ЕЛБАСЫ МИНИСТРЛЕРДІ СІЛКІП АЛДЫ

ЕЛБАСЫ МИНИСТРЛЕРДІ СІЛКІП АЛДЫ

ЕЛБАСЫ МИНИСТРЛЕРДІ СІЛКІП АЛДЫ
ашық дереккөзі

Қазіргі саны жағынан жетінші Үкімет «екі басты Үкімет» деген атауға лайығырақ шығар. Толығырақ тоқтала кетейік. Апта басында ескіден келе жатқан және жаңадан қосылған Үкімет мүшелерін Ақ Ордаға жинап алған президент министрлерге олардың басқаратын ведомстволарының бұған дейін жіберген кемшіліктерін тізіп берді. Ең бастысы, олардың енді тек Даниал Ахметовтің ғана емес, Кәрім Мәсімовтің де алдында именіп жүруі қажеттігін аңдатты. Бұған дейін министрлердің вице-премьерлер сөздерін жүрдім-бардым тыңдап келгендігін ескерсек, бұдан былай олар үшін Даниал Ахметовтен гөрі, Кәрім Мәсімовтің орны алабөтен болатын секілді. Өйткені, президент Назарбаев Үкімет алдына Қазақстанды әлемдегі бәсекеге шыдамды 50 елдің қатарына енгізу үшін жасалынатын шаруаларды жайып салды. Ал ол шаруалар негізінде қабылданатын бағдарламалармен Кәрім Мәсімов айналыспақ. Президент Кәрім Мәсімовке экономиканы модернизациялау, елдің жедел дамуына жағдай жасау, әлеуметтік саясатқа басымдық беру және қоршаған ортаны қорғауға қатысты жайттарды бөлшектеп берді. Осы бағыттарға қатысты Үкімет қарауындағы ведомстволар Кәрім Мәсімовтің басқаруымен бағдарлама жасауы керек. Ал күнделікті анау-мынау нәрселер Даниал Кенжетайұлының қадағалауында қалды.

Ашығын айту керек, дәл бүгінгі Үкіметтің жаңадан жасақталған вице-премьері мен салыстырмалы түрде жаңа министрлері ғана Президенттің сынына ілікпеді. Ал ескі құрамдағы мүшелердің Даниал Ахметовтен бастап барлығы да өз істеріне аса көңіл қоймапты. Президенттің сөзіне жүгінсек, «министрлерде жауапкершілік болмаған. Олардың ведомстволары айналысатын шаруаның барлығын да премьер-министрдің канцеляриясы атқарған».

Бір жапырақ құжаттың тағдыры министрден бастап, комитет төрағаларына дейінгі аралықта «серуендеп» кететіндігін айтты Президент. «Даниал Кенжетайұлы, қараңызшы, құжатты министр өз орынбасарына тапсырса, ол департамент басшысына тапсырады әрі қарай құжат бөлім жетекшісі мен оның орынбасарларын аралап кетеді» дейді ол. Президент ескі де жаңа Үкіметке біраз сын айтты. Мұндайда «Олай болса, кемшіліктерге тұсалып қалған Үкімет құрамы неге толық өзгертілмеген?» деген заңды сауал да көкейге қона қалады екен…

Сонымен, кім қалай жұмыс істеді деген сауалға Президент көзімен қарап көрелік:

Келімбетов бұдан былай тиынға дейін санайтын шығар!

Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовке Президент: «Министрлік жомарт болып барады. Әкімдер мен министрліктердің, депутаттардың сұранысын қанағаттандырамыз деп, биылғы бюджеттен қыруар қаржыны таратып берген. Қаржының барар жерін дұрыстап зерттеу керек!» деп, қысып-қысып қойды. Биыл әлеуметтік салаға бюджеттен триллиондап, ең көп қаржы бөлінген жыл.

Бір қызығы, биылғы жылдың бюджетіне сол қаржыларды былтыр қосып жатқанда, бұл ел экономикасының өсімі, мемлекеттің әл-ауқатының артуы болып суреттелген еді. Енді ол қаржы текке таратылып берілген қаржы секілді айтылды. Бұл Қайрат Нематұлын «апам да аң-таң, мен де аң-таң» деген жағдайға түсірмесе де, оның «былай тартса өгіз өледі, былай тартса, арба сынадының» кебін кигені сөзсіз. Не десек те, Келімбетов мырза енді тиын санап қалатындай.

