Тұрғындардың түйткілі шешілді

 

«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалының  қо­ғамдық қабылдауына түскен өтініштер оң шешімін тауып, тұрғындардың тілегі орындалды.

Ақтоғай ауданындағы Әуелбек ауылының тұрғыны Индира Жапарова бала кезінен дәрігер болуды армандады. Алайда Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 76 балл жинап, білім грантынан қағылды. Әпкесі Инновациялық Еуразия университеті колледжінің ақылы бөлімінде, ал інісі ауылдағы Қ.Ыдырысов атындағы орта мектепте оқиды. Сондықтан бағасы шарықтап тұрған оқу ақысын төлеуге қауқары жоқ.

Индира Жапарова осы мәселені партияның облыстық филиалы төрағасының Ақтоғай ауданындағы көшпелі қоғамдық қабылдауына барып, айтқан еді. Түлек аудан әкімі оқу грантын бөлсе, жоғары білім алған соң, ауылда еңбек жолын бастайтынын білдірді. Көп ұзамай, бұл жағдай комиссия қарауына ұсынылды. Комиссия шешімі бойынша оған заңнамада бекітілген тәртіпке сәйкес грант берілді. Қазір Индира Жапарова Семей мемлекеттік медициналық университетінің бірінші курсында дәрігерлік мамандықтың қыр-сырын меңгеруде.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келген Павлодар қаласының тұрғыны Любовь Ситникованың мәселесі де оң шешімін тапты. Ол көз мүгедектігінің тобын қалпына келтіру жөніндегі әскери-дәрігерлік комиссиядан өтуге мүмкіндігі жоғын айтты. Партиялықтардың көмегімен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қабылдауына жазылып, облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетімен бірлесіп өткен қабылдау кезінде бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Сөйтіп, комиссияның шешімімен Любовь Ситниковаға мүгедектіктің 2-тобы белгіленді.

«Соңғы бір жарым жылда мүгедектік мәртебемді рәсімдей алмай, біраз қиналдым. Кішкентайымнан мүгедекпін. Үш баламды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Үміт оты сөне бастаған тұста таныстарым «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына баруға кеңес берді. Партия филиалына барып, өтінішімді айтқан едім, небәрі 2 күн аралығында құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетті. Соның нәтижесінде, өтемақы мен өзге де жеңілдіктерге ие болдым. Тұрғындардың тілегін назардан қалдырмай, түйткілді мәселелерін шешуге атсалысатын партиялықтарға зор ризашылығымды білдіремін», – дейді ол.

Бүгінгі күнге дейін Павлодар облысындағы «Нұр Отан» партиясының 14 қоғамдық қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері 3221 өтініш түсіп, оның 1121-і оң шешімін тапты.

Back to top button