Жылдың ең айтулы оқиғасы: СПОРТ

Жылдың ең айтулы оқиғасы: СПОРТ

Жылдың ең айтулы оқиғасы: СПОРТ
ашық дереккөзі

Марат МӘЗIМБАЕВ: ҚАЗАҚСТАНЫМДЫ ЕШБIР МЕМЛЕКЕТКЕ АЙЫРБАСТАМАС ЕДIМ

Тауық жылы бiтуге таяу. Жетi қазынаның бiрi саналатын Иттiң де табалдырықтан аттауына санаулы күндер ғана қалды. Жаңа жыл, жаңа қадам, жаңа жетiстiктер, жеңiстер… бәрi-бәрi алда. Ал, соңғы парақтарын ендi ғана жапқалы жатқан Тауық жылы несiмен құнды, несiмен есте қалмақ?! Саяси оқиғалардың жөнi бiр басқа, ал мәдениетiмiзде, өнерiмiзде, спортымызда қандай жетiстiктерге жеттiк, санамалап көрелiкшi… Мәдениетiмiз бен өнерiмiздi былай қойғанда, спортымызда Тауық жылы бiзге кәсiпқой бокстан қазақтан тұңғыш әлем чемпионын сыйлады.

Оның тағы бiр құндылығы, айтулы жеңiстiң өзге мемлекетте емес, Қазақстанда, Алматының қақ төрiндегi Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтуi болды. Дүниенi дүр сiлкiндiрiп, IBA және WBO тұжырымдамасы бойынша кәсiпқой бокстан әлем чемпионы атанған Марат Мәзiмбаевпен Тауық жылымен қоштасар шақта жолығып, сұхбаттасудың сәтi түскен едi.

– Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келдiм. Әуелде бокспен айналысуға онша құмарта қоймағам. Жеңiл атлетикамен, кейде күреспен шұғылданып қоям. Сөйтiп, төртiншi класта оқып жүргенiмде, бiздiң класқа жаңадан оқушы келдi. Жаңа оқушының әкесi бапкер боп шықты. Бәрiмiз жаппай, әлгi балаға iлесiп, бокс секциясына жазылдық. Толықтай спортқа құмартқаным, осы кезден басталды ғой. Содан берi 20 жылдай уақыт өтiптi. Әуесқой бокстан да табыстарым аз болған жоқ. Бiрақ, олимпиадаға жете алмадым. 2001 жылғы әлем бiрiншiлiгiнде кездесуiм сәтсiз аяқталды. Келесi олимпиадаға дейiн үш жыл уақыт бар. Ал жасым болса 27-ге келiп қалған. Афина олимпиадасына қатысамын ба, қатыспаймын ба, тағы белгiсiз. Сөйтiп жүргенiмде, сол кездегi Қазақстан кәсiпқой бокс федерациясының вице-президентi, марқұм Болат Кесiкбаев ағамыз кәсiпқой боксқа келу туралы ұсыныс тастады.

Ақтау қаласында қазақстандықтар арасында жарыс өтетiн болды. Сол жарысқа менi шақырды. Қарсыласым ресейлiк Павел Кувасов деген боксшы болды. Оны алтыншы раундта нокаутқа жiбердiм. Сөйтiп кәсiпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегiмдi жеңiспен аяқтадым. Сол жарыста белгiлi промоутер Герман Титов қатысқан екен. Ол кiсi менiң жекпе-жегiмдi тамашалап отырыпты. Сол жекпе-жектен кейiн ол кiсi менi Екатеринбургке шақырып, Герман Титов өзiнiң клубына қабылдады. Осылай «ХХ ғасыр» кәсiпқой бокс клубымен келiсiм-шарт жасастық.

– Жарыстарға сiздi кiмдер алып барушы едi?

– Ешкiм де. Қасымда ешкiм жоқ, жалғыз барам. Кейде Мәскеуден де ешкiм бармайды. Америкаға ұшып барып, жарысқа қатысып, жеңiмпаз болып, қайта ұшып келем.

– Бөтен мемлекет, бөтен жер, қорқыныш болған жоқ па?

– Алғашында қорқатынмын. Қанша дегенмен бөтен жер, тiлi, дiлi басқа. Тiлдi де онша бiлмеймiн. Жанымда аудармашым да жоқ. Күтiп алмаса не iстеймiн, қалай қайтамын деген қобалжулар да болатын.

