ҚАСҚЫРЛАР ҚАМАҒАН ҚҰРЫЛЫҚ

ҚАСҚЫРЛАР ҚАМАҒАН ҚҰРЫЛЫҚ

ҚАСҚЫРЛАР ҚАМАҒАН ҚҰРЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
303

Салалы саусақтарын ойсыз күйде тарақтап, буындарында iркiлген тұз бар ма, ауық-ауық сыртылдатып отырған Жақсанның жүрегi ерiксiз шым еттi де, ине сұққандай ауырта сыздап, терең құздан құлаған секiлдi дем жетпей қалғаны. «Ым-м… Құдайым-ау, жүрегiм бүйтпеушi едi ғой бұрын. Табан астында осыншама сыздағаны несi?!» Машина әлi де гүжiлдеп келедi. Иек артпаның арғы жағы – қоңыр ауыл! Алыстасаң болды-ақ жүрегiң үзiлiп, кеуде шiркiн алағай да бұлағай iңкәр сезiмге мелдектей сағынатын тал бесiк – туған жер. Неге сағынады, бұйығы ауылды пенде нелiктен қимайды, оның мәнiсiн кiм бiлген?!

Жақсан осы жолғы iссапары облыс орталығымен шектелсе де, қиян көкше құмның жиегiндегi титiмдей ауылға бiрер күнге соқпай кете алған жоқ. Зәуiмен жол түсiп тұрғанда туған өтенi – қара шаңыраққа бас сұқпай, анасының етi қашқан мүйiзгек әрi ыссы алақанына бетiн баса бiр сәт толқыныстан дем ала алмай тұрмау, тым құрығанда қолы¬нан бiр аққұман шәй iшпей Алматыға қайтып кетуге дәтi жетпес едi. Ал ауылдың қашықтығы… әй, талайдан берi сарытап сағыныш ыңғырудай кеулеген, аласұра ынтыққан жүрекке алыс қашықтықтар тосқауыл болар ма?!.

Машина жатаған асудың ұшарлығына бар күшiн жұмсай демiгiп көтерiлдi де, солқ ете ырғалып қап, кiлт тоқтады. Сол сәт моторы да сөнiп қалған. Тұна қалған меңiреу тыныштықтан құлағы шыңылдап, уiлден жарғағы жарыла жаздасын. Етекте қараңғылық жәйлап ұйып, кiлегейлене қаумаласа да, биiк белеңнiң ұшырмасынан айнала әлi анық аңғарылып, алыс жазықтар алақанға салғандай көрiнедi, балбырап нұрланады. Ұшы қиырсыз жазық көкжиекпен тоқайласқан тұста жалқын күннiң жиегi жұқа тiлiнген әңгелектiң сап-сары тiлiмiндей доғаланып тұр. Шаңыттың пердесi ысырылған мезетте машина рулiн қыса, өңi қабаржи үнсiз отырған Нұрланның жиегi тасбақа сүйектi көзәйнегiне арай шағылысып, майда толқын болып серпiлдi.

Селт ете түскен Нұрлан:

– Аңсаған аулыңызға, Үшаралыңызға да жеттiңiз, аға, – дедi еттi қабағын түйе тiстенiп. Әлгiнде шұқанақтар қорасан дағындай ойған ауыр жолда көктемгi су шайып, қираған көпiрдiң тұсында ерiксiз күрт үзiлген әңгiменi қайта сабақтады. – Сiздерге жүдә таңқаламын, ауыл, туған жер деп гөй-гөйлеп, емешектерiңiз үзiле қалады тосыннан. Аулақта жүрiп жабыла өндiршектейсiздер. Бәрi де жалған, тiл ұшындағы жеңiл гәп. Көз шұқитын жасандылық. Әйтпесе ауыл қазағы қазiр қазан ұстайтын тұтқыш қана. Солай, аға…

– Олай деме, Нұрлан! Алыстан өтiрiк көлгiрситiндер жоқ демеймiн, әйткенмен елге деген сағыныш жырақта күшейiп, арта түсетiнi рас. Бәлкiм… бәрi де адам қиялының алдамшылығынан да шығар-ау. Белгiсiз сағыныш жүректi аяусыз iскектеп, әлдебiр мұңнан өзiңдi қоярға жер таппайсың. Пенде шiркiн мұндайда жалған сөйлей алмаса керек.

– Жасандылық пен жалғандық жан-жақтан анталаған кер заман ғой, аға! Өтiрiк – таусылмақ түгiлi, азаяр түрi жоқ, аға. Бүйте берсек түбi адалдыққа да сенуден қалармыз. Баяғыда бiреу «Өмiр – театр, ал адамдар – артист» дептi ғой. Соныкi жөн бе деймiн, қазiргiлердiң бәрi рөльде ғана ойнайтын екiжүздi артистер сияқты. Ал сiз… сағыныш дейсiз…

– Жо-жоқ, аңсай бiлу ең асыл қасиет! – Жақсан жас жiгiттi айтқанына иландырғысы келгендей жылдамдата сөйлеген. Үнiнде сенiмдiлiк, табандылық басым. – Жаны нәзiк адамдар ғана шын сағына бiледi. Түсiнесiң бе, сол мұң мен сағыныш баяғыда өткен қимас, қымбат сәттердi қайта тiрiлтер… бiлмеймiн, бәлкiм сонда адам анадан жаңа туғандай бәкiзе болатын шығар?!. Тоқта, жерге түсейiкшi…

Қыр басында желемiк әжептеуiр күшпен уiлдеп, етек-жеңдi тiнткiлей сумаңдайды. Қауыстың қара нарды бүрситер ащы өкпек желi. Ысылдап үйiрiле соққанда жеңiл көлiктi де теңселтiп, жүдә үдей түседi. Өн-бойы ерiксiз тiтiрендi де, бүрiскен күйi жұқа плащының өңiрiн қаусырмалады. Нұрлан пана болғысы келдi ме, байқатпай жел жағына келiп тұра қалсын.

