазіргі кезде олардың арасында ең ірілері Барсакелмес пен Көкаралдың өзі түбекке айналып бара жатыр. Ал Комсомол, Шұғыла, Константин, Лазарев аралдары бірігіп, Возрождение деген ортақ атқа ие болған. Возрождение аралындағы биологиялық қаруды сынау алаңы, түстік беттегі сынақ кешені мен солтүстік шеттегі әскери қалашық болып екі бөлікке бөлінген. Қалашықта казарма, тұрғын үйлер, бастауыш мектеп, балалар бақшасы, асхана, қоймалар және электр станциясы болған. Ал, Аралдың оңтүстік бөлігінің аспан астындағы сынақ алаңында биологиялық қарудың аэрозол компоненттері модельдің тарауын, оларды табу тәсілдерін, биологиялық құралдары бар шағын калибрлі аэрозол бомбалары ауқымын сынау жұмыстары жүргізілді. Осылайша қырық жыл бойы адамзатты түрлі аурулар арқылы жаппай қырып-жою тәжірибесі жүріп жатты. Ал 1988 жылдың көктемінде АҚШ үкіметі Возрождениеге қатысты дау шығарды. Ондағы мамандардың сібір жарасының ажал шашатын жауынгерлік агенті-антракс деп аталатын түрін талдап жасап жатыр деген мәлімет түскендігі себеп болды. Себебі, Антракс – аса қауіпті биологиялық қару. Оның қатері – ол өте ежелгі микроорганизм. Ол қатерлі ауруды тез арада айналаға таратып, қоршаған ортаның күлпаршасын шығара алады. Бұл шуды басу үшін КСРО жағы жиналып қалған көп тонна антраксты тез құртудың жолдарын қарастырды. Олар антраксті тот баспайтын болаттан жасалған арнайы ыдыстарға салып, үстіне хлорлы әкті төгіп, ауыр жүкті 24 вагонға тиеп, Орал бойынан Арал қаласына дейін жеткізеді. Содан бері антракс Возрождение аралында. Ең сұмдығы сол, ғасырлар бойындағы бактериясының күшін сол күйі сақтай беретін бұл қызғылт ұнтақтардан құтылу мүмкін емес. Ал оның қашан бұрқ етері бәймәлім.

Ал, қазіргі уақытта Арал аумағы биологиялық қарулардың ең көп көмілген қоры саналады. АҚШ-тың “Нью-Йорк Таймс” газетінің деректеріне қарағанда, 1992 жылға дейін АҚШ Кеңес Одағының Орта Азиядағы ірі көлемдегі антракс жасап келгенін білмеген.

Қазақстан ғалымдары қазіргі таңда көңілі қалаған адам Возрождениеге барып, сібір жарасы штаммын оп-оңай алып кете берулеріне болатындығын айтуда. Өйткені, бұл аймақ әзірге биліктің бақылауынан тыс қалып отыр. Алда сібір жарасымен қатар жұқпалы дертті тарататын бактериядан бөлек, безгек, оба, қара шешек, ботулизм, шиқан, түйнеме, сал, бөртпе сүзегі сияқты қатерлі аурулардың көмілген нүктелері ашылып, бұл аймақ тажал аралына айналуы әбден мүмкін. Ал қазақ жерін аждаһаның апанына айналдырған Ресей федерациясы 1992 жылы полигонды жауып, әскерлерін әкеткеннен кейін үнсіздікте отыр. Ал, Возрождение аралы аймағына рекультивация жасауға қаражат қолбайлау болып отыр. Әзірге бұл аймақты Мазғұт Әкімбаев атындағы Қазақ карантиндік және зоноздық ғылыми орталығының директоры Бақыт Бахияұлы Атшабар бастаған ғылыми топ 2003–2005 жылдар арасында осы аралды зерттеп, қауіпті аймақтарды анықтап белгілегені жайында естіген болатынбыз. Бірақ, әрине, оның нәтижесі жайында ақпаратты ала алмадық.

1997 жылы АҚШ-тан келген зерттеушілер осы аймақты зерттеп бірнеше “тірі” бактерияларды тапқанын естігенбіз. АҚШ зерттеушілері әлі де бұл аймақта қауіпті дерт ошағын зерттеу үстінде.

МҰРАТ СЕРКЕБАЕВ

Серіктес жаңалықтары