ҰЛЫ ДЕРЖАВАЛАР ДОДАСЫНА ТYСКЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

ҰЛЫ ДЕРЖАВАЛАР ДОДАСЫНА ТYСКЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

ҰЛЫ ДЕРЖАВАЛАР ДОДАСЫНА ТYСКЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ
ашық дереккөзі
1098
Ресей, Қытай мен АҚШ-тың аймақтағы өзара бәсекелестігі – бұл шындығында алдымен Қазақстан үшін бәсекелестік

Аймақтағы жағдай қазір өте қиын болып тұр. Бұрындары үлкен саясаттың З.Бжезинский сияқты белгілі мамандары Орталық Азияның ұлы державалар тартысына түсетінін болжайтын. Сондай болжамдар қазір шындыққа айнала бастады. Әндіжандағы оқиғадан соң, Батыспен қатты араздасқан ресми Ташкент амалсыздан Ресей мен Қытайдың ығына тығылуға мәжбүр болған еді. Сол Мәскеу мен Пекиннің емеурініне ыңғайлана отырып, АҚШ-тан Карши-Ханабадтағы өз әскери базасын 180 күннің, яғни алты айдың ішінде көшіріп әкетуді талап ете бастады. Өзбекстан басшылығының айтқаны болды. Американдықтардың Карши-Ханабад базасы жабылды. Қарашаның 21-і күні АҚШ әуе-соғыс күштерінің соңғы ұшағы ол жерден ұшып кетті. Сөйтіп, американдық әскерилердің Өзбекстандағы төрт жылдық «қонақ болуы» аяқталды.

Бірақ олар кетіп болмай жатып-ақ, осыған ең алдымен мүдделі болған басқа екі ұлы держава – Ресей мен Қытай – солардың орнын бірінші болып басып қалу жолында өзара таласқа түскендей әсер қалдырады. Демек, бұл жердегі мәселе тек қана американдықтарда ғана болмаса керек. Ресми Вашингтон Өзбекстан басшылығының өзінен осылайша теріс айналғанын, әрине, аяқсыз қалдырмайды. Бірақ бұл — өз алдына бөлек тақырып. Сондықтан алдымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) ауқымында бір-біріне одақтас болып табылатын ресми Мәскеу мен Пекиннің, американдық әскерилердің Өзбекстаннан кетуіне байланысты көздейтін мақсаттары туралы сөз қозғайық. Бұл жерде Ресейдің осы күнге дейін Орталық Азияны бұрынғыша өзінің «ішкі ауласындай» көріп, басқа ірі державалардың осы аймаққа өздерінің саяси не әскери ықпалын таратпақ болған талпыныстарын, тіпті жақтырмайтынын айта кету керек. Сондықтан қытайлықтардың осы аймаққа өз базасын орналастырмақ болып жатқаны туралы әңгіменің ең алдымен Вашингтон жақтан емес, сол Мәскеу жақтан шығуына таңданудың қажеті жоқ болар. Мәселен, ресейлік әскери сарапшы В.Мухиннің айтуына қарағанда, шілде айының соңында өзбек басшылығы АҚШ әскери күштеріне Карши-Ханабадтан кету туралы талап қойғаннан кейін Қытай өзіне деп осы базаға жол ашу туралы ақырындап болса да нақты түрде сұрастырулар жасай бастаған (Stephen Blank «CHINA JOINS THE GREAT CENTRAL ASIAN BASE RACE», EurasіaNet, 16.11.2005 ж.). Бұл талпыныс Ресейдің Орталық Азияға қатысты әскери саясатына түрткі болған. Сөйтіп, Мәскеу тез арада басқалардан осы бағытта озудың амалын қарастыра бастайды. Қарашаның 14 күні, яғни АҚШ-тың соңғы ұшағы Карши-Ханабадттан ұшып кетерден тура бір апта бұрын Ресей мен Өзбекстан президенттері одақтастық қарым-қатынас жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Iс жүзінде бұл құжат екі жақты қауіпсіздік пакті болып табылады. Онда осы екі елдің біреуіне үшінші бір жақ шабуыл жасаса, екіншісінің лезде көмекке келуі қарастырылған. Осы келісімшарт ауқымында ресейліктердің болашақта Өзбекстан жерінде өз базасын орнықтыруына жол ашылған болса керек. Бірақ бұл жайт ресми Пекиннің Орталық Азияға қатысты саяси-әскери жоспарларына айтарлықтай әсер ете қоймаса керек. Демек, Қытай мен Ресейдің біздің аймаққа ықпалын тарату жолында ерте ме, кеш пе өзара кикілжіңге барарын болжауға болады. Бұл туралы EurasіaNet электронды басылымының авторы Стивен Бланк былай дейді: «Қытайдың Орталық Азиядағы американдық әскери тұрақтаудан қорқатыны – айтарлықтай анық нәрсе. Сонымен қатар қытайлық дипломаттар АҚШ күштерінің тұрақтауының тек потенциалды қауіп қана емес, оның үстіне аймақтық тұрақсыздық факторы болып табылатынын айтады. Осы уақытта Ресейдің жоғарғы лауазымды шенеуніктерінің кем дегенде 2004 жылы жария болған ашық мәлімдемелері Мәскеудің Орталық Азияда қытайлық әскери тұрақтауға табанды қарсылығын айқындап көрсетеді» (Stephen Blank «CHINA JOINS THE GREAT CENTRAL ASIAN BASE RACE»…). Оның болжамына қарағанда, Ресейдің, бірдеңе бола қалған күнде, Қытайға қатысты өскелең стратегиялық рөлге американдықтардың аймақта кеңейтілген деңгейде тұрақтауы мүмкіндігіне қарсы тұрғанынан да бетер қарсылық көрсетуі мүмкін көрінеді. Бұл, бір жағынан, түсінікті де. Өйткені АҚШ алыста, ал Қытай жақында орналасқан. Ресеймен біздің аймақ үшін жан-жақты таласқа түсуге тек сол ғана жарайды. Және де ол Орталық Азияда бір орнығып алса, американдықтарды Карши-Ханабадтан кетіргендей қылып, оны үш-төрт айдан кейін шығарып жіберу әсте мүмкін бола қоймас. Осындайдан ресми Мәскеу ең көп қауіптенетін сияқты. Әлгі В.Мухин бірінші болып Қытайдың өзбек базасына қатысты талпынысы туралы айтқаннан бері ешкім оның мәліметін растаған да, жоққа шығарған да емес. Ал осы кезде «Ресей әскерилері Карши-Ханабадта әлі орны суып үлгермеген американдықтардың ізін басайын деп жатыр» деген хабар тарап жатыр. “Коммерсантъ” газеті өзінің 23 қараша күнгі нөмірінде осы жайт туралы былай дейді: «Как только американцы покинули базу Карши-Ханабад, стало ясно, что сюда скоро придем мы. Потому что при нынешнем геополитическом раскладе и том положении, которое занимает в мире режим Ислама Каримова, прийти сюда, кроме России, больше некому…». Бұл асығыс айтылған пікір болар. Өйткені В.Мухиннің таратқан мәліметіне қарағанда, Карши-Ханабадты американдықтар кеткен соң бірінші болып басып қалуға қамданған қытайлықтар болған. Ресми Мәскеудің ресми Ташкентпен тездетіп стратегиялық одақтастық жасауының және осының артынша ресейлік әскерилердің АҚШ-тың Өзбекстандағы бұрынғы базасына жайғаспақ жоспары туралы әңгіменің шығуының артында ресми Пекинмен бәсекелестіктің нышаны байқалады. Әлгі Стивен Бланктің айтуына қарағанда, «Соңғы жыл барысында Орталық Азияда болған бүкіл оқиғалардың ауқымында Қытайдың стратегиялық мәселелері мен мақсаттарына қатысты біржақты жауабы көрінбейтін бірқатар сұрақтар бар». Олар мына сияқтылар: Пекин Орталық Азияда қандай да болмасын бір база орнықтырған күнде ол бұл аймақта қандай күштерді жайғастырған болар еді? Қытай Ресейді Орталық Азиядағы өзі үшін потенциалды нақты қауіп деп қарастыра ма? Және Пекиннің осы аймақта база орнықтырмақ болғаны туралы хабарларға қатысты Америка Құрама Штаттары қандай пейіл танытты? Пекиннің база орнықтыру жолын іздей бастауы аймақта милитаризация мен ұлы