413
Оңтүстік Қазақстан: Өткен жылға өкпе жоқ
Оңтүстік Қазақстан: Өткен жылға өкпе жоқ
Еліміздің лауазымды тұлғалары түгелдей есеп беруге кіріскен уақыт. Халық алдында есеп беру – істеген еңбектің нәтижесін паш ету. Халық әкімнің іскерлігін – өңірдің экономикасының артуына, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруы мен жұмыспен қамтылуына, яғни оның нақты атқарған істеріне қарап бағалайды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев та өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. Былтыр өңірде қандай оң өзгерістер болды және биыл экономиканың дамуына серпіліс беретін қандай нақты жобалар жүзеге асырылмақ?
ЕҢ КӨП ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН ӨҢІР
Оңтүстік өңір – негізінен аграрлық-индустриялық бағытындағы аймақ. Мәселен, облыста өткен жылы өнеркәсіп саласында 858,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл есепті кезеңмен салыстырғанда 69,5 млрд теңгеге өскен. Ал өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 585,7 млрд теңгеге жетіп, 98,1 млрд теңгеге артқан. Индустрияландыру картасы аясында 36,4 млрд теңгеге мыңға жуық жұмыс орнын құрайтын 18 жоба іске қосылды. Бүгінгі таңда 11 индустриялдық аймақтың 7-уі толыққанды жұмысқа көшіп, оларда 9 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 7,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы аудан, қала әкімдеріне де талапты күшейтіп, өздері басшылық жасап отырған аймақтарға инвестиция тартуды қадап тапсырған болатын. Былтыр облысқа 482 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2016 жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға артты. Республикалық деңгейдегі инвестиция көлемі жағынан облыс бірінші орында. Сондай-ақ, облыста Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 242 млрд теңгеге 10 мың жаңа жұмыс орны ашылатын 175 жоба іске қосылды. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына (2015-2019 жж.) құны 1,3 трлн теңгеге 18 мыңнан астам жұмыс орны бар 137 жоба енген. Оның ішінде 2 жоба («ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мен «Шардара СЭС» АҚ) республикалық Индустрияландыру картасының жобалары.СУЛЫ ЖЕР – НУЛЫ ЖЕР
Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Былтыр ауыл шаруашылығында өнім көлемі 522,4 млрд теңгені құрап, республика бойынша екінші орынға жайғасты. Бұл салада негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі 38,1 млрд теңгеге жеткен. Ал былтыр 24,9 млрд теңге субсидия бөлініп, 40 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 818 мың гектар жерге егін егілсе, соның 591 мың гектары суармалы алқап. Мамандардың пікірінше, бұл көлемді 900 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Бірақ басты қолбайлау – ағын судың тапшылығы. Осыны ескерген облыс әкімі Ж.Түймебаев өңірде шағын су қоймаларын салуды қолға алатынын жеткізді. Нақтырақ айтар болсақ, 2017-2020 жылдары жалпы құны шамамен 6,3 млрд теңге болатын 30 шағын су қоймасы салынбақ. Әзірге оның 16-сының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Алғашқы 2 қойманың құрылысына биыл 174,2 миллион теңге жұмсалса, келер жылғы облыстық бюджеттен 14 шағын су қоймасын салуға 2,1 миллиард қаржы қарастырылған. Егер сыйымдылығы 342 миллион 700 мың текше метрді құрайтын 16 шағын су қоймасы іске қосылса, облыстың диқан қауымы ағын судың тапшылығынан құтылар еді.ДЕНСАУЛЫҚ – БАҚЫТ, БІЛІМ – БАЙЛЫҚ
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі үшін ең алдымен халықтың денсаулығы мықты, білімі жоғары болу керек екені айтпаса да түсінікті. Тарқатып айтсақ, 2017 жылы денсаулық сақтау саласына 55,2 млрд теңге бағытталып, медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жарақталу көрсеткіші 65,1 пайызға жеткізілді. Емдеу мекемелерін компьютермен қамтамасыз ету көрсеткіші 78 пайызға жетті. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласы бойынша 33 нысан, оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, 1 ауылдық емхана, 17 фельдшерлік-акушерлік пункт, 5 медициналық пункт және 3 басқа да денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ауысымына 500 адамды қабылдауға мүмкіндік беретін 4 емхананың құрылысы басталды. Мұндай типтік емханалардың екеуі халық тығыз орналасқан Мақтаарал ауданында, қалған екеуі Сайрам ауданы мен Кентау қалаларынан бой көтереді. Білім беру саласына келетін болсақ, бұл салаға өткен жылы 258 млрд теңге қаржы қарастырылса, облыста жаңадан 133 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ашылып, онда 14 мыңға тарта орын пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары 1784 бірлікті құрап, 191 мыңнан астам бала балабақшамен қамтылды. Осылайша, балабақшамен қамту деңгейі 87,1 пайызға жетті. Сонымен бірге өңірде 29,8 млрд теңгеге 82 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 32 нысан ел игілігіне тапсырылды. Оның ішінде 8 апатты және 13 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілді. Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес, 7 197 педагог қайта даярлаудан өтсе, 11 131 педагог біліктілігін арттырды. Жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін ағылшын тілінде оқытуға көшіру бағытында информатика, физика, химия, биология пәндері мұғалімдерінен 2 579 педагог ағылшын тілі бойынша біліктілігін арттырды. «Цифрлық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығында «Smart Ontustik Bilim» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Ол бойынша педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдау автоматтандыру үрдісімен жүргізіледі. Осы үрдіс бойынша бүгінгі күнге дейін педагог қызметкерлерден 718 өтініш беріліп, 495 педагог жұмысқа қабылданған.«МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ»
Оңтүстік Қазақстан облысындағы агро-өнеркәсіп кешеніне цифрлық технологияларды қолдану қарқынды дамып келеді. Мәселен, мамандар егін шаруашылығы мен мал шаруашылығына енгізілген жаңа технологияның жемісін көріп келеді. Бүгінде бағбандар озық технологияның нәтижесінде 2,8 мың гектар жерге егілген қарқынды баудың өнімділігі, дәстүрлі тәсілмен егілген 29 мың гектар баудың өнімділігіне қарағанда 1,5-2 есеге артқанына көз жеткізді. Бұл биылғы Елбасы Жолдауының үшінші бағытында айтылған «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту тапсырмасына саяды. Ал өңірдегі жылыжайдың 70 гектары автоматтандырылған. Осының арқасында 1 гектарға шаққандағы өнімділік 1 жылда 200 тоннадан астам қияр мен 400 тоннаға жуық қызанақ береді. Жалпы, 2017 жылы облыс бойынша жылыжайдың көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артып, 1 325 гектарды құрады. Сонымен қатар тамшылатып суару 16 пайызға артып, 59,1 мың гектарға жетті. Бұдан бөлек, мал шаруашылығында барлық мал басының есебі автоматтандырылып отыр. Бұл шара малдың қозғалысын және барлық ветеринарлық іс-шараларды тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыстағы мал шаруашылығы өнімін өндіру мен өңдеуде жаңа технологиялар белсенді түрде қолдануда. Мысалы, сүт өндірісін дамытумен айналысатын «Бөрте-Милка» сүт тауарлы фермасы сиырды сауудан бастап азықтандыру және сүтті сақтауға дейінгі процесті автоматтандырылған жүйе арқылы атқарады. Өндірісті автоматтандыру нәтижесінде кәсіпорында 1 сиырдан жылына 7 мың литрге дейін сүт алынады, ал дәстүрлі тәсілмен өнімділік 3 мың литрді құрайды. Сонымен бірге облыстағы 2,7 млн бас құстың 1,2 миллионы заманауи автоматтандырылған құс фермаларында («Шымкент құс», «Ордабасы құс») өсіріледі. Онда тауықтарды қоректендіру, жұмыртқа жинау, сою, дайын өнімді сақтау мен санитарлық жұмыстардың барлығы автоматтандырылған жүйе арқылы іске асырылады. Цифрлық технологияны қолданудың нәтижесінде құс етін өндіру 5 есеге дейін артты.ШЫМКЕНТ ҚАЛАЙ ШЫРАЙЛАНБАҚ?
Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында Астана, Алматы және Шымкент, Ақтөбе қалаларында агломерацияларды дамыту бойынша стратегиялық қажеттіліктерді белгілеген болатын. Осыған байланысты өңір аумағының өсімін басқару үшін Шымкент агломерациясының аумақтарын дамытудың өңіраралық схемасы әзірленді. Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы аумағы 1573,5 мың гектарды құрайтын Шымкент агломерациясын дамыту жобасы қолға алынбақ. Шымкент агломерациясын дамыту жоспары аясында көліктік жүйені дамыту қарастырылған. Яғни, Шымкент қаласының Оңтүстік, Шығыс және Солтүстік бөліктерінде үш айналма жол, қаланың сыртқы айналмадағы 118 шақырымы, Сарыағаш қаласының айналма жолы мен облыстық және аудандық маңыздағы 720 шақырым жол жөндеуден өтеді. Сонымен бірге «Шымкент-2» теміржолы мен Шымкентті айналма 43 шақырымдық теміржол салу жобасы да бар. Бұдан бөлек, Арыс вокзалын да жөндеу мен Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданында 2020 жылға дейін екі көліктік-логистикалық орталық салу жоспарға іліккен. Ал елімізде дүниеге келетін сәбилердің 25 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін назарға алған аймақ басшысы агломерация аясында 175 жаңа мектептің құрылысын жүргізуді де назардан тыс қалдырған жоқ. Енді Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы аумағы 1573,5 мың гектарды құрайтын Шымкент агломерациясын дамытуға басымдық берілетін болады. Ондағы негізгі мақсат – қала аумағындағы елді мекендердің әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық мәселелерін шешу.МАҚТААРАЛ – ҮШ, САРЫАҒАШ – ЕКІ АУДАНҒА...
Күнгейде жақсы жаңалық көп. Әсіресе, қаншама жылдан бері айтылып, шешімін таппай келе жатқан аудандарды бөлу мәселесінде сең қозғалды. Оңтүстік Қазақстан облысы мәслиxатының кезектен тыс ХХ сессиясында қаралған ұсынысты депутаттардың барлығы ерекше ықыласпен қолдады. Бұдан былай суы шипалы өңірді Сарыағаш және Келес, ал мақталы аймақты Мақтаарал, Асықата, Жетісай аудандары деп қайта құру ұсынылды. Енді тек Елбасының жарлығы шыққанын күту ғана қалды 1997 жылы 24 сәуірде сол уақыттың талабына сай біріктірілген аудандардың енді өз алдына жеке шығуы заманның сұранысына орай жүзеге асуда. Бүгінде Мақтааралда 304 684, Сарыағашта 327 мың адам тұрады. Екі аудан да Өзбекстанның 10 ауданымен шектеседі. Айтпақшы, «Мақтаарал» атауындағы қалып кеткен «а» осы жолы қосылып, олқылықтың орны толғанына да тоқталмай кетуге болмас. Сонымен сәтін салса оңтүстіктегі аудан-қалалардың саны 18-ге жеткелі тұр.