“НЬЮСУИК” ПЕН “БИЛЬД” ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕ МЕ?
“НЬЮСУИК” ПЕН “БИЛЬД” ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕ МЕ?
Біздегі журналистиканың болашағы қандай болмақ? Осы сұраққа жауап беру үшін алдымен оның қазіргі жағдайы туралы нақты түсінік қажет. Айтқалы отырғанымыз осындағы журналистер қауымдастығының өз салаларындағы жағдай туралы қалыптасқан пікірі ғана емес, оған сырттан қарағандағы көзқарас та. Қалай дегенде де, біздегі медиа-нарықтың немесе БАҚ нарығының қуатты «төртінші билік» тармағы деген атаққа сай түрде қалыптасып үлгермегені ақиқат. Демек, либералдық-монетарлық экономика жүйесінің Қазақстан сияқты дамыған емес, әлі тек дамып қана келе жатқан мемлекетте мейлінше берік орнығуы жағдайында, біздегі бұл сала да трансұлттық құрылымдардың ықпалына ұшырамай қоймайды.
Бұндай жайт Орталық Азия аймағы түгілі, Шығыс Еуропаның Польша сияқты үлкен және айтарлықтай жан-жақты дамыған елдерінде де орын алып жатыр. Мәселен, ондағы газет-журналдар нарығы туралы айтатын болсақ, олардың бірте-бірте АҚШ пен Германиядағы мерзімді баспасөз концерндерінің ықпалына ыңғайланып жатқанын атап өту керек. Польшадағы осы жағдай қазақстандық журналистика үшін сабақ бола алады. Өйткені, бұрын ол елдегі БАҚ та біздің Қазақстандағыдай мемлекет тарапынан қаржыландыру жүйесіне толықтай дерлік тәуелді болған. Социализм күйрегеннен кейін жағдай өзгерген. Бұрынғы бір-біріне сыртқы түрі де, мазмұны да ұқсас газет-журналдардың көпшілігі жабылып, медиа-рынок қайтадан қалыптасты. Осы тұста трансұлттық медиа-концерндердің Польшаға келіп кіріп, онда өздерінің жергілікті басылымдарын ұстауына жол ашылды.
Қазір поляк медиа-нарығындағы жетекші басылым – американдық «Ньюсуик» («Newsweek») журналының жергілікті басылымы. Ал оны поляк тілінде шығарып жатқан немістің «Аксель Шпрингер-ферлаг» атты медиа-концерні. Польшадағы басылым «Ньюсуик Польска» деп аталады. Оның тиражы – 260 мың дана. Басқаша айтқанда, әлемге әйгілі американдық апталық журнал поляк тілінде Германия медиа-коцернінің ақшасына шығып жатыр. Бұл жерде «қазіргі Польшадағы оқырман қауымын осыншама қызықтыру үшін АҚШ мерзімдік басылымын поляк тіліне аударып ұсынса, жеткілікті екен» деген пікірдің қалыптасуы мүмкін. Бірақ іс жүзіндегі жағдай басқаша. Лицензиялық келісім-шарт бойынша поляктар «Ньюсуик» журналының атын, сыртқы түрін және журналистік материалдарын алуға құқылы. Бірақ қалғанының бәрін «Ньюсуик Польска» басылымының редакциясы өзі шешеді. Яғни, жергілікті жаңалықтар мен оқиғалар бұл журнал бетінде қажетінше көрініс тауып жатыр.
Және де бұл – жеке мысал емес, жалпы жағдай үрдісінің бір айғағы. Мәселен, аталған «Аксель Шпрингер-ферлаг» концерні Польшада, сонымен қатар Германияда аты белгілі «Бильд» (“Bіld”) басылымының көшірмесін шығарады. Бұндай көрініс бүкіл Шығыс Еуропада айқын байқалады. Батыстың ең белгілі медиа магнаттары болып табылатын Р. Максвелл, Р.Эрсан, Р. Мэрдок және Шпрингер концерні Польшада ғана емес, сонымен қатар Венгрияда, Румынияда, Болгарияда талай басылымды өз меншігіне өткізіп алған. Бұл бір жағынан жаһанданудың, екінші жағынан саяси-экономикалық либерализация процесінің нәтижесі болса керек.
Осы екі құбылыстың бүгінгі Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Біздің мемлекетіміз бүгінде бүкіл ТМД-дағы жаһандану мен саяси-экономикалық либерализацияға ең көп бейімделген ел болып табылады. Біздің экономикадағы шетел капиталының үлесі өте жоғары. Енді сол капиталдың қазақстандық медиа-бизнес саласына да қол сала бастауына ешқандай кесел болмаса керек. Бірақ, әзірге Қазақстанда тек ресейлік медиа-құрылымдар ғана өздерінің жергілікті басылымдарын ашқан. Алайда олардың бұнда айтарлықтай инвестициялық капитал әкеліп жатқаны шамалы. Қайта өздерінің негізгі басылымдарын Қазақстанда басып таратуға да, оған қосымша ретінде шығарылатын жергілікті қосалқы басылымдарын дайындауға да осы жақтан қаржылық инвестиция тауып, бар шығынды соның есебінен жабуға бейімді. Аталмыш ресейлік медиа-құрылымдардың бұндағы іс-әрекеті әзірше тек Қазақстанның орыс тілді өркениеттің мәдени колониясы ретіндегі жағдайын өз пайдасына мейлінше ұтымды етіп жаратуға негізделген.
Бұндай жағдайдың ертеңі не болары белгісіз. Ресейлік БАҚ-тың және жалпы мәдениеттің көптеген пост-кеңестік елдерге қатысты ықпалы кейінгі жылдары әлсіреп кетті. Балтық жағалауы республикаларында ол қазір жоқ десе де болады. Бұның орнына ол жақта қазір Америка мен Батыс Еуропа мәдениеті мен БАҚ құрылымдарының тасы өрге домалап тұр. Грузия, Армения және Әзербайжан сияқты елдерде жергілікті ана тілді телеарналар мен мерзімді баспасөздің рөлі ресейлік және жалпы орыстілді телеарналар мен баспасөздің рөлінен әлдеқайда зор. Оның үстіне, қазір бұл елдердегі жұртшылық мәдени-өркениеттік үлгі ретінде Ресей тәжірибесін емес, Америка мен Батыс Еуропа тәжірибесін бетке ұстауға әлдеқайда көбірек пейілді.
Молдоваға мәдени-өркениеттік тұрғыдан арғы жағындағы өзіне туыстас Румыния негізгі сырттан ықпал етуші болып тұр. Ал Украинада билік басына өткен жылдың аяғында Ресейге арқасын беріп, Батысқа қарай бет алуды жақтайтын күштер келді. Демек, ол елдің медиа-кеңістігінде көрші және туыстас Польшадағыдай жағдайдың қалыптасатын күні алыс болмаса керек.
Орталық Азиядағы Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа үш мемлекетте – Өзбекстанда, Түркіменстанда және Тәжікстанда – рухани өмір, қалай дегенде де, жергілікті байырғы халықтың мәдени және өркениеттік тәжірибесіне негізделген. Ол жақтағы жалпы қоғамдық пікірге БАҚ арқылы батыстық түгілі, ресейлік түсініктерді қалағанынша таңа беру мүмкін емес. Оның үстіне бұл мемлекеттерде саяси-экономикалық либерализация болған жоқ. Сондықтан, ондағы БАҚ саласына өз ықпалын барынша көп қылып таратуға американдықтар мен еуропалықтарды былай қойғанда, ресейліктер де бармай отыр.
Ал Қазақстан мен Қырғызстандағы жағдай о бастан басқаша болып қалыптасқан. Бұл бауырлас екі елдің екеуі де салған бетте саяси-экономикалық либерализацияға кеңінен жол ашты. Оған халықтың, қоғамның қаншалықты дайын болғаны туралы әңгіме өз алдына. Біздің тақырыбымыз – осындағы БАҚ саласы мен оның болашағы.
Либерализация жағдайында БАҚ кеңістігі негізінен бизнестің бір түрі ретінде қарастырылады. Сондықтан онда капиталдың, оның ішінде шетелдік капиталдың да еркін әрекет жасап, білгенін істеуіне жол ашық. Экономикасының басым бөлігін трансұлттық корпорациялар мен басқа да шетелдік бизнес өкілдерінің қарауына беріп қойған Қазақстан сияқты саяси жағынан қуаты шектеулі мемлекеттің өзіндегі БАҚ саласын жергілікті құрылымдардың бақылауында сақтап қала алуы – мейлінше күмәнді нәрсе. Қазір – информатика, яғни ақпарат заманы. Сондықтан енді БАҚ саласы немесе медиа-кеңістік либералдық саяси-экономикалық жүйе жағдайында бизнеспен тікелей байланысты болуға тиіс. Бұл – уақыт талабы. Бірақ бізде әзірше БАҚ құрылымдарын иеленіп, ұстау мен жүргізу оған ыңғайланбаған. Экономикамызда ірі-ірі шетел инвесторлары басым болса, БАҚ саласында әзірге мемлекеттік ресми органдар мен жеке-жеке жергілікті бизнес өкілдерінің ықпалы күшті болып тұр. Тіпті, ресейлік ірі-ірі медиа-құрылымдардың Қазақстанға қатысты бөлімшелері де солармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұндай схеманың әрі қарай өзгерместен сақталып қала беруі ендігі жерде екіталай болмақ. Оған себеп: біздегі БАҚ жүйесінің — батыстық, яғни, нағыз либералдық көзқарас тұрғысынан алғанда – заман талабына сәйкес келмейтіндігі. Сырттан бақылаушылардың бағасы осындай. Бүкіл экономикамыз сол сырттан қарап, билігін айтушылардың түсінігіне сай қайта қалыптастырылған. Ал БАҚ саласында ондай өзгеріс әзірше жоқ.
Бұрын «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің Мәскеудегі тілшісі болған және Орталық Азияда журналистика бойынша жаттықтырушы ретінде жылдар бойы тәжірибе жинақтаған Джордж Кримскидің пікірінше, Қазақстандағы ақпарат бизнесі «’стандардың (яғни аймақтың атауы «стан» болып аяқталатын бес елінің – авт.) ішіндегі ең үздігі және кәсіптік жағынан ең мықтысы болар» (Tіmothy J. Kenny «Journalіsm Standards Lag іn Kazakhstan», Eurasіanet, 30.11.2005 ж.). Бірақ бұл, оның айтуына қарағанда, көп нәрсені білдірмейді.
Eurasіanet сайтында жарық көрген аталмыш мақаланың авторы Тимоти Дж.Кенни «Қазақстандағы журналистиканың стандарттары артта қалған, және олардың жуық арада айтарлықтай жақсаруы екіталай». Оның осы материалында қазақстандық баспасөз-клубының (Т.Дж.Кеннидің айтуына қарағанда, бұл клуб АҚШ тарапынан қолдау табатын ұйым болып табылады) президенті Әсел Қарауылованың мынадай пікірі де келтірілген: «Егер сіз (Қазақстанда) масс-медиа саласында жұмыс істейтін болсаңыз, сіз үкімет тарапынан өте тығыз бақылаудың астында боласыз. Ресми түрде бұнда цензура жоқ. Сіз билікті сынайтын газетті сатып ала аласыз. Алайда, көп жағдайда билік баспасөзді көптеген механизмдер арқылы бақылауға тырысады». Бұл мақаланың авторы Тимоти Дж.Кенни 2003 және 2005 жылдары Қазақстанға келіп, журналистерді жаттықтыру семинарларын жүргізген. Сондықтан оның осындағы жағдай туралы түсінінігі тек басқалардың берген бағасына ғана емес, өзінің көріп-білгендеріне де негізделген. Дегенмен, ол көптеген жергілікті журналистерді мұқият тыңдаған екен. Мақаланы оқығаннан кейін туындайтын тұжырым мынадай.
Батыстың стандарттарына негізделген журналистика Қазақстанда әлі қалыптаспаған. Соның нәтижесінде оның деңгейі осындағы бүгінгі экономикалық даму деңгейіне сай емес. Тимоти Дж.Кенни БАҚ саласын бинзес деп атайды. Олай болса, ол да экономика ережесі бойынша дамуға тиіс көрінеді. Ал ондай үрдістің қалыптасуы үшін сол баяғы шетелдік инвестиция келіп, істі жаңаша қылып орнынан қозғалтуы қажет болса керек.
Қазақстан экономикасының қомақты үлестерін қол астында отырған трансұлттық компаниялар үшін олардың осындағы істері туралы жергілікті БАҚ-та қалыптастырылып жатқан пікір көп жағдайда тіпті қолайсыз. Теңізде жұмыс істеп жатқан «Шеврон/Тексако» не «Экссон/Мобил» болсын, «Қарметкомбинатқа» иелік ететін «Миттал Стил» болсын – мұндайлардың көбіне қатысты қоғамдық пікір көзқарасы онша оң емес. Жергілікті БАҚ-тың оларды мақтағанынан сынағаны әлдеқайда көп болады. Ал, мәселен, Батыстың ірі-ірі газеттерінде жарияланатын пікірге құлақ түрсең, аталмыш трансұлттық компаниялардың осындағы істері негізінен жақсылық қана болып көрінеді. Демек, егер олар Польша, Венгрия мен Румыния, Болгариядағыдай осында өздерінің жергілікті бөлімшелерін ашса, жағдай өзгермек. Басқаша айтқанда, экономикалық инвесторлардың ізімен мұнда ақпараттық инвесторлар да келуге тиіс. Олардың технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен жергілікті құрылымдар бәсекелесе алмайды. Нәтижесінде мұндағы ақпараттық кеңістік либералды экономика мен жаһандану процесі талабына сай түрде қайта қалыптаспақ.
Бұндай жағдайда қазақ тіліндегі баспасөздің жағдайы қалай болары әзірше белгісіз. Осында келіп, өз бөлімшелерін ашқан Ресей БАҚ құрылымдарының бірде-бірі қазақша жұмыс істемейді. Және қайталап айтамыз, олар бұнда негізінен өз ақшасына емес, жергілікті инвесторлардың ақшасына жұмыс істеп жатыр. Сөйте тұра, Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік БАҚ құрылымдары мемлекеттік тілде ақпарат таратуға мойын бұрған жоқ. Алыс шетелден келетін қуатты-қуатты медиа-құрылымдар қаржылық жағынан жергілікті бизнес қауымдастығынан тәуелсіз болмақ. Демек, олар үшін жергілікті жердің ерекшеліктерімен санасу ресейліктердікінен де кем түрде қажет болмақ.
Яғни, бүгінгі ресейлік және жалпы орыстілді БАҚ құрылымдарының Қазақстандағы басымдығы өз жалғасын Батыс пен Шығыстың алып елдерінен келетін ақпараттық инвесторлардың басымдығы түрінде көрініс таппақ.
Аққали КӨПТІЛЕУОВ