Ұлттық сананы ұлықтаған ұстаз

Ұлттық сананы ұлықтаған ұстаз

Ұлттық сананы  ұлықтаған ұстаз
ашық дереккөзі
855
Өнер және ғылым. Бұл екі сала бір арнада тоғыспайтындай көрінуі мүмкін. Бірақ өнер өлкесінде өз қолтаңбасын қалдырып, ғылымда да жетістікке жеткендер жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі – Ұлықпан Сыдықов. Оның есімі дүйім жұртқа алты алашқа аты мәлім «Дос-Мұқасан» вокалды-аспапты ансамблі арқылы жақсы таныс. Ұлықпан Сыдықов – қазақ ән өнерінің жарық жұлдызына айналған ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі.   Есімі елге мәшһүр Ұлықпан Сыдықов бүгінде Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып жүр. Ол еліміздің жоғары техникалық білім жүйесінің заман талабына сай өркендеуіне білімділігімен, іскерлігімен, ізденімпаздығымен, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен үлес қосып келеді.  2010 жылы Ұлықпан Есілханұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.

Зерделі шәкірт,  зейінді ұстаз

Ұлықпан Есілханұлы білім-ғылымға жастайынан зерек болды. Өзі дүниеге келген Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Мақаншы ауданындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебін алтын медальмен бітірген. Содан кейін жас өрен арман қуып, білім іздеп, ару Алматыға аттанып, Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептеу техникасы факультетінің студенті атанады. Оның бұл оқу орнын таңдауы да тегін емес еді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ математика және физика пәндерінен өткізілген республикалық, Батыс Сібір және Қазақстан аймақтық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие бола бастайды. Бұл жетістіктері Ұлықпан Есілханұлының инженерлік мамандыққа деген қызығушылығын арттырады. Мектепте үздіктер қатарынан көрінген зерделі шәкірт институтта да жақсы оқыды. Үшінші курстан бастап өз мамандығы бойынша шаруашылық келісімшарт негізіндегі студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, нәтижелерін дипломдық жобасына пайдаланды. Ұлықпан Сыдықов қоғамдық ғылымдарға деген қабілеттілігін студент кезінде байқатты. Оның студенттік ғылыми конференцияда философия саласы бойынша жасаған баяндамасы Бүкілодақтық конкурста бәйге алды. Нақ осы баяндама студент Ұлықпан Сыдықовтың болашақтағы бағытын айқындағандай болды. Білімін толықтыруға, дүниетанымын кеңейтуге, біліктілігін арттыруға барын салатын Ұлықпан Есілханұлы 1970 жылы институтты да үздік бітірді. Қолына дипломын алғаннан кейін институттағы ұстаздар зерек шәкірттерін жайдан-жай жібере қоймады. Оны институттағы философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА мүшесі Досмұхамед Кішібеков аспирантураға шақырды. Әрине, мұндай құрметке кез келген студент ие бола алмайды. Кейін аспирантураны да ойдағыдай тәмамдап, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Сол уақыттан бастап Ұлықпан Есілхан­ұлы өзі қанат қағып, түлеп ұшқан білім ордасында қызмет етіп келеді. Талай шәкірттің жолын ашқан ұлағатты ұстаз Ұлықпан Сыдықовтың айнласында жүрген жандар оның қызметіне қаншалықты адал екендігін, шәкірттеріне деген көңілінің таза екенін жақсы біледі. Қызметке қатардағы оқытушы болып келген Ұлықпан шығармашылық, ұйымдастырушылық, ұстаздық үздік қызметімен көзге түсті. Бүгінгі биігіне ақыл-парасатымен, білім-білігімен, өзінің маңдай терімен жеткен жан қарапайым оқытушыдан бастап талай сатыдан өтіп, профессор атанды. Ісіне мығым, сөзіне берік Ұлықпан Сыдықов 29 жасында өзі білім алған Автоматика және есептеу техникасы факультетіне декан болып сайланды. 