1067
Акциз: ұтыс па, ұтылыс па?
Акциз: ұтыс па, ұтылыс па?
Бірінші қаңтардан бастап елімізде бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 340 теңге болып бекітілді. Шілде айынан бастап тағы да 20 теңгеге қымбаттамақ. Бұл акциз құнының артуымен байланысты. Елімізде алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдеріне акцизді көтеру мәселесі талай уақыттан бері көтеріліп келеді. Ал 2016 жылы акциз құны кезең-кезеңімен көтерілетіндігі хабарланған еді.
Акциз салығы туралы білеміз бе?
Жалпы, акциз салығы түсінігін темекі мен алкогольді ішімдіктермен ғана байланыстырып жатамыз. Шын мәнінде, акцизделетін тауарлар қатарына жататын өзге де өнімдер бар. Мұны көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Мәселен, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын спирттің барлық түрлері, алкоголь өнімі, темекі бұйымдары (өнімдер, электронды сигареттерді пайдалануға арналған сұйықтық, т.б.), бензин, дизель отыны, микроавтобустарды, автобустарды қоспағанда, 10 немесе одан да көп адам тасымалдауға арналған, қозғалтқышының көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын моторлы көлік құралдары, шикі мұнай, газ конденсаты, құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнімдер акцизделетін тауарлар қатарына енеді. Акциз салығын төлеушілер ретінде акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын, импорттайтын, көтерме, бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын, акцизделетін тауарлардың конкурстық массасын өткізуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар бекітілген. Тәркіленген, иесіз, мұрагерлік құқығы бойынша мемлекетке өткен және Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет меншігіне өтеусіз берілген бензин (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отыны, шикі мұнай, газ конденсатын өткізуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар акциздерді төлеушілер болып табылмайды. Ал акциз дегеніміз не? Акциз – тұтыну тауарларының және көрсетілетін қызметтердің бағасына қосымша салынатын салықтың бір түрі. Салықтың бұл түрі орта ғасырларда пайда болған. Акциздер алғаш ХІV ғасырда Голландияда қалалық алым ретінде, ал ХVI ғасырда мемлекеттік табыс көзі ретінде кең таралды. Кеңес Одағында алғаш шараптар акцизделді. Кейінірек акциз салу жүйесі кеңейе берді. Акцизделетін тауарлар қатарына спирт, сыра, бал, салқындататын сусындар, мұнай өнімдері, қант, шай, кофе, ашытқы, цикорий қосылды. Бұл акциздер жанама салық салудың дамуына әсер ете бастады. 1920 жылдардан кейін маталарға акциз салу басталды. Акциз түсімдерінің артуы тұтыну заттарына салық ауыртпалығын төмендетті. Одан кейін акцизделген тауарлар қатарына ұн, нан, ет, спирт, тұз қосылды. Акциз салығының ерекшелігі оның зиянды деп саналатын заттарға салынатындығында. Сонымен қатар, акциз қажеттілігі аса жоғары емес заттарға салынады. Өйткені сатып алушы оған көп ақша төлейді. Акциз төленетін тауарлар тізімі мемлекеттің экономикалық жағдайына қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Акциз қызметінің тәуелділігі бойынша олар 3 топқа бөлінеді. Бірінші, акциз салығы темекі және алкоголь өнімдеріне салынады. Ондағы негізгі мақсат – денсаулыққа зиянды өнімдерді пайдалануды шектеу. Екінші топқа фискалдық қызмет пен автожолдарды пайдалану төлемдерінен басқа жанар-жағармай материалдары жатады. Үшінші топ – люкстік тауарларға салынатын акциз. Әлемдегі көптеген мемлекеттерде акциз шектеулі тауарларға салынады. Біздің елімізде де акцизделетін тауарлар қатарына шектеулі тауарлар тізімі кіреді. Қазақстан Республикасының салық кодексінің 257-бабында акцизделетін тауарларға көрсетілген акциз ставкаларын ҚР Үкіметі белгілейді. Акцизделетін тауарларға акциз салығының ставкалары тауар құнына пайызбен және заттай нысандағы өлшем бірлігіне абсолюттік сомада белгіленеді. Мысалы, алкоголь өніміне акциздер ставкасы пайызбен немесе заттай, не онда су араластырылмаған (жүз пайыздық) спирттің болу көлеміне байланысты бекітіледі. Спирттің барлық түріне және шарап материалына акциз ставкалары спирттің және шарап материалының бұдан әрі пайдаланылу мақсаттарына қарай сараланады. Алкоголь өнімдерін өндіру үшін өткізілетін спиртке және шарап материалына акциз ставкасы алкоголь өнімдерін өндіру үшін пайдаланбайтын тұлғаларға өткізілетін спиртке және шарап материалына белгіленетін базалық ставкадан төмен белгіленуі мүмкін.Темекі құны қымбаттады
Темекі өнімдері ел нарығында 10 пайызды қамтып отыр. Оның көп бөлігінің сапасы төмен болуына, көтерме сауда базарларында заңсыз сатылуына байланысты республикалық бюджетке акциз салығы толық түспейді. Мұндай олқылық ел нарығында бүгін ғана байқалып отырған жоқ. Акциз құнын өсіру туралы мәселенің күн тәртібінен ұзақ уақыт бойы түспеуі де сондықтан. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 340 теңгеге жетті. Бірақ бағаның өсуі мұнымен тоқтамайды. Үкіметтің сол қаулысымен 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін шылымның ең төменгі бағасы 360 теңгеге дейін көтеріледі. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 380 теңгеге жетеді. Өткен жылы Еуразиялық коалиция темекінің бағасын еуропадағыдай өсіруді ұсынған болатын. Обыр мен өкпе ауруларының өрши түскенін алға тартқандар бәленің бәріне тым арзан акцизді кінәлайды. Түтіннің кесірінен өлім-жітім көбейді деп ұрандатқандар Үкімет басшысына хат та жолдаған еді. «Үкімет басшысына арнайы хат жолдадық. Онда акцизді Еуропа елдеріндегідей 70 пайызға өсірмесек те, тым болмаса 50 пайызға көтеруді сұрап отырмыз. Бұдан Үкімет тек ұтады. Өйткені акциздердің есебінен бюджет толығады. Ал ең бастысы, біз азаматтарымыздың өмірін сақтап қаламыз. Өлім-жітімді азайтамыз», – деген болатын «Темекі түтінінен азат Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова. Расында да, 2014 жылдың қаңтарында темекі акциздерін бір сәт көтергеннің өзінде темекі өнеркәсібінен бюджетке түсетін кіріс 2 есеге (94 пайызға), яғни 13 млрд теңгеден 22 млрд теңгеге дейін өскен. 2011 жылы сыраның акциз мөлшерлемесі 70 пайызға артқанда, мемлекеттік қазынаға түсетін кіріс 2010 жылғы 7 млрд теңгеден 2011 жылы 12 млрд теңгеге дейін көбейген. Темекі акциздерінен түсетін кірістер де 2013 жылғы 46 млрд теңгеден 2014 жылы 79 млрд теңгеге дейін өсті. Есесіне, шылым саудасының жылдық көрсеткіші 3 млрд данаға төмендеді. Бұл – өз кезегінде мыңдаған қазақстандықтың өмірін құтқарып қалды деген сөз. Десек те, жұрттың денсаулығына жаны ашыған белсенділердің әрекеті сол уақытта-ақ өндірушілер мен темекі шегушілерге ұнай қоймады. Темекіге қарсы белсенділердің кезекті әрекеті бизнесмендердің де көңілінен шықпады. «Акциз құны өссе, дүкен сөрелерінде контрабандалық тауар қаптай түседі» деп аттандады темекі өндірісімен айналысатындар. Олардың айтуынша, темекі бағасының күрт өсуі контрафактінің көбеюіне әкеледі. Салдарынан бюджетке түсетін салық та азаяды. Қазірдің өзінде ешқандай акциздік таңбасы жоқ 100-150 теңгелік шылымдар базарларда толып тұр. Сапасы қандай екені белгісіз. Денсаулыққа нағыз зиян сол темекілер дегенді алға тартады өндірушілер. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 5 миллионнан астам адам темекіге тәуелді екен. Күн сайын темекінің зардабынан туындаған аурулардан 70 адам қаза болады. Нақтырақ айтсақ, бір жылдың ішінде елімізде 25550 адам көк түтіннің зиянынан көз жұмады екен. Олардың басым көпшілігі – 30 бен 55 жас аралығындағы азаматтар. Ал акциз құнын өсіріп, темекі бағасы қымбаттаса, бюджетке олардан түсетін кірістің азаятынын ескерсек, есесіне осыншама адамның денсаулығын сақтап қалуға болады екен.Маскүнемдікпен күрес: Акцизді арттыру керек пе?
Орыс жазушысы Лев Толстой «Арақ адамның есін жояды, ұятын қашырады, арамдыққа және қылмысқа итермелейді» деген екен. Шын мәнінде де, маскүнемдік бүгінгі қоғамның айықпас дертіне айналып отыр. Бұл дертпен әр ел өз мүмкіндігінше күресіп келеді. Тіпті, кейбір мемлекеттерде алкоголь ішімдіктерін тұтынуға тыйым салынған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары бұл мәселемен күрестің ең тиімді жолы экономикалық шаралар екенін айтады. Яғни, ең алдымен, спирттік ішімдіктерге акциздерді арттыру арқылы алкоголь өнімдерін қымбаттатып, халықтың, әсіресе жастардың оған қолы жетпейтіндей жағдай жасау қажет. Өткен жылы 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларында ДДСҰ ұйымдастыруымен ересек тұрғындар мен жасөспірімдер арасында Ұлттық әлеуметтік зерттеу жүргізілген болатын. Зерттеу барысында соңғы жылдары ішімдіктерді қолдану көрсеткішінің әжептәуір төмендеуі байқалған. Мәселен, арақ-шарап ішу көлемі соңғы уақыттарда 1998 жылмен салыстырғанда 55 пайызға азайыпты. 2015 жылы бұл тағы 24,2 пайызға дейін төмендеген. Бүгінде Қазақстандағы арақ-шарап өнімдері Кеден одағы елдері арасында ең арзаны болып табылады. Оның себебі де қарапайым. Қазақстанда акциз ставкалары төмен. Егер елімізде 2012 жылы бір литр этил спиртін дайындау кезінде акциз түрінде 60 теңге өндіріп алынатын болса, Ресейде бұл мөлшер – 163 теңгеге жуық, ал Белоруссияда 380-432 теңге аралығында. Расында, арақ-шарап бағасының қымбаттауы бүгін ғана болып отырған жайт емес. Мәселен, 2014 жылы бір литр арақтың акциздік құны бірден 500-ден 700 теңгеге дейін өсті. Әрі жыл сайын бұл көрсеткіш 20 пайызға өсіп келеді. 2016 жылы 1 литр алькоголь өнімінің қолданыстағы акциз құны 1380 теңге болса, 2017 жылы алкогольдік өнімнің 1 литрі үшін акциз мөлшері 2000 теңге көлемінде белгіленді. 2018 жылы 2275 теңгеге, 2019 жылы 2550 теңгеге дейін жетеді. Ол 2018 жылы – 2272 теңге, 2019 жылы салық 2550 теңгеге дейін өседі. Ал, сыра және сыра сусындарының 1 литрі үшін акциз 2017 жылы – 39 теңге, 2018 жылы – 48 теңге, 2019 жылы – 57 теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл, әрине, ел азаматтарының ішімдікке әуестігін азайту және экономикамызды көтеру мақсатында қолға алынған шара екені даусыз. Дегенмен бұл өзгерісті қоғам сан түрлі қабылдайды. Бірі бұл шараны қалыпты жағдай десе, кейбір сарапшылар арақ пен темекіге деген тәуелділік төмендемейді дейді. Ал кейбірі керісінше жағдайды ушықтыратындығын айтады. Олардың уәжіне сенсек, бізде темекі мен арақ-шарап бағасы өскен бойда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей, Қырғызстан секілді елдерден арзан өнім ағыла бастайды-мыс. Бұл пікірмен келісуге де болатын секілді. Өйткені қазірдің өзінде отандық нарықты қырғыздың темекісі мен Ресейдің арақ-шарабы жаулап алған. Одақ аясындағы шарттарға байланысты бізде оларға тосқауыл қою мүмкін емес. Екіншіден, сапасыз, заңсыз өнімдер көбейіп, жасырын цехтар мен қолдан жасанды акциздік марка жасаушылар көбеюі мүмкін. Тағы бір тығырықты қолдан жасап алған жоқпыз ба деп күйзелгендердің күңкілін де түсінуге болатын сияқты дәп осы жағдайда...