523
Бөкей даласы бастан кешкен қасірет
Бөкей даласы бастан кешкен қасірет
Шұғыл
Кезектен тыс
Үш мекен-жайға
Москва
Әлеуметтік қамсыздандыру халкомына, Азық-түлік халкомына
Жедалхат, 20 наурыз, № 610
«Ақгвардияшылардан азат етілген Бөкей даласындағы қалыптасқан аса ауыр жағдайға байланысты, Орталықтан 100 млн рубль ақша және азық-түлік сұраған өтінішімізге ешбір жауап келмей отырғанын тағы да хабарлап, Бөкей губерниялық атқару комитеті адамдарды аштықтан құтқару үшін жедел көмек сұрайды
№ 986, 26 сәуір, 1921 ж.
Бөкей губерниялық атқару ком. төрағасы Берғалиев
Хатшы Чинитаев»
Азамат соғысы аяқталғаннан кейін, кеңес халқын тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. Қыста қардың, жазда жауынның болмауы кеңес елінің көптеген өңірлерін құрғақшылыққа ұшыратып, оның соңы 1921 жылдың жазында ашаршылық нәубетіне әкелді. Тарихи деректерде 1921 жылдың күзіне қарай 20 миллионнан астам адамның аштыққа ұшырағаны айтылады. Ал 1920-1922 жылдары Бөкей губерниясы халқының да аса ауыр ашаршылық жағдайына ұшырағанын Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған деректерден анық көреміз. Мәселен, Бөкей губерниялық Кеңесі атқару комитетінің 1920 жылы 16 наурыз күні өткізген мәжілісінде Қамыс-Самар уезі, І Теңіз округі мен Нарын қисымындағы аштыққа ұшыраған халықтың ауыр жағдайы туралы Қамыс-Самар уездік атқару комитетінің өкілдері Жүсіпқалиев пен Б.Жанекешевтің баяндамасы тыңдалып, ашыққандарға көмек ұйымдастыру үшін І Теңіз округіне Шынтаев пен Дыбысқалиев, Қамыс-Самар қисымына Н.Залиев, Нарын қисымына Измайлов сияқты партия қызметкерлерін жіберу жөнінде шешім қабылдайды. Сонымен бірге өлкеде қалыптасқан аса ауыр жағдайды мәлімдеп, Москвадағы қырғыз (қазақ – Б.Б.) өкілдігі арқылы 3 мекен-жайға төмендегідей жеделхат жөнелтіледі. Сондай-ақ, Бөкей облыстық Қамыс-Самар уезі азық-түлік комиссарының жазған мына мәлімдемесінен азамат соғысы жылдарында өлкедегі қалыптасқан ауыр жағдайды көруге болады: «1919 жылы желтоқсанда Қамыс-Самар уезінде Кеңес өкіметі орнады. Бұнда азық-түлік бөлімі құрылып, ол 1920 жылы мамыр айына дейін қызмет жасады. Уездің осы кезеңдегі шаруашылық жағдайы туралы айтсақ, басқаларға қарағанда Қамыс-Самар уезі орал казактарының шапқыншылығына көп ұшырады. Азамат соғысы кезінде казак әскерлері Қамыс-Самардан азық-түлік, көліктері үшін малды ғана алып қоймады, жем-шөп, арба, ертұрман, киіз, тағы басқа қажеттіліктері үшін бәрін тартып алып отырды». Демек, біріншіден, азамат соғысы жылдарында өлкедегі ақ гвардияшылар мен казак әскерлерінің жергілікті халықты қырып-жойып, тонаушылық жасауы, екіншіден, өлкеде орын алған қуаңшылық, жұт салдарынан малдың жаппай қырылуы 1920-1922 жылдары Бөкей губерниясының халқын ашаршылыққа ұшыратып, әбден күйзелтті. Сандық мәліметтерге қарағанда, осы кезеңде Бөкей губерниясындағы жылқы саны 146 мыңнан 49 мыңға, ал қой басы 1,3 миллионнан 400 мыңға дейін кеміген. Сөйтіп, 1921 жылы Бөкей өлкесінде соғысқа дейінгі мал санының 20 пайызы ғана қалды. Ашаршылыққа ұшыраған халықтың ауыр жағдайын сол кезеңде Тарғын уездік Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Х.Чурин: «1919-1921 жылдарда әсіресе Бөкей губерниясы мен оған шектес облыстарда бандалық күшейіп кетті. ...1921 жыл өте ауыр болды. Волга және Бөкей губерниясында болған қуаңшылық салдарынан халық ашаршылыққа ұшырады. Аштықпен қабаттасып, сүзек, тырысқақ аурулары етек алды. Бөкей губерниясының оңтүстік шағыл құмды бөлегінің жағдайы өзгелерден біршама тәуір болды. Олар құмда өскен құмаршықпен күнелтті. Бұл аймақта мал жайылымы да жақсы болды. Ал облыстың құрғақ далалы Тарғын, Таловка, Жаңақала уездерінің халқы ашаршылықтан мықтап жапа шекті. Бұл елдер қолындағы бар малын сойып алды. Бірақ, астықсыз бір ғана ет адамға жөнді азық бола алмады. 1921 жылдың аяқ кезінде көптеген семьялар әбден ашығып, өле бастады. Жұт жеті ағайынды дегендей, осындайда жау жағадан алып, ақ гвардияшыл бандалар да жауыздықты өршітті. Олар онсыз да ашығып отырған халықтың ақтық астығын, малын тартып алып, талан-таражға түсірді», – деп баяндайды. РК(б)П Орталық Комитеті 1921 жылы 17 шілдедегі арнайы үндеуінде елдегі ашаршылықтың себебін: «Ашаршылық – тек құрғақшылық нәтижесі емес, оның себебі аграрлық сектордың артта қалуында, ауыл шаруашылық білімі деңгейінің төмендігінде, ауыспалы егіс нысандарының ескілігінде, бұл соғыс пен әскери қоршаудың, сондай-ақ, помещиктер мен капиталистердің және олардың отаршыларының бізге қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанының да салдары» деп түсіндірді. Алайда үндеуде айтылған бұл себептермен қатар, жаппай ашаршылық Кеңес өкіметі қатаң жүргізген, халық шаруашылығына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатты соққы болып тиген «Әскери коммунизм» саясатының нәтижесіндегі төтенше экономикалық жағдайларға да байланысты туындады. Өйткені соғыс жағдайында қабылданған «Әскери коммунизм» саясатының негізгі мақсаты – азық-түлік салғырты болғандықтан Қызыл армияның мұқтажы үшін ауыл шаруашылық өнімдері шаруалардан жинап алынып отырды. Большевиктердің жүргізген азық-түлік саясатындағы астықты «дым қалдырмай» жинап алу принципі аграрлық өндіріске кері әсерін тигізді. Сондықтан амалы таусылған шаруалар енді өнім көлемін қысқартып, өзін-өзі қамту қамына көше бастады. Артық өнім өндіруші шаруашылықтар санының күрт азайып, шаруалардың егіс алқабын қысқартуының мемлекет үшін зардабы ауыр болды. Экономиканың заңдылығын елемеу, шаруаларға үнемі қысым көрсетіп, зорлық жасау ауыл шаруашылығын ауыр күйзеліске ұшыратты. Мәселен, РК(б)П ОК ҚАКСР-дің азық-түлік органдарына жіберген астыртын үндеуінде: «Сіздер азық-түлікті аштар үшін тойғандардан ғана алып қоймаңыздар, сонымен қатар жартылай аш жалаңаштардан да алыңыздар. Сіздерге басқаша жасау мүмкін емес. Еңбекшілердің аш майданындағы солдаттар сияқты сіздер қатты, иілмейтін, қатаң, кейде қатыгез болуларыңыз керек», – деп қатаң ескертті. Азық-түлік салғыртын жинаудағы мұндай әміршіл-әкімшілік күш көрсетуді жергілікті «Қызыл Ту» газеті: «Азық-түлік салғырты ешнәрсемен санаспастан тұрғындардың қолындағы ең соңғы азық-түлігін тартып алу жағдайында жүріп жатыр», – деп жазды. Осылайша, күштеу механизмі негізінде шаруалардан артық астық қана емес, тұқымдық, тіпті күнделікті жейтін астық та тартып алынды. Репрессияға ұшырамау үшін шаруа байғұс азық-түлік салғыртына қолдарындағы тұқым қорын да тапсыруға мәжбүр болған еді. Бұл, әрине, шаруашылықтардағы тұқымдық астықтың жойылуына әкеліп соқты. Оның үстіне салғырт мал шаруашылығымен айналысып отырған қазақ ауылдарына да салынғандықтан егін салмайтын қазақтар малын сатып, ақшасына бидай алып, мемлекетке өткізуге мәжбүр болды. 1920 жылғы салғырт бойынша Орал губерниясынан 1.5 млн пұт астық тартып алынды. Бұған ет және тағы басқа қосымша салықтар қосылды. Осындай саясаттың нәтижесінде 1921 жылы Қазақстанның көптеген аудандарын аштық жайлады. Астық шықпаған Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей губернияларында 1921 жылы бар болғаны 4 млн 719 мың пұт астық жиналды, ал күнкөріс үшін 22 млн 105 мың пұт астық қажет болатын. Осылайша, 17,5 млн пұт астық күнкөріске және тұқымға жетпей қалды. Демек, 1921 жылдың тамыз айында Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал және Қостанай губерниялары және Бөкей губерниясы да аштықтан зардап шеккен аймақтар тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл губернияларда ашаршылық 15 млн 589 мың тұрғыны бар 1048100 шаршы метр аумақты қамтып, барлық ашыққан адамдар саны 15 млн 89 мың болды, оның ішінде 176 мың 500 адам Бөкей губерниясының үлесіне тиеді. Сол кезде Бөкей даласындағы аштық апатына ұшырап отырған халықтың аса ауыр халін көзімен көрген Хамид Чурин «Дауылды жылдарда» атты еңбегінде: «1921-1922 жылдардың қысында адамдар аштан көп өлді. Уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адам өліктерін жинайтынбыз. Мынандай бір оқиға менің есімде қалыпты. 1922 жылы май айында бір күні Жәнібек поселкесіне жақын жердегі танысымның үйіне бардым. Сол кезде әлдеқайдан жаяулап бір аш адам келді. Ол баяғы жалшы Нәби Тұралиев екен. 1921 жылы алыстағы бір дәулетті адамға жалшылыққа тұрыпты. Сол жылы мал қырылып, жалдаған қожалары жұтап, аштан өліпті де, Тұралиев талай жер жүріп, уезд орталығына әрең жетіпті. Бейшара күптей болып ісіп кеткен, көздері мүлдем көрінбейді. Мен үй иелеріне алдын ала ескертіп, оған тамақты бірден көп бермеу керек дедім, ал ол үй иесінің берген тамағын місе тұтпай қайта-қайта тамақ сұрап, жалына бастады. Бірден тамақ көп жесе, өліп кететінін ескерткеннен кейін ғана ол біраз тынышталды. Үй иесі әйел қалған тамақты тығып қойыпты. Мен ол ауылдан кетіп қалдым. Ал әлгі адам әйелдің қалған тамақты қайда қойғанын байқап қалса керек, үйдегілер сыртқа шығысымен қалған тамақты алып жейді де, үйден кетеді. Екі жүз қадамдай жерге барғанда ауырып, ойбайлап, домалап, жылап-еңіреп, ажалдан құтқара көріңдер деп жалбарынады. Бірақ ол сорлының өміріне араша тұруға мүмкіндік болмаған, бейшара тамаққа тойғаннан кейін үш сағаттан соң ауыр азаптан өледі», – деп еске алады. Елдегі осы аса ауыр кезеңде Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің (БОАК) декреті бойынша 1921 жылы 8 шілдеде ашыққан адамдарға жәрдем беру мақсатында арнайы комиссия (ЦК Помгол) құрылады. БОАК-нің төрағасы М.И.Калинин басқарған бұл комиссияның негізгі міндеттері: аштықтың көлемін анықтау, жеке губерниялар мен уездерден келіп түскен шағымдарды қарастыру, ашаршылыққа қарсы күрес ұйымдастыру еді. Міне, Орталықтың қабылдаған осы шешімінен кейін іле-шала 1921 жылы 18 шілдеде РК(б)П-ның Қазақ облыстық комитетінің арнайы шақырылған пленумында Қазақ Орталық Атқару Комитеті жанынан жергілікті ашыққан халыққа көмек көрсететін комиссия (Компомгол) кұру туралы шешім қабылданды. Бұл комиссияның құрамына Қазақ ОАК, Ұлттар халкомы, Жер қатынасы халкомы, Әлеуметтік қамсыздандыру халкомы, Бас статбюро өкілдері кірді. Сөйтіп, 1921 жылдың 20 қыркүйегінде ҚазОАК-нің жанынан ашыққандарға көмек беру комиссиясы (бұдан әрі Компомгол) құрылды. Аталмыш комиссия төрағасы болып С.Меңдешев, оның орынбасарлары болып А.Байтұрсынов пен М.Әуезов сайланды. Осылайша елдегі барлық комиссиялар қызметін Қазақстан ОАК жанынан ұйымдастырылған, ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссия үйлестіріп отырды. Республиканың губерниялық және уездік атқару комитеті жандарынан да ашыққандарға көмек көрсету жөнінде арнаулы комссия құрылды. Мәселен, Орталық комиссияның ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі №18995 санды жеделхатының негізінде 1921 жылы 8 тамызда Бөкей губерниясында комиссия құрылып, ол жедел түрде жергілікті бөлімшелердің ашыққандарға көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырып, басқаруға кіріседі. Бұл аталмыш комиссия уездік және болыстық комиссия мүшелерінің атқаратын нақты тапсырмаларын көрсетіп, 10 пункттен құралған арнайы нұсқау дайындайды. Нұсқауда уездік және болыстық жерлерде комиссия бөлімшелерін құру қажеттігі, ауқатты адамдардан қарызға алған малды сойып, ашыққандарды тамақтандыру, ата-анасы жоқ, қараусыз қалған балалар үшін жатақханалар ашу, жұқпалы ауруларға қарсы күрес шараларын ұйымдастыру жұмыстары көрсетіліп, ашаршылыққа қарсы атқарылған істер туралы губерниялық комиссияға 2 аптада бір рет есеп беріп отыру міндеттелді. Қамыс-Самар қисымындағы аштықпен күрес комиссиясының жүргізген жұмыстары туралы облыстық атқару комитетіне жасаған мәлімдемесінде: «Болыстық комиссиялар құрылып, тамақтандыру пункттері ашылған, союға мал таппаған ауылдарда балық аулау топтарын құрып, аш адамдарға балық үлестірілген, Жаңақала ауылында жетімдер үшін 50 кісілік асхана ашылған, аш және ауру адамдар үшін 50 пұт астық берілген, алайда қисым территориясында іш сүзегі ауруы азайғанмен ең қатерлі оба пайда болды. Медицина штатының қызметін күшейту қажет» деп көрсеткен. Ал губернияның Тарғын уезіндегі ашаршылыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссия Жәнібек кентіне орналасты. Кеңес аппаратының және партияның уездік органдарының барлық қызметкерлері дерлік ашаршылықпен күресті ұйымдастыру үшін шалғай ауылдарға жіберіледі. Уезд орталығында ашыққандарға арналған 8 тамақтандыру пункті жұмыс істейді, ата-анасыз қалған балалар үшін жатақхана ұйымдастырылды. 1922 жылдан бастап аштық Бөкей губерниясында, әсіресе Тарғын, Талов және Жаңақала ауылдарында өрши түседі. Жергілікті өкімет органдарының аштықпен күрес жөніндегі қызметі және республика үкіметінің ашыққан аудандарға көмегі туралы губерниядағы ашаршылық қасіретін көзімен көрген Х.Чурин мен Ж. Сәрсековтің жазбаларында былайша сипатталады: «...мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке қоса жергілікті жерлерден қосымша көмек көздерін іздестіруге тура келді. Теміржолдан шалғайдағы құм жоталары арасында жатқан болыстардың бірқатар адамдарын құтқару үшін төтенше жедел шаралар қолданылды. Ашыққан халыққа көмек көрсету мәселесін шешу үшін Жәнібекке С.Меңдешев келді. «Сіздер әлі жас болсаңыздар да, – деді ол, – дегенмен уезді басқарып отырсыздар ... партия мен үкімет сіздерге барлық адамдарды аштықтан құтқару міндетін жүктеп отыр. Ауқатты шаруалардың мүмкіндіктерін қарастыру қажет, революциялық заңның революциялық қатал тәртібі де болады. Осыдан кейін біз әр болысқа бір-бір адамнан жібердік. Олар болыстық атқару комитеттерінің жандарынан комиссиялар ұйымдастыруы, көмек ретінде, кімде қанша мал, қанша астық, қанша ақша бар, соның тізімін жасауы тиіс болды, осы тізімдер болыстық атқару комитеттерінің бекітуіне жатқызылды». Бөкей өлкесіндегі ашаршылық апаты сүзек, тырысқақ, оба және басқа да жұқпалы аурулармен қоса қабат жүріп отырды. Оны 1922 жылы 30 қазан күні Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлім меңгерушісінің губерниялық аштық салдарымен күрес комиссиясына жолдаған мына мәлімдемесінен анық көреміз: «Денсаулық сақтау бөлімі 6 айдың ішінде, яғни, 1 қаңтар мен 1 шілде аралағындағы тіркелген жұқпалы аурулар туралы хабарлайды: Іш сүзегімен 118 адам ауырып, 8 адам өлді. Бөртпе сүзегі (тиф сыпной) 232 адам ауырып, 35 адам өлді. Аштық салдарынан 1272 адам ауырып, 255 адам өлді. Тырысқақпен (холеро) 423 адам ауырып, 227 адам өлді». Бұл архив дерегін жоғарыда айтылған Х.Чуриннің: «1922 жылдың басында аштықтың етек алғаны соншалық, үкімет ашығып жатқан халыққа азық-түлік жөнінен дереу жәрдем беруге мәжбүр болды. Губерниялық және уездік азық-түлік комитеттері жергілікті Советтер арқылы ашыққандарға азық-түлік өнімдерін – ұн, шай, өсімдік майын үлестіріп бере бастады. Елді мекендерде, поселкелерде, темір жол станцияларында аштарға арнап тамақтандыру пункттері және олардың жанынан жатақханалар ұйымдастырылды. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек мөлшерін толық келтіре алмаймын. Дегенмен осы көмектің арқасында көптеген семьялар өлімнен аман қалды» деген естелігі дәлелдей түседі. Осылайша Бөкей губерниясындағы ашаршылықтың салдарынан халықтың жаппай қатерлі жұқпалы ауруларға шалдығуы, өлкеде емханалар мен ауруханалардың және дәрі-дәрмектердің жетіспеуі ел ішінде адам өлімінің санын көбейтіп, нәтижесінде бұл Бөкей өңірінің демографиялық құлдырауына әкеліп соқтырады. 1925 жылы Орал және Бөкей губерниясы кеңестерінің біріккен съезінде баяндама жасаған губерниялық жер басқармасының меңгерушісі Т.Қожанов өте көп адам шығынына ұшыраған Бөкей аймағының ашаршылық қасіретін ерекше атап көрсеткен еді. Сандық мәліметтерге сүйенсек, Бөкей губерниясы тұрғындарының саны 1917 жылы 251 мың болса, 1920 жылы 181 мың адам өмір сүрген, яғни 3 жылдың ішінде тұрғындар саны 70 мың адамға азайған. Түйіндеп айтқанда, Бөкей губерниясындағы 1920-1922 жылдардағы ашаршылық елге зұлмат әкеліп, аймақтағы шаруашылықтарды күйзелтіп қана қоймады, халықтың демографиялық өсуіне де зардабын тигізді. Демек өлкедегі халық санының төмендеуі аймақтағы экономиканың дамуын тежеді. Нәтижесінде Бөкей даласы елді мекендер сирек қоныстанған аймаққа айналды.Бақтылы БОРАНБАЕВА,
Батыс Қазақстан
инновациялық-технологиялық
университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты
Орал қаласы