МАҢҒЫСТАУДА КЕМ ТУҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАУЛЫ МЕКТЕП КЕРЕК

МАҢҒЫСТАУДА КЕМ ТУҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАУЛЫ МЕКТЕП КЕРЕК

МАҢҒЫСТАУДА КЕМ ТУҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАУЛЫ МЕКТЕП КЕРЕК
ашық дереккөзі

Кеше Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң Орал Мұхамеджанов төрағалық еткен жалпы отырысында Зейнолла Алшымбаевтың депутаттық сауалы халық қалаулыларының ерекше назарын аударып, қолдау тапты. Ол сауал Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрi Бiрғаным Әйтiмоваға жолданды.

«Естiмейтiн болып кем туған перзентiнiң болашағы үшiн жар құлағы жастыққа тимей жүрген маңғыстаулық азамат Қондыбай Нәдiровтен арыз алдым. Туа бiткен кемтар ұлын Маңғыстауда оқытатын мектеп болмауы себептi Ақтөбе қаласында оқытады екен. Жол қарым-қатынасы өзi зейнеткер адамға оңай түспей тұрған көрiнедi. Арнаулы мектеп салынатындығы туралы лауазым иелерiнен сырғытпа жауаптар алып бастағанына да 3-4 жылдың жүзi болыпты.

Арызбен таныса келе, Маңғыстау облыстық бiлiм басқармасынан сұратып деректер алған кезде, жүрегiм сыздап, жағамды ұстадым. Облыста психологиялық-физиологиялық жағынан ауытқушылықтары бар 2248 кемтар бала бар екен, бiрақ оларға арналған бiр де бiр мектеп бұл өлкеде жоқ. Ең жақын дегенi Атырау, Ақтөбе қалаларындағы арнаулы мектептер болса, олар да маңғыстаулықтарды тұрғылықты орны болмағандықтан қабылдамайды екен. Бұл бүлдiршiн бейкүнә перзенттерiмiздi қоғамдық өмiр назарынан толық шығарып тастадық деген сөз, олар бiлiм алу мүмкiндiктерiнен, яғни өздерiнiң конституциялық құқықтарынан айрылған.

Осы күнге дейiн Маңғыстаудың лықсыған мол мұнайынан түскен қыруар қаржыны көздерi жәутеңдап жәрдем тiлеген осы кемтар перзенттерiмiзден аяп, бүгiнге дейiн оларды далаға қаңғытып келгенiмiз ел азаматтарына, бiзге кешiрiмсiз жағдай. Онсыз да табиғат кем қылып жаратқан жарымжан балаларымызға өз жерiмiзден бiр мектеп салып бере алмауымыз елдiгiмiзге сын. Оларға жеткiлiктi бiлiм берiп, қоғамның толыққанды мүшесi ретiнде тәрбиелеп, өмiрге дайындау бiздiң мiндетiмiз, тiптi парызымыз емес пе?!

Өздерi мұнай қазынасының үстiнде отырып, осы күнге дейiн бiлiм iздеп далаға қаңғып келген маңғыстаулық бүлдiршiндермен бiргемiн деген халық қалаулыларын мүгедек перзенттерiмiздi қолдауға шақырамын. Егер тиiстi басшылық орындар бұл сәбилер бiзге керексiз деп, олардың болашағына алаңдамаймыз деп бұдан әрi де бас тартатын болса, арды бетке түйiп шет ел инвесторларынан жылу-қаржыны бiз сұрайық.

«Жiгiтiнен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң мен саған мұң шағамын», — деп бiртуар ақын Мұқағалидың Фариза апамызға шағынғанындай, ендiгi үмiтiмiз бiр өзiңде, ардақты Бiрғаным Сарықызы. Мол қазына үстiндегi мектепсiз елден, өзге жерге бiлiм iздеп кеткен кемтар маңғыстаулық бүлдiршiн бауырларыңыздың болашағы үшiн араша түсiңiз, жәрдем берiңiз, құрметтi министр. Сiздiң биiк парасатыңыз бен күш-жiгерiңiзге сендiм. Бұл тек менiң ғана емес көздерi жәутеңдеп аға ұрпаққа үмiтпен қарап отырған екi мыңнан астам бейкүнә перiште перзенттерiмiздiң, олардың мыңдаған ата-аналарының да сенiмi деп бiлгейсiз», — дейдi халық қалаулысы. Бұл сауалға барлық депутаттар бiрауыздан қосылып, хатқа өз қолтаңбаларын түсiрiп жатты.

Сәуле Досжанова