Түркияда құрылған «Көк Ту»

Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жүрген қазақ жастары өте белсенді. Жақында Түркияның Анкара қаласындағы алғыр жастар тобы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында «Көк Ту» атты қазақ мәдени қоғамының тұсауын кесті.
«Шетте жүрген қазақ қандастардың ең көп шоғырланған жерінің бірі – бауырлас Түркия елі десек, қателеспейміз. Түркияның кез келген қаласында Қазақстаннан ілім-білім іздеп келген жастар, жұмыс істеп, кәсібилігін шыңдап жүрген қызметкерлер, сонда қоныс теуіп, тұрақтап қалған отандастарымыз жеткілікті. Әсіресе, Стамбұл, Измир, Анталья, т.б. секілді үлкен қалаларда қазақтың маңдайалды азаматтары қоғам құрып, әртүрлі бағыттағы жиын-шаралар өткізіп, бас қосуға себепші болуда. Міне, отандастардың басын қосатын осындай қоғамның бірі – «Көк Ту» қазақ мәдени қоғамы бас қала Анкарада құрылғанын қуанышпен хабарлағымыз келеді. Бұл қоғам көктемнің алғашқы аптасында құрылып, Анкарадағы Қазақстанның елшісі Абзал Сапарбек­ұлы тарапынан қолдауға ие болды», – деді «Көк Ту» қазақ мәдени қоғамының төрағасы Ләззат Мүләзімоғлы.
«Көк Ту» қазақ мәдени қоғамы қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптей отырып, Қазақстан мен Түркия арасындағы әріптестік, серіктестік, достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға себепші болмақ. Болашақта қоғам аясында қазақ тілін, салт-дәстүрін, қазақ ұлттық музыкалық аспаптары, ұлттық би, қол­өнер еңбегін үйрететін курстар ашылады деп жоспарланған. Студент жастар мен балаларға арнап мәдени, әдеби, ғылыми тақырыптардағы түрлі кездесулер мен байқаулар, спорттық жарыстар ұйымдастырылмақшы. Қоғам екі ел арасындағы байланыстарға үлес қосу мақсатында әртүрлі бағыттардағы жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
«Көк Ту» қазақ мәдени қоғамының жұмысына Ілге Қарагөз Ахметова, Әсел Лахаева, Торғын Сезгін, Рустам Арғымбаев, Лаура Сүйер, Кәрім Байғұтов, Меруерт Сатынбек сынды жастар жұмылған жұдырықша атсалыспақ. Негізінен «Көк Ту» қазақ мәдени қоғамын құрушылардың Қазақстан азаматы болуына басымдық берілген. Қоғамның бұдан кейін қабылданатын мүшелерінің Қазақстан Республикасымен қандай да байланысының болу-болмауына назар аударылмайтынын жеткізді қазақ мәдени қоғамын құрушылар.

Меруерт Сатынбек,

Түркия, Анкара қаласы

Back to top button