державалардың бәсекелестігі күшейе түсуі жағдайында орын алып отыр. Сонымен, Қытайдың Қырғызстан мен Өзбекстанға қатысты жасаған сұрауы (ол ақырын ғана, ың-шыңсыз істелді дегеннің өзінде де) аймақтағы геосаяси ойынның бұрынғыдан бетер күшейе түсуіне себепші болды. Сонымен қатар бұндай қадам аймақтағы мәселелерді шешу үшін әскери жолға түсуге дайындықтың арта түскенін көрсететін болса керек. Бұл – қалай дегенде де, жақсылықтың нышаны емес. Осылайша қалыптасып жатқан жағдайдың әзірше Қазақстанға тікелей қатысы жоқ сияқты. Бірақ шындығында Ресей үшін де, Қытай үшін де, АҚШ үшін де Орталық Азиядағы ең маңыздысы – Қазақстан. Өйткені біздің еліміз Ресеймен де, Қытаймен де тікелей шектеседі. Содан соңғы маңыздысы – Қырғызстан. Бұл ел Қытаймен тікелей шектеседі, оның үстіне өз жерінде ресейліктердің де, американдықтардың да әскери базаларын орналастырып отыр. Өзбекстанмен Ресейдің де, Қытайдың да ортақ шекарасы жоқ. Ал американдықтардың осы елдегі базасы болса шығарылды. Енді олардың орнына ресейліктер келіп орнығатын сияқты. Қытайлықтардың Орталық Азияда саяси-әскери ықпалын таратқысы келсе де, олар Өзбекстан жерінде ресейліктермен енді қабаттаса қоймас. Оның үстіне қытайлық дипломаттар реті келген жердің бәрінде өз елінің әскери одақтастықтар, не блоктар құруды және шет елде базаларын ашуды қалайтыны туралы әңгімелердің бәрін жоққа шығарудан шаршамайды. Сондықтан ресми Пекиннің, мәселен, Өзбекстанға қатысты әскери жоспардың барын не болғанын қазір енді құптай қою екіталай. Ал онымен тікелей көршілес Қырғызстан мен Қазақстанның жөні басқа. Бұл екі мемлекет Қытайдың Шыңжан провинциясымен шектеседі. Ол автономиядағы жағдай белгілі. Сондықтан ресми Пекиннің Астанамен не Бішкекпен ашық және тікелей әскери ынтымақтастыққа баруы әбден мүмкін. Өйткені ол бұндай шараның ең алдымен өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болған қадам түрінде көрсете алады. Шындығында да, осы үстіміздегі жылдың басында ресми Пекиннің Қырғызстан өкілдерімен байланысып, осы елде әскери база орнықтыру мүмкіндігінің тамырын басып көргенін қытайлық ақпарат көздері байқатты. Әрине, бұны ҚХР-дің ресми өкілдері үзілді-кесілді түрде жоққа шығарады. Дегенмен, осы бағытта әлдебір қадамдардың жасалып жатқаны шындыққа ұқсайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қырғызстанның жайы белгілі. Ресми Бішкектің өкілі жазда Астанада ШЫҰ атынан американдықтардың Орталық Азиядағы базалары туралы жасалған мәлімдемені құптағандардың қатарында болды. Одан соң Өзбекстан басшылығы өз жеріндегі сондай базадан тездетіп құтылудың бүкіл амалын істеді. Ал Қырғызстан басшылығы өздеріндегі базаны қалдырды. Қалдырып қана қойған жоқ, қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып, АҚШ әскерилері төлеуге тиіс жалақысын өсіріп жіберді. Сөйтіп, екі ортадан пайда табуға әрекеттенді. Бүгінгі Бішкектің жағдайы – осы. Ол ақшасы жақсы болса және басқа ұлы державалар тарапынан қатты қарсылық болмаса, қытайлықтардың өз базасын ашуына да қарсы бола қоймас. Қазақстанның жөні бөлек. Біріншіден, қазіргі Орталық Азия дейтініміздің басым бөлігін қазақ жері құрайды. Екіншіден, бұл — ауқымы жағынан алғанда әлемдегі 9-ыншы ел. Үшіншіден, Қазақстанға ықпалы мейлінше жүретін держава бүкіл Орталық Азияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыра алады. Демек, Қырғызстан мен Өзбекстандағы база орнықтыру таласы және үрдісі ерте ме, кеш пе Қазақстанға да ауыспақ. Неге? Себебі Қазақстан – Орталық Азияның стратегиялық түйіні. Оның үстіне бұл — осы аймақтағы ең бай және мұнай-газ сияқты стратегиялық шикізат қоры ең мол ел. Яғни, геосаясат тұрғысынан алғанда да, экономика тұрғысынан алғанда да, қарапайым география тұрғысынан алғанда да, Қазақстанның бір өзі осындағы қалған төрт мемлекеттен гөрі әлдеқайда маңыздырақ. Басқаша айтқанда, ұлы державалардың Орталық Азияға ықпалын жүргізу жолындағы бәсекелестігі – бұл шындығында алдымен Қазақстан үшін бәсекелестік. Осы Қазақстанымыз қазір іс жүзінде аталмыш үш ұлы державаның әр жеке ыңғайына келетін үш бөлек аймаққа айналып бара жатыр. Мұнайлы-газды Батыс Қазақстан ТРАСЕКА (Еуропа — Кавказ — Азия) жүйесінің құрамдас бөлігіне айналып болды. Бұл – Әзербайджан, Армения, Болгария, Грузия, Украина, Молдавия және Румыния арқылы Ресейді айналып өту жүйесі. Ресми Мәскеу бұған, әрине, қарсы. Есесіне АҚШ бұны мейлінше құптайды және қолдайды. Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстан интеграциялық күре тамырлар арқылы Ресеймен мейлінше тығыз байланыстырылған. Бұл да – барған сайын нығайып жатқан жүйе. Ал Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан негізінен Қытаймен еліміздің басқа аймақтары және Орталық Азияның басқа мемлекеттері арасында жасалатын саудада арашашы болу есебінен күнін көруге бейімделіп жатыр. Қызылордадан Үшаралға дейінгі аралықта соңғы онжылдық барысында «ПетроКазақстан» мен ШНОС-тан басқа шетелдік қомақты инвестиция құйылған ірі өнеркәсіп орны болмаған. Бұл екеуінің өзі қазір қытайлықтардың еншісіне өтіп жатыр… Демек, ұлы державалардың Қазақстандағы ықпал зоналары қазірдің өзінде айқындалып болған. Енді осы жағдай әскери шаралар негізінде бекітілуге тиіс. Сонда бізде де Қырғызстандағыдай әр ұлы державаның өз әскери базасын ұстауға ұмтылуы керек пе?

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары