7 Наурыз 2018, 15:10 1102 0 Қауіпсіздік Анар ЛЕПЕСОВА

Ким Чен Намды өлтірген қарудың кесірінен Пхеньянға жаңа санкция салынды

АҚШ Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкциялар салды. Бұған елде Ким Чен Ынның ағасы Ким Чен Нам өліміне себеп болған химиялық зат – XV агентінің қолданылуы себеп. 

АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Хизер Нойерт таратқан мәлімдемеде АҚШ үкіметі 22 ақпанда Ким Чен Ынның ағасы Ким Чен Нам өлімінің себебі туралы шешім шығарғанын айтады. Нойерттің сөзінше, Пхеньянға қосымша санкция Ким Чен Нам өлімінің себебі ресми жарияланған соң, 5 наурызда күшіне енген.

"Химиялық қаруды қолдануға қатысты әмбебап халықаралық нормаларды ашықтан-ашық құрметтемеу Солтүстік Корея билігінің жауапкершілігі жоғын көрсетеді. Біз Солтүстік Кореяның кез-келген [жаппай қырып-жою қаруы] бағдарламасына төзе алмаймыз" деді Хизер Нойерт.

Ким Чен Намды былтыр ақпанның 14-і күні Малайзия астанасы Куала-Лумпур әуежайында жылдам әсер ететін у жағылған орамалмен бетін бүркеп өлтірген.

Солтүстік Кореяның бұрынғы басшысы Ким Чен Ирдің үлкен ұлы Ким Чен Нам соңғы жылдары негізінен шетелде тұрған, ол ресми Пхеньянды ашық сынап жүрген. Оңтүстік Корея билігінің мәліметі бойынша, оның қазасына Солтүстік Корея арнайы қызметінің қатысы болуы ықтимал.

АҚШ заңдары бойынша, химиялық немесе биологиялық қаруға салынған тыйымды бұзған елдің тауарын импорттауға санкция салынады. Бірақ АҚШ пен БҰҰ Солтүстік Кореяға қарсы бұған дейін де бірнеше санкция салғандықтан, жаңа санкцияның әсері аз болады деген болжам айтылады.

Соңғы жаңалықтар