6267
ЖӘДИДШIЛДIК ЖӘНЕ МҰСТАФА ШОҚАЙ
ЖӘДИДШIЛДIК ЖӘНЕ МҰСТАФА ШОҚАЙ
XIX ғасырдың аяғында Ресей империясының қоластында мұсылман халықтарының арасында “жәдидизм, жәдидшiлдiк” деп аталған ағым пайда болды.
“Жәдидизм” сөзiнiң төркiнi – “усул-и-жәдид” дейтiн тiркес. Яки, “жаңа әдiс” – мұсылман мектебiнде оқу жүйесiнде бұрыннан бар “усул-и-қадим” – “ескi әдiске” балама жол. Бұл ағымның басты санагерi (идеологы) – қырым татарларының ағартушысы Исмайыл-би Гаспрәлi (Гаспринский).
Бұл жаңа әдiстiң тез әрi кең тарағаны соншалық 1916 жылға қарай Ресей империясының Орталық Едiл бойы, Кавказ, Түркiстан және қазақ даласы сияқты мұсылмандар тұратын аймақтарында барлығы бес мыңнан астам оқу iсiн жәдидтiк негiзде құрған мектептер жұмыс iстедi.
Гаспрәлi ұсынған оқу-ағарту iсiн реформалау шарасы Ресейден тыс Түркия, Иран және Үндiстан сияқты елдерде де өз қолдаушыларын тапты. Соның нәтижесiнде Ресей империясының түркi халықтары арасында жаңа сападағы зиялылар тобы қалыптаса бастады.
Жәдидшiлдердiң iрi өкiлдерi қатарында Ш.Маруани, И.Гаспрәлi, А.Ибрагимов, М.Абдурашидханов, М.Бехбудий т.б. тұрды.
Жәдидшiлдiк ғылымда әлi күнге мұзы ыдырай қоймаған “жәдидтер – мектеп реформасы жолындағы қозғалыс өкiлдерi ғана” дейтiн үйреншiктi бағадан мағыналық-мазмұндық жағынан әлдеқайда кең болғандығы көрiнедi.
Ағартушылық сипатта жүрген жәдидшiлдiк қоғамдық өмiрдегi рухани тоқыраушылықты көздедi.
Жәдидшiлдiк патша өкiметiнiң орталық саясатына қарсы бағытталды.
Жәдидтiк қозғалыс ықпалымен түрiк дүниесiнде үлкен өзгерiс болды. Жәдидтер түрiктердiң руханият пен өркениеттiк, тарихи тұтастығын басты мақсат-идеология деңгейiне көтере бiлдi. Осылайша бiртiндеп кең көлемде, яғни түрiк елi масштабында ойлайтын жәдидтер тобы қалыптасты.
1905-1912 жылдар аралығында Түркiстан өлкесi бойынша жәдидтiк қозғалыстың ықпал етуiмен 57 жаңа тұрпатты мектептер ашылды. Олар: Ташкентте – 12, Түркiстан қаласында – 2, Жетiсу облысында – 17, Қоқан уезiнде – 13, Әндiжан уезiнде – 3, Перовск уезiнде – 1, Самарқанд қаласында – 2, Бұқара қаласында – 5 мектеп болған.
Сондай-ақ, жер-жерлерде еуропалық үлгiдегi медреселер мен мектептердi ашу қолға алына бастайды. Қазандағы – “Мұхамедия”, Уфадағы – “Ғалия”, Орынбордағы – “Расулия” секiлдi жәдидтiк медреселер бой көтердi.
XIX-XX ғасырлар тоғысында Ресейдегi 30-35 млн. Мұсылман халықтардың зиялылары Бүкiлресейлiк мұсылман съездерiн өткiздi. Мұсылман зиялылары ұлттың өзiн-өзi айқындауы, орыс халқымен саяси және дiни теңдес құқықты болуы, бiрiгiп күресу сияқты проблемалардың басын қосып, конституциялық демократиялық бағыттағы стратегияны тұжырымдады. Азияның терең қойнауында жатқан Түркiстан, Бұхара, Хиуа зиялылары жәдидтер Түркия, Қытай, Үндiстан, Парсы, Таяу Шығыстың ұлт-азаттық демократиялық қозғалысы ықпалында болды. Олардың Бағдарламасында ағартушылық ұлт бостандығына ұласты.
Түркiстанда XIX ғасырдың соңына қарай кең етек ала бастаған жаңашылдық (жәдидшiлдiк) ағымы заманның ғылыми-технологиялық жетiстiктерiне сай бiлiм беру арқылы мұсылман қоғамын мешеулiктен арылтуды мақсат еттi.
ХХ ғасырдың бас шенiнде Исмайыл Гаспрәлiнiң усул-и-жәдид мектептерiнiң Бұхара мен Самарқанда ашылуынан кейiн бұл ағымның жақтастары Түркiстанда көбейе бастады. Ескiлiктi жақтаушы мұсылмандар болса жәдид қозғалысының қоғамға әкелетiн өзгерiстерi отбасы өмiрi мен ислам мәдениетi үшiн қатерлi деп есептедi.
Жәдид қозғалысынан қауiптенгендер тек ескiшiлдер ғана емес едi. Патшалық билiктiң Түркiстандағы жергiлiктi әкiмдерi де халықтың саяси санасын оятуды мақсат тұтқан жәдид қозғалысын патшалық режим үшiн кауiптi деп тапты. Сол себептi олар панисламист көзқарастарды таратқандықты айыптаған жәдидшiлдерге қарсы ескiшiл дiни қызметкерлер мен мектептерге қолдау көрсеттi.
Қазақ жерiнде Түркiстандағы жәдидтiк қозғалысқа белсене атсалысқандар Мұхаммед Сәлiм Қашимов пен Әбубәкiр Кердерiлер болды. Бұларға С.Ланин, М.Сералин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ғ.Қарашев сынды ақын-жазушылар, алғыр ой иелерi бiрден үн қосып, “Қазақ” газетi мен “Айқап” журналы беттерiнде мәселенi кеңiрек насихаттайды.
Оқу-ағарту саласында Исмайыл Гаспрәлi бастаған жәдид ағымын қуған Мұстафа Шоқай саясатта түрiкшiлдiк ағымын жақтауына саяси қөзқарасының қалыптасуына жәдидтер қозғалысының зор ықпал еткенi анық. Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа, халқының азаттығы үшiн күреске қатысып шыңдалуы оның Петерборда өткiзген жылдары болды. Жәдидтер қозғалысын жалғастырушы ретiнде Мұстафа Шоқай Россияда патша өкiметiн жойған 1917 жылғы ақпан төңкерiсiнен соң түрiк халықтарының автономиясын құруға талпыныс жасады. Бiрақ бұрынғы демократиялық бағыттағы орыс саяси партиялары бұл идеяға қарсы шықты. Ендiгi бар үмiтiн өз халқының азаттық үшiн күресi мен жан аямас өрлiгiне жалғаған Мұстафа Түркiстанға келiп ұлттық қозғалысқа белсене араласады. Осы кезде зор қауiп – большевизм шықты.
Большевизмнiң шын бейнесiн қапысыз таныған сұңғыла саясаткер: “Асылында өз жұртының азаттығын тiлейтiн кiм болса да, ең алдымен орыс партияларының қайсы бiрiне сенiп, сол жолмен жүруден мүлде бас тартуы қажет. Бiрақ орыс емес халықтардың күштерiн ортақ ортақ күрестiң майданына жинау жолында да аса мұқият жұмыс iстеуi керек”– деген түйiн жасайды.
Мұстафа Шоқай өзiнiң “Ластик қуыршақ” деген мақаласында (“Яш Түркiстан” 1932ж, N28) былай деп жазған: “Жәдидшiлдiк” пен “жәдидшiлдер” төңкерiстен бұрын Түркiстанда халықты прогресс жолына салуда қыруар жұмыстар атқарғаны кез келген түркiстандыққа мәлiм. Жәдидшiлдер патшалық Ресей өкiметiне қарсы халықтың ұлттық санасын оятқаны және орыс имперализмiнiң еркiн орындаушы Бұқара әмiрiне қарсы жүргiзген прогрестiк көзқарастары үшiн орыс өкiметi, сондай-ақ Бұқара әмiрi тарапынан қудалауға алынған едi. Жәдидшiлдер туралы осы жолдарды жазғанда бiз оларды тым әсiрелеп көрсетудi мақсат тұтып отырған жоқпыз, тек ақиқатты айтуды ғана мақсат етiп отырмыз”. Жәдидшiлдiк – адамдардың жеке басын алаламайтын, таптарға бөлмейтiн жалпыға бiрдей саяси еркiндiк пен бостандықты мұрат тұтқан ұлттық салауатты алға бастар қозғалыс болатын. Большевиктер оның бәрiн жоққа және терiске шығарды. Оларша болғанда жәдидшiлер “компрадор” буржуазиядан басқа ештеңе де емес”.
