ДЖОН ЛОНЫ ЖЕК КӨРУ НЕМЕСЕ ДАМУ ДҮДАМАЛДЫҒЫ ҚОСЫП ЖАЗУ ҚАЗАҚСТАНДА СӘНГЕ АЙНАЛДЫ

ДЖОН ЛОНЫ ЖЕК КӨРУ НЕМЕСЕ ДАМУ ДҮДАМАЛДЫҒЫ ҚОСЫП ЖАЗУ ҚАЗАҚСТАНДА СӘНГЕ АЙНАЛДЫ

ДЖОН ЛОНЫ ЖЕК КӨРУ  НЕМЕСЕ ДАМУ ДҮДАМАЛДЫҒЫ ҚОСЫП ЖАЗУ ҚАЗАҚСТАНДА СӘНГЕ АЙНАЛДЫ
ашық дереккөзі

Африкадағы табиғаттың төл баласындай масаи халқында әдемi аңыз бар: ержүрек, ептi масаи жiгiтi әсем антилопаны жаралап, ұзақ уақыт – күн-түн қатып қуалап, шалажансар күйде қолға түсiредi. “Ая менi, аңшы жiгiт, туған саваннаға тiрi жiбер, – деп қиылып өтiнедi жаралы жануар. – Есесiне мен саған табиғаттың бар құпиясын айтып беремiн. Жапырақтардың тiлiн түсiнетiн боласың”. Антилопаның жалынышын құлағына iлмеген қатыгез аңшы жаралы жануарды аяусыздықпен өлтiрiп, содан берi адамзат табиғаттың құпиясын бiлу, тiлiн мүлде түсiнуден қалған.

Мiне, сол масаилар сияқты, қазiр адамдар Қазақстан экономикасының заңдылықтарын түсiнуге шамасы келмей, миы қатып жүр. Өйткенi, соңғы жылдары Қазақстандағы тиiмдi, оң әрi шұғыл нәтижелерге қол жеткiзген саяси-экономикалық, әлеуметтiк реформалар мемлекетiмiздiң дамуындағы күрт қарыштауды қамтамасыз еткенi туралы көп айтылуда. Биiк мiнбелерден мәлiмделiп, экономика бiлгiрлерi тамсанып сөз етiп, шетелдiк сарапшылар таңданып-ақ жүр. Ғаламшарлық экономикалық ахуалдың қалыптасуы мен күрт өзгерiстерiн, даму мен тоқырау мәнiсiн жiлiктеп шағатын майталман мамандардың көбiсiнiң осындай түйiн жасауы тегiн болмаса керек.

