Хикмет Четин: 10 жылда ғажайып қаланың бой көтергеніне таңғалдым

Хикмет Четин: 10 жылда ғажайып қаланың бой көтергеніне таңғалдым

Хикмет Четин:  10 жылда ғажайып қаланың бой көтергеніне таңғалдым
ашық дереккөзі
  Таяуда Анкарада өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына арналған конференцияға еліміздің егемендік алған сәтіне куә болған, сол кезде Түркияның билік басында  отырған саясаткерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Соның ішінде Түркияның бұрынғы Сыртқы істер министрі, Түркия мәжілісінің 20-шақырылымындағы төрағасы Хикмет Четин ә дегеннен-ақ сонау 1991 жылғы оқиғаларды тізбектей жөнелді.  Ол дипломатиялық қарым-қатынастардың өткені, бүгіні және ертеңін сараптап, Елбасының бітімгерлік бастамаларына оң баға берді.   – Четин мырза, Қазақстан мемлекетінің егемендік алған бақытты сәтіне куәгер саясаткер екеніңіз баршаға белгілі. Сол жылдарға шолу жасап көріңізші... – Кейбір елдердің атауы мемлекет басшысының есімімен біте қайнасып кетеді. Мəселен, Түркия дегенде Мұстафа Кемал Ататүрікті атап өтпеу мүмкін емес. Америка Құрама Штаттары дегенде оның негізін қалаушы Джордж Вашингтон бірден еске түседі. Қазақстан дегенде Нұрсұлтан Назарбаевтың аты қатар аталады. Ол – қазақ еліне ғана көшбасшы емес, түркі жұртына ақсақал бола білген қайраткер. Міне, Қазақстан Президентін Ататүрік деңгейіндегі тұлғаға жатқызатыным сондықтан. Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан Астанаға ауыстыру шешімін қабылдаған кезде қасында отырған едім. Себебін сұрағанымда, «Ататүрік астананы Стамбұлдан неге Анкараға ауыстырды?» деп қайыра сұрақ қойды. Шыны керек, алғашқы уақытта осы қадамының дұрыстығына күмәнмен қарап, алаңдап жүрдім. Қазақстанның аумағы өте үлкен. Бірақ Алматы бір шетте жатқан қала еді. Ал Астана аймағында орыстар көп болды. Бұл – Солтүстік облыстарды қазақыландырудан туған саясат екенін кейін түсіндік. Астананың 10 жылдығы мерейтойына барғанда таңғалдым. Ғажайып қаланың бой көтергенін көріп, өз көзіме өзім сенбедім. Осылайша, Назарбаевтың болашақты болжай білген көрегенділігіне, мақсатына жете білген табандылығына қайран қалдым. Қазақстан 20 жылдан кейін Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төраға болатынын және оның саммитін өткізетінін кім біліпті?! Ол кезде мұндай биік мәртебеге жететінін мүлде ойланбадық. – Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстан жайында ақпаратқа қанық па едіңіз? – Қазақстан егемендігіне қол жеткізген жылдары лауазымды қызметте едім. Бұл кезді өмірімнің ең тамаша кезеңіне балаймын. Тіпті, Алматы, Бішкек, Ашхабад қаласын картадан көрместен, қиялдаушы едік. Кеңестік кезеңде, 1978-79 жылдары Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқардым. Бірде Мәскеуге жол түсіп, артынан Алматыға барамын деп едім, жанымдағылар «Алматы өте алыс» деді. Неге олай дегенін түсінбедім. Сосын Ташкентке келдік. Бұл 1991 жылы болатын. Біздің түркі тілдес мемлекеттермен байланысқа кіріскен кезіміз. Ол жердегі толқыныс, аура ерекше еді. Оны тек сезіне білу керек. Араладық, көрдік... Кеңес үкіметі 1991 жылы ресми түрде өмірін тоқтатты. Ал біз Қазақстанның тәуелсіздігін 16 желтоқсанда таныдық. Алғаш елші тағайындап, елшіліктер аштық. Қазақстан да алғаш елшілігін Түркиядан ашты. Сол кезде біз бұған дайын едік. 1991 жылы 21 желтоқсанда Брюссельде НАТО мүшелерінің министрлер жиналысына бардым. Қазақстанды республика ретінде танып қойғанбыз. НАТО-ға 16 мемлекет мүше еді. Түстен кейін Кеңес үкіметі және Еуроодақ жиналыс өткізуі тиіс болатын. Отырыс басталмастан бұрын бір кісі хатшыны сыртқа шақырды. Сосын көп ұзамай басқосу қайта жалғасты. Кеңес үкіметінің өкілі сөз алып, «Мәскеуден хабар келді. Бүгіннен бастап Кеңестер Одағы құлады. Қазір айтылатын баяндамаларда Кеңес Одағы емес, Ресей Федерациясы деп айтылсын» деді. Бірақ хаттама бойынша сол жиында Ресей Федерациясы «Кеңес одағы» делінді. Залда екі-үш минуттық үнсіздік орын алды. Бәріміз «Қалайша, империяны көксеген Кенестер Одағы қан төгілмей ыдырады?» деп таңғалыстық. Біз осы күннен бастап Қазақстанға көмек қолын создық. Түркияның Сыртқы істер министрлігі өкілдері Қазақстанға БҰҰ, Еуропалық одақ, тағы басқа халықаралық ұйымдарға қалай мүше болу керектігі жөнінде кеңес беріп, жол көрсетті. Ол кезде ағылшын тілін білетін мамандар аз. 1992 жылы Орта Азиядағы бес мемлекеттің өкілдерімен Нью-Йоркке бардық. Олардың БҰҰ-ның штаб пәтеріне алғаш аяқ басуы. Әр мемлекет мүшесінің кеудесінде ерекше толқыныс пайда болды. Біз бас-көз болып, ертіп апарған соң қандай іс-қимыл жасау керектігі жөнінде ақылдастық. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне Швеция және Жаңа Зеландия мемлекеті мүшелікке түсіп жатыр екен. Біз Жаңа Зеландия мемлекетіне қолдау білдірдік. Содан Жаңа Зеландияның Премьер-министрі телефон шалып, алғыс білдірді. Еуропа кеңесінің уақытша төрағасы ретінде Еуропа кеңесінің хатшысы мадам Люмьерді түркі мемлекеттеріне алып бардым. Осыдан кейін Еуропа кеңесінің түркітілдес мемлекеттер жайында пікірі, пайымы өзгерді. Сөйтіп, түркітілдес елдің көбі қысқа мерзімде Еуропа кеңесіне мүше болды. – Әу бастан-ақ Түркия дипломатиялық қарым-қатынастың тетігі білімнен бастау алатынын ескерген сыңайлы. Осы тұрғыда арнайы білім гранттарын бөлген де – Түркия мемлекеті. Ал Түркістанда ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өзі рухани байланыстың мызғымас кепілі емес пе?! – Түркияның сол кездегі премьер-министрі Сүлеймен Демирел жиналыс өткізіп, ең маңызды дүние білім екенін ескерді. Нәтижесінде түркітілдес мемлекеттерден 2 мың студентті оқыту мәселесін қарастырдық. Өкінішке қарай, Қазақстаннан, Өзбекстаннан жастар аз болды. Ең көп шәкірт Әзірбайжаннан келді. Іле-шала маған Ташкентке бару туралы нұсқау келді. Өзбекстан президенті Ислам Каримовке телефон шалып, келетінімді айттым. Кездесіп, екі-үш сағат бойы бірқатар мәселені талқыладық. Сонда Ислам Каримовке: «Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел сияқты құзыретіңіз бар. Соны пайдаланыңыз. Біз түрік-өзбек қарым-қатынасында тиісті қадамдарды барынша жасаймыз», – дедім. Жалпы, Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов кез келген жайтқа шүбәмен қарайтын еді. Не мәселе болсын, бірден үн қоса кетпейтін. Тіпті, түсініспеушілік мәселелер туындап, Өзбекстандағы түрік кәсіпкерлерін шығару әрекеті жасалды. Көп ұзамай олар студенттерін кері шақыра бастады. Ал Қазақстанның Түркиядағы қазіргі елшісі Абзал Сапарбекұлы алғаш Түркияға келіп білім алған сол жастардың қатарынан екенін айтқым келеді. Сол алғашқы шәкірттердің басым бөлігі қазір жауапты қызмет атқарып жүр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің негізі білім мен мәдениет ордасы саналатын тарихи көне қала Түркістан қаласында 1991 жылдың 6 маусымында «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан Мемлекеттік университеті» болып қаланды. 1992 жылы 31 қазанда Түркия және Қазақстан Республикаларының Үкіметтері арасында қол қойылған келісім негізінде «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университеті» деген атаумен Түркия және Қазақстан Республикаларының ортақ халықаралық мемлекетаралық университетіне айналды. Әрине, қазір бұл оқу орны – екі елдің арасындағы алтын көпір. Соның нәтижесінде Түркияға білімін жетілдіруге келіп жатқан жастар көп. – Сөз соңында Тәуелсіздік алғанына 26 жыл болған Қазақстанның әлемдік саясаттағы орны туралы не айтасыз? – Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің біліктілігі арқасында түркі дүниесінің Білге қағаны, ақсақалы атанып отыр. Қазақстан халықаралық қауымдастықпен тығыз байланыста. Бейтарап жиналыстар, Сирияға, Ресейге қатысты арағайындық мәмілелер, келіссөздер жүргізуде Астана – екінші Женева деңгейіне жетті. Бітімгерлік позициясын нақтылады. Осы жолда Нұрсұлтан Әбішұлы алғашқы күннен бастап үлкен күш-қайрат жұмсады. Қарым-қатынасты тұрақтандыру позициясында рөлі басым Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Түркия мен Ресей арасындағы жағдайдың реттелуіне күш салды. Қазақстанның келешегінің әрдайым жарқын болатынына сенемін. Өйткені табиғи байлықтары барда, өсіп келе жатқан білімді жастары барда, келешекті ойлайтын көшбасшысы барда Қазақстан дами береді. Сол сияқты әлемнің дамуы мен саяси тұрақтылығына да үлкен үлес қосатынына күмәнім жоқ. Қазақ еліне осы жолда толағай табыс тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет!   Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы