ҰЛТТЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН СЫНШЫ

ҰЛТТЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН СЫНШЫ

ҰЛТТЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН СЫНШЫ
ашық дереккөзі

Егер ХIХ-ХХ ғасыр әдебиет тарихына көз жүгiртсек, оның даму негiзiнiң “өлшем бiрлiгi” он жылдықтар болып саналады. Әлi де солай. Бұл әлем әдебиетi деген ұғымнан өсiп-өнген өлшем. Ендеше оны тiлi мен дiлi бар, дәстүр мен салты, әрi әдет-ғұрпы қалыптасқан қай ел-жұрттың болмасын әдебиетi мен мәдениетiне тең телитiн ұғым-түсiнiк ретiнде қабылдау керек. Бiздiң поэзияға, прозаға, драматургияға, сынға 20-30-40-50-60-шы жылдары келген толқын деп жататынымыздың да сыры сонда. Әрине бұл мәселе туралы алуан-алуан пiкiр айтып, сан түрлi ой түюге болады. Бiрақ соған қарамастан ол тарихи-шығармашылық фактi.

Ендi бiз аталған фактiге, яғни жайға неге соншалықты шүйлiгiп, барынша iндетiп кеткенiмiздiң сырын айтайық. Оған себепкер тiлiмiзге тиек, әңгiмемiзге арқау болып отырған белгiлi сыншы Сайлаубек Жұмабек. Өйткенi ХХ-ғасырдың 60-шы жылдарындағы әдеби-мәдени ортаның көрiгiн алдыңғы толқын қазақ әдебиетi алыптарының көзi тiрi М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин бастаған топтардан именбей “Сын шын болсын, шын сын болсын” деген принциптi ұстанған жастар Әбiш Кекiлбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серiкқалиев, Рымғали Нұрғалиев секiлдi азуы алты қарыс сыншылар қалыптасып, олар келе-келе салиқалы да, салмақты ой-түйiндерге бет бұрып, сабырлылыққа көшкен тұста, сынға 70 жылдардың түлектерi Сағат Әшiмбаев, Сайлаубек Жұмабек, оның iшiнде ақын Жарасқан Әбдiрашов бар бiр топ келдi.

Мiне, сол тұстан бастап қазақтың әдеби көркем сынының тұғыры нықтала, көркемдiк көкжиегi кеңейе, Кеңiстiк пен Уақыт деп аталатын мәңгiлiк ұғым түсiнiктерге қазақ сынында да тосын түрен салына бастады. Сөйтiп Сайлаубек Жұмабек айтып жазғандай “неғұрлым шоқтықты шығармаға, көшелi туындыға қамшы салу үрдiсiн” нық бастаған алдыңғы толқын ағалар үрдiс-үрiмiне сол Сайлаубек Жұмабек толқыны қосылды. Олардың ұстанымы тағы да сыншы Сәкең айтқандай “сын – тек көркемдiк ақиқаттарға ғана қызмет ету керек” принципi болды. Бұл сын саласындағы алдыңғы толқын сыншылардың айтқан “Сын шын болсын, шын сын болсын” принциптегi ұстанымына қарағанда қазақ әдебиетiнiң көркем сынын нақтылай түсетiн мақсат-мүддедегi принципшiлдiк болатын. Сонымен бiрге ол сол бiр кезеңнiң әдебиеттегi бағыт-бағдарын түзеген Темiрқазығы да едi. Бұл күнде қазақ сынының алдыңғы толқынында жүрiп, тiптi қазақ тiлiмен айтқанда ақсақалдыққа қарай бет бұрған Сайлаубек Жұмабектiң сол бiр жас кезiнде ұстанған принципi бүгiн де өзгермеген. Әлi де сол кредо, сол бағыт-бағдар, сол ұстаным-ұстын. Өйткенi, ол оны өзiнiң парызы санайды, әрi оған өзiндiк ешкiмге ұқсамайтын, ұқсауға тырыспайтын талант-танымының парасат-пайымымен қызмет етедi. Оның жақында ғана жарық көрген әдеби толғаныстар мен мақалалардан тұратын таңдамалысы “Сын симфониясы” кiтабы соның айғағы. Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Сайлаубек Жұмабектiң аталған таңдамалы кiтабына оның 1970-2005 жылдар аралығындағы баспасөз беттерiнде жарық көрген, кезiнде әдеби жұртшылық пен оқырмандардың назарын аударған, соған қарамай басым денi бұрынғы сын жинақтарына енбеген толғаныстар мен мақалаларының бiр тобы топтастырылған.

