«Қарагөз» балеті қалай қойылды?

«Қарагөз» балеті қалай қойылды?

«Қарагөз»  балеті қалай  қойылды?
ашық дереккөзі
Қазақ еліндегі музыкалық театрдың қалыптасуы мен даму тарихы халқымыздың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезов есімімен тығыз байланысты. Өйткені қазақ даласында 1934 жылы ашылған музыка театрында ең бірінші Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» драмасы сахналанған болатын. Ал 1938 жылдың 24 маусымында либреттошы М.Әуезов, композитор В.Великанов, балетмейстер Л.Жуков, көрнекті қылқалам шебері О.Таңсықбаев қойған «Қалқаман – Мамыр» тұңғыш ұлттық балеті көрермен назарына ұсынылды. Мұхтар Омарханұлы кәсіби театрдың дүниеге келуін ұлттық мәдениетіміздегі елеулі оқиға деп есептеді. Жазушы өзінің «Жалпы театр өнері мен қазақ театры», «Театр, музыка кадры (ойласу ретінде)», «Қазақтың халық музыкасы мен музыка театры» атты мақалаларында ұлтымыздың салт-дәстүрімен сабақтасып жатқан қазақ театрын дамыту мәселесіне ерекше ден қойды. Сондықтан ол театр өнерін дамыту жолындағы барлық мәселелерді маңызды деп санады: репертуар, басшылық, көрермендер залы, декорация, бәрі-бәрі басты назарда болды. Біз үшін Мұхтар Әуезовтің ұлттық би өнерін дамытуға қосқан үлесі аса маңызды. Мұхтар Омарханұлы би өнерін дамытудан шет қалмау керектігін назарда ұстады. Сондықтан да, ол «қазақтар ешқашан билемеген» деген тәмсілдің өткен күннің еншісінде қалғанын, бұл салада көп ізденіп, еңбектену керектігін тілге тиек еткен. Бұл ретте Мұхтар Әуезов би пантомимасын (сөзсіз, ыммен көрсету) дамыту қажет деген байламға келді. Өз кезегінде би пантомимасын дамыту классикалық балет қойылымдарын ілгерілетуге ықпал ететіндігін атап өтті. Сөйтіп, Мұхтар Әуезов өзінің теориялық ойларын іс жүзінде қолданып, «Қалқаман – Мамыр» тұңғыш ұлттық балетінің дүниеге келуіне себепкер болды. «Қалқаман – Мамыр» балетінің тұсаукесер қойылымы қазақ балеті үшін тарихи күн болды. Мұхтар Әуезовтің қатысуымен қойылған халық поэмасы негізіндегі алғашқы ұлттық балет «Қалқаман – Мамырдың» сахналық ғұмыры ұзақ болмаса да, бұл ұлттық балет өнеріндегі алқашқы қадам болды. Бұл туралы белгілі қазақстандық балеттанушы Л.Сарынова былай дейді: «Қалқаман – Мамыр» балеті ұлттық өнердің жаңа формаларын игеру жолындағы қазақ музыка театрының алғашқы байқауы еді. Музыкаға образдық мінездерді ашатын ұлттық болмыс айшықтары жетіспеді. Жуковтың классикалық би мен ұлттық ерекшелікті синтездеу ойы іске аспады. Оған себеп, біріншіден, ұлттық өнер нақыштарын білмеу, екіншіден, орындаушылардың мүмкіндік шектеулігі және халық биі мамандарының болмауы еді». Дегенмен бұл қойылымды мамандар қазақ хореографиясының батыл бастамасы ретінде қабылдады. Мұхтар Әуезов Қалқаман мен Мамыр туралы аңыздың ата-бабамыздың жазылмаған заңдарын қозғайтын кикілжің сырына баса мән берген. Балет либреттосында поэма сюжеті толық сақталмаған. «Қалқаман – Мамыр» балет либреттосының алғашқы қойылымынан бері де 80 жылға жуық уақыт өтті. Ғасырлық тарихы, берік қалыптасқан дәстүрі бар балет үшін бұл көп уақыт емес. Артта қалған 80 жыл қазақ балетінің бет-бейнесін түгелдей өзгертті. Бүгінде бізде 4 кәсіби классикалық балет труппасы, білікті балетмейстерлер мен педагогтар жұмыс істейді. Қазір театр репертуарында әлемдік балет классикасымен қатар, кеңестік балет қазыналарын қамтитын әдеби сюжетті қойылымдар бар. Қазақ балетін дамытудың негізгі өлшемі – ұлттық репертуар қалыптастыру. Өкініштісі сол, соңғы 20 жыл аралығында 5-6 ғана ұлттық тақырыпты қамтитын жаңа балет шығарылды. Қазақ хореографиясы тарихындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақсақ құлан», «Фрескалар» сынды сәтті ұлттық балет туындалары ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл қойылымдардың сахналанғанына талай жылдар өтсе де, әлі күнге дейін қазақ балет өнерінің шоқтығы биік туындылары қатарында. Осы тізімге енгізуге болатын келесі бір туынды – «Қарагөз». М.Әуезовтің драмасы бойынша шығарылған Ғ.Жұбанованың балеті Абай атындағы опера және балет театрында қойылды. Балетмейстері – Г.Алексидзе, либреттосын жазған – Ә.Мәмбетов. Композитор Ғазиза Жұбанова өзінің бір сұхбатында Қазақ драма театрында «Қарагөз» спектаклін тамашалап отырып, ондағы тұнып тұрған балет пластикасы құралдарын, шығарманың хореографияға сұранып тұрғанын аңғарғанын айтады. Осыдан кейін Ғазиза Жұбанова балетмейстер Г.Алексидземен кездесіп, өзінің ойымен бөліседі. Ал балетмейстер композитордың ойын құптай түседі. Сөйтіп, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзі» балет театрының сахнасында қойылады. «Қарагөз» балеті қазақ халқына сүйікті мұралардың бір сюжетін жаңаша пластикалық құралдар арқылы бейнелеуімен және адам өміріндегі махаббат құрбандығын образдық поэзия деңгейінде көрсетуімен құнды. Балеттен грузин халық билері мен «Ромео мен Джульетта» көріністерінің сәтті үйлесім тапқан тұстарын байқауға болады. Мысалы, бірінші актіде Қарагөз бен Сырымның адажиосы Ромео мен Джульетта адажиосымен сәтті қиюласады. Жалпы, көркем шығарманы пластикалық өнерге айналдыру оңай емес. Мұндай қадам хореограф шығарманың жаңа қырын ашып, көрерменнің қызығушылығын оятатын дүние тауып, шиеленістің ішкі себептерін зерттей білгенде ғана оң нәтиже береді. Сонымен бірге, балеттің айтар ойы мен драманың негізгі идеясындағы даулы тұстарды атап өтпеуге де болмас. Яғни, Мұхтар Әуезов «Қарагөз» драмасында ата-баба заңын жеті атаға дейін бұзудың мүмкін еместігі негізгі түйін болса, балетте бұл айтарлықтай маңызды рөл атқармайды, жай ғана бір деталь ретінде көрініс табады. Осының салдарынан туындыдағы кейбір образдар өзгеріске ұшырайды. Мәселен, прологте Мөржан Қарагөз бен Сырымның маңайынан шықпай, олардың қосылуына мүмкіндік бермейтін ажал символы іспеттес. Мұхтар Әуезов драмасында белгілі міндет атқаратын Мөржанның қимылы да, киімі де балетте рөл негізін ашуға қызмет етпейді. Ал Алексидзе балетіндегі басты кейіпкерлердің әрқайсысының ерекше пластикалық қимыл айқындығы көрерменді еріксіз баурайды. Мысалы, Қарагөз бен Сырым қозғалысы көрермендерді үйлесіммен, шексіз классикалық қимыл кантиленасымен тұтқындаса, Мөржанның би тіліне, керісінше, шалт пластика, кей сәттерде сиқырлылық тән. Ал Нарша қимылы баяу, оның би тілі сараң, қалқи самғау жоқ. Осындай би тілдері спектакльдің негізгі айқындаушы құралына айналған. Балеттің хореографиялық және сценографиялық құрылымы шеңберін түсініп, шектеулі өмір кеңістігі символын аңғартады. Яғни, оның шекарасын аттап, заңдарын бұзғандар аяусыз жазаланады. Осынау тұйық кеңістіктің жиегінен алғаш болып Сырым шығып кетеді, одан соң сол шекарадан Қарагөз өтуге ұмтылады. Бұл ұмтылыс графиялық хореографиямен айқындалған. Пролог пен эпилог те дербес символ ретінде ерекше мәнге ие. Прологте авторлар трагедия шешімінен хабар беретіндей балет кейіпкерлерінің психологиялық жағдайын айқын бейнелейді. Яғни, бір-біріне ұмтылған ғашықтардың араларын ажал кейпіндегі Мөржан мен шеңбер бөліп тұр. Сондықтан олар табыса алмайды. Эпилог символы айқын. Адам қандай қиындық болса да, махаббатқа қол жеткізуге тырысады. Ал сол махаббаттың ескерткіші ретінде ел жүрегінде Сырымның сүйгеніне арнаған әні қалады. Әрине, кез келген қоюшы шығарманың авторлық фабуласын сақтай отырып, жеке трактовкасын ұсына алады. Бірақ Г.Алексидзенің хореографиясы трагедияның идеясы мен түпкі сырын сұйылтып, ұлттық нақтылықты, әуезовтік рухты жоғалтады. Айта кететін бір жайт, кез келген балетмейстер балетті қоюда халықтың менталитетін біліп, сол ұлттың салт-дәстүрімен, би өнерімен таныс болуы шарт. Дәл осы Ғазиза Жұбанованың «Қарагөз» балетін «Астана Опера» театрының балет труппасы да сахнаға алып шықты. Бұл қойылымды қоюшы-режиссер – В.Усманов. Усмановтың көзқарасы бойынша, «Қарагөз» балеті қайта қаралып, жаңаша өзгерістермен көрермен назарына ұсынылды. Ғазиза Жұбанованың авангардтық музыкасы өзінше бір төбе. «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов балетке музыкалық редакция жүргізіп, түпкі шығармаға қосымша «Сарыөзек метафораларының» үшінші симфониясын, Скрипкалы концертті, сондай-ақ, Ғазиза Ахметқызының Ішекті квартетінің екі бөлімін пайдаланды. Қорыта келгенде, «Қарагөз» балеті – барлық кемшіліктерімен бірге кәсіби шеберлік биігінде қойылған спектакль. Балетті қоюшылар М.Әуезов драмасының ең ширыққан кейіпкерлер образын топтастырып, шынайы тарихи фон жасай білген. Сөйтіп, терең интеллектуалды қойылым өмірге келді. Сонымен, қазақ балеті Әуезовтің ғажайып драмалық шығармасы арқылы жүректі тербеп, ақыл-ойды қозғады. Яғни, Әуезовтің жоғары идеялары мен сезім әлемі хореографиямен де біте қайнаса бастады. Ұлттық әдебиеттің озық үлгілеріне қызығатын балет театры ұлы классиктің өзге де ғажайып туындыларын хореография тіліне көшіруге ұмтылады деп сенім білдіреміз.    

Гүлнәр ЖҰМАСЕЙІТОВА,

өнертану кандидаты,

Қазақ ұлттық хореография

академиясының профессоры