«ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ПЕНДЕЛІК ҚҰПИЯСЫ» ФРАНЦУЗ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ

«ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ПЕНДЕЛІК ҚҰПИЯСЫ» ФРАНЦУЗ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ

«ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ПЕНДЕЛІК ҚҰПИЯСЫ» ФРАНЦУЗ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ
ашық дереккөзі

«Мұхтар Шахановтың Шыңғыс хан жайындағы драмалық туындысы француз тіліне аударылыпты. Академиялық кітапханада тұсаукесері болады екен» деген ақпарат естідік. Кейбіреулер Ұлы қаған деп құрмет тұтса, кейбіреулері Ұлы Күйретуші бейнесінде көретін Шыңғыс хан жайлы қозғалған мәселе қазақ қоғамында да біраз тартыс туғызғандықтан, тақырыбы бірден көңілімізді аударды. Бұған қоса, шығармалары шет тілдеріне жиі аударылатын қаламгерлер жайлы ақпараттарды алдын-ала білгіміз келіп, мәлімет іздестіріп үлгердік. Қолымызға түскен ақпараттарды аударыстырып-төңкерістіріп отырып, жазушы, аудармашы Герольд Бельгердің осыдан екі-үш жыл бұрын БАҚ-қа берген сұхбатын тауып алдық. Ол қазақ әдебиетінің шет елге шығар терезесінің тарылып қалғандығы жайлы айта келіп, «шет тілдерге шығармалары аударылып жүргендер қазір тек Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов. Қазақ әдебиеті өз ішінде қайнап жатыр. Бірақ, шетте біздің әдебиетімізді ешкім оқымайды, білмейді. Бұл тұрғыдан біраз ұтылдық. Сондықтан, көптеген қазақтар орыс тілінде жазып кетті» депті. Бельгер аударма саласының соңғы оншақты жыл ішіндегі бастан кешкен жағдайына тоқталған. Ал бұл уақытта орыс тілінде де жазып үлгерген Шахановтың өзге тілдерге аударылған шығармалары артпаса, кеміген жоқ. Сонымен не керек, аудармада жолы болған ақынның «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы немесе көз жұмар шақтағы арпалыс» деген драмалық туындысы бұл жолы француз тілінде жарық көріпті. Аудармашылар француз тілінің маманы Гүлнәр Сәрсекеева мен Астанадағы Француз Альянсының төрайымы Брижит Брефор екен (Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Лу Брефордың зайыбы). Брижит Брефордың әдебиетке қатысы шамалы сияқты, бірақ, француз тілі өзінің ана тілі екендігі себепті, шығарманы редакциялау құқығына ие болғандай… Аудармаға қатысты қаржылық жағдай негізінен сол Брижит Брефорға тіреліпті. Соған байланысты болар, әйтеуір тұсаукесерде шығарманың авторы Шаханов емес, Брижит Брефор секілді күй кештік. Тұсаукесерде Шаханов Шыңғыс ханның тарихтағы орны жайлы көзқарасын айтып, қағанды біраз жерге апарып тастады. «Шыңғыс хан 900 қаланы қиратып, 20 млн.жанның қанын мойнына арқалаған.Соған қарамастан, біздікілер оны бабамыз дейді. Менің кітабымды сынап, Қазақстанның 80 газеті жабылды» дейді ол. Дегенмен, қазақ газеттері жабылғанымен, Шахановтың шығармалары дүние жүзін аралап кетіп барады. Бүгінге дейін шығармалары әлемнің қырық тілінде аударылған ақынның соңғы туындысын Франциядағы театрлар пьеса етіп қоюға аса қызығып отыр екен.

Гүлнәр Мұқанова