Нағыз сыншы қай кезең, кезде де, қандай да болмасын әдеби процеске белсене араласушы және оның көрсеткiш барометрi болып табылады. Ал оның сол жолда талантының талғам-таразысы, өзi сөз еткелi отырған немесе болашақта сөз ететiн шығарма-материалына өзiндiк пайым-парасатпен өрген тұжырым-түйiнi, содан соң оған деген қарымды көзқарасы болмаса онда оны сыншы деп айдарлап-асқақтату артық iс. Мiне, мәселеге осы тұрғыдан келген Сайлаубек Жұмабектiң “Сын симфониясы” кiтабы сол талап-тiлектер мен талғамдардан табылған жинақ. Оның үстiне әдебиетте кәсiби сыншы болып қалу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн жағдай. Өйткенi сыншы тартатын азапты кез келген жанрдағы творчестволық адамның басына бермесiн. Олардың қай ұлттың болмасын әдеби-мәдени өмiрiндегi жүрiп жатқан процесте аз болатыны да содан. Әдеби сын мақала жазуға болады. Бiрақ сын тарихында нағыз сыншы болып қалу қияметтiң қайымы. Сыншы Сайлаубек Жұмабек сондай ұстанымдағы әрi бағыт-бағдардағы “от пен судан” аман өтiп, сын тарихында өзiндiк қол таңбасы мен көзқарасы бар нағыз сыншы ретiнде қалыптасқан қаламгер. Оның аталған кiтаптағы беташар сөзiндегi “… жоқ жерден шала бүлiнiп, реттi-ретсiз “сын жоқ, әсiресе шын сын жоқ” немесе “сын түзелмей, мiн түзелмейдi” дейтiн жалған жанашырсымақтардың өзеурей даурығып не даурықтырып жүретiнi бар. Олардың бүркемеленген түп мақсаттары ежелден берi бiр-ақ нәрсенi көздейдi. Онысы, мәселен тек өздерi туралы, тек солар туралы ғана үстiн-үстiн төпеп жаза берсе, жазыла берсе делiнетiн эгоистiк мүдде ғана. Егер осындай ой-мүдделер жүзеге асып жатса ғана, әдебиетте көркем сын – шын сын бар болып шығады, шын сыншылар – нағыз сыншылар бар болып шығады. Ал бұл бiздiң әдеби процесiмiзде әлi бiр толастаған емес” деуiнiң өзi соның айғағы. Сонымен бiрге осынау бiр ағынан ақтарылып, ақжарма көңiл танытқан сырында, оның көркем сын саласындағы еңбегiнiң талғамы мен талабынан туған принципшiлдiк ұстанымы байқалады емес пе. Мұның барлығына сыншы Сайлаубек Жұмабектiң қансiңдi еңбекқорлығы арқылы қол жеткiзген табысы бар.

Жалпы шығарманы немесе дәлiрек айтқанда қолдағы материалдың жақсы-жаманын ажыратып беруге болар, бiрақ оның көркемдiк ақиқатына қызмет ету өзiнше бiр игеруге келе бермейтiн, игергенде де нағыз таланттардың еншiсiндегi өлшем. Қандай да бiр сыншыға қояр талаптың басты критерийi де сонда. Бұны айтып отырған себебiмiз Сайлаубек Жұмабектiң аталған кiтабында “Көтерiлiс және көркемдiк танымдар генетикасы” атты сыни мақала бар. Сыншының аталған әдеби көркем сын мақаласындағы М.Әуезоватың “Қилы заман” және Асқар Сүлейменовтың “Бесатар” кiтаптарын “роман-трагедия” жүгiн көтерген шығармалар ретiнде айдарлап, оларға “христоматиялық-канондық” құндылық санатында баға беруiнiң өзi сол шығарманың көркемдiк ақиқатына қызмет ету болып табылады емес пе. М.Әуезов пен А.Сүлейменовтың аталған шығармалары ұлттың сана-сезiмiн көтеруге қаншалықты қызмет етсе, олардың қазақ әдебиетiндегi орнын анықтап және аталған шығармалардың тарихи-табиғи көркемдiк болмысындағы ақиқатын ашып берген сыншы Сайлаубек Жұмабектiң сыны да өзiнiң туған халқына соншалықты қызмет еткен құбылыс.

Сыншы Сайлаубек Жұмабек аталған екi ұлы жазушының төлқұжаттарындай қос шығармасын талқылау барысында өзiнiң сыншылық қадiр-қасиетiн ғана емес, сонымен бiрге әдебиет танудағы хранологиялық-монографиялық стильде жұмыс iстеудiң озық үлгiсiн көрсетедi. Бiр тақырып – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстi сөз еткен қос ұлы шығарманың iшкi-сыртқы және бiрi-бiрiмен психологиялық және көркемдiк байланыстарын нақты да жан-жақты жеткiзе бiлген сыншының алымдылығы осы тұста анық байқалады. Автордың талап-талғамымен айтқанда, шынында да ұлы суреткер Мұхтар Әуезов пен көрнектi суреткер Асқар Сүлейменов өздерiнiң атақты “Қилы заман” және “Бесатар” шығармаларына нелiктен келген? Бұл жәйден-жәй көтерiлген мәселе емес. Мiне, өзi көрнектi сыншы дәрежесiне жеткен Сайлаубек Жұмабек осыған жауап iздейдi және оны өзiнiң қашанда да биiк деңгейден қарап үйренген сыни талап-талғамы арқылы табады да: “ХVIII-ХХ ғасыр басындағы әр алуан көтерiлiстер туралы тарихи шындықтар мен тарихи жырлардан ұлы Мұхтар Әуезов те, суреткер Асқар Сүлейменов те қыруар тағылым алған. Шынайы тарихи құжаттардан қанатты қорек алған. Суреткерлiк пен көркемдiк образдар жүйесiндегi тапқырлықтар; тарихи-әлеуметтiк шындықтардың монументальдық бiтiмдерi; қос суреткердiң әрi ашық, әрi астарлы көркемдiк-философиялық өлмес-өшпес ойларындағы ұлттық-тәуелсiздiк рухы; азаттық пен еркiндiк сүйгiш халқымыздың әрi қымбат, әрi қастерлi, қайсар болмыстары; жiгерлi де табанды шайқастары өмiршең асқақтығымен ерекше шоң көркемдiк биiктерге жетелейдi” дейдi.

Ендiгi тағы бiр тынысты да терең әдеби көркем сын пiшiм-порымының үлгiсi – Сайлаубек Жұмабектiң “Ой олимпiндегi ойшыл суреткер” және “Ұлы даланың ұлы эпосы” атты сыни көркем мақаласы. Онда ол: “Тәуелсiз жаңа әдебиетiмiзде бiрi – прозамен жазылған; бiрi – поэзиямен жазылған ұлы даланың ұлы эпостары жарқ ете қалды!

Алғашқысы – ұлы суреткер Әбiш Кекiлбайұлының он екi томдық шығармалар жинағы!

Екiншiсi – ұлы шайыр Қадыр Мырза Әлидiң таңдамалы туындыларының (әзiрше он екi том) көп томдығы!” дейдi. Көрдiңiздер ме сыншының алдына қойған мақсаты ұлан-ғайыр әрi күрделi. Бұлай дейтiнiмiз шынында да аталған жазушы мен ақынның қалам-қарымдары мен таланттарының өзi сол эпикалық тыныстың озық үлгiсi ретiнде танылған, содан соң мойындалған құбылыстар. Сыншы автор осыны жақсы бiлiп, сезiнген. Яғни оны сыншылық интуиция объектi таңдауда да еш жаңылыстырмайды. Маған осындағы жазушы мен ақынның эпикалық тынысына сай сыншының да өз материалдарына соншалықты дәрежеде “қызмет” етiп, асып-тасқан сезiм легiнiң тасқынында қалмай сыни көркемдiк ақиқатқа оқырманның көзiн жеткiзе бiлуi ұнайды. Өйткенi тұла бойдан шымырлай шығып, кейде ақылға, оның iшiнде сыни талдап-талқылауға бой бермейтiн тұстан аман өтiп, оны көркем сыни пiкiрге бағындыра бiлу кез келген сыншының маңдайына жазыла бермеген жағдай. Бұдан сыншы Сайлаубек Жұмабек мүдiрмей өтедi. Кез келген көркем шығарманың қадiр-қасиетi мен құндылығын қалтқысыз анықтап, оған нақты бағасын беру үшiн сыншы алдымен ақиқат арашасы бола алатын қасиетке ие болумен бiрге, ол нағыз өнердi объективтi және терең түсiне бiлуi тиiс. Сонан соң нағыз сыншының ең үлкен қасиетiнiң тағы да бiр қыры ретiнде қарайтын жағдай, ол қай мезгiлде де әдеби процестегi қарама-қайшылықтарда қалыс немесе қалтарыста қалып немқұрайдылық танытпай, өзiнiң азаматтық-сыншылық позициясын бiлдiрiп отыруы. Сонымен бiрге сыншы оқырман мен творчество адамы арасындағы алтын көпiр немесе делдал деуге келетiн құбылыс. Мұнда да сыншы Сайлаубек Жұмабек өз iсiн адал атқарып, азаматтық танытады. Мұны бiз аталған жинақтағы “Атақазақ – Ахмет”, “Қасiрет пен қайсарлық жырлары”, “Титан талант – тұрлаулы өнер”, “Құдiреттi талант, сөнбейтiн жұлдыз”, “Тағдыры – сын, жаратылысы – сыншы”, “Шын сын да – шын сыншыда” атты әдеби көркем сын мақалаларынан анық байқаймыз. Сайлаубек Жұмабек сыншы сонымен бiрге жеке тұлғалардың шығармашылық және азаматтық бейне, болмыс-бiтiмдерiне олардың көзi тiрiсiнде жан-жақты зерттеп-зерделеп жазу арқылы салмақты да салиқалы пiкiр бiлдiрушi де. Олардың арасында әдебиет алыптары М.Әуезов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафиннiң көзiн көрiп, пiкiрлес болған Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Қалаубек Тұрсынқұлов туралы жазған “Талант тектоникасы”, “Жұлдызы нұрлы суреткер”, “Қазығұрт перзентi” атты сыни көркем шығармалары да бар. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ әдебиетi мен мәдениетiне үлкен үлес қосқан сол қаламгерлердiң ғұмырнама-шығармашылық төл құжаттарын анықтайтын дүниелер десе де боларлық өзiнше бiр сырлы дүниелер.

Жалпы “Сын симфониясы” кiтабы – белгiлi сыншы Сайлаубек Жұмабектiң шығармасындағы ең үлкен құбылысқа келетiн еңбектiң жемiсi. Ол онда ХХ ғасыр және қазiргi қазақ әдебиетiнiң тұтас бiр понорамасы деуге келетiн сыншы ретiнде көз алдымызға келедi. Қазақ әдебиетi тарихы қашанда өздерiнiң сыншыларының еңбектерi арқылы оқырманға жан-жақты әрi сан қырлы пiшiм-порымында, кескiн-келбетiнде, болмыс-бiтiмiнде жетiп отырған. Оны жеткiзушi сынның авторлары сол Сайлаубек Жұмабек сынды, Шерағаң – Шерхан Мұртаза тiлiмен айтқанда “Қарағайдың қарсы бұтағындай” сыншылар. Солардың бiрi де бiрегейi Сәкең – Сайлаубек Жұмабек.

Аманхан ӘЛIМҰЛЫ