Бағдарламалар байыпты орындалуда

Бағдарламалар байыпты орындалуда

Бағдарламалар байыпты орындалуда
ашық дереккөзі
Елбасы жүйелеген мемлекеттік бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуы – елдің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы әр бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуын қадағалап, қазынадан жұмсалған әр тиынның мақсатты жұмсалуын бақылап отырады. Аймақтардың әлеуетін арттырып, тұр­ғын­­­дар­­дың жайлы тұрмысын қамтамасыз етуде «Нұрлы жер» бағдарламасының маңы­зы зор. «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында өткен ке­зекті қоғамдық тыңдауда осы бағдар­ла­маның іске асырылу барысы талқыланды. Шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тумышев, облыстық құрылыс басқар­ма­сы­ның басшысы А.Хамиев, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Н.Орын­ба­­саров баяндама жасады. Мәжіліске облыс­тық мәслихаттың депутаттары, қала, аудан құрылыс бөлімдерінің басшылары, мер­ді­гер­лер, партиялық бақылау комиссиясы мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, «Нұрлы жер» комиссиясының мүшелері қатысты. Облыстық энергетика және тұрғын-үй ком­­­муналдық шаруашылығы басқармасы бас­шысының орынбасары Нұрлан Орын­­баса­ров тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шы­лығы инфрақұрылымын жаңғырту жұ­мыс­­тары туралы баяндады. Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 6 жобаны жүзеге асыру үшін 2,8 млрд теңге бөлінген. – Атамекен селосының тұрғын массив­те­рін сумен жабдықтау желілерінің құры­лы­сына 976,311 млн теңге қарастырылды. Су құбырының ұзындығы – 161,095 шаршы метр. Одан бөлек, Маңғыстау ауданының Жыңғылды селолық округіндегі елді мекендерді ауызсумен жабдықтау құрылысы, Жыңғылды селосына есептегіш құралдарын орнатуға 361,863 млн теңге бөлінді. Су құбырының ұзындығы – 33,514 шаршы метр. Мұнайлы ауданының Батыр селолық ок­ругінде инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылым салуға жайғастыру құрылыс жобасының жалпы құны 869,594 млн теңгені құрады. «Баянды – 3» тұрғын үй массивін сумен жабдықтау желілерін салуға 132,737 млн теңге, С.Шапағатов селосының 5 орамындағы жаңа тұрғын үйлерге газбен жабдықтау желілерін салуға 1 194,775 млн теңге қарастырылған болатын. Аталған жобаларды биыл аяқтау жос­пар­ланған. Нәтижесінде, Атамекен, Батыр, «Баянды – 3» және Жыңғылды елді мекен­дері толықтай орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар С.Шапағатов елді мекені толықтай газбен қамтылады, – деді Нұрлан Орынбасаров. Ел тұрғындарының бақуатты өмірінің кепілі – табысты жұмыс, кәделі кәсіп. Осы орайда жеке кәсібін дөңгелеткісі келетін азаматтарға қолдау көрсетуді, жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына серпін беруді мақсат еткен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына жүктелген міндет көп. Ел үміт артқан бағдарламаның іске асырылу барысы жуырда «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалында талқыланды. Жиын барысында «Даму» кәсіпкерлікті да­мыту қоры» акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша директорының мін­детін атқарушы Едіге Марғұлан, қалалық әкім­шіліктің кәсіпкерлік және индус­триал­ды-инно­вациялық даму басқармасы бас­шысының мін­детін атқарушы Айдос Сәкенов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының бизнеске қаржысыз қолдау көрсету бөлімінің жетекшісі Д.Қонысбек жыл басынан бері атқарылған жұмыстары төңірегінде жиналған қауым алдында есеп берді. Бағдарламаның негізгі мақ­саты – жұмыс орындарын сақтай отырып, қосымша жұмыс көздерін ашуға не­гізделген. Төрт бағыттан тұратын бағдар­ламаның біріншісі, жаңа бизнес бастамала­рын қолдау, екіншісі, кәсіпкерлік саланы сауықтыру, үшіншісі, кәсіпкерлік мүмкіндікті сақтап қалуды күшейту. Алғаш болып сөз алған Е.Марғұлан аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды тізбелеп шықты. – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ла­масы төңірегінде сөз қозғағанда мұның аса маңызды екендігін баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дамыған елдер қатарынан көріну үшін шағын және орта бизнесті дамытудың аса қажеттілігін үнемі айтып келеді. Осыған орай Алматы қаласы бойынша қыруар шаруа атқарылды. Нақтырақ айтсақ, 717 жоба жүзеге асырылды. Бұл кейбір облыстармен салыстыра айтқанда, көш ілгері көрсеткіш. Барлық шаруа кәсіпкерлікке қатысы бар ұйымдармен, мекемелермен бірлесе жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде саланы дамытуға республикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлінді. Қаржыландырумен барлық сала қамтылды десе де болады. Мыңдаған жұмыс орындары сақталып қалды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан биылдың өзінде мемлекет қоржынына 17,6 млрд теңгенің салығы түсті, – деді Е.Марғұлан. Әрине, баяндамашының аузынан көптеген жағымды жаңалықты естумен қатар, түйінді мәселелерді шешу жолдарын түсіндіру де талап етілді. Депутаттар мен құзырлы орындардың тереңірек түсінгісі келетін жағдайлар аз болмай шықты. Мәселен, екінші деңгейлі банктермен жұмысты жандандыру, ашылған кәсіпкерлік ұйымдардың толыққанды жұмыс істеуіне негіз болатын мәселелер сөз болды. Алайда банктер қатарынан AsiaCredit Bank акционерлік қоғамының бір өкілі ғана келуі өкінішті. Сонымен қатар стартап жобалардың аздығы да ойлантады. Иә, елімізде жұртшылықтың бұрындары ойына кірмеген жобалары іске асырылып, азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына кең жол ашылуда. Осы мүмкіндіктерді барлық қазақстандықтардың тиімді пайдаланғаны абзал. Құзырлы орындардың қызметі табысты бола түсуі үшін әлі де жемісті жұмыстар жүргізілуі керек. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының өкілдері кемшіліктерді болдырмау жолдарын қарастыруды ұйғарды. Ал Қостанайда «Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асы­рылу барысын қадағалау мақсатында партиялық тыңдау өтті. Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері, түрлі мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіби қауымдастықтар өкілдері қатысты. «Жұмыспен қамту және халықтың әлеу­меттік осал жіктерін қолдау» бағыты бойын­ша өткен партиялық тыңдауда жоғарыда атал­ған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы кеңінен талқыланды. Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Оразбаев бағдарламаның екінші бағыты аясында бұл салаға 2 млрд 275 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл облыс бойынша сүт пен ет өндірісінің өсуіне ықпалын тигізді. Ал облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Горяннаяның айтуына қарағанда, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру кезінде 742 жұмыссыз және 386 өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылды. Партиялық тындау барысында қатысу­шы­лар тарапынан көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Мәселен биыл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 5,5 млн теңге бөлінді. Оған ақпараттық-имидждік өнімдер шығарылып, телеарналарда бейнероликтер мен арнайы репортаждар көрсетілді. Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы адами капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова бағдарлама жөнінде ғаламтор арқылы ақпараттандыруға көбірек көңіл бөлуге кеңес берді. – Мен ғаламтордағы мән-мәтіндік жарна­­маны көбірек пайдалануды ұсы­на­мын. Өйткені қа­зіргі таңда жастар күнде­лікті өмірде ғалам­торды пайдаланатыны бәрімізге мәлім. Ал бұл мемлекеттік бағ­дарлама негізінен нақты жастарға бағыт­тал­ған, – деп атап өтті З.Көкжанова. Мәжілісте айтылған ұсыныстар мен пікірлер тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.