Амалбек Тшанов: Олимпиада шыңынан көріну – әр спортшының арманы

Амалбек Тшанов: Олимпиада шыңынан көріну – әр спортшының арманы

Амалбек Тшанов:  Олимпиада шыңынан көріну –  әр спортшының арманы
ашық дереккөзі
Күллі әлемнің назары ертең Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласына ауады. ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының байрағы көтеріліп, әлемнің 80 елінен жиналған 5 мыңнан астам спортшы сынға түседі. Олардың қатарында қазақстандық спортшылар да бар. Биылғы қысқы Олимпиадада ел намысын қорғайтын спортшылардан қандай нәтиже күтеміз? Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «көз тиеді» деп ырымдап, алдын ала болжам жасауға асықпаған еді. Ал мамандар кімнен үміт күтіп отыр? Бұл туралы еліміздегі олимпиадалық резерв саналатын «Республикалық спорт колледжі» РМҚК директоры Амалбек Тшановтан сұрап көрген едік. – Ертең ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары басталады. Кімдерден үміт күтеміз? – 2014 жылғы Сочи олимпиадасында бір ғана қола медальді қанағат тұттық. Ол кезде спорттың 11 түрінен елімізден 58 спортшы қатысқан. Ал биылғы Олимпиадада 9 спорт түрінен 57 спортшы ел намысы үшін сынға түспек. Олардың қандай нәтиже көрсетерін нақты айту мүмкін емес. Бірақ үміт күтер спортшылар бар. Шорт-тректен спортшылар Азия ойындарында тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Мәнерлеп сырғанау бойынша Денис Теннің бұрындары көрсеткіштері жақсы еді, бірақ кейінгі кездері бәсеңдеп қалды. Содан кейін шаңғышы Алексей Полторанин Әлем кубогында жақсы өнер көрсеткені белгілі. Әрине, алтыннан алқа тағу оңай бола қоймас. Дегенмен қола мен күміс медальге қол жеткізіп, алғашқы жиырмалыққа енсек те, жаман болмас деп ойлаймын. – Қысқы спорт түрлері неге кенже қалып жүр? – Қысқы спорттан аса көп үміт күтпейтініміз де рас. Қысқы спортпен еліміздегі өңірлердің үштен бірінде ғана айналысады. Оның ішінде алға шығып жүрген Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының спортшылары. Көп облыстар қысқы спорт түрлеріне көңіл бөлмейді. Бірақ еліміздегі біраз өңірлерде қысқы спортпен айналысуға мүмкіндік бар. Мәселен, Петропавл, Қостанай сынды аймақтарда қыс жақсы. Таулық спорт болмағанымен, кейбір жарыс түрлерін ұйымдастыруға болады. Өкінішке қарай, қысқы спорт түрлерінің дамуы көңіл толтырмайды. Қазір Мәдениет және спорт министрлігі осы салаға көп көңіл бөлуде. Қыстық спортпен айналысатын бөлімдер, федерациялар да жұмысты қолға алып жатыр. Осының бәрі өз нәтижесін беруі қажет. Әр Олимпиада біз үшін үлкен сын. Ол төрт жылғы спортқа бөлінген қаражаттың, жасалған еңбектің жемісі көрінетін уақыт. Бізде Азиада кезінде қысқы спортқа бейімделген спорттық нысандар салынды. Содан бері біршама жыл өтті. Соның нәтижесін спортшыларымыз осы Олимпиадада көрсетуі тиіс. – Сол спортшыларды дайындайтын мамандардың аздығы себеп болып отыр деп ойламайсыз ба? – Ол да бар. Кеңестік жүйе ауысқан кезде  Одақ құрамында болған мемлекеттердің бәрінде экономикалық ахуал қиын болды. Сол кезде көптеген білікті жаттықтырушылар кетіп қалды. Қазір солардың біразын қайтадан жинап алуға болар еді. Біз өзіміз Азиададан кейін колледжде қысқы спорт бөлімін аштық. Оған дейін мұндай бөлім болған жоқ. Трамплиннен секіру, шаңғы жарысы, екісайыс бойынша тәрбиелеп жатырмыз. Қазір екі жаттықтырушы қыз бар. Жандарына тағы бір жаттықтырушыны қостық. Үшеуі болашақ чемпиондарды дайындауға жанын салып жүр. Өздері де жарысқа қатысып жүрген спортшылар. Бізде жасөспірімдер мен жастар тәрбиеленеді. Былтырдан бері мектептің де, колледждің де қысқы спорт бөліміне шәкірттер қабылдадық. Қазір бұл бөлімде 15 шәкірт бар. Әуелде бұл бөлім Шаңырақ ықшам ауданындағы спорт мектебінде болған. Ол жақтан трамплинге жеткенше екі сағат уақыт кетеді. Ал трамплин біздің колледжге жақын орналасқан. Шәкірттердің барып-келуіне жеңіл. Сондықтан бұл бөлімді өзімізге ауыстырдық. Қазір Қазақстанның біріншілігінде екі жыл ішінде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттерімізбен мақтана аламыз. – Колледж студенттерінің халықаралық жетістіктері көңіл қуантатыны рас. Спортшы студенттердің қандай жаңалықтары бар? – Біз жылда мектепке 80, колледжге 80 бала қабылдаймыз. Спорттың 17 түрі бойынша спортшы тәрбиелейміз. Оның бәрі олимпиада ойындары қатарына енетін спорт түрлері. Ал шәкірттерді спорттық нәтижелеріне қарай бағалаймыз. Үздік нәтиже көрсеткендер олимпиадаға баруға үміттілердің қатарына қосылып отырады. Негізінен, өз ережеміз бойынша, бізді бітіріп шыққан спортшылар бір жылға дейін «колледж балалары» болып есептеледі. Олар жеңіске жетсе, медальдары біздің есебімізге жазылады. Соған орай, мұғалімдердің жалақысына пайыздық үстеме қосылады. Сол үшін де жаттықтырушылар шәкірттерінің жақсы нәтиже көрсетуі үшін барын салады. Бұл да ынталандырудың, жақсы нәтижеге қол жеткізудің бір жолы. Қазір 4 баламыз кәсіби бокста жүр. Жазғы спорт түрлерінен жеңіс сыйлап жүргендердің көпшілігі біздің түлектеріміз. 2017 жылы колледждің 162 шәкірті спорт түрлері бойынша құрама командаларға мүше болды. Оның ішінде 18 оқушы негізгі құрамда (колледж оқушыларының жас шамасы негізінен жастар мен жасөспірімдерге сәйкес болуына қарамастан), 57 оқушы жастар құрамасында, 87 оқушы жасөспірімдер құрамасында өнер көрсетуде. Өткен жылы жасөспірімдер мен жастар арасында өткен ресми халықаралық жарыстарға 44 шәкіртіміз қатысты. Оның ішінде 12 спортшы әлем чемпионаттарына қатысып, 1 алтын, 3 күміс, 4 қола жүлдеге қол жеткізді. Ал әлем кубогына қатысқан 8 спортшының біреуі алтыннан алқа тақты. Одан бөлек Азия чемпионаттарына 25 спортшымыз қатысты. Олар елімізге 15 алтын, 14 күміс, 17 қола медаль сыйлады. Қазіргі уақытта Аргентинада өтетін жастар Олимпиадасының жолдамасы үшін 33 спортшымыз сайысқа түсуде. Бұл – үлкен нәтиже. – Жас спортшыларға Амалбек Тшанов қандай кеңес береді? – Бүгінгі таңда спорт мемлекеттің деңгейін көрсететін, экономикалық дамуын әйгілейтін, халықтың сана-сезімін, жастардың болашаққа деген талпынысын білдіретін атрибуттардың біріне айналып отыр. Технология қарыштап дамыған заманда әлемнің түкпір-түкпіріндегі байрақты бәсекелерді тамашалауға мүмкіндік бар. Елімізде де айтулы спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Осының бәрі жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып келеді. Сондықтан да қазір спортпен шұғылданып, биік нәтижеге қол жеткіземін деген жастар өте көп. Ал Олимпиаданың шыңына шығу – әрбір спортшының арманы. Кез келген спортшы сол биікке жету үшін тер төгеді, еңбектенеді. Қазақта «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген жақсы сөз бар. Сол бақ қонуы үшін аянбай еңбектену керек. Тер төкпей, спортта шыңға шығам деу бос әурешілік. Қазір «әуесқой» деген түсінік жоқ. Бізде қазір аптасына күніне екі реттен 12 жаттығу болады, тек жексенбі күні ғана демалыс. Бұл – кәсіби шыңдалудың алғашқы қадамы. Спортпен айналысамын деген жастар бұл қадамға ойланып баруы керек. Себебі спортпен кәсіби түрде шұғылдану оңай жұмыс емес. Күш-қуатты, қажырлы еңбекті, ерік-жігерді қажет етеді. Жастарға тағы бір айтарым, білімді болу керек. Осы колледждің басшылығында отырып, бір байқағаным, ата-аналардың, әсіресе ауылдан келген қазақ ата-аналардың спортқа деген көзқарасы өзгеше. Олар спортпен айналысқан балаға оқу-білім керек емес деп ойлайды. Осы бір қағида әбден санаға сіңіп кеткен. Мені қатты мазалайтын, ойландыратын мәселенің бірі осы. Спорт мыңның бірін ғана асырайды. Ал көпшілікті «спортқа барды, енді чемпион болады, жағдайын жасайды» деген ой дендеп алған. Ата-аналар балалары спортқа аяқ басқаннан-ақ, оларды чемпион ретінде елестетеді. Чемпион атанғандарға миллиондаған қаражат береді дегенді құлақтарына құйып алған. Оған жету оңай емес екенін ойлай бермейді. Мен ата-аналармен тұрақты кездесемін. Әуелі балалардан: «Сабағың қалай?» деп сұраймын. Сол кезде ата-аналар: «Аға, ол спортпен айналысады ғой, сабаққа қайдан уақыт табады?» деп жауап береді. Бір тәулікте 24 сағат бар. Қалай уақыт жетпейді? Жарайды, кәсіби дайындалғанның өзінде жаттығуға күніне 4 сағат қана кетеді. Қалған 20 сағатта не істейді? Осы колледжде қызмет атқарып жүргеніме 9 жылдай уақыт болды. Бетпе-бет келген қиындықтарымның бірі балаларды оқыту мәселесі болды. Әлбетте, біздің балалар жарысқа кетеді, құрамада жүреді. Біздің білім беру процесіміз де соған бейімделген. Қазір колледждегі білім беру процесін қатты қадағалап отырмын. Ары қарай да талапты күшейтпекпіз. Сондықтан ата-аналар әлгіндей ұстанымнан арылу керек. Ертеңгі күні не боларын ешкім де білмейді. Болашақты болжай алмаймыз. «Спорт» деп жанын жеп жүрген бала бір жағдайға ұрынып қалып, ары қарай спортты жалғастыра алмаса, не істемек? Спорттың соңынан қуып жүріп, оқу оқымаған болса, білімі болмаса, қалай күнелтеді? Әке-шешең өмір бойы сені асырай алмайды. Ол бала қайда барады? Не істейді? Бұл үлкен  мәселе. Осыны ата-аналар қазірден ойлану керек. Білімі жоқ баланың болашағы бұлыңғыр. Сондықтан білімнен бас тартуға болмайды. – Сұхбатыңызға рахмет!