550
Ең басты екі сөз
Ең басты екі сөз
Сөз – барша жаратылыстың басы деседі. Мейлі ол қаламмен өрнектелген сөз болсын немесе ауызша айтылған сөз болсын, тіпті үнсіз сананы жаулап, ойды қармаған сөз болсын – адамның бар өмірі, іс-әрекеті, тағдыры Сөз арқылы сипатталып, толық есебі Сөз арқылы безбенделеді. Жақсы сөзді ырыс-берекенің тең жартысына теңеген қазақтың даналығы осынау тылсым сырларды сезгенінде. Жалғыз-жарым адам ғана емес, тұтас қоғамның, бүтін бір елдің, адамзаттың кешегісі мен бүгіні және ертеңі де Сөзбен өлшеніп, Сөз арқылы болжанады. Егер Қазақ елінің кешегісін бір ауыз сөзбен түйіндеу керек болса, ол қандай Сөз болар еді? Ал бүгінімізді ше? Алдағы жоспарларымыз бен үмітімізді бейнелейтін Сөз қандай?
Мемлекеттің алдағы он-жиырма жылдық даму бағдарын межелейтін, көксеген мақсат-мұраттарын бедерлейтін ең басты Сөз, шамасы – Халыққа арналған Жолдау. Ел басшысының өз халқына сөз арнап, жақын болашақтағы мемлекеттік саясат туралы өз ойымен бөлісуі. Әлбетте, Жолдау – белгілі бір қалып аясынан шықпайтын ресми құжат емес, сондықтан оның көлемі, бағдары, мазмұны, сипаты, тіпті өне бойындағы тамыр бүлкілі де әр қилы. Бұған қоса, Жолдау – нақты жоспар емес, жақын болашаққа жасалған меже мен бағдар ғана.
Әр Жолдау мәтінінің көңіл-күйі, сипаты әртүрлі дедік. Оны білдіретін ең басты Сөздер болады. Ендеше, ит жылында жасалған тарихи Жолдаудың индикатор-сөздері бар. Біздіңше, бұлар – Өзгеріс және Адам.
ӨЗГЕРІС
Бұл Жолдаудың өзі өзгеріске үндеп тұрғандай. Мәтінге қарасақ, «өзгеріс» деген сөз 6 рет ауызға алынады. «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деп басталатын беташар ой Жолдаудың мазмұнын ашып, бағыт-бағдарына сілтеме жасап тұрғандай. Өзгеріс дегеніміз – жаңалық. Қоғам мен мемлекеттің, әрбір адамның өміріне, тұрмысына енген жаңа өзгерістер. Жолдауда «жаңа» категориясы 30 рет қайталаныпты. Осының өзі-ақ бізді алда үлкен өзгеріс күтіп тұрғанынан хабар беретіндей. Яғни, «жаңа әлем», «жаңа технология», «жаңа құралдар», «жаңа әдіс», «жаңа талаптар», «жаңа сапа», «жаңа білім», «жаңа бағдарламалар», «жаңа технологиялық қалып», «жаңа әдістеме», «жаңа модель», «жаңа мамандық», «жаңа жұмыс орны», «жаңа тәртіп», «жаңа кесте», «жаңа кезең», «жаңа заман», т.с.с. сөз тіркестері айтулы жаңалықтар мен қайта жаңғыруға деген үмітті, игі өзгерістерге деген тілекті бедерлесе керек. Бұл жаңалықтардың дені өнеркәсіп пен технологияны дамытуға, жеке адамдардың мамандануы мен кәсіпкерлікке машықтануына қатысты болғанымен, адам және қоғам өміріндегі бір жаңалық басқа салаларда жаңғырық тудыратыны табиғи заңдылық. Бастысы, алда бізді «жаңа әлем» мен «жаңа кезең» күтіп тұрғанын паш етеді. Сөзбе-сөз келтірсек, «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» немесе «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды». Жаңалықтың жаршысындай «төртінші өнеркәсіптік революция» тіркесі бұл мәтінде 4 рет кездеседі. Осылайша, Елбасы елдің келешегін өнеркәсіппен байланыстыратынын меңзейді. «Өнеркәсіп» термині 6 рет айтылса, жалпы өнеркәсіпке қатысты ұғым-категориялар 12 рет қолданылған. Оның ішінде, агроөнеркәсіптің ғылымға негізделіп, заманауи технологияларды жүзеге асыру қажеттігі жайлы ой ерекше назар аударуға тұрарлық. Мұның себебі, Жолдауда айтылғандай, «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет». Яғни, индустрияландыру жобаларын ойдағыдай жүзеге асырып, жаңа технологияларды енгізуде көшбасшы елге айналу қажет. Осы орайда «технология» категориясына қатысты тіркестер Жолдауда 25 рет қолданылуы тегін емес. Мәтіннің өне бойы «жаңа технологиялар», «ақпараттық технологиялар», «инновациялық технологиялар», «ақылды технологиялар», «цифрлық технологиялар», «заманауи технологиялар», «интеллект технологиялар» т.с.с. сияқты сөз тіркестеріне тұнып тұр. Мұның бәрі технологиялық, инновациялық, экономикалық, тіпті сана-сезімдегі өзгерісті қажет етеді. Өзгерістерге апаратын «жаңғыру» ұғымы 4 рет айтылған. Мұны «Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды» және «Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры» сияқты тіркестерден табуға болады. Бұдан бөлек, «жаңарту», «жаңартылған» категориялары 8 рет кездеседі. Мысалы, «Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық», «білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен», «жаңартылған мазмұнға көшу басталды» деген ой бедерінде қолданылады. Рас, бүгінде әлем осыдан жиырма бес, тіпті он жыл бұрынғы әлем емес. Күн сайын жаңа технологиялар дүниеге келіп, ақпарат алмасу құралдары мен оның таралу жылдамдығы сәт сайын тыңнан түрен салып жатқан заманда енді ештеңе бұрынғыдай болмайды. Жаһандық өзгерістерге ілесу үшін ақпараттық-инновациялық технологиялар жарысына үн қосуымыз керек. Әйтсе де, қоғамдағы ғылыми-технологиялық жаңалықтар санадағы сілкіністен туады. Ендеше, алға жылжу үшін, өсу үшін өзгеріс қажет.АДАМ
Өзгерістің бәрі осы мемлекет, осы қоғамның мүддесі үшін жасалатыны түсінікті. Әйтсе де, осы Жолдауда «адам» ұғымына тереңірек маңыз берілгені байқалады. «Адам» категориясы әртүрлі пішінде 7 рет қайталанған. Атап айтар болсақ, «жеке адамдардың пайдасы үшін», «әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор», «адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына», «қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту» деген тіркестер қоғам мен мемлекет мүддесі әрбір жеке тұлғаның мақсат-мүддесінен құралатынына меңзейді. Жолдауда тізбеленген басты міндеттердің жетіншісі «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатыны тағы бар. Сонда жоғарыда айтылған Өзгерістердің бәрі ең әуелі осы мемлекеттің Адамдары үшін жасалатыны анық. Онда да адамдардың абстрактілі тобынан гөрі әр адамның мүддесі ескерілетін кезең жеткені сезіледі. Салыстыру үшін Жолдауда «халық» деген категорияны санап көрелік. Жалпақ мағынасында бұл ұғым 9 рет кездесті. Оның ішінде «халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар», «халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуі», «халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтер», «халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобы», «жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тарту» секілді ойларды айту үшін кең мағынасында қолданылған. Яғни, «адам» категориясы нақты жоспар, айқын міндеттерді бейнелеуге қызмет етсе, «халық» ұғымы мемлекеттік саясаттың бағдарын түсіндіру барысында жалпылай қолданылған. Адам дегенде, келешектің адамдары – жастарға жағдай жасаудың маңызы көрсетілген. «Жастар» мен «жас ұрпақ» ұғымдары Жолдауда 5 рет қолданылыпты. «Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты», «Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі», «Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек», «Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек» деген межелі ойлар алдағы өзгерістердің кім үшін жасалатынын түсіндіріп өтеді. Жас ұрпаққа балама ретінде «бала» ұғымы 7 рет қолданылған. Оның ішінде, жас ұрпақтың білім алуы мен тәрбиесі туралы айтқанда «біздің балаларымыз» деген тіркестің ауызға алынуы ресмиліктен қашып, барынша адами жақындықты таныту ниеті барын аңдататын сияқты. Мысалы, «балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді», «балалардың ерте дамуы үшін», «біздің балаларымызға қажетті»деген тіркестерде мемлекеттік құзырет иесінен гөрі әкелік, адамдық сарын сезіледі. Келешек пен жастардың өмірін жақсартуға қажетті қандай тетіктер бар дегенде екі мәселеге назар аударылады: ғылым және білім. Мысалы, «ғылым» категориясына қатысты терминдер мәтінде 12 рет қайталанады. Атын атап, түсін түстер болсақ, «аграрлық ғылым», «математика және жаратылыстану ғылымдары», «жаратылыстану ғылымы», «қолданбалы ғылыми-зерттеулер», «металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымы» – бұлар елдің ертеңіне деген үміт жалғайтын салалар болады. «Білім» категориясының әртүрлі мазмұнда 23 рет қайталануы да тегін емес. Себебі көшбасшы ел болу үшін, ірі өзгерістерге толы жаңа кезеңге қадам басу үшін жаңа тұрпаттағы сапалы білім қажет. Мәтінге жүгінсек, бұл – «Білім берудің жаңа сапасы», «цифрлық білім беру ресурстарын дамыту», «агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім». Әсіресе, «Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады» деп, баршаның сапалы ақпарат пен заманауи технологияларды өз игілігіне пайдалануына жағдай жасау керектігін баса айтады. Бұған қоса, «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» және «Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек» деп, бұл саладағы ірі өзгерістердің заманы туғанынан құлағдар етеді. Қоғам жеке адамдардан құралғанда, олардың бәрін біріктіретін мемлекет, яғни «біз» категориясы. Мемлекет те, оның жоспар-бағдары да, осы жоспарға құрылған бағдарламаларды жүзеге асыратын жауапкершілік те – біздікі. Жолдауда 22 рет қайталанған «біз» категориясы осыны меңзейді. Мәтінде бұл сөз негізінен атау, ілік және жатыс септік жалғауларында қолданылған. Ортақ жауапкершілік туралы ойды «Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп», «Бұлар біздің балаларымызға қажетті», «Біз жаңа заманға сай болу үшін» деген сөйлемдерден аңғаруға болады. Бұл межеленген өзгерістерді жүзеге асыру үшін әрбір адамның құқықтары толық қорғалуы тиіс. Жолдау қоғамда заң үстемдігін орнату қажеттігін баса айтады. Сондықтан да «заң» категориясы мәтінде 13 рет қайталанған. Яғни, электрондық еңбек биржасы туралы немесе бизнесті реттеуге қатысты заңдарды қабылдау туралы немесе бұрын қабылданған заңнамаларға өзгеріс енгізудің қажеттіліктері туралы айтылсын, қоғам мен мемлекет өмірінде заңның үстемдігін орнатпай алға жылжу болмайтынын түсіндіріп өтеді. Өзгеріс біржақты болмайды. Қоғамдағы әрбір адамның мүддесі қорғалатын, барша халықтың игілігіне бағытталған өзгерістер ғана бізді жаңа кезеңдегі жаңа әлемде өмір сүруге дайын етеді.