Қазақстан экономикасының айтарлықтай дамығаны, ең әуелi, әнебiр жылдардағы құрдымнан көтерiлiп, даму бағыты мен тиiмдi жолдарын дөп басқаны рас. Бiр ғана мысал. Биыл аяқталғалы отырған “2003–2005 Ауылды қолдау жылы” Мемлекеттiк бағдарламасы негiзiнде өткен үш жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 150 млрд. теңге көлемiнде айтарлықтай қомақты қаржы бөлiнiп, Қазақстан экономикасының бiржола қирау шегiне келiп тiрелген аса маңызды салалары – егiн шаруашылығы мен мал шаруашылығы аман сақталып қалды. Көптеген ауылдар, елдi мекендер мен шағын қалалардың дамуы жаңа сипат алды. Бiрақ, бұл аталмыш мемлекеттiк бағдарламаның мерзiмi аяқталды, ендi осымен бұл тақырып жылы жабылып тасталады деген сөз емес. Келер жыл ауылды қолдау, дамыту мақсатында тағы да 100 млрд. теңге бөлiнгелi отыр. Ал 2006 жылдың желтоқсанында елiмiз мәртебелi БСҰ-ға (ВТО) мүше болып кiргелi отырған шақта мұның өзi мемлекетiмiз үшiн айтарлықтай дәйек болатыны сөзсiз. Қалай дегенмен де “Күлшелi бала сүймекке жақсы”. Сондай-ақ, 2005 жылдың бюджетi 2004 жылмен салыстырғанда 20% көп. Бұл орасан зор қаржы елiмiздiң экономикалық серпiнi мен әлуетiне әсерiн тигiзетiн қомақты ақша. Тiптi, осыған дейiнгi он жылда жалпы республикамыз бойынша небары 14 млн. шаршы метр тұрғын үй салынса, ал алдағы үш жылда 12.млн шаршы метр үй салынбақшы. Сондай-ақ, 2006 жылдан бастап елiмiздегi автожолдарды жаңа заман талаптарына сай дамыту мiндетi де күтiп тұр. Кейбiр болжамдарға қарағанда, бұған таяу жылдарда кем дегенде 1 трлн. 300 млрд. теңге жұмсау қажет болмақшы. Әрине, алдындағы тамағын күңiренбей отырып iшудi ұмытқан күйгелектер елiмiздiң бюджетi кейiнгi бiрер жылда профицит болып жүргенiне қамығып, мұны әлемде мұнайға сұраныстың жоғарылығымен, бағасының қымбаттығымен жаппай түсiндiрсе де (мұнай бағасы төмендесе көңiлдерi жай табатындай-ақ –Ж.Ш.), көмiрсутектi шикiзаттар өндiру мен одан түсетiн табыс елiмiздегi iшкi жалпы өнiмнiң небары 25 пайызын ғана құрайтынын жиi ұмытып кете бередi. Яғни, 75 пайыз өнiм мен өсудi экономиканың басқа салалары қамтамасыз етiп отыр ғой. Тiптен, шағын бизнесте 6 млн-ға жуық адам еңбек етуде. Қазiрдiң өзiнде ТМД аймағы бойынша бiрқатар мемлекеттер (Грузия, Украина, Қырғызстан т.б.) тың жаңалық ашпай-ақ, Қазақстан дамуының үлгiсiн толық үйрене отырып, айтарлықтай табыстарға жетуге болатынын мойындауда. Тiптi, Ресей Федерациясы бiздiң зейнетақы жүйесi, бiлiм беру және ғылым саласындағы, агроөнеркәсiп кешенiндегi реформаларды, жаңғыртуларды үйренуге құлықтылық танытуда. Әсiресе, тұрғын үй–коммуналдық шаруашылықтағы (ЖКХ), инфрақұрылымдардағы өзгерiстердi жiтi қадағалап, озық тәжiрибелерiн көшiрiп алуға кет әрi емес. Өйткенi, Ресей тұрғын–үй коммунальдық шаруашылықты (ЖКХ) әлi реформалай алмай отыр және елдегi тұрғын үйлер мен әлеуметтiк маңызды нысандардың 80 пайыздан астамы тозығы жеткенiн, инфрақұрылымдар еш сын көтермейтiнi жақсы мәлiм. Кремль тұрғын үй–коммуналдық шаруашылықтағы өзгерiстер Ресейде әлеуметтiк толқулар, қақтығыстарға ұласып, елдегi жағдай ушыға түсе ме деп сескенуде. Бiрақ, ертелi-кеш бұл реформаларды жүргiзу керек екенiн билiк басындағылар iштей мойындайды.

Әлемдiк қауымдастық, әсiресе, жаңа Тәуелсiз мемлекеттер – посткеңестiк елдердiң Қазақстанға мұншалықты қызығушылық танытуы тегiн емес. Оның үстiне шетел мамандарының көбiсi де бiзге көзқарастары мен ұстанымдарын сын көзiмен қайта қарап, өзгертуге мәжбүр болып отыр.

Сарапшылардың бұған дейiн қалыптасқан пiкiрiнше, 2010 жылға қарай Каспий аймағы елдерi бойынша мұнай өндiру 150–200 млн. тонна көлемiне жетедi делiнетiн едi және оны өндiруге 40-тан астам iрi мұнай компаниялары тартылған болатын. Алайда, Қазақстанның мұнай өндiрудегi iлгерiлеуiне қарағанда, әрi қазiргi батыл болжамдарды қаперге алсақ, 2015 жылы бiр ғана Қазақстанның өзi осы аймақта 150 миллион тоннаға дейiн энерготасымалдаушы шикiзаттар өндiрудi қамтамасыз ететiн түрi бар. Ал 2005 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстан өнеркәсiп орындарында (шағын, қосалқы өндiрiстерде, жеке шаруашылық секторларын қоса алғанда) 4634,6 млрд. теңге көлемiнде өнiм өндiрiлiп, өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 104,2% өсу қамтамасыз етiлген. 2006 жылы елiмiздiң бюджетi 11 млрд. доллар көлемiнде болмақшы.