– Иә-ә, – дедi Жақсан iштей риза күйде. Жас жiгiттiң жанашырлығы жүрегiн жылытып сала берген. – Күз шаруаға қолайсыз болардай сұры бар екен ғой.

– Мынау өмiрдiң, заманнның өзi жуас шаруаға, момынға қырын келiп тұр-ау. Шiдерлеген аттай адым жерi тарылып қалды ғой. Ұуф-ф… – Нұрлан әбден торыққан жандай екi иiнi салбырап, кешқұрымның алағуар жарығында жүзi қуқылдана терең күрсiнген. Шарасыздық, көптен бергi ашынудан қажыған адамның бейамал кейпi. – Аға, айтыңызшы, мынау аяқ-қолдағы ауыр кiсен, жүректегi қыл шырмауды қайтiп, қашан үземiз!? Оның амалы, жолы кәнi?..

– Неге мұнша торыққансың, Нұрлан? Іштегi шерiңдi жасырмай ақтаршы. – Жiгер қосқысы келген Жақсан екпiндете сөйледi, бiрақ кеудесiн шырмаған әлдеқандай сенiмсiздiк тұманданып түк сейiлер емес. Қайта, Нұрланның әлгi сөздерiнен соң бойын аралап өткен суық дiрiл одан сайын тоңдыра түсетiндей. – Күңiренiп тұрсың, ал бұдан жаманында да тойға барған, алқалы топқа кiрген бұл қазақ.

Бозбала қабағын түйе түнерiп тұр. Тiс жармай, үйлердiң iргесiне, қисық шарбақты аулаларға жапсарлас салынған мал қоралардың маңына қаракөлеңке үйiрiле бастаған етектегi ауылға ұза-ақ… жан-тәнiмен жек көре ме, әлде асқан аяушылықпен бе, көз алмай қарап тұрып алды. Сосын қаумалаған зiлмауыр ойлардан әрең арылғандай боп селт еттi де:

– Жақсан аға, бұрынғылар бiзден әлдеқайда бақытты, мұңсыз екен, – дедi маңдайы iшкi қиналыстан мыж-мыж әжiмденiп. – Оларда тым құрығанда иненiң жасуындай үмiт саңылауы, жасымықтай болса да сенiм болушы едi ғой. Қазiр бәрi өшкен… Жылт еткен жарық сәуле жоқ. Құдайым-ай, малды бауыздағанда да тұяғын серпкiзер едi. Төрт аяқты мал құрлы болмадық-ау… Көресiз ғой, екi-үш күннен соң-ақ ауылдан бiржолата көңiлiңiз қалып, безiнбесеңiз әпкел қолыңызды.

– Ашыныпсың, Нұрлан! Ащы айтады екенсiң. – Жақсан тағы да «шым» ете түскен жүрек тұсын ақырын уқалады. Демi тарылып-ақ барады. – Ойпыр-ай, қаймағы бұзылмаған уыздай әлем құрыды дешi.

Жалт қараған жас жiгiттiң ақша жүзi ашудан көгiс тартып, қарауытып кеткен сияқтанды, әлде ымырттың көлеңкесi солай құбылтып тұрған болар.

– Сiздер сағынатын ауыл жоқ қазiр. Түтiнi өшкен! Бәрi мүлдем басқаша, жат! – дедi ызақорлықпен. Жанарына тұтқан көзiлдiрiгi түпсiз шыңырауға, жо-жоқ, қос ауыз мыл¬тықтың қорқынышты ұңғысына айналғандай. – Әшейiнде сiркесiн – сиырдай, битiн – бұқадай етiп даурығатын үкiмет ауылға келгенде көмейiне топырақ тығылады. Ауылдарда ақырзаман басталуына сәл ғана қалып тұрғанын бiлмейдi.

– Жанымды түршiктiрдiң-ау. Ел жағдайы өзiң айтқандай соншалық сұмдық болса, көпшiлiгiмiз тұлыпқа мөңiреген сиырдай құр алданып, бос даурығып жүрген боп шықтық па? – Желемiктен бе, әлде құлақ естiген қаралы сөздерден бе, Жақсанның өн-бойы қалшылдап кеттi.

– Еһе-һей… Ағатайым-ай, ауылда не қалды қазiр. Жезөкшелiк те жетедi, нашақорлық та таңсық емес. Жастардың жаппай маскүнемге айналып бара жатқанын байқау үшiн көп ақылдың не керегi бар?! Былтыр екi жiгiт мас боп, құдайы көршiлерiнiң жетiншi кластағы қызын зорлапты. Тфу… – Нұрлан табан астына ызақорлана, жо-жоқ, кектене түкiрдi де, қалтасынан темекi суырып, тұтатпақ боп бiршама әурелендi.

Ішкi қиналыс пен ашудан ернiне қыстырған сары тiс темекi де, желмен сөне берген оттықты ебедейсiз ұстаған қолдары да дiрiл қағып тұр. «Ой, әкеңнiң…» деп дегбiрсiзденiп әрi күйгелектене күбiрледi.

«Әбден ашыныпты бұл бала. Ойбай-ау, от тiлеп тұрған нар қамыс қой мынауың. О, Жаратқан, жақсылық, сабыр бере гөр кейiнгi буынға…»

Бұлтсыз аспан күн кеткен соң тұңғиық терең шыңырау, шексiз қара барқытқа айналып, баранданып бара жатыр. Қарауытқан түпсiз тұңғиық жерге тым жақындап, еңсе езе түскен. Суық ызғар да үдей түсiп, әпшiнi қашырып барады.

– Аға, – дедi Нұрлан ауыр үнсiздiктi бұзып, – сағынышын саудаға салғандарды иттiң етiнен жек көремiн. Көпiрiп сөйлейдi… Ауыл анасы ғой, айтыңызшы, ананы – айқайлап, жарияға жар салып жақсы көруге бола ма?.. Бәрi де жалған… Неге күлдiңiз, аға?!.

– Жәй әшейiн. Өткен-кеткен ойыма оралып. Сен айтқандай бiр нәзiк сәуленiң болмауы мүмкiн емес, Нұрлан. Айтпақшы, бiздiң үй онда анау беткейде отыратын… жоқ, олай емес, басқа тұста ма едi?! Есiмде жоқ, япыр-ау, ұмытыппын. Бала едiм, балғын шағым, тек даланы кiлемдей тұтасып жапқан гүлдер сондайлық әдемi тұғын. Мүлдем таңғажайып едi-ау… О, қауашағына iркiлген су қандай зәмзәм. Тiптi, ернiмде әлi күнге дәмi бардай…

– Кiм iшiп көрiптi дейсiз? –Нұрлан иығын бейжай, мүлдем сүлесоқ көтердi. – Сiрә, тозаң татитын шығар…

– І-i… жо-жоқ. Расында сондай тәттi едi ғой. Әлi күнге таң¬дайымда сияқты. Бiлмеймiн, әлде сол сыйқырлы сәт талықсығанда көрген тәттi түс, қиялдағы елес қана ма?!. Қазiр… есiме түсiрейiншi…

…Зүбәржаттай мөлдiр, жанар түбiн суырған тұңғиық зеңгiрде аппақ бұлттар қақтаған күмiсше балқи нұрланып, көзге көрiнбейтiн үлпiлдек қанаты бардай салмақсыз қалқиды. Үзiлмей жалғасқан ұшқаттар, бiрiн-бiрi қуалай том¬пайған белең мен дөңдердiң етегiнде сағым ойнай ма-ау, әлде мөлдiр ауа қоюланып, кiлегей тартты ма-ау, әйтеуiр мұнар көлкiп, кең жазықтың шарасын кере толқиды. Беткейде тұнған қызғалдақтардың ауадағы себезгiлеген жұпары шағыр жусан иiсiмен араласа танауды жыбырлатып, керiмсал желпiгенде жүдә бұрқырай жөнелерiн қайтерсiң?! Ерке самалдың ырқына берiлген қырмызы гүлдер жұлқына ырғатылып, iлкiде жапырыла қалады да, кiрпiк қаққанша түзелiп, сағағы үзiлердей боп дiрiлдейдi… Ерке әрi тым-тым нәзiк.

Кенеттен батыс көкжиекке – батуға сырбаз ғана бет алған күн астына шөкiмдей қара сұр бұлт тепсiне ойнақшып шықты. Әлгiнде ғана ақша түспен жарқыраған күмiс бұлттар бiр пәсте солғын тартып сала берсiн. Кiрпiк қаққанша күңгiрттенiп, зiлмауыр қара сұр түспен зiл жинап үлгерiптi. Алыс беткейдi жапқан қою көлеңке де жан бiткендей жылдам сырғанайды. Дауыл алдында дүние тым-тырыс бола қалған. Үрейлi жым-жырттық!..

Іле жер бауырлаған бұлт астынан суық жел лекiте, күшенiп соқты да, маңай үздiксiз гуiлге толып ала жөнелдi. Нәзiк қызғалдақтар тамырымен жұлынардай боп желкiлдеп, жерге жабыса иiлiп қапты. Ысыл қаққан, гу-гу еткен ауа ағыны бозторғайлардың зәресiн ұшырды ма, байғұстар жер паналай сып-сып ұшады. Жанталаса май жусанның арасына бой тасаламақшы. Қол басындай бұлдырықтар да титiмдей қанаттары суылдап, әлдеқайда безектеп ұшуда.

Шаңыт жерден жеңiл, буалдыр тозаң көтерiлген сәтте, ұшпасы тұттай жалаңаш Тақырбастың бауырына қатар тiгiлген екi үйдiң еңселiсi, бозша отаудан көк қыжым қамзолды, шаңқандай кимешек тартқан етжеңдi кейуана есiк алдына асыға басып шықты да, желге қарсы күн сала қарап сәл iркiлдi. Сосын:

– Әй, Жақсан, ана темiр-терсек ыдыстарды, қазан-ошақты жинастыр. Әдiрам қалғырларды қаппен жап, – деп дауыстады ауыр үзiгiне жан бiткендей желпiл қаққан үй жаққа қарап. – Тездет, тағы да нөсер кеп қапты. Репетi жүдә жаман, селдеткелi тұр. Ойбуй, қойдағылар желең едi, жаурап, малмандай болатын болды-ау. Әй, үстiн сексеуiлмен бастыр.

Іштен аузы-басы сатал-сатал, тәттi қою айранның жұғындысын сүртуге ерiншектенген, шашын тықырлатып, ақ қайызғақ қылып алдырған алты-жетi жасар балақай жүгiре басып шықты да:

– Оларды неге жинаймын, әже, а? –деп сұрады. Сұраулы жүзбен әжесiне аңтарыла қарайды. Жұмыстан қашқақтап, сылтау iздеп-ақ тұр. Ретi келсе қайтадан үйге сып бермекшi.

– Ойбуй, ақырзаманның баласы-ау, сөздi көбейтпей, айтқан тiлдi алсай. Тез бол деймiн, жай ойнаса, жасын қу темiрге түседi.

– Әже, мен де көмектесейiншi, i-i… – деп қыңқылдады табалдырықтан сыртқа қарай сүрiне-қабына аттаған Мәдина тiлiн бұрай, шолжаңдай сөйлеп. Сәл бұйралау қара шашы кiшкене қыздың ақша жүзiн көмкерiп, сүйкiмдi етiп-ақ тұр. Ағы мол үлкен қара көздерi шоқтана жайнайды.

– Қой-әй, жауын астында малмандай боласың. Қарашығым-ау, көрiм болғанда, жел ұшырып кетер қауырсындай салмағы жоқ сенi. Жүр, үйге кiр, – дедi әжей ерке қыздың қолынан сүйрелеп.

– Әже-е… – Мәдина әлi де қыңқылдап, титiмдей өкшесiн жерге тiреп тартыншақтауда. Желiнi үзбек болып, жер табандап жұлқынатын асау құлыншақтай құдды бiр.