Сонымен қатар, Шоқай “Орыс тепкiсiндегi Түркiстанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңiлмес ұлтшылдық” атты мақаласында: “Халқымыз бен атамекенiмiздiң өркениетiне көрнектi рөл атқарған Түркiстанның алғабасар жәдидшiлерi өз ретiнде әйелдер мәселесiн де ұмыт қалдырмаған едi. Олар өз басылымы Түркiстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына әйелдер мәселесiнен туындайтын мiндеттерiн де негiздерге сүйенiп жазған мақала өлеңдерiнде халық ағарту мен әйелдер теңдiгi мәселелерiн ылғи да көтерiп отырды. Үлгiлi қыздар мектебiн ашу өз iшiмiзден мұғалiмдердi және басқа да қызметшiлердi дайындау туралы салиқалы пiкiр айтты. Жәдидшiлдер идеясы қысқа ғана уақыт iшiнде халқымыздың қолдап-қуаттауына ие болды. Қара ғылым бұқара арасындағы беделiнен айрыла бастаған едi ” деп жазды.
XIX ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында өзiнiң басқару жүйесiн Орталық Азияға жая бастаған Ресей отаршылдары татар, башқұрт және ноғай елдерiн бағындыруда қолданған әдiс айласын ендi жаңа елдердi бағындыруға да қолдана бастайды. Негiзгi тiршiлiк көзi атамекенiнен, салт-дәстүрiнен, төл мәдениетiнен айрылу қаупi осы елдерге де төнедi. Ал Ресей отаршылдығы сияқты мемлекеттiк деңгейде ұйымдасқан дүлей күшке қарсы тұра алу үшiн соған деңгейлес ұйымдасқан рухани күш қажет едi. Ресей қоластындағы түркi халықтарын тұтас бiр майданға бiрiктiргенде ғана ондай күш қалыптастыру мүмкiн едi.
Түркiшiлдiк және исламшылдық (пантүркизм және панисламизм) мiне, осы орыс отаршылдығына қарсы күрес кезiнде өмiрге келдi. Басқаша айтқанда, пантүркизм және панисламизм қорғанушылар идеологиясы болатын.
Исламшылдық (панисламизм) идеялық бағыт ретiнде XIX ғасырдың аяқ шенiнде Таяу Шығыста дүниеге келдi. Негiзгi идеясы – ислам канундарын (заңдарын) жаңа заманның талап-тiлегiне сәйкестендiрiп жаңғырту, реформалау, сөйтiп мұсылман әлемiн Еуропаның күн санап өсiп отырған саяси-әскери экспансиясынан құтқарып қалу. Осындай жолмен жаңарған, жаңғырған ислам ғана мұсылман халықтары өзiнен гөрi дамыған елдердiң табанының астына түспеуiнiң бiрден-бiр кепiлi бола алатындай, қоғамдық прогресс пен ақыл-ой дамуының бастау көзiне айналатындай дәрежеге көтерiлмек.
Ресей империясында ХХ ғасырдың бас кезiнде түркi халықтары арасында ұлт азаттық идеологиясы қалыптаса қоймаған жағдайда олардың отарлық езгiге қарсы қозғалысы алдымен жалпы исламдық қозғалыс аясында жүредi.
1905 жылдардағы ресейлiк революциядан соң өрлеу алған жалпыресейлiк мұсылмандық қозғалыс, бiрiншiден, Мемлекеттiк Дума деңгейiне түркi және басқа мұсылман халықтарының ең өзектi саяси және әлеуметтiк мәселелерiн қойып, оларға отаршыл билiктiң назарын аударуға мәжбүр етсе, екiншiден, татар, қазақ және басқа мұсылман елдерiнiң балғын ұлт-азаттық қозғалысының аяғынан тұрып, ер жетiп, есеюiне қолдау жасап, дем берiп отырған. Осы негiзi мазмұнды ұлт-азаттық сипаттағы ислам қозғалысының ұйытқысы құрамында Исмайыл Гаспрәлiден басқа Садри Максудов, Али-Мардан-бек Топчибаев, Сәлiмгерей Жантөрин сияқты қайраткерлер болған. Қазақ қоғамынан Мұсылман фракциясының қызметiне белсендi түрде атсалысқандардың арасынан, ең алдымен Әлихан Бөкейханұлы және Мұстафа Шоқай болды.
Түркiстан қаласы
Керемет Майлыбаева, ХҚТУ магистранты