Мамандардың басым бөлiгi елiмiздегi мұндай қолайлы жағдай ұрын әрi оңтайлы бағдармен жүргiзiлген батыл жаңғыртулар нәтижесi, Қазақстанда бiрсыдырғы демократиялық, құқықтық мемлекет қалыптасып, азаматтық қоғамның негiзi қалануымен түсiндiредi. Тiптi, жаңаша, бұл күндерi жаппай әуезе болып отырған жаһандану ұғымдық категориясының адамзат, әсiресе, қазақтар санасында бiржола орнығуымен, нарықтық қатынастардың айрықша оңтайлы iлкiмдiлiгiмен де қисындастырып тiлге тиек етедi.

Батыл болжамдарға сенсек, 2010­жылдарғы Қазақстандағы iшкi жалпы өнiм жан басына шаққанда 9–10 мың доллар көлемiнде болып, Шығыс Еуропа елдерiнiң деңгейiне жетемiз деп күтiлуде. Тiптi, таяу уақытта әлемдегi ең әлеуеттi, экономикалық, рухани тұрғыдан дамыған, жетекшi 50 елдiң қатарына қосылу мiндетi де алда тұр. Ол да мүмкiн, өйткенi, Энергетика министрi Владимир Школьниктiң мәлiмдеуiнше, Отанымыздың қойнауындағы қазба байлықтың көлемi 3.5 трлн. АҚШ доллары көлемiнде көрiнедi және оларды игеруге 700 млрд. доллар көлемiнде қомақты қаржы қажет болмақ. Сонымен қатар 2009 жылы ОБСЕ-ге Қазақстан төрағалық етуi ықтимал деп күтiлуде және елiмiзде бұған ұмтылыс бар. Сорақысы сол, дәп осы үмiт айтылған тұста елiмiздегi оппозиция, сонымен қатар, орыстiлдi БАҚ-тардың басым бөлiгi қасқыр көрген ешкiкөзденiп, ежiрейiп, Қазақстанды кекетiп-мұқатып шыға келетiнi қызық. Қазақстан бұндай деңгейге өсiп­жетiлген жоқ деп жұлқынады. Оппа, оларға салсақ, өткен күзде адамдық құқықтарын қорғап, жарқын болашақтары үшiн көшелерге шыққан жүздеген мың қаршадай балаларды lшкi iстер министрi Николя Саркози “қоқыстар”, “адамзаттың нәжiсi” деген мағынада сыбаған Франция мұндай құрметке ие болуға құқылы, ал Қазақстан … әлi мешеу, кенжелеп қалған. Бұл – өз Отанын, туған ел, кiндiк кескен жерiн өзгеден кем санау, көзге iлмеу, тiптi, iштей жасырын жеккөруден туындайтын сорлылық. Баяғы құлдық психологияның зәһары ғой бойларын буған. Әйтпесе , Қазақстан сол ОБСЕ­ге 2019, мейлi, 2029 жылда төрағалық етер, онда тұрған не бар?!Шынтуайтына келгенде iлгерiлеу тоқырап қалған жоқ, ең бастысы мемлекетiмiз үздiксiз даму жолында ғой. Атақты Ф.Шеллинг айтқандай:

“Блажен, кто выбрал цель и путь,

И видит в этом жизни суть”.

Әйткенмен, елiмiздегi адамдардың бүгiнгi күнiне көңiлi толмауы, ертеңiне сенiмсiздiк қылаңытатыны қалай?! Ресми мәлiметтер көз алдыға көлбеңдететiн көркем суреттерден гөрi, көпшiлiк тұрмыстың сұрқайлығы, еңсе езген ауыртпалығы мен бейберекеттiгiне иланатыны нелiктен?! Мәселен, “Қала мен дала” газетi таяуда “2030 жылы Қазақстанды қалай елестетесiз?” (6.12.2003ж.) деген сауалнама жүргiзiптi. Сонда Күләйша Ескенова деген зейнеткер апай әлгi сауалға:

“Қайдан бiлейiн, қарағым. Менi бiр көрiпкел деймiсiң? Қазiр қиын заман болып кеттi ғой. Жан-жақтың бәрi соғыс. Соғыстан құдай сақтасын де. 2030 жыл емес, ертеңгi күнiм қалай болар екен деп қалт-құлт етiп әрең жүрмiн. Оған дейiн бiз о дүниелiк боламыз ғой, сайтан болып кетпесек… ”, – деп жауап берген. Қаншалықты торығу , үмiтсiздiк, марғаулық пен енжарлық десеңiзшi. Бәрi де Қазақстан экономикасының жетiстiктерi жалпақ жұрт өмiрiне соншалықты оң әсерiн тигiзе қоймағандықтан, тiптi, жылма­жыл үдеп тұрған инфляцияның билiк өкiлдерi, маман экономистер мақтанышпен айтатын барлық биiк көрсеткiштердiң бағасын бес тиын етуiнен туындайтын iшкi жайсыздық, дискомфорт.

Бiлгiрлердiң жазуынша, экономиканың бұл дертi XVIII ғасырда Джон Лоның кесiрi мен шолақ ойлылығынан кездейсоқ ашылған көрiнедi. Су астында қала жаздаған Жаңа Орлеан қаласын қайта гүлдендiруге қол жеткiзген бұл пысық әрi iскер адам қағаз ақша мен кредиттiң көп болуы мемлекеттi гүлдендiруге жеткiзедi деп күмәнсiз сенген. Тiптi, осы шотландықты Францияның Ғылым академиясының мүшесi етiп сайлап, бас қаржы қадағалаушысы қылып тағайындапты. l Петр Ресейге шақырып әуреге түскен.

Бiрақ, Джон Лоның жобасы көп ұзамай-ақ Францияны экономикалық, саяси дағдарысқа әкелiп тiредi. Сөйте тұра оның идеясы әлi өмiр сүруде, экономикалық форумдарда талқыланып, күнделiктi өмiрде жүзеге асырылуда. ХIII ғасырдың екiншi жартысында Қытайды бiржола жаулап алған далалықтар, әсiресе, даңқты Құбылай хан тұсында империяда қағаз ақша шығару әйгiлi билеушiнiң қолында болып, атақты Марко Поло ғана емес, бүкiл еуропалықтар ақшаның бұл түрiне қатты қызыққан. Ол жайында Марко Поло: “Бұл қағаздарды мен айтқандай әдiспен дайындайды және ұлы ханның жарлығы бойынша ол билiк ететiн барлық облыстар, патшалықтар , жерлерге таратылады. Қағаз ақшаны қабылдамайтындар өлiм жазасына кесiледi және өйтуге ешкiмнiң батылы да жетпес едi”, – деп жазған. Амал не, одан кейiнгi жылдары империяда инфляция бой бермеуге айналып, қағаз ақша еш реттеусiз, бейберекет шығарыла бастады да, девальвация айықпас дертке айналды … ақыры Қытайды билеушi далалықтардың гүлденген империясының шаңырағы ортасына түстi. Инфляция – әр елдiң қоғамдық өмiрiне, әлеуметтiк ахуалына ғана емес, мемлекеттiк, ұлттық қауiпсiздiгiне де аса қауiптi кесел. Экономикалық қатер. Бiрақ экономикалық ережелер мен ойындар теориясын ойлап тапқан Оскар Мандельштам инфляция деңгейiн әрқашан үкiмет кiнәсiз сияқты етiп есептеп шығуға болады деген. Әйтпесе, елiмiзде өндiрiлетiн тауарлар мен өнiмдер қай қисын бойынша да арзан болуға тиiс қой. Бiзде — керiсiнше. Әйтпесе, алтын­валюта қоры үздiксiз өсiп келедi, Ұлттық қорда жинақталған қаржы да орасан зор, жылма-жыл бюджетте профицит қалыптасып отыр. Бiрақ … адамдар жеңiлдiк сезiнiп қатты тартылған белбеуiн босатудан үрейленедi. Себебi, жыл сайын жан басына шаққандағы табыстың үдемелi өсiп отырғанына қарамастан, оның бәрiн тежеусiз инфляция жеп қоюда. Жоғарыда айтылған оңды iстiң бәрi макроэкономиканың жемiстерi мен нәтижелерi. Есесiне бiздегi дүкен сөрелерi мен базар жаймаларына арзан шетелдiк өнiмдер мен тауарлар түсе бастаса (Украина конфеттерi, Қырғызстан картобы мен Өзбекстан жемiс­жидектерi, Қытай заттары т.б.) бiттi-ақ, жаппай қарсылық жариялап, баж салығымен қылқындыруға әрекет жасалынады. Нәтижесiнде, Қазақстан дүкендерiндегi тауарлар Американы былай қойғанда, Еуропадан да әлдеқайда жоғары. Тiптi, бiздiң кәсiпкерлер өз тауарларына өзiндiк құннан гөрi 4–5 есе жоғары баға қоятыны айқын. Сондықтан ел арасындағы қауесетке сенсек, бiздiң бiрқатар кәсiпкерлерiмiз бен олигархтар күнделiктi тамағын, жалпы азық­түлiктi сонау алыстағы Италиядан арнайы ұшақпен алдыратын көрiнедi. Киiмдi боса­болмаса Франция,Германия, тым құрығанда Мәскеуден киiнедi ғой. Отандық өндiрiстi дамытуды құрғақ сөз етуден гөрi, шындап қолға алатын, шикiзатқа негiзделген экономика емес, қайта өңдеу, ұқсату, жаңа технологияларға иек сүйейтiн уақыт жеткен шығар.

Осыдан бiраз уақыт бұрын Ресей президентiнiң кеңесшiсi Андрей Илларионов мырза үкiмет шенеунiктерi мен экономикалық қауымдастықты – “басты қауiп – елдiң Венесуэлалық жолға түсуi” деп үрейлендiрдi. Оның айтуынша, мұнайдың бағасы қымбаттауы нәтижесiнде қазынаға ағылып құйылып жатқан валюта мемлекет басшылары үшiн аталмыш қаржыны баршаға тең бөлуге қызығушылықтарын оятуы мүмкiн. Одан соң: “Мұнай және газ өндiру салаларын бақылауға, кейбiр салаларды мемлекет меншiгiне алуға қатты ұмтылушылық пайда болып, отын инфрақұрылымдарын мемлекет уысынан шығармауға жан салу күшейедi”, – дейдi ол. Онысы да шындық, 1957 жылы Венесуэла, одан сәл кейiнiрек ОПЕК елдерiнiң басым бөлiгi осы жолды таңдады. Осының салдарынан ОПЕК елдерiндегi iшкi жалпы өнiм 70-жылдардағымен салыстырғанда — 30 пайыз, ал Венесуэлада 1957 жылмен салыстырғанда — 40 пайыз төмен көрсеткiшке ие.

Бұндай қауiп Қазақстанды да айналып өтпеуi ықтимал. Оның үстiне, бiздiң атқарушы билiктегi мәртебелi шенеунiктердiң көбiнiң оралымсыздықтары мен жауапсыздықтары, табансыздықтары кәсiби бiлiктерiнiң төмендiктерiнен мұндай қауiп ащы шындыққа айналып кетуi де оп-оңай. Мәселен, Индустрия және сауда министрлiгi 2005 жылдың он бiр айында 94.1 млн. теңгенi игере алмай отыр. Ол ол ма, бiрқатар министрлiктегi құзырлы шенеунiктер мен мамандардың салғырттығынан биылғы жылдың тоғыз айында 30 млрд. теңгеге жуық қаржы игерiлмей қалған, ал соның 5 млрд. теңгеге жуық аса қомақты бөлiгi Ауыл шаруашылығы министрлiгiндегi мырзалардың кесiрiнен игерiлмей қалған. Осы министрлiктегi кейбiр мамандардың айтуына қарағанда, қалған жаңа, жас министрдiң көңiлiне жағымды болуы үшiн негiзгi көрсеткiштер мен табыстарды қосып жазу, ана бiр тоқырау жылдарындағыдай, жасалған iстердi ұлғайтып жазу әдетке айналып бара жатқан сыңайлы. Мәселен, лизингке алынған құрал-жабдықтар мен тракторлар, жүк көлiктерi санын жергiлiктi жердегiлер көтермелеп көрсетсе, осы министрлiктегi мамандар одан әрi үстемелеп жазып, қампитып көрсетедi екен. Бiр сөзбен айтқанда, қағаз жүзiнде бар нәрселер өмiрде жоқ екен. Қайдам, құр ғайбаттау шығар…

Қазiргi алтын астық алқаптары туралы аңыз бен тамсануға толы толғауды былай қоя тұрып, нақты өмiр шындығын сөз етер болсақ, егiн шаруашылығында да көңiлдi алаңдатарлық түйткiлдер бастан асады. Мәселен, жаздық қатты бидай алқаптарға шектен тыс басым түрде себiлiп, бүгiнде 12 миллион гектар жердi алып жатыр, яғни жалпы егiстiктiң 70 пайызы. Ал озық ғылыми тәжiрибелерге сай жаздық бидайдың үлесi 50 пайыздан аспауға тиiс. Осыған байланысты шығын қомақты болуына қарамастан, тиiмдiлiк өте төмен. Елiмiздiң диқандары әр гектардан алынатын орташа түсiмдi 10–11 центнерден асыра алмай отыр. Ең сорақысы сол, елiмiзде ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң бағасына айтарлықтай әсер ете алатын қолдау 2 пайыз көлемiнде ғана жүргiзiлуде, ал БСҰ­ға мүше 130 мемлекеттердiң көбiнде бұл 14 пайыздық деңгейдi құрайды. Бiздiң елдiң мамандары орынды–орынсыз мысалға келтiруге машықтанып алған; АҚШ-та мемлекеттiк қолдаудың бұл түрi–25­30 пайызға, Еуропа Одағы елдерiнде — 50, ал Финляндияда — 70 пайызға жететiн көрiнедi. 2004 жылы 11.7 млн. гектар алқаптағы жаздық бидайдан алынған таза пайда небары 22.3 миллиард теңге көлемiнде болып, рентабельдiлiк 21 пайызды ғана құраған едi, ал егiн шаруашылығындағы дамудың басты көрсеткiшi болып табылатын рентабельдiлiктi – 75-79 пайызға дейiн толық жеткiзуге болады. шаруашылығындағы дамудың басты көрсеткiшi болып табылатын рентабельдiлiктi – 75-79 пайызға дейiн толық жеткiзуге болады.

Бiздiң елде оралымсыздық қосып жазу таңсық емес қой, тiптi, одан ауыр экономикалық қылмыстар да жабулы қазан жабулы болып қала бередi емес пе?!. Биылғы жылдың он айында елiмiзде 32 мың 915 адам әртүрлi жауапкершiлiкке тартылып, мемлекет қазынасына 10 млрд. теңгеден астам қаржы қайтарылған.

Бiр таңданарлығы сол, Алматыда өткiзiлген баспасөз мәслихатында “Трансперенси Интернешнл” қоғамдық қорының атқарушы директоры Сергей Злотниковтың мәлiмдеуiнше, бiздiң мемлекетiмiз әлi күнге коррупцияға қарсы халықаралық құжаттарға қол қоймаған және бұл жағдай Қазақстандағы шектен шыққан коррупцияның тамырына балта шабуға мүмкiндiк бермей отырған сыңайлы. Иә, Назым Хикмет: “Егер аспанда жұлдыз жанса, ол бiреуге керек болғаны ғой”, демеушi ме едi?! Яғни бiздiң елiмiзде қалыптасып отырған әлгiндей өрескел жағдай әлдекiмдерге керек болғаны ғой. Ал Қазақстандағы iшкi жалпы өнiмнiң 11 пайызға өскенiне қарамастан, күзде үкiметтiң бiр отырысында Көлiк және коммуникациялар министрлiгi 9 пайыздық өсiмдi ғана қамтамасыз ете алғаны айтылды. Қарапайым халықты аса қатты алаңдататыны – инфляция деңгейi жөнiнде де түрлi деректердiң келтiрiлуi. Отандық мамандар бұл көрсеткiштi 5–6 пайыз десе, Еуропа мамандары, әсiресе, Франция экономистерi 8.8 пайыз деп отырса кейбiреулер 9–11 пайыз өскенiн тiлге тиек етедi. 2005 жылдың қыркүйегiнде республиканың тұтыну нарығында тауарлар мен қызмет көрсету бағасы 2004 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 7.9 пайызға өскен. Осы уақытта жыл басынан берi тамақ өнiмдерi бағасының 4.8 пайызға қымбаттауы инфляцияға –2.3 пайыз үлес, ақылы қызмет көрсету тиiсiнше – 2.3 пайыз үлес, ақылы қызмет көрсету тиiсiнше – 6.2%, азық-түлiк емес тауарлар 4 пайыздан астам үлес әкелгенi мәлiм.

Қалай дегенмен де, қалаларымыздың дүкендерiндегi, базар жаймаларындағы қымбатшылық күннен-күнге үдеп барады, елдiң емiнiп тапқан ешкiсiн инфляция дауылы аспанға ұшырып әкететiн сұры бар. Қызмет көрсету саласындағы бағаның өсуi тiптен бұйдаға көнер түрi жоқ. Ал таяп қалған Жаңа жыл мерекесi қарсаңында, одан соң 2006 – Ит жылының басында қымбатшылық одан әрi үдей түсетiнi кәмiл. Себебi, елiмiзде жыл басында және жыл соңына қарай бағаның орасан зор деңгейде өсуi талай жылдан қалыптасқан өрескел дәстүр. Қарапайым жұртшылық белiндегi белбеуiн тағы да қатты тарта түседi-дағы. Өйткенi, алматылықтар жер сiлкiнуi мен баға өсуiнен әбден зәрезап болғалы талай жылдардың жүзi. Әлгi аңыздағыдай Қазақстан экономикасының заңдылықтарын түсiну, тiлiн бiлу мүмкiн емес.

Жаңабек ШАҒАТАЙ