8 Наурыз 2018, 10:03 422 0 Білім Ахмет ӨМІРЗАҚ

Нұридін Балқияұлы: Қазақ патриоты болудан асқан бақыт жоқ

Нұридін Балқияұлы – кезінде Түркістан қаласында басшылық қызметте жүргенде Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуына, Эрмитаждан атақты Тайқазанның қайтарылуына, Республикалық Әзірет Сұлтан мұражай қорығының құрылуына көп еңбек сіңірген ұлтжанды азамат. Біз өмірден түйгені көп ақсақалмен жолығып, оған бірнеше сауал қойған едік.

– Нұридін Балқияұлы, әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуына өскен ортасы мен алған білімінің үлкен әсері болары белгілі. Сол үшін сұхбатымызды өмір жолыңыздың бастауында кездескен қиындықтар, білімге талпыну кезеңдерінен бастасақ деп отырмыз.

– Қыз баланы «барған жерінде тастай батып, судай сіңсін» деп тәрбиелейтін қазақы тәрбие деген де бір керемет нәрсе ғой! Менің анам келін болып түскен жерінің бүкіл тұқым-тұқиянын – жеті атасына дейін жатқа білсе де, өз жұрты жайында айтпайтын. Содан болар, нағашыларымның кім екенін білмей өстім. Ал әкеміз соғысқа кеткен, әкені көрмедік...

Нағашымды алғаш рет сегізінші сыныпты бітіретін жылы көрдім. Кесек денелі, ірі кісі екен. Нағашымның бар екенін біліп, қатты қуанғаным сонша – күні бойы қасынан шықпадым. Азғантай уақытта бауыр басып қалғанымды көрген нағашым мені қимай, өзімен бірге Шымкент қаласына ертіп кетті. Әке көрмей өскен балаға бауырына басатын адам соншалық ыстық болады ғой, нағашымды қатты жақсы көргенім содан шығар. Бірақ ол кісі үйінде бірер күн болғасын қайта әкеп тастады. Бұл жағдай маған қиын әсер етті.

Сөйтіп, нағашымның үйінен келгеннен соң бір күннен кейін сынып жетекшім «директор шақырып жатыр» деп, мектепке алып барды. Барсам мектеп директоры құжаттарымды өзі дайындатып, Ленгер қаласындағы мектеп-пансионға орналастыруға шешім қабылдаған екен. Мектепте жақсы оқығанымды білген кісі маған солай жақсылық жасаған. Сонымен Ленгер қаласында оқуымды жалғастырып, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірдім. Мектепті бітірген соң Қазығұрт селосында қызмет жасайтын немере ағамыздың кеңесімен Шымкент қаласындағы технологиялық институтқа құжат тапсырып келе жатсам, жолда өзім оқыған мектептің директоры Асан Сәдуов кезігіп қалып, қайда оқуға тапсырып жатқанымды сұрады. Мән-жайды білгесін қолымнан жетектеп, Шымкент облыстық білім бөліміне алып келді. Өзі екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, соғыста полк командирінің орынбасары болған, облыстық білім саласында өте беделді кісі болатын. Асан аға әлгі жердегі жауапты адамдарға: «Мына бала өте білімді, бұл Ленинград не Мәскеуде оқитын бала» деп, сол жаққа жіберу керектігін айтты. Ондағылар орталық оқу орындарына емтихан жүріп жатқандығын, бітуіне бір-ақ апта қалғандықтан енді оған үлгермейтінімді түсіндіргенде, ұстазым оларға дес бермей, барлық емтихандарды бір күнде тапсыруға күші жетеді деп тұрып алды. Содан облыстық білім бөлімі жолдама жазып, әркімнен қарызға ақша алып, Алматыға келіп, Ленинград университетінің математика-механика факультетіне оқуға түсу үшін емтихан тапсырдым. Емтихандардың бәрінен өткесін қолыма Томск университетіне оқуға баратыным жайында құжат берді. Сірә, Мәскеу, Ленинград оқу орындарына адам толып қалған болуы керек. Сонымен үйге келіп, немере ағама Томскіге оқуға түскенім жайында айтып, құжатымды көрсеттім. Ол кісі: «Мен Томскіде үш жыл әскерде болдым, біріншіден, ол жерде Сібірдің аязы, суық болады. Оған шыдайтындай саған киім тауып бере алмаймыз, қаражатым жоқ. Екіншіден, Томскіде еуропалық мәдениет жоқ, өзің көріп жүрген азиялық мәдениет қана бар, шет жерде оқығасын бірдеңе үйреніп қайтпасаң пайдасы аз», – деді.

Бірақ мен еліге қоймадым, бір жыл ауылда жұмыс істеп, келесі жылы өзім армандаған Мәскеу не Ленинград оқу орындарының біріне түсермін дедім де қойдым. Сол кезде Шымкентте ет мәселесі қиындау болатын, әлгі немере ағамыз Тәшкеннен ет алып қайтатын. Бірақ ол жерде де бір адамға 2 келіден артық ет бермейді екен. Көбірек ет алу үшін бірнеше қайтара кезекке тұру керек. Сөйтіп ағамыз Тәшкенге бір барғанда, Томскіге оқуға қабылданғаным туралы құжатты ала барған көрінеді. Автобустан түскесін жақын маңда қандай жоғарғы оқу орны барын сұрастырса, біреу Темір жол институтына сілтепті. Ағай барып, институт басшыларына жолықса, оқуға түскенім туралы құжатымды көрген тиісті адамдар: «Аға, мына баланы бізге алып келіңіз, ол енді біздің студентіміз болады. Тамыздың 25-інде осында болсын», – депті. Қолына оқуға қабылданды деген анықтама қағаз берген. Сонымен айтылған уақытта бардым. Бәрі жиылып, қандай талапкердің оқуға түскенін жариялағанда ең бірінші менің атым аталды. Сонымен механикалық факультеттің тепловоз шаруашылығы бөлімінде оқитын болдым. Жатақхана берді.

Сол жылдары негізінен оқуға әскерде болғандарды немесе еңбек өтілі барларды алдымен қабылдайтын. Ал еңбек өтілі жоқтар оқумен бірге өндірістік практиканы қатар жүргізетін. Алғашында бір жарым семестрді кешке оқып, күндіз Тәшкеннің тепловоз, вагон жөндеу зауытында жұмыс істегендердің қатарында болдым. Жалпы үш семестр бойы жұмыс істедім. Айлық беретін. Жұмысқа алдымен слесарь болып қабылдандым. Бір айдан соң аванс бергенде қатты қуанғаным есімде, қолыңа өз еңбегіңмен тапқан ақшаны ұстау қандай ғажап!

Бір қызығы, біздің оқу орнының студенттерін өзге оқу орындарынан келіп, сырттай бақылап жүретіндер болады екен. Ондағы ойлары білімді, талапты жастарды өздеріне тарту. Мені де Орта Азия мемлекеттік университетіне шақырды. «Саған бұл жерде не бар, сендей адам университетте оқуы керек», – деп үгіттеді. Жасыратын несі бар, мына жерде жұмыс істеп, азды-көпті қаражат тауып жүргесін оқуымды қимадым. Одан кейін ядролық физика институтына да шақырды, бірақ ешқайсысына да бармай, түскен оқуымды бітіріп, теміржолшы мамандығын алып шықтым. Әу баста армандаған оқуым басқа болса да, ешқандай өкінішім жоқ, ол жерде инженер мамандығын толық игердім. Тек бүгінде ұстаз ретінде айтар бір өкінішім бар: ол – қазіргі оқу орындарында біздің кезіміздегідей оқуды тәжірибемен ұштастырмайтынымыз. Оған мүмкіндіктің аздығы...

– Демек, бүгінгі оқуда сіз айтқан олқылықтың мамандар даярлаудың сапасына тигізер кері әсері бар болғаны ма?

– Әрине, бар! Теорияның аты теория ғой, теориялық жақтан қанша мықты дайындығың болғанымен тәжірибе болмаса, қандай істе де қате кетеді. Ал біз оқыған кезде оқуда алған білімді іс жүзінде сынап көруге көп көңіл аударылатын. Мысалы, біз металдар технологиясы деген сабақ өткенде зертханада металдарға сынақ жұмыстарын жүргізетін едік. Тура ғылыми зертханалардағы сияқты. Ол туралы қорытынды жасап, түсініп, білгеніміз жайында жазып тапсыратынбыз. Сол сияқты оқуды бітіргенде студенттер өндіріспен толық таныс болатын. Мәселен, өзім диплом жұмысымды жазу барысында Ресейдің Алтай өлкесіндегі Алтай вагон жөндеу зауытында тәжірибеден өтуге барып, сол жерде вагон жөндеу шебері болып жұмыс істедім.

Білім мен тәжірибені қатар жүргізу – біз оқыған кездегі оқу үдерісінің артықшылығы еді.

– Оқуды бітірген соң еңбек жолыңыз қалай басталды? Білім алған салаңыз бойынша жұмыс істедіңіз бе?

– Шымкентке келіп, теміржол саласында қызмет істедім. Жұмысқа орналасқан соң бір аптадан кейін-ақ ауысым шебері қызметіне өстім. Басшылар маған салған жерден сенім артты.

Сол жұмыста жүргенде ұжымның ұсынысымен облыстық соттың қоғамдық сарапшысы атанып, сот жұмыстарына қатысып жүрдім. Сол кезден бастап заңды оқып үйреніп, ізденіп, өзім қатысқан сот процесінде сұрақ қойып, талдап отыратын болдым. Соттың бір жақсы мүшесі бар еді, сол апай ылғи өзі басқарған сот жұмысына жиі шақыратын. Бірақ оған қуанып жүрген мен жоқ. Ана жақта темір жолдың жұмысы күйіп жатыр, мен мына жақта отырамын. Іштей ренжимін. Соны байқаған әлгі апай: «Айналайын, сенімен ақылдасуға болады екен, бізге керексің» дейтін. Кейін белгілі болғандай, сот шешім шығарар кезде қоғамдық сарапшылардың пікірлерін де есепке алады екен.

Сөйтіп жүргенде бір күні облыстық партия комитетіне шақырып жатқанын айтты. Барсам обкомның көлік-өндіріс бөлімінің штаттан тыс нұсқаушысы етіп сырттай тағайындап қойыпты. Оның жұмысы – түрлі кәсіпорындардың жұмысын тексеру. Күн тәртібінде тұрған мәселелердің қалай шешімін тауып жатқанын бақылаймын, ол бойынша анықтама жазып тапсырамын. Сөйтіп жүріп штаттағы қызметкер етіп бекітті. Оған дейін бүкіл өмірбаянымды, қызмет жолымды тексерген ғой. Мұны айтып отырғаным, сол тұста маман дайындаудың осындай бір жүйесі бар еді. Билікке тамыр-таныстықпен, көлденең кісінің кіріп кетуі сирек болатын. Резервте тұрған кісілердің арасынан таңдап алатын.

Тағы бір айта кетейін дегенім, сол дәуірде «Теміржол – экономиканың күре тамыры» деген ұғым болды. Ал шынына келгенде, теміржол – экономиканың тежегіші болған екен. Оны бұл салада қызмет еткен жылдарымда байқадым. Өндіріс дамып жатыр, ал оның тасымалы қиын. Вагон жетіспейді! Теміржол басшыларының өзі кейде ештеңе істей алмайтын жағдайлар болады. Мысалы, бір жерге вагон іркіліп келеді, тағы бір жерде вагондарға жүк кеш тиеледі, тағы бір жерде жүк түсірілмей тұрып қалады. Әйтеуір сондай түйткілі көп. Оның бәрі бүгінгі нарықтық экономика көзімен қарағанда артқа тарту ғой.

– Шымкентте облыстық комитетте қызмет істеген соң Түркістан қаласының басшысы болдыңыз. Сол қызметте жүріп, талай игілікті істердің атқарылуына мұрындық болғаныңызды ел біледі. Солар туралы өз аузыңыздан естісек деп едік...

– Түркістан қаласында қызмет еткен жылдарым – ел қызметінде жүрген кездерімнің ең жарқын шағы дер едім.

1985 жылы, қарашаның алтысында Түркістан қаласына бірінші хатшы болып барғанымда ең алдымен байқағаным – халық тұрмысының нашарлығы. Облыста істеп жүрген кезімде, басқалар сияқты мен де оған назар аудармаған көрінемін. Тек жоспар орындауды ғана біліп, сол жолда тер төгетін басшылар халықтың тұрмысына көңіл бөле бермейді екен. Сөйтіп, әлеуметтік жағдайды зерттеп, елдің тұрмыс-тіршілігінің мәз еместігін білдім. Бюджет тапшылығы бар, жұмыссыздық, әсіресе, әйелдер арасында тым көп. Қалада кішігірім он үш кәсіп­орын бар, олардан түсетін салық қаланың бюджетін толтыруға жетпейді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің де жағдайы қиын. Қаланың архитектурасы бекітілмеген, бас жоспары жоқ. Қалада су жетіспейді, жылу жоқ. Бұрын қаланы дамыту бойынша Министрлер кеңесінің қаулысы қабылданған екен, бірақ орындалмай қалған.

Бұрынғы қызметімде қаулы жазуды жақсы меңгерген едім. Сондықтан «Түркістан қаласының әлеуметтік дамуы» жайында Қазақстан Орталық комитеті мен Министрлер кеңесінің біріккен қаулысын дайындап, Яссауи кесенесін қалпына келтіруге жауапты «Казпроектреставрация» институтының директоры Баян Тұматайқызын кесене мәселесін ойласуға шақырдым. Сөйтсем, Түркістан қаласына байланысты екі жоба бар екен. Оның бірі Тимур Сүлейменовтікі болса, екіншісі Баян Тұматайқызының идеясы. Т.Сүлейменов жобасы бойынша қала бүтіндей жаңарып, жаңа қала салу керек, ал Б.Тұматайқызының жобасы тарихи қаланың ежелгі архитектуралық ерекшелігін сақтап, қалпына келтіруді көздейді екен. Өзім Баян Тұматайқызының жобасын қолдадым. Өйткені бірінші жоба бойынша жаңа қала салатын болсақ, уақыт өте келе Түркістан шаһарының тарихи шаһар екенін дәлелдей алмай қалар едік. Сондықтан қаланың тарихы мен Қожа Ахмет Яссауи туралы зерттеп оқуға тура келді.

1986 жылдың маусым айында Түркістанға Димаш Ахметұлы Қонаев келді. Ол кісі жыл сайын елді аралар алдындағы алғашқы сапарын осы Түркістан қаласынан бастайтын. Сол кісі келер алдында Баян Тұматайқызымен келісе отырып, кесенеге байланысты қаулыны дайындап қойдым. Баян Тұматайқызына республика басшысы келгенде кесенеге байланысты жобаның сызбасын қабырғаға іліп, терең түсіндіруді жүктедім.

Бір таңқаларлығы, Димекең кесенеге келгенде ақынның басына кірмейтін. Бірақ кесенедегі құдықтан су ішетін. Әрине, құдықтағы судың тазалығы қатты қадағаланатын. Димекең: «Нұридін қарағым, құдығыңның суы азайды ма, көбейді ме?» – деп сұрайтын. Су ішуге келген Димаш аға құдыққа күміс теңге тастайтын. Күміс суды тазартатын асыл металл ғой.

Сол келгенінде Димекең құдықтың қасында тұрып, жәй ғана: «Нұридін қарағым, сен мына Ахмет Яссауи кесененің шырақшысысың ғой», – деді. Ол кезде кесененің шырақшысы деген айтылмайтын. Жаңағы «шырақшы» деген сөзді айтқан Димекең, естіген – сол кездегі ОҚО басшысы Рысбек Мырзашев екеуміз ғана. Димекең ол сөзін басқа жерде айтуы мүмкін емес, өзім де ешкімге айтқан емеспін, шамасы Мырзашев бір жерде әңгіме қылған болуы керек. Әйтеуір, Димекеңнің сол лебізі ел арасына тараған көрінеді.

Сол жолы Димекеңнің тағы бір тағылымын алдым. Кесенеден шыққан соң ол кісі «базарға барамыз» деді. Базарда халық жүргізбейді. Үлкен кісінің қолын алып қалуға ұмтылады бәрі. Кейбіреулер немерелерін де алып шыққан. Содан базарды аралап, қайтып келе жатқанда Димаш аға: «Нұридін қарағым, базарың арзан ғой», – деді. Мен «иә, иә» деп жатырмын. Кейін өзім барып, базардағы бағаны білгенімде заттың бағалары біз көргеннен қымбат екенін білдім. Сол кезде Димекеңнің маған нені тұспалдап жеткізгенін түсіндім. Базар – халық тұрмысының айнасы. Егер базар арзаншылық болса, онда – халықтың тұрмысы төмен деген сөз екен.

– Түркістанда Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуына да еңбегіңіз сіңген көрінеді...

– Түркістан қаласында жүргенімде бір күні Қазақстан Республикасы Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтің көмекшісі телефон шалып: «Сізбен министрдің сөйлескісі келеді», – деді. Телефон арқылы амандастық. Сосын қалада болатын-болмайтынымды сұрады. Мен жұма күні Германияға жүретінімді айтып едім, министр Түркістанға ертең барамын деді. Сөйтіп, трубканы қоя салды. Аң-таң болдым. Ертеңіне түстің алдында Алматыдан Шымкентке ұшақпен, одан екі сағаттай жүріп Түркістанға келді. Түс кезі болса да, тамаққа қарамайтынын айтып, нақты шаруамен келгенін айтты. Ол кезде ОҚО-ны Терещенко басқаратын. Сол кісі Шымкенттен университет ашқалы жатқан көрінеді. Өйткені бұрын Қазақстанда Алматы мен Қарағанды қаласында ғана университет болса, үшінші болып, Шығыс Қазақстанда ашылыпты. Ол облыс кеңестік кезеңде үнемі Шымкентпен социалистік жарысқа түсетін бәсекелес облыс болатын. Соны білген Терещенко енді Шымкенттен университет ашуға күш салып жатыр екен. Бірақ министрдің айтып жатқанына не қатысымның барын түсінбей тұрсам, Шаяхметов Шымкенттен университет ашудың түк қиындығы жоқ екенін, өзі қаулыға қол қойса, мәселе он минутта шешілетінін айта келіп, университеттің Түркістанда ашылғанын қалайтынын жеткізді. Әрине, бұған қатты қуандым. Өйткені Англиядағы Оксфорд университеті 30 мың тұрғыны бар қалада. Бізге де неге сондай болмасқа? Менің қуанғанымды байқаған Ш.Шаяхметов университет ашылатын болса, не бере аласың деп сұрады. Қаладағы үш оқу орнын (медучилище, индустриальды-педагогикалық техникум, тағы бір оқу орны) көрсетіп, осылардың бәрін университетке беруге болатынын, университетке келетін оқытушылар үшін жаңадан салынып жатқан 32 пәтерлік үйді бере алатынымды айттым. Сөйтіп, мәселені облыстық бюроның талқысына салдық. Бірақ талқылауда жұрттың көбі бізге қарсы болды. Айтпаған дәлелі қалған жоқ. Бізді Кабиров Николай Шамсутдинович деген ұлты татар, обком хатшысы болған кісі ғана қолдады. Бәрібір облыс басшылығы мәселені шешуді кейінге қалдырды. Сансызбай Бекбосынов деген бұрын обкомда хатшы болған, кезінде бірге істескен кісі бізді көріп, мәселені түсінген соң, қайтадан бюро жиналысын ашқызып, өзі мінберге шығып, бізді қолдайтынын білдірді. Ақыры бұл әңгіме Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жетті. Елбасы бізді қолдады. Сөйтіп, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда бұрын аудан орталығы болып келген шағын қалада Түркістан мемлекеттік университеті ашылып, оған ойшыл ақын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың есімі берілді. Бұл Назарбаевтың өз жарлығымен ашылған еліміздегі екі университеттің бірі болды. Университет ашылғасын қалалық әкімшіліктің ғимаратын да соларға беріп, өзім басқа бір ескі ғимаратқа көштім. Бір көшенің бойына салынған 32 пәтерлік үй мен бір қабатты үйлерді Түркістанда ашылған университеттің оқытушыларына бергіздім.

Кейін Елбасы, қасында Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Озал бар, Түркістанға келгенде жол бойына «Қадірлі Нұрсұлтан аға! Өзіңіз ашқан университеттің студенттері сізді күтеді!» деп жазылған транспараттарды іліп қойдық. Елбасының жұмыс кестесінде университетті көру болмаса да, әлгі жазуларды оқып, университетке келді. Екі елдің басшыларын университет алдында күтіп алып, университеттің құрметті профессоры деген атақ беріп, мәре-сәре болдық та қалдық. Содан шай үстінде Тұрғыт Озал мұны Қазақ-түрік университеті деп атайық деп ұсыныс айтты. Одан кейін Яссауи кесенесіне барып, екі ел президенті өмірі ешкім кірмеген ақынның жатқан жеріне кіретін болды. Дайын тұрған молда ақын қабірінің жанында отырып құран оқыды. Екі президент пен және молда төртеуміз кірдік. Тұрғыт Озал ақын қабіріндегі көк тасты сүйіп, көзіне жас алып, қабірді бір айналып, жақын барып отырды. Молдадан кейін өзі құран оқыды.

Екі елдің президенті келіп кеткен соң бір жылдан кейін Тұрғыт Озал қайтыс болды. Одан кейін Түркия президенті болған Сүлеймен Демирел келгенде Қазақ-түрік университеті ашылды. Басқарушы екі ғылыми кеңес. Оның басқарушысы түрік жағынан, ал атқарушы ректор-президенті қазақ жағынан сайланды. Сөйтіп, аса бір қиын кездерде түрік жағы университетке елу пайыз қаражат аударып отырды. Кесенені де түрік жағы өз қаражатымен жөндеді.

– Сіз кезінде әдебиетпен айналысып, көптеген мақалалар жазып, кітаптар шығардыңыз. Түркістаннан кейін Ақтөбе облысында еңбек етіп, ғылыммен айналыстыңыз. Әдебиет пен ғылымға қызығушылығыңызға не түрткі болды?

– Енді әдебиет жөнінде айтар болсақ, сөз өнерімен Түркістанға келгесін айналыса бастадым. Шымкент қаласында комсомол жұмысында жүрген ақын Қасымхан Бегмановты туған жеріне еңбек етуге шақырып, қалалық мәдениет бөлімін басқарттым. Соның арқасында қаламгерлермен жақын таныса бастадым. Қалада түрлі әдеби шаралар өткізу жиіледі. Өзім де ақындар шығармалары туралы мақалалар жазып, кейін кітап шығардым.

1994 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Экономика институтында экономика ғылымының кандидаты ғылыми атағын алу үшін кандидаттық диссертация қорғадым. Сол жылы ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің бұйрығымен Алматы темір жол көлігі инженерлері институтының Ақтөбе филиалына директор болып тағайындалдым. Ол жерде 1996 жылы еліміздің Батыс аймағы үшін Ақтөбе Жоғарғы темір жол көлігі колледжі құрылып, осы оқу орнының ректоры болып қызмет еттім.

2007 жылдан бері Қазақ Көлік және коммуникациялар академиясының «Экономикалық пәндер» кафедрасының профессорымын. Экономикаға арналған бірнеше оқулық кітаптарым жарық көрді.

Жалпы білімімнің жеткенінше еліме еңбек етуден жалықпадым. Ғылыммен де, әдебиетпен де айналыстым. Өмірде халқың үшін еткен қызметің елеусіз қалмайтынын түсіндім. Халқыңды сүйіп, тегіңді мақтаныш етіп, еліңнің патриоты болғаннан асқан бақыт жоқ шығар.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар