Электронды үкімет порталын қолданушының 25 пайызы – алматылықтар

Электронды үкімет порталын қолданушылардың 25 пайызы – алматылықтар. Алматыда Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында мегаполис басшысы Бауыржан Байбек электронды үкімет порталын қолданушылардың 25 пайызы алматылықтар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты жиында сөз алған мегаполис басшысы халықаралық зерттеулер қорытындысы бойынша таяу арада әлемдік экономика жаңа тенденцияларға негізделетінін айтты. Қала басшысы әсіресе, қалыптасқан дүкендер қызметіне, қолма-қол ақшаға, өндірістегі қол еңбегіне сұраныс азаяды дей келе, барлық сауда-саттық пен қызмет көрсету электронды түрде Интернет арқылы жүзеге асады деген пікір білдірді. Шаһар басшысы бұл сөзіне бірнеше мысал да келтірді.   «Бүгінгі күні қаламызда электронды коммерция жүйесінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Мысалы, республика бойынша «Қазпошта» арқылы шетелден келетін пошталық жөнелтілім көлемі 10 миллионнан асатын болса, оның 40 пайызы Алматыға тиесілі. Жалпы, қазірдің өзінде алматылықтардың цифрлы технологияны қолдану деңгейі өте жоғары. Электронды үкімет порталын қолданушылардың 25%-ы – алматылықтар. Еліміздегі төлем карталарының 30%-ы Алматыда тіркелген, бүкіл қолма-қол ақшасыз төлемдердің 54 пайызы Алматыда жүргізіледі», – деді Бауыржан Байбек. Айта кетейік, бүгін Алматыда Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтіп, қала басшысы мемлекеттік наградаларды табыс етті. Тәуелсіздік қарсаңында 70 алматылық мемлекеттік наргадаға ие болды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button