ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ МЕН ПАРЛАМЕНТ АРАСЫНДАҒЫ ТЕКЕТIРЕС
ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ МЕН ПАРЛАМЕНТ АРАСЫНДАҒЫ ТЕКЕТIРЕС
Астанада желтоқсан басталысымен Парламент жақтан «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына қарай ызғырық жел соққан. Айтпағымыз, Мәжiлiстiң тiс қаққан депутаты, осымен екiншi рет сайлану «бақытына» ие болған Болат Әбiшев 7 желтоқсанда дүйiм жұрттың алдында «ҚазМұнайГаз» компаниясына шүйлiктi.
Премьер Ахметовке, Бас прокурор Түсiпбеков пен санақ комитетiнiң төрағасы Өксiкбаевқа депутаттық сауал жолдаған депутат Әбiшевтi «ҚазМұнайГаздың» тауып отырған табысы және шығысы қызықтырған. «Компанияның таза табысы былтыр 32 млрд.теңгенi құраған. Ал компания басшыларының алатын гонорарлары аса көп. Өзге объектiлермен салыстырғанда компанияның шығыны орасан. Ол шығын кiмнiң бақылауында? Шетел инвесторлары төлейтiн роялтидi «ҚазМұнайГаз» өз қажетiне «жаратады екен»… Осы роялтиге қатысты Қазақстан бюджетi қаншама соманы жоғалтып отыр» деген Әбiшев онан әрi қарай танкерлерге қатысты бiраз дау айтқан едi. Депутаттың сөзiне сүйенсек, кезiнде «Алматы», «Астана», «Ақтау» атты танкерлердiң құрылысын Үкiметтiң өзi қаржыландырғанымен, дәл қазiргi күнi бұл танкерлер жеке бiр фирманың атында екен. Ал танкерлердi «ҚазМорТрансфлот» сол фирмалардан жалға алып жүрген көрiнедi. Жаңағы жеке фирманың қожайыны болса, «ҚазТрансОйлдың» басшысы Қырымов сияқты.
Мiне, депутаттық сауалдың ұзын-ырғасы осы-тын. Әрi Әбiшевтi қолдап депутаттық сауалға қол қойғандардың арасында Сухорукова, Рүстемов пен Сабиляновтардың аттары жүрген. Дау Мәжiлiс қабырғасында қалып қана қоймай, желтоқсанның 8-де дәл осы тектес депутаттық сауал сенатор Исабеков тарапынан да жолданды.
Ендi, «ҚазМұнайГаз» басшылығы осы депутаттық сауалдардағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкеспейтiндiгiн айтып, бүге-шiгесiне дейiн жауап бердi.
«Әбiшев өз қолындағы мәлiметтердi «ҚазМұнайГаздың» 2004 жылғы қаржылық есебiнен алдым деген едi. Ал бiздiң 2004 жылғы консолидацияланған қаржылық есебiмiзде ондай мәлiмет мүлдем жоқ» дейдi қазмұнайгаздықтар. Ал мәлiметтi депутаттар «ҚазМұнайГаздың» емес, оның құрамындағы «ҚазМұнайГаз. Барлау. Өңдеу» компаниясының есебiнен алыпты. Оның өзiнде де ол мәлiметтер айқын емес. Бұл компанияның 2004 жылғы таза пайдасы 32 млрд теңге емес, 30,9 млрд теңгенi құраған.
Ал 11,3 млрд. теңгенi құраған басшылық гонорарлар шығын емес, қайта пайданың бiр бөлiгi ғана екен. Бұл гонорарлар ешуақытта да «номенклатуралық қызметкерлердi» марапаттау немесе материалдық қолдау болып саналмаған. Ал жолсапар шығындары Қаржы министрлiгiнiң бекiткен нормаларына сай төленедi дейдi ұлттық мұнай-газ компаниясының өкiлдерi.
«ҚазМұнайГаздың» бюджетi болса, 2004 жылы Директорлар Кеңесiнiң шешiмiмен бекiтiлдi. Ал Директорлар Кеңесiнiң құрамына Энергетика және минералды ресурстар вице-министрi, Премьер министр кеңсесi басшысының орынбасары, Көлiк және коммуникациялар вице-министрi, Қаржы министрлiгi Салық Комитетiнiң төрағасы, экономика және бюджеттiк жоспарлау вице-министрi, Қаржы министрлiгi мемлекеттiк мүлiк пен жекешелендiру комитетiнiң төрағасы кiредi.
«ҚазМұнайГаздың» қаржылық есебiн 2004 жылы «Ernst&Young» халықаралық компаниясы аудит жүргiзу арқылы жасады, сөйтiп, компанияның жалғыз акционерi ретiнде Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi бекiтiлдi. «ҚазМұнайГаздың» және оның құрамдас компаниялары мен бiрiккен компанияларының табыстары мен шығыстары жөнiнде қатаң бақылау орнатылған.
Ал роялти жөнiнде… Жер байлығын өндiрушiлер төлейтiн роялти мемлекеттiң меншiгi, ал «ҚазМұнайГаз» Сауда Үйi энергетика және минералды ресурстар министрлiгi бекiткен графикке сәйкес ол роялти ретiнде келетiн мұнайды тек тасымалдаумен ғана айналысады» дейдi ҚазМұнайГаз өкiлдерi.
Жанар-жағар май қорынсыз қалған Оңтүстiк Қазақстан нарығының «ҚазМұнайГаздың» араласуының арқасында ғана арзан жанар жағармайға қол жеткiзгенiн еске түсiру керек шығар мұндайда.
Сонымен, «ҚазМұнайГаздықтар» депутаттардың айтқан дауларына өз дәйектерiн алға тартты. Ол дәйектер болса, «тисе терекке, тимесе бұтаққа дейтiн» принциптен ада.
Гүлнәр Мұқанова