29 жаста мұндай жетістікке жету – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Осы қызметте жүріп ол кафедралардың материалдық-техникалық базасының нығаюына, білікті кадрлардың даярлануына бар күш-жігерін жұмсады. Одан кейін Қазақ политехникалық институтының тәрбие ісі жөніндегі проректоры болды. 1988 жылы елімізде ең алғаш рет халықаралық байланыс істері бойынша проректоры болып бекітілді. Ұлықпан Сыдықов өзіне жүктелген әр міндетті абыроймен атқарды. Бұл қызметте де Ұлықпан Есілханұлының еңбегі жемісті болды. Институт қабырғасына Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінен келген студенттердің инженерлік білім алуына, қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен танысуына, сондай-ақ, халықаралық байланыстың жүйелі арнаға түсуіне өз үлесін қосты. 2000 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі Жаратылыстану гуманитарлық институтының құрылуына ұйытқы болды. Өзі аталған институттың директоры және университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалды. Құрылуына өзі мұрындық болған Жаратылыстану гуманитарлық институтына ғалым, университеттің алғашқы түлектерінің бірі, фарабитанушы Ақжан Машановтың есімін беруге де түрткі болды. Өз уақытында институттың ҚазҰТУ-дың негізгі оқу-тәрбие, ғылыми-өндірістік және әкімшілік орталығы ретінде қалыптасып, дамуына үлкен еңбек сіңірді. Сондай-ақ, Ұлықпан Есілханұлы бүгінге дейін ҚазҰТУ оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры, ректордың тәрбие және идеология мәселелері бойынша кеңесшісі, Әлеуметтік мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры, қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осы жылдарда Ұлықпан Сыдықов тәрбие ісінің ұлттық мазмұнға ие болуына, қазақ тілінің оқу-тәрбие үрдісіне енуіне барынша атсалысты. Университетте «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оның тең төрағасы болды. Кейінірек «РАС» газетінің негізін қалап, 8 жыл бойы бас редактор міндетін атқарды. Ұстаздық, ұйымдастырушылық, басшылық қызметінен бөлек Ұлықпан Есілханұлының ғылыми еңбектері де ерекше атап өтуге тұрарлық. Оның ғылыми еңбектері қоғамдағы әлеуметтік-рухани және техникалық жүйелердің өзара байланыстарын жан-жақты зерделеуге бағытталған. Осы уақытқа дейін 350-ден астам ғылыми, ғылыми-публицистикалық және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Тарқатып айтар болсақ, ол 9 монография, 11 брошюра, 15 ұжымдық кітап, 33 ғылыми-әдістемелік құрал, 20-дан астам оқулық пен оқу құралының авторы. Ұлықпан Сыдықовтың ғылым саласында баптаған шәкірттері де аз емес. Бүгінге дейін оның ғылыми жетекшілігімен 1 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты, 6 магистр даярланды.

 Өмірі өнермен өрілген

Еліміздің білім беру және ғылым саласына қомақты үлес қосқан Ұлықпан Сыдықовтың өнердегі жолы да көпке үлгі. 1967 жылы Қазақ политехнологиялық институтының жанынан құрылған «Дос-Мұқасан» ансамблі әп-сәтте танымал топқа айналып үлгерді. Аталған институттың студенті Ұлықпан Сыдықов та осы топтың мүшесі болды. Тіпті, вокалды-аспапты ансамблінің негізін қалаушылардың бірі осы Ұлықпан Есілханұлы еді. Ол кезде «Дос-Мұқасан» тобындағы жігіттердің бәрі институт білімгерлері болатын. Олар түрлі факультеттерде білім алғанымен, бәрі бір жатақхананың тұрғындары болған. 60-70-жылдары әлемде «Битлз» тобының атағы аспандап тұрған еді. Орыс эстрадасында жүрген азаматтарға еліктейтін қазақ жастары да көп болатын. Әрине, олардың «Дос-Мұқасанға» ықпалы болмады деп айта алмаспыз. Алайда «Дос-Мұқасан» тобы қазақ эстрадасында өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруға барын салды. Сонда Ұлықпан Есілханұлы «репертуарға ұлттық ән-жырымызды кіргізсек қана ұтамыз деген ұстаным біздің ұранымыз болу керек» деген пікірін білдіреді. Расында да, қазақ тыңдармандарының жүрегін тербейтін ұлттық музыканың табиғатын бұзбай халыққа жеткізе білсе, топтың талайлардан дараланып шығары хақ еді. Осыны ескерген топтың өзге мүшелері де Ұлықпан Сыдықовтың ойын бірауыздан қолдады. Осылайша, ол «Дос-Мұқасан» ансамблінің талғаммен өнер көрсетуіне өз үлесін қосты. Сөйтіп, ұлттың иісі бұрқырап шығып тұрған туындылар «Дос-Мұқасанның» репертуарынан бірінен соң бірі орын алып жатты. Сонымен бірге, қазақ ән өнерінің аңызына айналған «Дос-Мұқасанның» репертуарындағы «Той жыры», «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ғашықпын» сынды әндердің сөзін жазған да Ұлықпан Сыдықов екенін жұрттың бәрі бірдей біле бермес. Бұл әндер бүгінгі күні қазақ ән өнерінің алтын қорына енген. Бүкіл елдің сүйікті әніне айналған «Той жырынсыз» қазақтың тойы өтпейтіні тағы бар. 2000 жылы «Жаңа ғасырға жаңа ән» республикалық байқауында Ұлықпан Есілханұлының «Ару қыздар» әні жүлделі болса, «Алау сезім» атты әні өз уақытында жастар арасында аса танымал болып, кинофильмдерде шырқалды. Ал Досым Сүлеев, Мұрат және Данияр Құсайыновпен бірлесіп жазған «Сәтбаев университеті» гимні бүгінгі күні барша студенттер мен ұстаздар зор ықыласпен, үлкен мақтаныш сезімімен орындайды десек, артық айтпаспыз. Осындай тамаша туындылар Ұлықпан Сыдықовтың «Қуанышым менің» деп аталатын жыр жинағына, «Алау сезім» деген атаумен ән жинағына (Ұлықпан Сыдықовтың өлеңдеріне жазылған әндер) енгізілді. Бұл жинақтардың жарыққа шығуына Ұлықпан Есілханұлының әріптестері мен шәкірттері бастамашы болды. Қазақтың ұлттық мәдениетін, өнерін, тәрбиесін насихаттаудан шаршамаған Ұлықпан Есілханұлы телевизия саласында да өзінің қолтаңбасын қалдырды. 1984-86 жылдары белгілі қоғам қайраткері, журналист Сағат Әшімбаевпен бірлесіп, «Жүректен қозғайық» атты хабарлар циклін жүргізді. Бұл хабар қазақ жастарының ұлттық сана- сезімінің өсуіне үлкен ықпал жасағаны белгілі. Одан кейінгі он жыл бойы тарих ғылымының докторы, профессор, марқұм Ахмет Ержановпен және өз ұстазы Ұлттық академияның академигі Досмұхамед Кішібековпен бірлікте «Республика өмірінің өзекті мәселелері» деген тақырыпта телехабарлар циклін жүргізіп келді. Қазір де «Қазақ» радиосы, «Шалқар» радиосы және «Қазақстан», «Хабар» телеарналарынан берілетін  хабарлардың тұрақты қатысушысы және кейіпкері. Одан бөлек Ұлықпан Есілхан­ұлы қоғамдық шараларға да белсене атсалысады. Ұлықпан Сыдықовтың басшылығымен және туған інісі Қайранбақыттың тікелей қаржылық-ұйымдастырушылық  еңбегімен Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауылында даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбай батырға орнатылған ескерткіш бүгінде ел игілігіне айналып отыр. Қазақтың ұлттық мәдениетінің, өнер-білімінің дамуына барынша үлес қосқан Ұлықпан Сыдықов бүгінде 70 жасқа толды. Ұлықпан Есілханұлы әлі де ел игілігі үшін қызмет етуін жалғастырып келеді.

Серіктес жаңалықтары