Жаңалықтар

Аграрлық сектор алға басуы тиіс

«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалында ауыл шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеевтің басшылығымен өткен жиында сала мамандары «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» облыста орындалу барысына сараптама жасады.  

Шарада партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Аграрлық сектор» бағыты бойынша комиссияның кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Ортаев хабарлама жасап, Мойынқұм және Байзақ аудандарына жасаған зерделеу жұмыстарының нәтижесін жеткізді. Нұрлан Ортаевтың айтуынша, қос ауданда да Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы жоспар бойынша іске асырылуда. Десе де, шешімін күткен мәселелер бар. Атап айтқанда, бағдарламаның аудандық жоспарлары мүлде жасалмаған және жергілікті әкімдіктердің отырыстарында да қаралмаған. Қос ауданда игерілмеген жер көп және соңғы жылдары жаңа техникалар сатып алынбаған. Осындай мәселелерді алға тартқан Нұрлан Қасымбекұлы аудандағы орта арнаулы оқу орындарында ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқып жатқан студенттерге шаруашылықтарда бір жыл жұмыс істетіп барып қана диплом беру туралы ұсынысын жеткізді.

Мұнан соң облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Құлкеев өткен жылы атқарған жұмыстарының есебін берді. 2017 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барлығы 15,4 млрд теңге бөлініп, ол толық игерілген.

Бүгінде өңірде баса көңіл бөлініп келе жатқан шаруаның бірі – қант қызылшасын өсіру. Мәселен, өткен жылы қант қызылшасы 9,5 мың гектарға отырғызылып, оның 652 гектары есептен шығарылыпты. Яғни, шаруашылық субъектілерінің қант қызылшасына жіті көңіл бөлмеуінен Шу ауданында – 355 гектар, Қордай ауданында – 200 гектар, Т.Рысқұлов ауданында – 80, гектар, Талас ауданында17 гектар алқап жарамсыз болып шыққан. Дегенмен қалған 8,8 мың гектар алқаптан – 203,3 мың тонна өнім жиналып, орташа өнімділігі – 228,5 центнерді құраған. Жиналған өнімнің 119,7 мың тоннадан астамы қант зауыттарына өткізіліп, 2016 жылмен салыстырғанда 41,3 мың тоннаға артқан.

– Бүгінгі күні облыс бойынша 29,4 гектар алқапта жылыжайлар орналасқан, оның ішінде, 9,7 гектары – өндірістік, 19,7 гектары – фермерлік. 2017 жылы барлығы 26,4 гектар жылыжайлардан 2489,2 тонна өнім алынды, – деген Е.Құлкеев ауыл шаруашылығы саласы бойынша аймақта іске асырылуы тиіс жұмыстарға кеңінен тоқталып, жоспарларымен бөлісті.

Шара барысында Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов пен Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков өздері басқаратын аудандарда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының облыста орындалу барысы туралы мәлімдеді.

 

Back to top button