– Қарсыласыңыздың жанында мың сан адам жүрген шығар. Ал, сiз жалғызсыз, қуансаңыз да, ренжiсеңiз де, бiр өзiңiз. Қандай көңiл-күйде болатын едiңiз?

– Оның рас. Қарсыласымның көбiнiң жанында массажист дейсiз бе, психолог дейсiз бе, әйтеуiр дәрiгерлерiне дейiн ерiп жүредi. Ал, мен жалғыз барам. Әйтеуiр, Жаратушы Алла жар болатын болуы керек, ұтып келем. Алғашқы кездерi қуанышымды бөлiсетiн де адам таппайтынмын. Кейiн Америкаға жиi-жиi барып жүрiп, таныстар таба бастадым ғой. Белгiлi бапкер Нельсон Лопеспен танысып, екеумiз жақсы дос болып кеттiк. Ол кiсi Майами қаласында тұрады екен. Кейiн қуаныштарымды да, ренiштерiмдi де осы кiсiмен бөлiсетiн болдым.

– Тiл жағынан қиын болған жоқ па?

– Қиыны қиын болды. Кейiнiрек, оған да көндiге бастадық қой. Қазiр кiшкене болса да ағылшын тiлiн үйренiп қалдым.

– Қаржыны қалай таптыңыз?

– Басында қаржы таба алмай көп қиналатынмын. Алғашқы кездерi промоутерiм Герман Титов тауып берiп жүрдi. Бiр жағынан өзiмнiң ағаларым көмектесетiн. Кейiнiрек, «TSC Group» компаниясының президентi Бауыржан Оспанов ағамен жақынырақ танысып, ол кiсi маған көмектесе бастады. Ол кiсiмен менi бұрынғы кикбоксшы, әлем чемпионы Елмұрат Қайыпжанов таныстырған. Бауыржан аға менiң жекпе-жектерiмдi байқап қалып, өз қамқорлығына алып, қол ұшын бере бастады. Қазақтың Бауыржандай нар жiгiттерi көмектесiп жатқаннан кейiн, адамның бойында сенiм де пайда болады екен.

– Кәсiпқой бокс федерациясы ше, олар көмектеспедi ме?

– Бiздiң кәсiпқой бокс федерациясының президентi Серiк Қонақбаев көмектескен емес, тiптi көңiл бөлмейдi де.

– Өзiңiз көмек сұрап бармадыңыз ба?

– Жоқ. «Осындай қазақ жiгiтi шығып, жеңiмпаз болып жатыр» дегендi естiп те, көрiп те жүр ғой. Көмектессе болар едi. Көмектеспей-ақ қойсын, кiшкене көңiл бөлуге болады ғой. Тiптi, жекпе-жектен кейiн құттықтауға да жарамады.

– Кәсiпқой боксты таңдауыңызға ата-анаңыз қарсы болмады ма?

– Басында анам қарсы болған. «Спорттың ең қиын түрi, басыңды ауыртып аласың» дейтiн. Әкем болса, «Балам, өз қалауың бiлсiн. Дұрыс таңдау жасағаның өзiңе де жақсы» дедi. Ал кәсiпқойға қатыса бастағанымда, «Балам, қойсаңшы» дегендi жиi айтатын болды. «Әлем чемпионы болайыншы. Сосын өзiм-ақ қоямын» деп уәде бергем.

– Әлем чемпионы болдыңыз ғой… Қоятын сияқтысыз ба?

– (Күледi). Иә, әлем чемпионы болдық. Ендi бала-шағам өсiп келедi. Асырау керек дегендей. Ақша барлық адамға қажет.

– Сонда бокспен ақша табасыз ба?

– Әрине, бокспен.

– Егер бокстан кетер болсаңыз ше?

– Боксты тастайтын болсам, IIМ-нiң академиясында дене шынықтыру сабағынан дәрiс берiп жүрмiн, сонда қалатын шығармын.

– Әлем чемпионы атағы үшiн болған кездесудiң Алматыда өтуiне қазаққа белгiлi кәсiпкер азамат Бауыржан Оспанов ағамыз себепкер болған сияқты…

– Тiкелей Бауыржан Кеңесбекұлының идеясы екенi рас. Ол кiсi «Әлем чемпионын Қазақстанда өткiзейiк» деп ұсыныс жасаған. Әуелде «Астанада өткiземiз бе?» деп бiр ойладық. Кейiнiрек «Алматыда өткiзгенiмiз дұрыс шығар» деп шешiп, осында өткiздiк қой.

– Қанша дегенмен өз елiңiз ғой. Жанкүйерлерiңiздiң алдында жекпе-жекке шыққаныңызда толқулар болған шығар…Қорқыныш, күдiк дегендей…

– Қорқыныш та болды. Бұрын басқа жақта жарысқа қатысып, ұтылып келсең, кемшiлiктi өзiңнен iздемей, төрешiлерден көресiң, әйтеуiр сылтау табасың ғой. Ал, өз елiңде барлығы тамашалап отырады. Кемшiлiгiң де, жетiстiгiң де, бәрi-бәрi жанкүйерiңнiң көз алдында өтедi. Қатты қобалжыдым. Тiптi, «Осы жолы жеңiлiп қалсам, бокспен бiржолата қоштасам. Бұл – менiң ең соңғы жекпе-жегiм болады» деген ойға да келдiм.

– Шет мемлекеттерден ұсыныстар болған жоқ па?

– Талай ұсыныстар да болды. Өзге мемлекеттерге шақырды да. Шет мемлекеттерде бәрi жақсы. Тiптi жағдайыңды да жасауға болады. Бiрақ, туған жерiңе жетпейдi. Өзiмнiң туған-жерiмдi еш мемлекетке айырбастай алмас едiм. Шет елге аз күнге барсам да, елiмдi сағынып тұрам.

– Жалғыз өзiңiз жекпе-жекпе шығып, қиналып жүрген сәттерiңiзде ше, ондай ой болмады ма?

– Жоқ. «Қайтсем де мойындатам» деп өзiмнiң алдыма үлкен мақсат қойғам. Ерте ме, кеш пе, әйтеуiр қазақтардың түбi мойындайтынына сендiм.

Досым айласын асырып, құтылып кеткен-дi

– 17 жасым. Алғаш рет Түркияға бардық. Жанымда интернатта бiрге оқыған дос балам бар. Оның кiшкене суыққолдығы бар едi. Екеумiз бiрге базарда жүрмiз. Үлкен базар. Үйренiп қалған адам, бiр кезде досым тыныш тұрмай, бiреудiң сағатын жымқырып кеттi. Оны сондағы тұрған жiгiттердiң бiрi байқап қалып, сатушыға: «Анау сенiң бiр нәрсеңдi ұрлап алды» деп айтып қойды. Досым болса, оны ести салып, қаша жөнелдi. Сатушы артынан қуып барады. «Ұрыны ұстаңдар» дегендей, түрiкше бiр нәрселердi айғайлап қояды. Қашып бара жатып, досым да «бiр нәрселердi айғайлап қоям. Ешқайсысы ешнәрсенi түсiнбейдi» дейдi. Кiм-кiмдi, неге қуып келе жатқанын түсiнбей қалған ғой. Сөйтiп, досым айласын асырып, құтылып кеттi.

Жарысқа қатысамын деп Түркияда адасып кете жаздағам

– Бiрде Түркияға баратын болдық. Команда кетiп қалды да, мен жалғыз қалып қойдым. Бiр күн кешiгiп бардым. Тренерiм билетiмдi қолыма ұстатты да, «сенi аэропортта күтiп алады» дедi. Бару билетiм бар да, қайтар билетiм алынбаған. Аэропортқа ұшып келдiм. Қалтамда 100 АҚШ доллары ғана бар. Көбiне туристер ғой. Солармен бiрге қонақүйге жайғастым. Тамағымды iшiп алғам. Ақшам да бiтiп қалды. Содан Алматыға тренерiме телефон шалдым. «Менi ешкiм күтiп алған жоқ. Ендi не iстеймiн?» дедiм. Ол кiсi өзi де не iстерiн түсiнбей қалды. «Сен Стамбулға бар. Сонда үлкен базар бар. Базарға барып, ары-берi жүрiп көр. Хабарландырулар iлiнген шығар, соларды iздеп тауып ал. Жарыстың қайда өтетiнi сонда жазылған болуы керек» дедi. Бiр-екi күннен кейiн жарыс болады. Қонақ үй базардың маңында болатын. Базарға барып, екi сағат жүрдiм. Ешқандай хабарландырулар жоқ. Сөйтiп жүргенiмде бiр таныс түрiк боксер кездесiп қалды. Туған ағамды көргендей, қуанып кеттiм. Бас салып құшақтап жатырмын. Сөйтiп, бiр жарыстан қалып қоя жаздағаным бар.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА