«АНА ТІЛІН СҮЙМЕГЕН, ХАЛҚЫН СҮЙІП ЖАРЫТПАС»

«АНА ТІЛІН СҮЙМЕГЕН, ХАЛҚЫН СҮЙІП ЖАРЫТПАС»

«АНА ТІЛІН  СҮЙМЕГЕН, ХАЛҚЫН СҮЙІП ЖАРЫТПАС»
ашық дереккөзі
2314
Қазіргі кезде ана тіліміздің күн өткен сайын құны кеміп, өз ұрпағымыздың мизығына сайланып кеткенде, қарт жүрегім қасіретке душар болды. Өйткені, қазіргі кезде ана тіліміздің, бұрынғы өз мәртебесіне сай көтеріле алмай қалуын басымыздан кешкен кеңестік ықпалынан көре бермей, көршілес өзбек ағайындарды алайықшы. Олар қылышынан қан тамған кеңес империясы кезінде өз ана тілдерімен, салт-дәстүрлерін жиренткен жоқ. Керісінше, сол кездің өзінде өз жерлеріне қоныстанған тоқсаннан аса ұлт өкілдерін өзбек тілінде сайратты. Ал грузиндер болса, ең аяғы дүкенге сауда жасауға келген өзге ұлт өкілдеріне грузинше сөйлемесе, оларға сауда да жасамайтын-ды. Бұл деген олардың ұлтшылдықтары емес, өз ана тілдерін құрметтеу, сөйтіп басқа ұлттарға да өз ана тілін құрметтету болатын. Қазір қазақ тілінде сөйлескендердің өздері тілді таза білмейді. Бір мысал, Астанадағы Еуразия университетінде қызмет істейтін белді азаматтардың бірі қатты қорыққанда: «Жүрегім өкпеме түсіп кетті», – деп мәлімдейді. Біздің қазақта қатты қорыққанда: «Зәрем зәр түбіне кетті» немесе «Жүрегім тас төбеме шықты» дейтұғын. Ал мұнысы орыстардың: «Сердце в пятки ушло» дегені сияқты. «Бұдан соң үміт күткен жазушымыз, ғалымымыз қазақ «Жауырыны жерге тимеген палуан» ана тілін осылай қорласа, шала сауатты қазақтардан не күтуге болады? Мұндай сорақылықтар теледидардан да айтылуда. Мысалға, «Бармағынан күш саулаған палуандар шаршы алаңға шықты». Мұның қазақша дұрысы: «Бармағына бақ тамған шебер» не болмаса «Жауырыны жерге тимеген палуан» дейтұғын. «Қылмыскерді құрықтады». О заманда, бұ заманда адамды құрықтағанды бірінші рет естіп отырмыз. Біздің кезімізде адамды емес жылқыны құрықтаушы еді. Естімеген елде көп осы болса керек?! Біз бұл арада диктаторларымыз шала сауаттылардың жазып берген материалдарын оқиды. Айта берсек, мұндай сорақылық ана тілімізді бұзушылық жеткілікті. Ал кейбір космополиттердің дәлелдері «біз орысша оқып, орысша білім алдық, сондықтан қазақ тілін жете білмеймізбен» дау айтқан болады. Бұл әрине нақтылы дәлел емес. Басқаларды айтсақ та, өзіміз көріп білетін Баукеңді алайық. (Бауыржан Момышұлы). Бұл кісі білімін орысша алып, өмірінің жартысын орыстардың арасында өткізсе де, өз ана тілін қазіргі ақын-жазушылардан артық білген. Қазақша роман, естелік жазса да, сонымен қоса қаншама мақал-мәтелдер, нақыл сөздер жазып артына қалдырып кетпеді ме? Бұған тарих куә. Қолымыз тәуелсіздікке жетіп, егеменді мемлекет болған кезде, ана тіліміз «баяғы жартас, сол жартас» дегендей, сорақы күйдеміз. Өйткені лауазымды орындағылар өз ана тілін білмесе де қызметтерде отыр. Бұлардан қазаққа келетін не пайда, бұлар ана тіліне жанашырлар емес, тек қана космополиттер. Бұлар «по блату» тағайындалғандар. Кеңес дәуірінде мынадай дейтұғын. «Блат выше Совнаркома». Совнарком – үкімет. Мұндай космополиттер қай қазақтың көсегесін көгертеді? Осыдан мына қырғыз ақыны Сарноғаевтың өлеңінің бір шумағы еске түседі. Онда: Ана тілін білмеген, Ақылы жоқ желік бас. Ана тілін сүймеген Халқын сүйіп жарытпас. Басқа ұлт өкілдері біздің қазақ тілі турасында нендей пікірде екен,соны да біліп көрейік. «Қазақ тілі – түркі тілінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар – шешен, әрі әдемі сөйлейді… Қазақ — жан-жақты көркем». Мелиоранский, түрік тілінің маманы. «Қазақтардың ақыл-ой қабілеттерінің зор екеніне барған сайын көзім жете түсуде. Қандай әдемі әсем сөйлейді. Айтқысы келгендерінің бәрін тез түсіндіріп, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі». Радлов, шығыстанушы-ғалым. «Менің ұғым-түсінігімде қазақ тілі құдды қазақтың сонау кеңпейіл, мейірбан, дархан баласы сияқты, ғажайып ұшан теңіз бай, шешен де, көсем тіл». Г.Бельгер, неміс жазушысы. Біздің Қазақстанға кезінде жер ауып келген революционер-поляк А.Янушкевич өз көзімен көріп, өз құлағымен естіген қазақ ақындарының өлеңдерін, шешендердің сөзін, Еуропаның атақты деген трубадурларымен, бардаларымен салыстырып, шешендерін әйгілі Демосфен, Цицирон шешендеріне теңейді. Ана тіліне немқұрайды қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау деген ұғым. Паустовский — орыс тілі ғалымы. «Қай халық болмасын, оның ана тілі мәдени өркендеуінің аса зор тегершігі». Н.Мирр – лингвист. Сондықтан да, асыл маржан ару мойнында, алмас қылыш ер қолында жарасқан сияқты, сөз өз орнында қолданса ғана құнды. Көптеген космополит шала қазақтарымыз қазақ тілін менсінбей кемсітіп, қазақ тілін қойшы, мұнда прогрес жоқ, өркениетті елдердің қатарына бұл тілмен қосыла алмаймыз. Қазақ тілі отбасы, ошақ қасында, өте «кедей» тіл деп даурықса, осы «кедей» тілмен Мұхтар Әуезов «Абай жолы» дәуірнамасы арқылы қазақ халқын әлем жұртына танытпады ма? Мұхтардың бұл кітабы 116 елдің тіліне аударылып, жер шарын түгелге жуық аралап, әлем жұртшылығынан жоғары баға алмады ма? Осы айтқан пікіріміз дәлелді болуы үшін осы кітап турасында француз халқының атақты жазушылары Луи Аргон: «Бұл кітап ХХ ғасырдың ең ұлы шығармасына жатады» десе, Ромен Роллан: «Оны қазақтың «Илиадасы» деп баға берген болатын-ды. «Илиада» – грек ақыны Гомердің шығармасы. Пікірімізді қорыта келе айтарымыз, қазақ тілінің құнсыздығына тек қана қазақ зиялыларының жаны ғана ашымай, орыстардың да жандары ашуда. Оған мына мысал дәлел бола алады. Мұхтардың «Абай жолы» кітабы турасында Кеңес Одағы кеңесінің төрағасы К.Е.Ворошиловтың Мұхтарға берген мінездемесін қараңыздар; Мұхтар Әуезовке Ленин орденін тапсырғанда Климент Ефремович Ворошиловтың: «Сіз өз халқыңыздың ұлы халық екенін таныттыңыз. Сіз оның даңқын шығардыңыз… Сіздің Абай туралы, ұлы халқыңыз туралы еңбегіңізді бүкіл біздің ел біледі», – деген. Біз осынау тірі табиғатты, ашық аспанды, ауа мен суды қалай қорғайтын болсақ, бәріміздің ортақ қазынамыз – Ана тілімізді де дәл солай таза сақтауға міндеттіміз.
Зекен Темірғалиұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері

Серіктес жаңалықтары