8 Наурыз 2018, 10:18 671 0 Көлік Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Көлікті ұршықша үйірген ханымдар

Қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер көп. Әсіресе, ердің ісін әйел атқарған бүгінгі заманда бұған таңдану да өрескел. Біздің бүгінгі екі кейіпкер де – нағыз батыр. Бірі – троллейбус жүргізушісі, екіншісі – ауыр КамАЗ-дың тізгіндеушісі. Біз 8 наурыз әйелдердің халықаралық мейрамына орай, елге қызмет етіп жүрген ханымдарды құттықтаған едік.

Сәуле Қаражігітова, троллейбус жүргізушісі:

Осы мерекеде нәзікжанды екенімізді сезінеміз

– 47 жастамын. Отбасында менен кейін үш ұл болды. Бірақ неге екенін қайдам, үйдің тірлігінен қашып, даланың жұмысын тындыру ұнайтын. Үйге көлікпен қонақ келсе, көлігін оталдырып, айдап кететін едім. Сол кезде небәрі 6-сыныпта оқимын. Бойым біртұтам ғана. Соған қарамастан кәнігі көлік жүргізушінің кейпіне еніп, рөлді екі жаққа қайта-қайта бұрып жүйткігенім бар. Тіпті, трактордың рөліне отырғанымды қайтерсіз? Бірте-бірте жеңіл емес, үлкен көлікті жүргізуге деген құлшынысым артты. Алғашқыда марқұм әкем «қыз балаға қол емес, басқа мамандық таңдасаң қайтеді?» деп талай айтты. Бірақ алған бетімнен қайтпадым.

1991 жылы жүргізуші куәлігін алдым. Әуелгіде ГАЗ-53 жүк және су таситын көлікті жүргіздім. Егін орағы кезінде 3 айы бойы алқапта жүрдік. 22 жасқа толғаннан кейін троллейбус көлігін жүргізуші құжатын алдым. Кейін Тараздағы троллейбус паркі жабылып қалған соң, 1998 жылы Алматыға келдім. Содан бері троллейбусты тізгіндегелі 20 жыл болыпты. Таңертең сағат 4-те тұрып, парктен жүру кестесін аламын. Ал сағат 5-те маршуртқа шығып кетуге дайын тұру керек. Әрине, әр жұмыстың қиындығы бар. Алғашқы кезде ерте тұруға қиналатын едім. Әсіресе, қақаған аязда мұздай кілтті қолға ұстап, төбесіндегі штангасын дұрыстап, сұп-суық көлікті жүргізу оңай емес. Күн сайын жолға Алла тағалаға сыйынып шығамын. Өткенде қатты аяз болғанда, тіпті, жауын жауғаннан кейін тайғақтың өзі көп кедергі келтірді. Бірақ өзіме ұнағандықтан барлық қиыншылыққа шыдап келемін.

«Оңай» төлем картасы бізге де тиімді

– №19 троллейбусты, ал былтырдан бері №11 троллейбусты жүргіземін. Жолаушылар мамандығымды сыйлайды. Қоғамдық көлікке мінгенде амандасып, жылышырай танытқанының өзі бізге күш береді. «Оңай» төлем картасы қолданысқа енгізілгелі бері тіптен жақсы болды. Тек жолға қарап, мінген-шыққан адамның санын бақылап отырамыз. «Оңай» төлем картасы жүргізушілерге де тиімді. Бұрын жолаушы қолма-қол жол­ақы төлегенде алдымыздағы жолды ұмытып кететін едік. Қазір тексерушілер өздері әр аялдамадан кіріп, тексеріп тұрады.

Алматы көшелерінде біздің өз жолағымыз бар. Көбінесе жеңіл көлік иелері біздің жолаққа түсіп алып, кедергі келтіреді. Қазір жолаушылар таксиден гөрі қоғамдық көлікке отырса, діттеген жеріне тез жететінін біледі. Содан кейін де жолаушы көп. Жалақым да жаман емес. Ең кем дегенде 150 мың теңге аламын. Аптасына 5 күн істеп, 2 күн демаламын. Күн сайын таңғы 4-те барып, кешкі 7-де үйде боламын.

Троллейбус паркі 8 наурыз күні қыз-келіншектерді бір күнге жұмыстан босатады. Бізге мерекелік дастарқан жайып, гүл шоқтарын сыйға тартады. Қазір троллейбус паркінде шамамен 200-дей жүргізуші бар. Оның дені – әйелдер. Бұрынғы трамвай жүргізушілері де троллейбусқа ауысты. Әйтеуір 8 наурыз әйелдердің халықаралық мерекесі кезінде ғана өзіміздің нәзікжанды екенімізді сезініп қаламыз.

Егер қызым болса, троллейбус жүргізгенін қаламас едім. Бұрын жанымдағы талай қыз-келіншек қиындыққа шыдай алмай, жұмыстан шығып кетті. Әйтеуір өзіме ұнағандықтан ғана осы жұмысты істеп келемін. Маған троллейбус жүргізсем болды, басқа жұмыс қызық емес. Кейде демалып жатсам да, таңғы 4-те тұрып алатын әдетім бар.

Бір өкініштісі, жас отбасылар бұрын баспанаға кезекке тұрып, тым болмаса жатақхана алатын еді. Қазір мұндай мүмкіндік аз. Тек жаз мезгілінде 50 пайыз жеңілдікпен санаторийге жібереді.

Гауһар Нүсіпқызы, КамАЗ жүргізушісі:

Көлігімнің гүрілдеген даусын сағынып қаламын

– Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Құм­өзек ауылында туып-өстім. Жасым 52-де. Екі оқу орнын бітірдім. 9-сыныпты бітірген соң Алматы облысы, Қаскелеңде мәдени ағарту мамандығын, сосын ЖенПИ-дің музыка факультетін тәмамдадым. Бірақ мамандық бойынша жұмыс істемедім. Өмір маған көп нәрсені үйретті. Әуелі жеңіл машинаны жүргізуді оқыдым да, бірден Газель көлігін айдап кеттім. 2000 жылдары несиеге ақша алып, КамАЗ-ды сатып алдым. «Алтын орда» базары ашылып жатқан кез. Су жаңа Камаз-ды тізгіндеп, еліміздің басқа өңірлеріне тауар тасуға бел будым. Ештеңеден қорыққаным жоқ. Ауыр көлікті жүргізу өмірдің сан алуан қиындығының қасында түк те емес.

Қазақ «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді ғой. Бала-шағаны бағу үшін бәріне тәуекелге барады екенсің. 32 жасымнан бері Кам­АЗ жүргізіп, ыстық-суығына бойым үйреніп алды. Қазір 20 жыл болды. Қазақстанның түкпір-түкпіріне тауар тасымалдаймын. Өзім үшін жұмыс істеймін. Барған жеріме байланыс нөмірлерімді қалдырып кетемін. Құдайға шүкір, клиенттерім бар. Бәрі де келісуге байланысты ғой. Кейде ақша қажет болып тұрса, саудаласпай-ақ жолға шыға беремін. Кез келген затты жеткізіп беруге дайынмын. 2000 жылдары Ташкенттен мата, Бішкектен киім-кешек, кілем, т.б. тауарлар тасыдым. Көктем келіп, ел-жұрт қыбырлай бастаса, біз де жұмысқа кірісеміз. Содан күзге дейін тыным жоқ.

Әу баста осы көлікті сатып аларда күйеуім қарсы болды. Ол жеңіл көлік, ал өзім ауыр машинаны жүргіздім. «Ел-жұрт не дейді?!» деп намыстанады. «Гауһар, осы тірлігіңді қойсаңшы, басқа да жұмыс табылады ғой», – деп ақыл айтпақ болады. Ақшадан тарығып жүріп, жеңіл көлікте әдемі боп отырғаннан не пайда? Қысқасы, «Ауырдың асты, жеңілдің үстімен» жүргісі келді. Жасыратын несі бар, қазіргі ер азаматтардың біразы осындай. Содан осы жағдай бар, басқа да себептер пайда болып, екеуміз екі жолмен кеттік.

Екі ұлымды өсіру, жетілдіру өз мойныма артылды. Бұрынғыдан да көп жауапкершілік жүктелді. Құдайға шүкір, осы көліктің арқасында үй салдым, джип сатып алдым. Тіпті, ұлдарым кішкентай кезінде жанымнан қалмайтын. Қазір өсті, есейді. Кейде кенже ұлым: «Мама, шаршадың ғой, КамАЗ-ды сатайықшы», – дейді жаны ашып. «Қой балам, әлі сендерді оқытып, үйлендіріп, баспана сатып алу керек. Енді 5-6 жыл жүргізейін, сосын бұл жұмысымды қоямын», – деймін.

Адамның істегенін адам істейді. Өзім жылқы жылы өмірге келген соң, үнемі жарысып жүргенді жақсы көремін. Құрбы-құрдастарымның арасында газель айдап жүрген қыз-келіншектер көп. Солардың бәрі еріккендіктен емес, бала-шағаны асыраудың қамымен жүр.

Бес минутта 10 шақырым жүгіргенмін

Әуелгіде МАИ қызметкерлері құжат тексеруге тоқтатқанда таңқалатын. Бірақ «әйел екен ғой» деп жеңілдік жасайтындары саусақпен санарлық. «Ставкаңызды қалдырыңыз да, жүре беріңіз», – дейді бетіңе бағжия қарап. Ілуде біреуі ғана «О-о, апай, сіз бе?! Жолыңыз болсын!», – деп сәт-сапар тілейді. Ал өзім жол ережесін бұзып, МАИ қызметкеріне ұсталған емеспін.

Жол үстінде жүретіндіктен қызық жайттарға да тап боласың. Бірде түнде еңіс жолдан құлдилап келе жатқанда тежегіш майы ағып кетіп, алдымдағы көліктерге «қашыңдар» деп қол бұлғап, сигнал беріп, әрең тоқтатқаным бар. Әсіресе, асудан құлдилап түскенде қорқынышты. Егер жүгің ауыр болса, бірқалыпты жылдамдықпен жүруге тура келеді.

КамАЗ-ды жаңадан жүргізіп жүрген кезім. Екі жігіт: «150 шақырым жерден заттар әкелу керек еді», – деп көлікті жалдады. Сөйтсем, 250-300 шақырым екен. Дәл сол кезде мотордың бір жерінен май ағып жүрген. Бір уақытта таудың басына шығып кеттік. Көлігімнің даусы ғыр-ғыр етіп, жөнді тартпайды. Моторды ашсам, май бітіп қапты. Бір құты майым түк болмады. Сосын әлгі екі жігітке: «Сендер қала беріңдер. Дереу төменге түсіп, май алып келейін», – деп тас жолмен жаяу тарттым. Әлгі биік еңіс пен тас жолға дейінгі арақашықтық 10 шақырым екен. Сізге өтірік, маған шын, артымнан қасқыр ма, шибөрі ме, білмеймін, бір жыртқыш аң қуды. Жанұшыра жүгіріп, 5 минутта 8 шақырымға безілдеп, мал бағатын ауылдан бір-ақ шықтым. Қайта жаз мезгілі еді. Кешкі сағат 10 шамасында бір үйге барып, қонып, таңертең ерте май тауып алып, көлігіме әрең жеткенім есімде.

Ұзын жолда тұрған адамның жанына тоқтай қалып: «Қайда барасыз? Отырыңыз» десем ерекше таңқалыспен қарайды. Әйел болған соң, айдалада адасып қалды ма екен деп тоқтаймын ғой баяғы. Ал кейбіреуі «Сағаттап қол бұлғасақ та, КамАЗ тұрмақ, жеңіл көлік әрең тоқтайды ғой» – деп, күледі.

«КамАЗ-дың даусынан шаршамайсыз ба?» дейтіндер көп. Мұндайда жауабым дап-дайын. «Керісінше, көлігімнің даусын естімесем, өзімді қоярға жер таппай, сағынып қаламын. Енді кем дегенде 5 жыл, әрі кетсе 10 жыл жүргізетін шығармын.

Соңғы жаңалықтар