Айтпақшы, биылғы жылдың бюджетін қабылдау сәті Парламентке келген Қайрат Нематұлының құжатты парламентарийлерге бастан-аяқ қазақша түсіндіруімен ерекшеленген еді. Бұл Қазақстанның бюджет қабылдау тарихында бірінші рет болған оқиға-тын.

Дипломат Қасымжомарт Тоқаевқа ашуланған жараса ма?

Оған қатуланудың да, ашуланудың да жараспайтынын біз білеміз. Өйткені, премьерлік қызметті атқарып тұрған кезінде «жас түркілерден» көңілі қалып, ашуланғаны есімізде. Бірақ, Президент елдің бас дипломатына «Сәл-пәл ашуланып қойсаңшы», деген кеңесін берді. Сөйтсек, Тоқаевтың қарамағандағы елшілер «бет-бетімен кетіпті». Мұны Президенттің өзі айтып отыр. Өзбекстандағы елші бір жылдағы 112 күнін өзі қызмет етіп жүрген елінен тысқары өткізсе, Санкт-Петербургтағы бас консул 150 күн бойы Ресейде болмаған. Қасымжомарт Кемелұлы, бір рет болса да, ашулансаңшы, ондай «қаңғыбастарды» жұмысынан шығарып жібермейсің бе?» дейді Президент.

Айтпақшы, Түркіменбашының жеке қадағалауындағы иттерді елге шығару оқиғасынан кейін қызметінен босаған Түркіменстандағы елші Вячеслав Ғиззатовтың орнына жайғасқан елшінің елші етіп жарияланғанынан екі айдай уақыт өткеннен соң Қазақстанда жүргенін көргенімізде, «сол Түркіменстанға жете алмай жатырмын» деген еді. Сол сияқты жете алмай жүрген елшілер баршылық шығар. Мейлі, ол Қасымжомарт Кемелұлының айналысатын шаруасы болғандықтан, кіріспей-ақ қоялық…

Әйтімованың ғарыштан жерге түскені абзал

Білім және ғылым министрлігінің басшылығына Бірғаным Әйтімова келгелі осы министрлік аспанға көбірек зер салып, ғарышты игеру бағдарламасы сияқты жобалар аса жанданып кеткен. Мұның себебін, министр ханымның Иса пайғамбар әулие, Мәрия секілді қасиетті жандардың рухтары көкке көтерілген Иерусалимнен аса қашық емес жерде елшілік қызметін атқаруынан іздемесек те болар еді, әрине. Бірақ, әйтеуір осы министрлікке Әйтімова келгелі ведомство аспанға көбірек қарағыштап кеткенін жасырудың реті жоқ. Мұны Президенттің өзі де аңғарыпты. Ол: «Космосты игерген жақсы-ау, бірақ, ғылым мәселелeріне дұрысырақ көңіл аудару қажет» деп Әйтімоваға кеңес берді. «Жоғары оқу орындары көбейіп кетті, диссертация қорғаушылардан аяқ алып жүре алмайсың. Әрі олар диссертация қорғап алып, мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Ондай мемлекеттік қызметкерлерді ғылымға жібермей неменеге ұстап отырмыз?» — деп таңданады Президент. Негізі, ол кісінің «ғылымдa дұрыс аудит жоқ» дегені дұп-дұрыс.

Сауат Мыңбаевтың министрлігі министрсіз өтіпті…

Вице-премьер болып, индустрия және сауда министрлігін басқарған Сауат Мыңбаев Президенттің айтуынша толық қарқынмен жұмыс істемеген. «Индустрия мен инновация мәселелерімен айналысатын, ДСҰ-ға (Дүниежүзілік Сауда Ұйымы) кіруді басты назарда ұстауы тиіс, экономиканың бәсекеге шыдамды болуын қамтамасыз етіп, тарифтерді қадағалайтын министрлік министрін сезінбеді» дейді ол.

Бұған дейін «құс ұшып көрмеген» Мыңбаевтың қапелімде жазықты болып қалғаны түсініксіздеу, әрине….

Енді, Мыңбаевтан қалған мұраны түгендеу мүмкіндігі «мәңгі министр» деген лақап аты бар Школьникке тиді.

«Мәңгі» министр Школьник…

Жалпы, осы Владимир Школьниктің энергетика, шикізат, мұнай саласына қатысты министрліктің тізгінін жібермейтіндігіне көз үйретіп алдық па, әйтеуір, осы Школьниктің жылы орнын суытқаны біртүрлі болып көрінді. Бірақ, қашанда өз-өзіне сенімді болып жүретін Школьник мырза энергетика министрлігінен Индустрия және сауда министрлігінің креслосына барып қонжиды. Алайда, ол кісінің былтыр бойғы «бал арасындай еңбектенген еңбегінің» босқа кететін түрі бар. Өйткені, оның бұрынғы орнын иемденген жаңа министр Бақтықожа Iзмұхамбетовке Президент «Былтырғы министрлік түзген келісім шарттардың бәрін қайта қарастыру керек» деген тапсырма берді.

Дунаевтың орнын толтыруға Коржованың «20 жылдық тәжірбиесі жетіп қалар»

Өзге министрлермен салыстырғанда, жас мөлшері жөнінен уыздай болса да, биліктегі ескі номенклатура өкілдері секілді көзілдірігінің астынан қатуланып жүретін Дунаев қаржы министрлігін әлсіретіп алыпты. Президенттің айтуынша, ол басқарған ведомстводағы органдар сатылуға бейім болыпты. Ондағы адамдардың кейбір топтармен қоян-қолтық араласып кетуінің кесірінен кеден ісі секілді органдар мүлде абыройдан айрылған. Инфляцияның ырық бермей кеткендігін Президент Дунаев басқарған министрліктен көріп отыр. Банктердің сырттан алатын қарызының мемлекет қарызы болып есептелінетіндігін де Президент айтып отыр. Міне, қаржы министрлігін торлап алған осындай «бұлттармен» баяғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Наталья Коржова күреспек. Ол кісінің бұған дейін де министр портфелін ұстап, соңында сыннан құралақан қалмағаны есімізде…

Қарағұсоваға сын батпайды!

Негізі, ең бір қиын, ширатылған шаруасы көп министрлік Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі болса да, Қарағұсова анау айтқандай сын естімеді. Болмаса, осы кісінің министрлігі жыл сайын қаржыны игере алмай қалатын дертке ұшырайтыны бар. Бұл жолы Қарағұсоваға әлеуметтің жағдайын дұрыстау үшін кеңестер ғана айтылды.

Самақованың орнын басқан Камалтин сенімсіз болып көрінді

Қоршаған ортаны қорғау министрі болған Айткүл Самақованың атын негізінен шулы деген оқиғаларда ел мүддесін жақтағандығымен байланыстыруға болатын. Мысалы: «Петро-Қазақстан» компаниясымен арада немесе мұнай кеніштеріндегі инвесторлардың қоршаған ортаны қорғай алмағандығына қатысты кезде, болмаса металлургтердің қателерін көбірек көрген де осы Самақова-тын. Бірақ, оның орнын «Қазақмыс» пен «Испат Карметтің» отаны Қарағанды облысынан келген Қамалтин Мұхамеджанов басты. Ол Самақова сынды адуындау емес, өте сенімсіз болып көрінді. Инвесторлармен қалай тіресерін кім білсін… Артының қайырын берсін дейміз де…

Есімов…

Ауыл шаруашылығымен етене таныс Есімов бұл жолы да сол бағзы кәсібінен алыстап кетпей, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тізгінін ұстаған. Есімов басқаратын министрліктің көзге шығып тұрған сүйелі көрінбеді ме, әйтеуір Президент Ахметжанның алаңын көп айналшықтамады….

Ал, сын естімеген министрлер деп менеджер, Денсаулық сақтау министрі Досаевты, Қорғаныс министрі Алтынбаевты, Көлік және коммуникациялар министрі Мәминді, Әділет министрі Балиеваны, Iшкі істер министрі Мұхаммеджановты, Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Құлмахановты, Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ертісбаевты айтуға болады.

Президенттің алдынан шыққаннан кейін, бірер күн ойланып-толғанған Даниал Ахметов ертесіне өз кеңсесінде министрлердің қайтадан басын қосып, Президенттің айтқандарын толықтырып, мысалдарды өзге елдердікімен алмастырып, Үкімет мүшелеріне тағы да бағыт берді. Қызығы, министр Школьниктің енді энергетика министрлігін басқармайтыны тек бізге ғана емес, Даниал Кенжетайұлына да біртүрлі болып көрінсе керек, премьер энергетика министрлігіне қатысты жайттарды айтқанда қайта-қайта Школьниктің есімін айтумен болды. Даниал Ахметов өткізген жиында, бүкіл мәселе экономика мен бюджетке келіп тірелетін болғандықтан ба, Қайрат Келімбетовтың мойнындағы міндеттің өте ауыр екендігін ұқтық. Елдің стратегиялық дамуы жайлы бағдарламаға қатысты ұсыныстарын министрліктердің барлығы да Келімбетовтың ведомствосына 3 күннің ішінде тапсырып, ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі тиісті бағдарламаны 5 күннің ішінде жасап бітуі қажет.

Гүлнәр МҰҚАНОВА

Е.ЕРТIСБАЕВ: БӘРIНЕН БҰРЫН ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТIНЕ КӨҢIЛ БӨЛЕМIН

Айтпақшы, Ақ Ордада ұстай алмай қалған Ертісбаевты ертесіне Үкімет үйінде көрдік. Журналистердің алдына шығуға бет моншағы үзілердей болған министріміз бұл жолы да көп күттірді. Даниал Ахметов төрағалық еткен жиын аяқталып, бүкіл министрлер залды босатқаннан кейін, он бес-жиырма минут өткізіп, сыртқа шыққан Ертісбаев ешкім мазалай қоймас деп ойлаған болуы керек…

– Сіз өзіңіздің министр болып тағайындалуыңызды қалай қабылдадыңыз?

– Негізі министр деген қызмет…. Мен бұрын Президентпен ғана жұмыс істейтін едім ғой. Ақпарат құралдарындағы ақпараттарды сараптаумен айналыстым. Телеарналар мен газеттерге сұхбат беріп, Президент үшін ақпарат жинайтынмын. Ал қазір құрамында екі жүз адамы бар министрлікті басқаруға жіберді. Мәдениет, ақпарат, спорт мәселелермен айналысуым қажет. Әртүрлі департаменттері де көп екен. Бұл жерде мен басқаруды, адамдармен жұмыс істеуді үйренермін. Осы салаларға бөлінген ақшаның тиісінше бөлініп, діттеген жеріне баруына барымды саламын. Министрлікке 38 млрд.теңге бөлініп отыр биыл. Президент маған үлкен сенім білдірді. Оның сенімін ақтау мен үшін ең үлкен парыз. Мен кеткеннен кейін жұрт «Мына министр осы министрлік үшін көп қызмет етті. Азаннан кешке дейін жұмыс істеп, жаңа дем берген» деп айтатындай етемін. Бәрінен бұрын қазақ мәдениетіне көңіл бөлмекпін. Бізде 130 халық өкілдері мекендегенімен, қазақтар негізгі ұлт қой. Жер шарында қазақ мәдениетін тек осы елде ғана өркендетуге болады. Мысалы, Ресейдің Астрахань, Омбы, Саратов облыстарында қазақ тұрады екен деп қазақ мәдениетін дамыту үшін Ресей Федерациясы бюджетінен тиын да бөлінбейді ғой.

Біздегі үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының ТМД көлемінде теңдесі жоқ. Осы тұрғыдан менде жоспар мен жоба көп. Осы жұмысыма алғаш келгенде не таңдандырды дейсіз бе? Мәдениет саласындағы қайраткер ақсақалдар кабинетке келіп, маған «Сенің тағайындалғаның дұрыс болды. Өйткені, бейтарап жансың. Музыкант немесе кинематографист емес, сені жібергені дұрыс болды» деп айтты. Себебі, осы министрлікте қаржыландыру мәселесіне келгенде көп түсініспеушіліктер орын алады екен. Шығармашылық Одақтар арасында дегендей…

Ешкімді өкпелетпей жұмыс істеймін деп ойлаймын.

– Сауалымызды бұқаралық ақпарат құралдарына бұрсақ. Қазір орыс тілді және қазақ тіліндегі БАҚ-тар туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Жалпы мемлекеттік тілде шығатын ақпарат құралдарының ролін жоғарылатуға күш саласыз ба?

– Біріншіден, биылдан бастап, бірнеше министрлік іс қағаздарын қазақ тіліне көшірмек болып жатыр ғой. Бұл осылай болуы тиіс жайт. Біз енді біртіндеп осы қазақ тіліне көшеміз. Бірақ, 130 халық өкілі қоныстанған жерде әрі олардың бір тілде сөйлеуге бейім екендігін ескерсек, бұл ұзақ мерзімді жоспарға кіреді. 1989 жылы қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусын алғанынан бері біраз өзгерістер болды. Ол кезде қазақтардың 70 пайызының қазақ тілін білмейтініндей сұмдық жағдай орын алды емес пе? Мына урбанизация, тың игеру, индустриализация секілді жайттар тілге геноцид болып жабысты. Ал соңғы жылдары мыңдаған қазақтардың өз ана тілін үйренуге шын мәнінде ден қойғанына өзім куәмін. Біздің министрліктің міндеті тілдің дамуына тіл комитеті арқылы жағдай жасау. Биыл комитетке 500 миллион теңге бөлінді. Комитет 300 миллион сұраған еді. Ал премьер-министр Ахметов 500 миллион теңге бөліп берді. Тіл үшін бұл көп ақша емес. Біз мұның сомасын миллиард теңгеге дейін көбейткіземіз. Қазақ тілін үйрену үшін бағдарламалар түзіп, кітаптар шығарғаннан басқа менің жеке ойым қазақ тілін білетін қызметкерлердің бәрінің де еңбекақысына міндетті түрде қосымша ақша төленуі керек. Бұл стимул болады. Мәселен, мемлекеттік қызметте істейтін қазақ қызметкері тілін білгені үшін қосымша ақша алса, өзге ұлт өкілі міндетті түрде оған тырмысып бағады. Басқа ұлт өкілі мемлекеттік тілді білмегені үшін өзін кінәлайтын болады да, тілді үйреніп алады.

– Барлық мәселе материалдық факторда ма?

– Жо-жоқ … Қазір онсыз да материалдық фактор ең бастысы болып кетті ғой. Біз солай жасасақ, кәріс, еврей, өзге де ұлт өкілдері бірден қазақ тілін игеруге ден қояды. Әрі ол тез арада болмақ. Неге Мұхтар Шаханов пен Амангелді Айталы секілді қазақтың патриоттары көптен бері осы мәселені қозғап жүр? Олардың көтерген мәселесі өте дұрыс. Олар мұны рухани, моральдық, этикалық жағынан қозғап жүр. Ал ертең материалдық фактор қосылса, оны жұрт бірден іліп алып кетеді. Бұлай етпесек, орыс тілі секілді әлемдік тілмен күресу оңай емес. Әлемде қазіргі басым-басым деген сегіз тілдің арасында осы орыс тілінің тұрғаны белгілі. Мысалы: ағылшын тілін үйренуді ешкім де міндеттемейді ғой. Ал оның артында материалдық фактор тұрғаннан кейін бұл тілді бәрі де меңгергісі келеді. Егер біле білсек, қазақ тілі де әлемдік тілге жатады емес пе?

– Қазір біздің ақпарат кеңістігінде Ресей ақпарат құралдарының үстемдік құрып тұрғаны жасырын емес. Бұл мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Біздің Ресеймен арада «Мәңгілік Достық туралы» келісіміміз бар. Әрі ақпараттық кеңістігіміздің де бірыңғай екендігін мойындау керек. Алайда, біз әлемнің бәсекеге шыдамды елу елінің қатарына кіретін болсақ, ақпарат кеңістігін жауып қоя алмаймыз. Еуропаны көріңіз, Латын Америкасын көріңіз… қаншама арналар, газеттер толып жатыр. Онда таңдауды адамның өзі жасайды. Бірақ, ең алдымен өзіміздің қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының рөлін күшейту керек…

Су жаңа министр Е.Ертісбаевпен өткізген жоғарыдағы жедел сұхбатта ол қазақ мәдениетіне қатты көңіл бөлетіні жөнінде баса айтқан еді. Министр бұл айтқан сөзінде тұра ма, жоқ па — оны уақыт көрсетеді.

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА