384
"Оралман" фильмі Еуропа көрермендеріне жол тартады
"Оралман" фильмі Еуропа көрермендеріне жол тартады
«Оралман» фильмі қарашаның 9 - 19 күндері өтетін 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалінде бақ сынайды. Бұл жайында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильм туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз туралы баяндайды.
«Фильм Германияның фестиваліне қатысқалы жатқаны үшін қуаныштымын. Менің туған ауылым Алдабергенде немістер көп тұратын. Сыныптастарымның жартысы немістер еді. Олардың көбі 80-жылдардың аяғында тарихи отандарына оралды. Олар да атамекендерінде түрлі қиындыққа тап болды. Сондықтан да репатрианттар тақырыбы - бүкіл әлемде өзекті», - дейді Сәбит Құрманбеков.
Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg)кинофестивалі 1952 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестиваль киноиндустрияның кәсіби мамандарына және киносүйер қауымға арналған.
Жыл сайын фестивальге 500 кәсіби маман мен 60 мың көрермен қатысады. Бұл өз кезегінде кинофестивальдің ауқымы кең және Германиядағы ең ірі фестивальдердің бірі екенін дәлелдейді. Фестиваль аясында режиссерлермен, актерлермен және продюсерлермен кездесулер ұйымдастырылады.
Фестиваль келесі аталымдар бойынша үздіктерді анықтайды: «Үздік фильм», «Арнайы жүлде», «Жетістіктері үшін арнайы жүлде». Негізгі конкурстық жүлдеден басқа фестиваль аясында кинотеатр иегерлері және Халықаралық кинобаспасөз федерациясы (ФИПРЕССИ) өздерінің марапаттарын табыстайды. Сондай-ақ көрермендер көзайымы жүлдесі де беріледі. Биыл фестивальдің бас жүлдесіне отандық картинадан басқа 21 фильм таласқа түседі.
Осы орайда Франция, Аргентина, Дания, Эстония, Исландия, Үндістан, Иран, Израиль, Түркия, АҚШ, Германия және басқа елдерден картиналар ұсынылып отыр. Жеңімпаздар есімін 2017 жылы 19 қараша күні фестивальдің жабылу салтанатында жариялайды.
Айта кетелік жайт, Башқұртстанда үстіміздегі жылдың желтоқсанында өтетін IV Халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестивалінің ашылу салтанаты «Оралман» фильмімен ашылады. Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» көркем фильмі осы жылдың басында Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді.