Ақынның бар болмысы – өлеңінде

Ақынның бар болмысы – өлеңінде

Ақынның бар болмысы – өлеңінде
ашық дереккөзі
562
Жылдағы дәстүр бойынша 9 ақпанда қазақ халқы біртуар ұлы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты еске алды. Ақын көзі тірі болса биыл 87 жасқа толар еді. Жер-жерде еске алу кештері өтті, ақынның өлеңдері оқылды, көзкөргендердің әдемі естелігі тыңдалды. Мұқағалидың мөлдір жырларын сағынғандардың ендігі бір легі театрға асықты. Өйткені жыл сайын ақынның туған күнінде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Мен ұмытылмаймын...» спектаклін сахналайды. Қойылымды көппен бірге біз де тамашаладық. Спектакльдан соң Мұқағалиды сомдаған театрдың белді актері Әсет Иманғалиевпен тілдесудің сәті түсті. ‒ «Мен ұмытылмаймын...» ‒ Мұқағали Мақатаевқа арналған бірегей спектакль. Қателеспесек, қойылымның тұсаукесері 2015 жылы өткен болатын. Содан бері театр сахнасында үзбей қойылып келеді. Сіздіңше, спектакль ақынның мұңын, күйініш-сүйінішін көрерменге толық жеткізе алды ма? ‒ Бұл қойылымда ақынның жан дүниесінің арпалысқа түскен кезі айрықша суреттеледі. Мұқағали Мақатаевтың өмірін бір жарым сағатқа сыйдыру мүмкін емес, өзіңіз білесіз. Қойылымда ақынның соңғы күндерінің бірі ғана сахналанды. Спектакльде Мұқағали Музамен сырласады. Ол «Мен бүгінге дейін не істедім?» деген сұраққа жауап іздейді. Театрдың әу баста қойылымды қоярдағы мақсаты – мұзбалақ ақынды поэзиясы арқылы халқымен қауыштыру, үндестіру болатын. Менің ойымша, мақсатымызға жеттік. «Мен, ұмытылмаймын...» ақиық ақынның мұңын, өмірге деген өкпесін, өзіне деген күйінішін көрермен көкейіне жеткізе алды. «...Отырғанын қарашы күйім келмей» деп басталып, «аңқылдаған ақ көңілділіктен не таптым, өзім де өкінем, менің өмірім де, өкінішім де өлеңімде» деп өрбитін, «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп аяқталатын қойылымда ақынның күйініш-сүйініші, өмірге деген шексіз махаббаты – бәрі-бәрі қамтылған. ‒ Басты рөлді сеніп тапсырғанда режиссер Балтабай Сейітмамытұлы алдыңызға қандай міндет қойды? ‒ Режиссер Мұқағали рөліне бекіткенде жауапкершіліктің жеңіл болмасын түсіндім. Қазақтың біртуар ақынын, оның жырларын білмейтін қазақ кемде-кем. Сондықтан қателесуге қақым жоқ еді. Балтабай Сейітмамытұлы маған ақын өлеңдерін тұшынып оқуды, сол арқылы оның жанына үңілуді, не айтқысы келгенін ұғуды баса талап етті. Өйткені оның бар болмысы, бүкіл ғұмыры – өлеңінде. ‒ Ақын рөлін сомдауда қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз? Кейіпкердің болмысын дөп басу үшін қалай іздендіңіз, кімнің көмегіне жүгіндіңіз? Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін қайталап оқыған сайын сан қырлары ашылатынын байқадым. Жырларының тереңіне бойлаған сайын өзіңмен-өзің сырласып отырғандай күй кешесің. Қойылымға дайындық кезінде бойымда қорқыныш басым болды. Ақынның айтқысы келгенін халыққа жеткізе алам ба, болмысын дөп басып көрсету қолымнан келе ме, мүлт кетсем көрермен кешірмейді деген ойлар маза бермеді. Мұқағалидың өлеңін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жатқа біледі. Шығармашылығын білген адам оның өзі, өмірі жайлы да хабардар деген сөз. Сондықтан бұл рөл үлкен ізденісті, қажырлы дайындықты қажет ететінін түсіндім. Өлеңдерінен бөлек, күнделігін бірнеше қайтара оқып, оның мінезін тануға, арман-мұратын түсінуге тырыстым. ‒ Мұқағали Мақатаевтың көзін көргендер сіз жасаған образға қандай баға берді? ‒ Актер қанша шебер болса да, кейіпкерінің болмысын айна-қатесіз көрсете алмасы анық. Мінсіздікке ұмтылған жоқпын, өлеңдерінің астарын ашып, өзім ұққанды өзгелерге ұқтыруға баса көңіл бөлдім. Мұқағали Мақатаевтың көзін көріп, сыйлас, сырлас болған жандар қойылымға да, менің рөліме де оң бағасын берді. ‒ Қойылым бастан-аяқ жырмен өрілген. Спектакльде Мұқағали Мақатаевтың неше өлеңі оқылды? Бір жарым сағаттық қойылымда ақынның 30-дан астам өлеңі оқылды. ‒ Ақиық ақынның 100-ге жуық өлеңін жатқа білетініңіз рас па? Ақын шығармашылығына іңкәрлік қай кезде басталды? ‒ 100-ге жете қоймас, бірақ біраз өлеңін жатқа білемін. Ақын өлеңдеріне деген махаббат мектепті тәмамдап, жоғарғы оқу орнына түскенде басталды. Курстастардың арасында Мұқағалидың жыр жинағы қолдан-қолға өтіп жүретін. Мәнерлеп оқу десе, міндетті түрде Мұқағалидың мөлдір жырларынан бастайтынбыз. ‒ Қарап отырсақ, актерлік қоржыныңыз өте бай екен. Театрда қызмет еткен 11 жыл ішінде талай сүйекті образды алып шықтыңыз. Жантай («Қызыл орамалды шынарым»), Қодар («Қозы Көрпеш – Баян сұлу»), Әбілқайыр («Ант»), Асан («Ай Қарагөз…»), Көкжал («Қара шекпен») секілді ел жадында жатталған рөлдеріңіз бар. Тағы қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді? Актер үшін рөлдің үлкен-кішісі жоқ деп жатады. Нағыз сахна шебері өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруы тиіс, мейлі ол бас кейіпкер, болмаса екінші планда немесе көпшілік сахнада жүрген адамдардың бірі болсын – кез келген рөлге барын салуы қажет. Театрда қызмет етіп келе жатқан 11 жылда осы қағиданы ұстанып келемін. Бүгінгі күнге дейін біраз сүйекті рөлдерді ойнау бақыты бұйырды. Ендігі арманым – Бекежанды («Қыз Жібек»), Оралхан Бөкейді сомдау. Сондай-ақ, өзімді комедиялық рөлде сынап көргім келеді. ‒ Көрермен сізді кинодағы рөлдеріңіз арқылы да жақсы таниды. Түсірілім алаңынан алыстаған жоқсыз ба? Алдағы уақытта Әсет Иманғалиевті қандай фильмдерден көре аламыз? ‒ Бұйырса «Қырғызфильм», «Айтымфильм» және «Мосфильм» киностудиялары бірлесіп түсірген көршілес Қырғыз елінің туындысы – «Сүлейман тауы» фильмінде бас кейіпкер – Полат рөлінде көре аласыздар. Тұсаукесері Канадада өткен және Пекиндегі халықаралық фестивальде «Үздік фильм» аталымы бойынша жеңіске жеткен бұл фильм қазақстандық көрермендердің де көңілінен шығады деген ойдамын. Сонымен қатар, алдағы уақытта көрерменге «Қазақ батырлары», «Алмас қылыш-2» телетоптамаларынан, «Қашқарияға саяхат» фильмдеріндегі рөлдерім арқылы жақындай түспекпін. ‒ «Алатау» дәстүрлі өнер театрында шеберханаңыз бар екенін білеміз. Шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымыңыз қандай? ‒ Шеберханада балаларды қолымыздан келгенше актерлік өнердің қыр-сырына баулып жатырмыз. Әрине, әлі өзіміздің де үйренеріміз көп. Десе де, академияда ұстаздарымнан алған білім, сахнада алдыңғы буын аға-әпкелерден үйренген тәжірибені бөлісу айып емес шығар деп өнерге қызығушылығы зор жастарға сабақ беріп жүрген жайымыз бар. Мақсатым – олардың бойына өнерге адалдықты сіңіру. ‒ Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!  

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА

 

Серіктес жаңалықтары