7 Наурыз 2018, 23:45 754 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

 Жансейіт Түймебаев қарттар үйіндегі аналарды арнайы барып құттықтады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы қарттар үйінде болды. Онда жалғызбасты әйел азаматтарын 8 наурыз «Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады,  деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, жүздеріңізге нұр шашсын. Бүгінде өңір тұрғындарының 1 млн 446 мыңын нәзікжандар құрайды. Бұл дегеніміз еліміздегі бұрымдылардың ең көбі біздің облыста дегенді білдіреді. Олардың арасында ақыны да, жазушысы да, ғалымы да, тіпті үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүрген кәсіпкерлер де бар. Аймақтың экономикалық дамуына қаракөз аруларымыздың қосып келе жатқан үлесі орасан зор деп білемін», - деді Жансейіт Қансейітұлы. Аталған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 77 әйел қызмет алуда. 260 орынға шақталған мекемеде жалғызбасты қарттар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер бар. Оларға арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдендірілген 8 түрі көрсетіледі. Айта кетейік, облыс бойынша 8 мыңнан астам азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылса, оның 2 мыңнан астамы жалғызілік қарттар. Бүгінде жалғызбасты қарттардың 121-і облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№5 арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығында» толық мемлекет қамқорлығына алынып, кешенді қызметтермен қамтылуда. Ал, облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр облыстық ардагерлер үйінде болып,  ақ жаулықты аналарды айтулы мерекемен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар