Санитариялық дәрігерлер дүкен сөрелеріндегі ет өнімдерінен 145 сынама алып, құрамынан қаптамасында көрсетілмеген заттарды анықтапты, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
“40 сынаманың ішінен ет өнімінің қаптамасында көрсетілмеген шошқа етінің ДНК-сы анықталды. Бұл өнім шығару кезінде технологиялық талаптарды бұзудың салдары. Мәселен, шошқа еті бар өнім де, халал таңбалы ет өнімдері де бір қондырғыда жасалады. Өндірушілерге тиісті ескертпе жіберіліп, сатылымнан 38 тонна ет өнімдері алынды”,-дейді ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.
Бұл елімізде адал өнімнен шошқа құрамы табылған алғашқы оқиға емес. Жандарбек Бекшин дәрігерлер қанша күрессе де өнімнің тазалығын толық қамтамасыз ету мүмкін болмай отырғанын айтады.
Сараптамадан өткен шұжықтардың 70 пайызына жуығында, жартылай фабрикаттардың 20 және ет консервілерінің 7,5 пайызының құрамында шошқа бар болып шықты. Санитарлық талаптар бұзылған өнімдердің 88 пайызы импорттық тауар. Сырттан бүлініп келген өнімдердің көшін ресейлік импорт бастаса, екінші орында Қырғызстан тауарлары тұр.
Ресейдің Курников және Ставрополь бройлері маркасымен сатылатын тауық етіне су егілгені де анықталыпты. Яғни еттің көлемін арттыру үшін ет арасына су жіберіліп, мұз күйінде Қазақстанға жіберілген. Еліміздің бас санитарлық дәрігері тұтынушыларды сақ болуға кеңес берді.