– Жүр, жүр. Қиқарланба бүйтiп… – Әжей бiр қолындағы сексеуiл томарын киiз үйдiң үзiгiн бастыра тастады. – О, құдайым, боранды күнi ит пен бала құтырады екен ғой.

– Болды, әже, бәрiн де жинастырып қойдым. Дә-әу жiгермен бастырып тастадым.

– Айналайын, қоңыр қозым, – деп емiрендi аққұбаша әжесi баппен керi бұрылып. – Тәмпiш танаудан айналдым сол. Ендi қозы-лағыңа абай бол, көктемгi нөсер тым өткiр келедi, ығып кетпесiн.

Сол сәт жаңбырға буаз бұлттардың үрпiсiнен мамырдың ерiткен майдай қою, аппақ моншақтай тамшылары жерге торс-торс тамды. Шаңыт жер тамшыны жылдам жұтып, әр-әр тұсы қара шұбар дақтанған. Жақсан сықылықтай күлiп, төбесiн алақанымен жаба үйге қарай жүгiрдi. Сол мәурiтте аспанның бауры сөгiле күн шатырлап, сайын даланы дiр еткiзген қаһарлы үн бiртiндеп көкжиектен аса жаңғырығып өштi. Іле нөсер құя жөнелсiн. Көңiлдi тысырмен дүркiрей жөнелдi. «Тюк-тюк… тысыр-тысыр…»

– Сүбiханалла, сүт көп, көмiр аз! – деп үстемелете сыбырлаған әжей ескi ожаумен есiктiң маңдайшасын, қос босағаны ақырын қағып қояды. Жүзiнде белгiсiз үрей, секем бар. – Сүбiханалла, сүт көп, көмiр аз…

Қос бүлдiршiн үп-үлкен әжелерiнiң мынау ойынына таңдана әрi қызыға қарап, шыдай алмастан титiмдей алақандарымен ауыздарын баса сықылықтап күлiп жiбердi. Мәдина жалма-жан дөңгелек жозы үстiндегi кәрлен кесенi бас салып, ебедейсiз көтерген күйi сүрiне-қабына сықырлауыққа қарай ұмтылсын. Кеседен тамшылаған айран жұғындысына қарар емес.

– Сүт көп, көмiл аз, – деп күбiрлеп келедi. Ерiксiз күлiп жiберген әжей қыздың қолындағы кесеге жармасты:

– Орнына қой! Жүгермек-ау, сындырасың пиаланы.

Аспанда тағы да үрейлi дыбыс күркiреп өтiп, бiртiндеп әлсiреп, алысқа сiңiп басылды. Іле құлаққа ұрғандай жым-жырттық орнаған.

– Әже десе, әже. – Үрейден қарақат жанары дөңгеленiп кеткен Жақсан ақырын сыбырлады. –Әже, күн неге осыншама күркiрейдi, а?!.

– Е-е, жарықтық, көктемде ылғи өстедi ғой. Аспанда бұлт кiсiнесе, жерде сүйрiк екi елi өседi дейтiн бұрынғылар.

– Ә, шөп көп өссе жақсы ғой. Онда күнде өстiп кiсiней бермей ме? – Балақай әлденеге сенiмсiз, дүдәмал қалып¬пен басын шайқады. Өйтер жөнi де бар, жаңбырдан соң шөп өспек түгiлi, жапырылып қалатынын ылғи көрiп жүр ғой…

Жауын киiз үйдiң үзiгiн тынбастан сырт-сырт ұрады. Үлкендi-кiшiлi үшеуi босағадан сыртқа, жаңбыр қалың шымылдықтай боп тербетiле жауған кең дүниеге ынтыға қарап тұр. Есiк көзiне әлден-ақ айпара қақ iркiлiп үлгерiптi. Үздiксiз, шалқып-шалқып құйған нөсердiң тамшылары көлкiген суға аппақ көпiршiктердi қаймақшыта қаптатып, күмбез қоңырау сынды көбiктер жарыса торсылдап жарылады. Жып-жылы жаңбырдан масайған қозы-лақтар құйрықтарын шанша безiлдеп, бiресе дүркiреп үйге, бiресе керi – кең далаға қарай көсiле шауып, мәз-мәйрам. Нұрлы жауын астында жүдә естерi шыққандай. Қарасұр бұлттар бiртiндеп шығысқа сырылып, жалба-жұлба етектерi жина¬қыланып, түрiле түскен сәтте баданадай-баданадай тамшылар таусылды да, жаңбыр үнi ендi жұмсақ сыбырға ауысты. Бұлт қапастан шуақ, алмастай өткiр сәулелер жерге құйылып жеткенi сол-ақ, дала төсiнен жеңiл бу сызылды жұқа пердеше әуелеп. Гүлдердiң қауашағы мен үш¬кiл жапырақтарына iркiлген түйiр тамшылар қиялай құйылған арайға шағылысып, мың сан сәулемен бiресе лағыл түстенiп, бiресе алмастай мөлтеңдеп, ендi бiрде алтын түйiрлерiне айналып жарқырады-ай.

Шиыршықтала бұйраланған жылтыр жүнiнен мөлдiр тамшылар сынаптай сырғанаған, ай маңдайын ұлудың иiрiлген қауашағынан аумайтын құйтымдай мүйiз жаңа жара бастаған бөрте өзге төлдерден бөлiнiп, нәзiк дауыспен маңырап қойып, үйге қарай ойнақтады. Бөрте лақ – Мәдинаның қолынан кәмпит жеп әбден үйренген бәсiресi. Қазiр де табалдырықтан сыртқа аттаған құйтақандай қызды байқап қап, үстiн-үстiн маңырайды. Мәдина да лаққа қарай құлдыраңдап жүгiрiп, қолын соза:

– Үй, келе ғой, лақа, – дедi томпақтау ернiн үйiрiп. Нәзiк даусы бұрынғыдан да ұлпа, жiбектей. – Үй, неге маңылайсың? Жаулап қалдың ба, жаным?!.

– Алақай, алақай, күн шықты!.. – Жақсан беткейге қарай құлыперен жүгiрдi. Балаусаның бойына тұнған тамшылар жалаң аяғын тiлерсегiне дейiн малшылап, табанын майсаның көкпеңбек нiлi тұтқан. Сәлден соң кiлт тоқтап, жiңiшке мойнын ие табан астындағы қырмызы қауашаққа шұқшиып үңiлдi. Қауыз түбiне мөлтеңдеп су iркi¬лiп, айнадай бетi төгiлердей боп жыбыр қағады. Құйтымдай гүл-құтыдағы суда бiресе қалықтаған ақша бұлттар, ендi бiрде зеңгiр аспан көгiлдiрленiп көрiнсе, сәлден кейiн кетiк тiс баланың бейнесi бұлдыраңдап, талмай сайраған бозторғайға айналып сала бередi. Жақсан абайлап еңкейiп, гүл қауызындағы суды ақырын ұрттады. Тағы бiрiн… Тағы да… Таңдайына гүлдерге мелдектей тойған саулықтың қою сүтi мен ара балының дәмi қатар келгендей…

Ақар-шақар бейуақ қараңғылықтың еркiне бiржола құлап, түн тылсымы жүректi белгiсiз қапа, үреймен елегiзiте қанатын кең жайып, төңiректi қымтай жауып үлгерiптi. Суық та үдеп, өн бойды ерiксiз дiрiлдетiп бара жатыр.

– Жүрелiк, – дедi Жақсан балалық шақтың қымбат естелiгiн қимағандай көңiлсiз үнмен. Адам үнемi есте¬лiктермен ғана өмiр сүре алмайтыны қандай өкiнiштi?! – Жүрелiк, Нұрлан… Қар жауа ма, немене?! Бiр қарасаң алдамшы тiрлiкте адамдар таласып, тартыспауы керек сияқты. Ал сөйтсек тартыс адамның өз iшiнде жүрiп жатады екен-ау. Әттең, бала күнгiдей тап-таза боп қала алмайтынымыз өкiнiштi…

– И-и, байеке, кеп қалдың ба, ей?! – деп бас салып құшақ¬тай алған Төлепберген ерiнбей мұның үстi-басын айналдыра қарап шықты. Көптен берi көрiспеген құрдасы әлi баяғыдай емен-жарқын. – Ауылды да сағынатын күндерiң болады екен-ау өзi. Бұл заманда қарапайым сағыныш та сатулы шығар деп жүрсем. Жүр, үйге кiр!

Ішкi бөлмеге кең жайылған дастархан етегi жиналып, бата қайрылған соң Жақсан орнынан тiк көтерiлiп:

– Дәм-тұзыңа рахмет, Төке! Өзiң мен Рыскүлдi бiр көргенiмнiң өзi ұмытылмас қуаныш. Ендi жолға шығып, көлiк күтейiн. Бүгiн үйге жетiп қонайын, – дедi.

– Не айтып тұрсың!? – Әлгiден малдасын құрып, шаншылып отырған Төлепберген жастыққа жантая кетсiн. – Ауылды қол көтерсең такси тоқтай қалар Алматы деп па едiң?! Өйтерiң бар, әлгiнде Нұрланға жалынбадың ба? Әйтпесе төртiншi фермаға күнiне бiр көлiк жүрсе жүрер, жүрмесе ол да жоқ.

– Мейлi, жаяу бара салам. Ұмыттың ба, бозбала күнiмiзде сауық кештерiнен кейiн талай жортқан жолымыз ғой.

– Ха-ха… – Төлепберген басын шайқап, өтiрiк күлдi. – Ақымақсың ба, немене, ертең жұрт өлiгiңдi жолдан тауып алсын дейтiн шығарсың. Жiбере алмаймын, қасқырлар жеп қояды. Алдың күнi түнде үйiнде тайыншадай үш итi бар Балабектiң төрт қойын жабық қорасынан жеп кеттi. Қазiр қасқыр дегенiң жүдә құтырынып тұр.

– Қойшы-ей, қасқыр-қасқыр дейсiң қақылдап. Жер қара, күн жылыда адамға шауып не көрiнiптi?

– Рас, Төкең шын айтады, – дедi Рыскүл осы үйге келiн болып түскенiне жетi-сегiз жыл болғанмен баяғы ұялшақтығын жеңе алмай, қызарақтаған қалпы көзiн төмен салып. – Ауылда екi күннiң бiрiнде у-шу. Ит-құс ашықса ештеңеден қорықпайды екен ғой.

– Мәссаған! Майтөбеде таяуда ғана екi бозбаланы қасқыр талап, әлгiлер жарымжан боп қалғанын естiмедiң бе? Әтеңе нәлеттер, адамнан да, иттен де қорқуды қойған. Әй, ит деймiн-ау, қасқыр алатын, ойбай-ау, қанды ауыз тағыға айбар қылатын қайбiр сырттан қалды қазiр. Бәрi дүрегей, құйрығы бұтының арасынан шықпайтын шылғи дүбара, ылғи шәуiлдек қандендер ғана ғой. Тiптi, қасқырлар ауылдың ортасынан жаздай бес есектi жеп кеттi тападай тал түсте.

– Ойпырм-ай, әлгiлер шетiнен есек етiне жерiк қасқырлар боп шықпасын. – Жақсан айтарға уәж таппай, амалсыз езу тартты. Сенер-сенбесiн бiле алар емес.

– Кетшi-ей! Қасқыр ойыншық емес. Қазiр өрiсте жайын мал мүлдем жоқ. Қайдан мал болсын, жұрт нан мен суға қарап отыр. Ақбөкендер де әлi келе қоймаған кез. Ал бөлтiрiктерiн ауыздандырып жүрген қасқырлар мүлдем ашқұрсақ. Ештеңеден де тайынбайды. Оның үстiне киiмiң де жұп-жұқа.

– Жо-жоқ, жолымнан тоқтатып әуре болма, –дедi Жақсан шешiмдi түрмен. – Қалайда бүгiн үйге жетiп қонуға тиiспiн. Соншама жерден келiп, мына тұрған ауылға жете алмады деу ұят-ақ.

… Туған үйге нәйетi он бiр шақырым ғана қалып тұр. Бар болғаны он бiр ғана шақырым! Бiрақ, жетi қараңғы түнде жете алмауың да кәдiк. Өйткенi, қараңғы қапас түн, анталаған азулы қасқырлар қас дұшпаның. Өмiрде ылғи осылай, алыс-алыс жолдар жүресiң, дiттеген нысанаңа таянғанда әйтеуiр бiр қаскөй дұшпан, кедергi табылады. Ең әуелi адамның өзi, iште жасырынған қорқынышы өзiне дұшпан. Ал оны жеңе бiлмесең, бар еңбегiң, талпыныс-ұмтылыстарың бәрi бекер. Өмiрiң зая!

Түн ортаға таяп қапты. Он бесiнен толықсып туған аппақ ай күмiс сәулесiн барқынданып жатқан далаға аямай себезгiлеп тұр. Бағанағы ызғар одан әрмен күшейiп, қоңыр күз аяқталар кездiң зәрлi лебi құлақ ұшын, екi беттi аяусыз шымшылайды кеп. Жұқа киiм онша қамзау болар түрi жоқ. Бозалаң көктен сырғақ па, әлде қылау ма, әйтеуiр жалт-жұлт ете саулаған күмiс жапырақшалар бетке, кiрпiк¬ке жиiлеп қонып, ығырын шығарып келедi. Қара жолдың езуiндегi қалың жиде, қоңыраулы шеңгелдер арасы үреймен қарауытса, күмiс жонданып сепсиедi әредiктегi бозғылт терiскендер. Қызыл мия, ермен, қып-қызыл мәуесi төгiлген жантаққа да мал тiсi тимеген: түгi жығылмастан ұйысып, қара жамылғандай бүгiлiп қапты. Әу баста Төлепбергеннiң ескертпесiне көңiлi сенбегенмен, ендi ерiксiз елегiзiп, айналаға, әр сыбдырға шошына жалтақ-жалтақ қарап, жылдамдата адымдауда. Өлi тыныштықтан қорыққандай кей-кейде қолындағы ұзын таяғымен қатқақ жолды тарс-тұрс ұрып, ернiн шүйiрiп құйқылжыта ысқырады.

Уф-һ! Жеттi-ау туған үйге. Бiр ғажабы, жиырма шақты үйлi бұйығы ауылдың бiр жартысында көзге түртсе көргiсiз тас қараңғы, бiр жартысында күңгiрт болса да әлсiз жарық бар. Қайда барсаң да бөлiнiп, бөлшектенген қу тiрлiк-ай!..

– Қарағым-ау, түнделетiп жүрiсiң суық қой. Аманшылық па? – Аңтарыла әрi әбiржи қараған анасы да алақанымен жүрек тұсын шошына басты. Сосын мұны құшағына алды да: – Құлыным-ау, сағындырдың ғой… Келудi мүлдем сиреттiңдер. Жаман кемпiрдi қайтемiз деймiсiңдер. Мейлi, аман жүрiңдершi әйтеуiр. Түнде көлiксiз немен келдiң? – Сұрақты үстi-үстiне бастырмалатады абы-күбi шыға. – Шаршаған шығарсың-ау, қоңыр қозым!? Аят-әй, ана шамды өшiрiп, үстелге көтерiп қойшы. Абайла, пиаласын сындырып алма, қазiргi қат мүлiк сол пәле. Қайта, сен үйге кiрердiң алдында ғана жарық жанып, көзiмiз ашылып қалды. Не сәнiм екенiн қайдам, ендi ылғи өстетiн, светтi түнде бiрер сағатқа ғана жағатын болды ғой, қараңқалғыр өкiмет.

Қоңырқай бөлме, қоңырқай күй. Кеш түсе қазандыққа шырпы, қау отын жағып, ас пiсiрген-ау, үй iшi ұядай жылы, тәттi иiсi мұрынды жарып барады.

Төбеден салбыраған шамды жарық деп әспеттегенi болмаса, қуаты мүлдем әлсiз, өлмеусiреп сығыраяды. Ортаншы iнiсiнiң төртiншi сыныптағы ұлы – Аят дөңгелек жозы үстiнде қобырап жатқан бiр құшақ кiтап-дәптерлерiн шетке ысыра салып, күлiмсiрей келiп мұны құшақтаған. Әлгiнде анасы биыл мүлдем шөгiп, белi бүкшиiп кеткенiн аңғарғанда жүрегi белгiсiз үреймен суылдаған-ды, тiптi, жанын ауырта шым еткен, ал мына Аят сыптығырдай болып, бойы бiрталай өсiп үлгерiптi. Естияр тартып қалған ба, әрбiр қимылы, iсiнен тiршiлiк ерте есейтер ауыл баласының салиқа сабырлылығы аңғарылады.

Терезенiң тұсынан дүсiрлеген ат тұяғының дыбысы естiлiп, сәлден кейiн-ақ кенже iнiсi Сәкен табалдырықтан асыға аттады.

– Ассалаумағалейкум! Бәлi, ауыл жақтан гүрiлдеген көлiк дыбысы естiлмеп едi ғой, қалай келiп қалғансың? – Жүзiне сасқалақтай аңтарыла қарап, ештеңе ұқпаған жанның кейпiмен маңырайып қапты. – Ұшып жеттiң бе?

– Жоғ-а, Төлештерге соғып, сосын совхоздан берi қарай жаяу тартып кеттiм.

– Жындымысың?.. – Сәкен шошына қатты дауыстап жiбердi. – Тас қараңғы түнде жалғыз жаяу келгенi несi!? Қасқыр жеп қойсын дедiң бе қу медиенде.

– Тәйт, қу медиенi несi?! – Анасы алыстан келiп, табалдырықтан жаңа аттаған ұлының жағына шығып, арашалап алмақшы. – Талай жаяу жүрген жерлерi. Аяқ-қолы балғадай жас адамға жаяу жүру де таңсық па, тәйiрi-ай…

– Иә, қасқырлар да арық-тұрық емес, осындай аяқ-қолы балғадай, балпанақтайларға құмар. – Сәкен әлi де болса сабасына түсер түрi жоқ. – Осы iңiрде ғана бiр топ қасқырды атпен жабыла қуып келдiк. Әлгi Құдиярбек көкемiз «Әбдiрай қашарында» совхоздағылардың жеке малдарын бағып отыр емес пе?! Таңертең байғұстың қотанын оншақты қасқыр қоршап, бала-шаға, иттерi, бәр-бәрi үйге қашып тығылыпты. Әтеңенәлеттер биыл ерекше құтырынып алған, түктен қорықпайды-ей. Арасында бiр ақсақ көкжал бар, басшысы – сол. Жауызын-ой кәпiрдiң, адамның ойын күнi бұрын сезiп-бiлiп қояды. Ауылдың жiгiттерi жиналып, қууға бардық. Қайдан, қара жерде жеткiзсiн бе, бытқыл-бытқылға салып, көз жаздырып кеттi, сволыштар!

– Көке, былтыр талай қуған ақсақ қасқыр тағы қайтып келiп па? Өткен қыста оны өлтiрген адамға тай мiнгiзетiн боп анттасып едiңiздер ғой. Ешкiм өлтiрмегенi ме?!

– Әй, Аятжан-ай, бәрiмiздiкi құр былшыл, далбас боп шықты ғой. – Сәкен ыңғайсызданып, қысыла күлiмсiредi. – Аңшылықты кәсiп қылмаған өңшең жыртық етiк қайтейiк, атты аямай қуамыз-ау, бiрақ масқара болғанда боғын жеп, қаңғып қаламыз. Ә-ә, бiз сөйтiп «Әбдiрай» жақта далба¬салап жүргенде, ендi бiр топ қасқырлар Таластың жаға¬сында, суатқа барған сиырлардың арасынан Әбаханның дәу екi сауын сиырын жарып кетiптi. Құдиярбек те «тиышыма жүрiп өлейiн. Аман-түгелiнде малдарын алып кетсiн» деп, совхоздағыларға сәлем айтты. Әй, биыл қыста талай қан қасап болайын деп тұр-ау өзi.

– Қырылғырлар-ай, құтырынып апты ғой жүдә! – Ескi серiгi, бүйiрi майысқан сары самаурынға қоздаған пештен шоқ салып отырған күйi аузы аңқайып қалған анасының қолындағы күйелеш көсеуi салдыр етiп еденге ұшып түскен. Ендi жүрегiн ұстап, үрейлi кейiпте жүрелеп отырып қалды. – Қараңқалғырлар, адамнан қорықпаса, елдi құртпай тынбас түбi. Әй, жүрегiнiң түгi бар адамы аз ауылда қасқыр екеш қасқыр да өстiп басынады дешi.

– Мылтықтарың бар емес пе? – дедi Жақсан әлден уақта ауылдағы атпал азаматтардың қауқарсыздығына кiжiнгендей болып. – Қызықсыңдар, қасқырдың әр терiсiн үш мың теңгеден қабылдап жатыр деушi едi ғой «Охотсоюзда».

– Қайдағы мылтықты айтасың?! – Сәкен ащы кекесiнмен жымиды бетi қисайыңқырап. – Ауылдағы мылтықтың бәрiн үкiмет жинап алған баяғыда. «Терроризмге қарсы күрес» дейтiн көрiнедi… Іхм… ендi тұттай жалаңаш, қарусызбыз. Дойыр қамшымен дөңайбат жасауға ғана жараймыз…. Түнгi дыбыс алысқа кетедi. Әнеки, ауылдың ортасынан дабырласқан үндер бәсең сарынмен естiлсе, есесiне қинала қорқылдаған әлдеқандай бөгде үн, бөтен дауыс айрықша құлақ жарғағын жарып бара жатыр. Іш-бауырды суыра, дененi дiрiлдеткен соншалық ащы, қиналған үн. Інiсiнiң жүзiне таңдана көз тастаған. Сәкен селт етер емес.

– Мынау не? – деп сұрады ақыры шыдай алмастан. – Ана дабырды айтам…

– Ә, ауылдың жiгiттерi моншаның шатырын бұзып, еден тақтайларын суырып жатыр. Үйлерiне сүйреп әкетедi. Ендi ше, жақсы ағаш жұрттың бәрiне керек қой.

– Қалайша?! Сонда түнде ұрлап жатыр ма?

– Солай десең де болатын шығар. Бiрақ, бұл ұрлық па екен? Ауылдың түбiндегi екi мал базын Тараздан келген пысықай әлдекiм анада түк қоймай бұзып, материалдарын төрт «Камазға» тиеп әкеттi. Сынық бұрау ағаш қалдырған жоқ. – Сәкен әлденеге томсырайып, мажыға терең күрсiндi. – Әр базға ақша төлептi-мыс. Кiмге төледi, қашан төледi, ешкiм мәнiсiн бiлмейдi. Жоғары жақтағылардың рұқсаты бар дейдi көргендер. Бүп-бүтiн дүниенi астан-кестен еттi солай. «Әтеңенәлет, бүйте берсе бұзылмайтын дүние қалмас. Моншаға түскенде талай ақша төлегенбiз. Ендiгi оның құны өтелдi. Ендi өзiмiз-ақ бұзып алайық» деп, ұйғарды жiгiттер. Бәрiбiр ертелi-кеш бүлiнетiн нәрсе ғой…

Сәкеннiң үнiндегi соншалық сүлесоқтық, жанын жеген зiлмауыр мұң, дауасы жоқ торығуды аңлап жүрегi суылдады: екi жастың бiрiне жетпестен бәрiнен баз кешкен, үмiтсiздiк пен шарасыздықтың зiлмауыр салмағы еңсесiн бүгiлдiре езiп, аямай жаншыған. «Құдай-ау, – деп ойлады өзi де бейхал күйде. – Әлгiндегi Нұрлан, анау Төлепберген, ендi Сәкен… Бәрi де әбден ашыныпты ғой… Өмiрден, жақсылық атаулыдан күдер үзгендер ғой мыналар». Қинала шиқылдаған үн әлi де тоқтаусыз миды шағып барады. Бәсе, ағаштан суырылған ескi, тат басқан жуан шегелердiң даусы ғой… Апыр-ай, кiм естiген мұндайды, тәнiнен темiр суырса жансыз ағаш та осылайша қиналып, адамша шыңғырады, гөй-гөйлейдi екен-ау….

– Тракторың қалай, Сәкен? – деп сұрады мәнiсi өзiне ғана белгiлi ауыр ойдан серпiлгiсi келiп. – Жүрiп тұр ма?

– Қайда-ан-н… – Інiсi әлi де iштей шаршап, мажыққан күйде қолын сiлтеген. – Шашылып жатыр. Оның жүрген-тұрғаны кiмге керек, бәрiбiр ауылда iстейтiн еш жұмыс жоқ. Жаз бойы бар болғаны екi-ақ ай маңдайымыз терлеп бейнет iстеппiз. Ал, үйдiң отын-суын Аят арбамен-ақ тасып алды ғой әрi кетсе.

Сары тiс қылдырық темекiнi құмыға, өкпесiн көк түтiнге қаптыра сорғыштаған Жақсан өз бойында билей бастаған енжарлықты жеңе алар емес. Әй, барлығы да құрысыншы… Бәрi де рас, тұп-тура, бiрақ осынау тұйық, қапас тығы¬рықтан құтылар, шығар жолдың, саңылаудың болмағаны ма?!.

– Темекi бершi, Жақсан. – Екi ойлы қалыпта қол созған Сәкеннiң жуантық, сiңiрлi саусақтарының ұшы iшкi күйiнiш, арпалыстан ақырын дiрiлдейдi.

– Шылым шекпеушi едiң ғой…

– Әй, мынау бейбақ тiрлiктiң назасынан темекi шекпек түгiлi, иттiң тезегiн де жерсiң. – Лап етiп жанып, жылдам сөнген сiрiңке жарығымен iлкiде аңдап үлгерген: iнiсiнiң кiрпiгiне iлiнген сырғақ па, қылау ма, суық қана жылт ете қалды. Жақ сүйегi жарылардай тiстенiп сөйлеудi де әдетке айналдырыпты кейiнгi кездерi. – Айтшы, осы ауылдағы атпалдай азаматтардың қазiр жұмыссыз қаңғып жүргенiне кiмдер кiнәлi?! Үмiтiмiз алда едi, ендi ешкiмге қажет болмай, жетiм күшiктей қаңғырып қалдық қой. Бiз ешкiмге керек емеспiз бе, а?! Осыны түсiндiршi маған.

– Қатты мүжiлiпсiң-ау, Сәкен. – Көңiлiн аулардай түк сөз таба алар емес. Еңкейiп, сәт санап тұтаса бастаған бұлттың арасына бiр кiрiп, бiр шыққан айға жалтақтап қарайды.

– Қажыдым ғой, Жақсан. Бiздер қатты шаршадық. Жарық жоқ, ерiккенде ермек етер теледидар да кәлам капут. Осы ма бiз көрер жақсылық?! Ғасыр аяқталды емес пе, ал бiздiң көрген күнiмiз он сегiзiншi ғасырдан әрмен. Алысқа, қалаға көшiп кеткiм келедi…

– Қаладағылардың өмiрi жеңiл деймiсiң. Онда да оңып тұрған тiрлiк жоқ-ау.

– Мейлi! Кеттi ғой ауылдағылардың көбi жан-жаққа көшiп. Солардың бәрi ақымақ емес шығар-ау. Тек «әкеңнiң қара шаңырағын иесiз қалдырмаймын» деп апам көнбейдi. Әйтпесе… Кейде өздерiң ауылға келгенде айдала, қу медиенге келгендей болмасыншы деймiн.

Тұс-тұстағы көптен иесiз қалып, шатырларын бұзып, есiк-терезелерiн суырып әкеткен үйлер қайғы жамылып, үреймен үңiрейедi. Зады, әулiнiң арғы жағы тұтасқан қорқыныш сынды.

– Жоқтан өзгенi ойлап, мүжiле бергенше, тезiрек үйленбеймiсiң!..

– Қызықсың, мынау қу медиенге кiм шыдай алмақшы. Жүйкесi жүн боп, жынданып кетер. – Сәкен мұңлылау кейiпте әрi кекесiнмен жымиды да, қолындағы темекi тұқылын шарбақтан асыра лақтырып жiберген. Ұсақ шоқтар жұлдыздай шашырап түстi. – Бiздiң ауылдың жындылары да жетiп артылар осы ғасырға. Көшкiм-м келедi…

«Мәссаған, «көшкiм келедi»… Құдiрет-ау, менiң ауылым, қорғансыз әлемiм – алай-түлей буырқанған өмiр-мұхиттағы алақандай құрылығымды қасқырлар мен екi аяқты қорқаулар қамап апты ғой, – деп күйзеле ойлады Жақсан зығырданы қайнап. – Тыпыр еткiзбей, мартудай буып тұр екен. Тәттi етiн өткiр, ащы азулар аяусыз паршалап, жемтiк етiп өлермен ашкөздiкпен қорқылдатып жұтуда. Құдайым-ай, қашанғы өстiп аяусыз жұта бермек?! О, бейшаралық-ай!..»

Тағы бiр сары тiс темекiнi тұтатты. Құмыға жұтқаны сол, көк түтiнге шашалып, үстi-үстiне жөтелген. Айналада қорқынышты үйлер үңiрейедi. Қираған қоралардың мұңлы жұрттары ойран орнындай қарауытады. Аспандағы ай да шемен боп түйiлген тамырдай. Жалбыр бұлттардың арасына бiр кiрiп, бiр шығады. Сәулесiз. Күңгiрт. Мұң тұнған. Ауыл да қайғылы…

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары