Қаламгерге ең қымбаты – ұлттық намыс

Қаламгерге ең қымбаты – ұлттық намыс

Қаламгерге ең қымбаты –  ұлттық намыс
ашық дереккөзі
599
«Әдебиеттің негізгі құралы – тіл, тіл болмаса ұлттың мінезі көрінбейді», – дейді ол. Шығармаларында ұлттың болмысын, тағдыры мен талайын арқау еткен қаламгердің жазғанын жүз жазушының арасынан жаңылмай табасың. Өйткені оның туындыларында қазақтың кесек мінезі менмұндалап тұрады. Ұлттың ұжданын бәрінен биік қоятын жазушы қоғам кеселдерімен күресіп, әділетсіздікпен әлі келгенше алысуды азаматтық һәм жазушылық парызым деп біледі. Бұл ұстаным оның өз шығармаларынан ғана емес, әр жылдары баспасөзге берген сұхбаттарынан да анық аңғарылады. Әдебиеттің ғана емес, тарих пен мәдениеттің, ұлт өнерінің өміршеңдігі үшін қызмет етіп жүрген қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің кесек ойларын қойын дәптерге тізіп отырып түйгеніміз  осы.

Жазудың жайын ойлағанда...

Қазақ драматургиясында жалпылама сөз көп, бір шәй ішудің өзін 10-15 бетке дейін суреттеп отыратындар немесе сахнада тұрып алып ақыл айтатындар жетеді. Оны драматургия көтермейді.

***

Өмірдің шындығын және ең керектісін айта білсең, барлық елге ортақ трагедияны, ортақ драманы көрсетсең ғана ол ағылшынға да, французға да, қазаққа да керек болады.

***

Оқиғаны құр баяндап беру – драматургия емес. Нені айттың? Кімге айттың? Қалай айттың? Не үшін айттың? Міне, осы төрт сұраққа жауап бер. Сонымен қатар, оқиғаны бірсыдырғы өрбіте бермеген дұрыс. Ол көрерменді он минуттан кейін жалықтырып жібереді. Мінездегі ерекшелік, оқиғаның дамуындағы өзгешелік, морт сыну, өткір диалог, күтпеген оқиғалар құру… Қысқасы, көрерменді қызықтырып, жетелеп отыруға тырысқан жөн.

***

Кезінде біздің әдеби шығармаларымыз қолдан қолға тимеді. Қонышына тығып алып, қойшылар тауда оқып жүретін еді. Кітап дүкендерінде қазақ кітаптары толып тұратын. Кітап дүкені болмаған жағдайда орталық дүкендердің бір бұрышында кітаптар сатылатын еді. Тіпті керек десеңіз, үнді шайына қосып, кітап тегін таратылатын. Сол себепті де, кітап оқыған адамның санасы өзгеше қалыптасты. Бұзақылықтан аулақ жүрді. Тәртіпсіздікке көп ұрына қойған жоқ. Әрі ішкі тәрбиесі бөлек қалыптасты. Қазір оның бәрі тоқтады.

***

Әдебиеттің негізгі құралы – тіл, тіл болмаса ұлттың мінезі көрінбейді. Кезекші тілмен, журналистикалық тілмен жазылған көркем шығармада адам жанын түгел тану мүмкін емес. Өйткені онда жоғарғы жағын, беткі жағын ғана қалқып, тереңіне үңіле алмайды. Тереңге біз тіл арқылы ғана жетеміз. Тіл деген біздің акваланг, неғұрлым жетілген сайын біз соғұрлым теңіздің терең тылсымына сүңгиміз.

***

  Расул Ғамзатов бір кезде: «Кеңес өкіметі өзінен шіркеуді бөліп тастаған еді. Ал тәуелсіз Ресей әдебиетті бөліп тастады» деген екен. Әдебиетті бөліп тастау адамдардың ішкі жан-дүниесінің деградацияға түсуіне әкеледі. Қазір шенеуніктердің көбі кітап оқымайды. Мектеп бітірді, жоғары оқуға түсті. Олардың қосымша бір кітаптың бетін ашпағанына кәміл сенемін. Өзі оқымаған адам өзгені қалай тәрбиелейді?

***

Драматург қатал хирург сияқты болуы керек. Яғни ол артық нәрсені аямай кесіп тастауы тиіс. Сонда ғана жақсы спектакль пайда болады. Ал біздің жазушылар бүкіл сөзімді кесіп тастады деп ренжіп жатады.

***

Драматургия – жаяу жанр. Эстрада сияқты таңертең ұшаққа отырып, гастрольге барып, кешке қайтып келмейсіз.

***

Қазір кітап шығарып, тұсау кесуге құмарлар көбейді. Бірақ ертеңгі күні бәрі ұмытылып қалады. Себебі тың көзқарас, жаңашылдық, батыл ой жоқ. Баяғы сары уайым, әйтеуір «ұлтым», «тілім» деп өлең жаза беретін «күшеншек» ақындар шықты. Мен ондайларды «Ішінде баласы жоқ әйелдің толғағы сияқты» деймін.

***

Бұдан кейін өткен әдебиет оқылмайды. Оған нақты көзім жетті. Ол әдебиеттің жазылып-жазылмауынан емес. Жарайды, Мұхтар Әуезов «Абай» романын бүгін жазып бітірді делік. Сол романды жұрт таласып-тармасып оқиды деп ойлайсыз ба? Ол кісі романын шығару үшін ақша іздеп әлек болып кетер еді. Кітабын бастыру үшін, оны өзге тілге аудару үшін жанталасар ма еді, кім білсін?! Сол романның Кеңестер кезінде жазылып қалғанына қуанамын.

 Қаламгерден  қадір іздегенде...

Заңсыздықты, көлеңкелі дүниені айту – қаламгер парызы. Қаламгер ғана емес, кез келген азаматтың міндеті. Ал ондай ащы дүниені айтқан адамды оппозиционер немесе саясаткер деуге бола ма?  Ел саясатын, қоғамды жетік білмеген жазушы есі дұрыс әдебиет жасай ала ма? Жоқ! Жазушы – қоғам сыншысы. Қоғам туралы бірде-бір сыни пікір айтпаған, өзінің азаматтық ұстанымын көрсете алмаған жазушыны зиялы санай алмаймын.

***

Бүгінде ақшасы көп, құрығы ұзындар үшін шетелде кітап шығару деген сөз болмай қалды. Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстанның аты мен заты белгісіз авторлары бір-бір жұқа кітаптарын аудартып, шетелдің сөресіне тізіп қойған. Бұл – ұлт әдебиетіне жасалған қастандық. Өйткені шетелдіктер соларды ашып көреді де, «мыналардың әдебиеті баланың шатпағы екен ғой» деп жаба салады.

***

Жазушыға қажет қасиеттер – азаматтық, ұлтжандылық, әділдікке араша түсу. Алайда қаламгерлерде осы жағынан келгенде жасқаншақ­тық басым. Ең арысы, көзге көрініп тұрған қиянатты көрмегендей өте беретін болды. Қоғамдағы ащы шындықты бәрі біледі. Біле тұра өзі бас көтермейді. Басқаның бас көтергенін қалайды.

***

Қазақта 700 жазушы бар дейміз. Бірақ әлдеқандай мәселе қозғалар кезде солардың көпшілігі сырт қалады. Бастары қосылмайды. Көбісі – қолдан жасалған жазушылар. Шын жазушы халқының жағдайына қабырғасы қайыспай, жүрегі ауырмай тұрмайды. «Қойшы, үйде отыра берейінші» демейді. Мен ешкімге «көшеге шық, айқайла» деп жатқан жоқпын. Бірақ «Мына өмір не болып барады? Қоғам қайда бара жатыр?» деп елең етуге, бас көтеруге болады ғой. Неге мақала жазбайды, неге пікірін айтпайды?

***

Адамда жан дүниенің толқуы деген болады. Мұндай толқу адамды үнсіз қалдыра алмайды. Бірдеңе дегізеді. Яғни, адам жазбай отыра алмайды. Бірақ сонда да, мұны кәсіпке айналдыруға болмайды. Кәсіпке айналдырса, жазушы өледі. Демек, мұны кәсіпке айналдырмай, жазбауға болмайтын кезде ғана жазатын қастерлі өнерге айналдыру қажет. Әйтпесе әдебиет те былғанады. Жазушы да талантты жазушы болудан қалады.

***

Биыл әңгімелер жинағым шықты. Қаламақыңыз деп 69 мың теңге берді. Алмайын дегем, тастап кетіпті. Адамды бұдан артық қорлауға бола ма? Кеңес үкіметі кезінде кітап түгілі, газет-журналға шыққан әңгімеңе, радио-телеарнадан берген сұхбатыңа қаламақы берілетін. Қазір оның бірі де жоқ. Бұрын қаламгерге жылына үш-төрт рет жолдама берілетін. Ақын-жазушыға арналған демалыс орындарына барып, кітабымызды жазып қайтатынбыз. Қазір оның бірі де жоқ. «Қайтсең де жаз. Бірақ қаламақы бермейміз» деген қасаң пиғыл. Одан кейін қалай жазасың?..  

Өнердің өміршеңдігін көксегенде...

 Шетел театрлары түрі ұлттық, бірақ мазмұны адамзаттық шығармаларды сахналайды. Сондықтан өмірдің шындығын қазақтың жүрегімен, қазақтың қабылдауымен бере білуді ойлауымыз қажет. Адамзаттық мәселені қазақи көзқараспен беруді ойлаған абзал. Егер Қабанбай батырды жазатын болсақ, ағылшын түсінетін Қабанбайды да сомдауға болады. Бұл жерде ортақ драма, ортақ қайғыны таба білу керек.

***

Әр ұлттың пьесасын сол ұлттың өзінен артық қоятын ешкім жоқ екен. Шекспирді қазақ театры қанша сахналағанымен, оны ағылшын театрынан асырып қоя алмаймыз. Италияның ариясын қазақ әншілері жақсы орындағанымен, итальяндықтардай шебер орындай алмайтыны белгілі.

***

Әуелі экранға жарнамасы жер-дүниені жаңғыртқан «Көшпенділер» шықты. Күллі Қазақ елінің басын біріктіріп, ежелгі дұшпанға ойсырата соққы беріп, Қазақ мемлекеттілігінің іргесін нығайтқан айлалы да ақылман Абылай ханды экраннан көреміз деп асыға күткен көрерменнің үміті су сепкендей басылып, ұялғаннан жер шұқып қалды. Досхан Жолжақсыновтан басқа бір де бір қазақ актері қатыспаған (онда да қалмақ Шарыштың рөлінде) киноны қазақ киносы деп атауға болатын ба еді?

***

Отыз сериялы «Шыңғыс хан» фильміне қытайлықтар 16 миллион доллар жұмсаса, біздің киногерлердің балаларға арналған екі сериялы «Көшпенділер» деп аталатын блокбастердің құны 36 миллион доллар екен. Ұяттан басқа берері жоқ кинолентаға ұялмай осынша қаржы жұмсаппыз!

***

Қазақ киноөндірісінде қанша айтылса да ескерілмей келе жатқан бір әдет бар. Ол – киім үлгісі. Сырттай қарағанда қазақта жаздық киім деген атымен жоқ сияқты. Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің шырқырап тұрған кезінің өзінде біздің қазақтардың үстінен түлкі тымақ пен жағалы ішік түспей-ақ келеді. Қазақта жазғы киімдердің алуан түрі бар емес пе еді? Дизайнерлеріміз соны неге ескермейді?

***

Экрандағы нәрсіз, сөлсіз дүниелерді тоқтатып, рухани құндылығымен көрерменді баурап та, жаулап та алар жауһар киноларымызды көбейткеніміз абзал. Біз жылына 5-6 фильм түсірсек, соның өзіне қанағат тұтатын сияқтымыз. Және сол 5-6 атау өзіне жұмсалған шығынды өтей алмады деп, киноөнімге кінә артатын әдетіміз бар. Киноға күнделікті, тұтыну тауарына қарайтындай тоғышар көзқараспен қарауды қоятын кез әлдеқашан жеткен. Халқының саны бізден он есеге жуық көп Ресейде 2016 жылы 68 кинофильм түсіріліпті. Соның төртеуі ғана өзіне жұмсалған шығынды өтей алған, қалған 64-і шығынға ұшыраған.

***

Театр сахнада тұрып алып ақыл айту немесе уағыз айту емес. Сахнадан «жаман болма, жақсы бол» я «ақымақ болма, ақылды бол» деп айқайлау емес. Белгілі бір уақиғаны баяндап отырып, образдар арқылы адам жанындағы өзгерісті түсіндіру, сөйтіп көрерменге ой салып, пікір тудыру. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге қойылым арқылы үндеу. Театрдың тәрбиесі деген бар болғаны – осы ғана.

***

Қазір ортаңқол әншілердің дәурені жүріп-ақ тұр. Неге? Оның себебі жарнамадан. Жарнама ақшасы бар, ортаңқол өнерпаздарды жаппай көрсетеді. Соларды әспеттейді. Ауылдағы елдің әңгімесі де солар. «Анау әншінің екі әйелі бар екен», «Анау бір әнші бәленшенің тоқалы екен» деп отыратын болыпты. Бұрынғы ел мен жердің шежіресін шертетін ақсақалдардың әңгімесі жоқ. Ел – теледидардың құлы, теледидар – ортаңқол әншілердің құлы боп кетті.

***

Бұрынғы көрермендер театрға барарда үш нәрсені біліп баратын. Бірінші – авторға, екінші – режиссерге, үшінші – әртіске бола баратын еді. Қазіргі көрерменге бәрібір. Бүгінгі көрермен жеңіл әзілге, ойсыз күлкіге, арзан сатираға құмар. Мәдени талғам деңгейі өте төмен. Асқар Сүлейменовтің сөзімен айтқанда, «Беттерінде миы жоқ адамдарды» көремін.

***

Әр елдің өзіне тән түйсігі мен түсінігі, өзіне тән парасат деңгейі, дүниеге көзқарасы мен қабылдау қабілеті, оған философиялық, көркемдік деңгейде баға беру өлшемі әр басқа. Бір елдің ұлттық мақтанышы боп бағаланатын өнер туындысы екінші елдің көрермендері үшін қатардағы шығарма немесе көркемдігі төмен дүние ретінде қабылданып жатады. «Орыс әдебиетінің шыңы» деп В.Г. Белинский бағалаған Н.В. Гогольдің, тіпті, «Пушкин для нас – все» деп орыс қауымы пір тұтатын А.С. Пушкиннің шығармалары батыс елдері үшін дәл біздегідей інжу-маржан боп бағаланбайды. Кино өнерінде де солай.

 Ұлт туралы толғанғанда...

Қазір жастарымыздың көбі жұмыссыз. Ұрлық істеген жігіттен сұрасаңыз, «жұмыс жоқ, ақша жоқ, сосын амалсыз ұрлыққа бардым» дейді. Баласын сатқан әйелден сұрасаңыз: «күн көрісім қиындап кетті, баламды сатпағанда не істеймін?» деп өзіңе қарсы сауал қояды. Баласын сату деген ешқандай дінде жоқ нәрсе. Осының бәрінің түп-төркіні неде? Жұмыссыздық пен тойып тамақ ішкендердің кесірі.

***

Кейбір ауылдарда әлі күнге дейін жарық жоқ. Көшелердегі батпақ кешіп жүрген адамдарды теледидардан күнде көреміз. Балалар мектепке бара алмай отыр. Үйлері құлағалы тұр. Жерлері жоқ. Қазақ тіпті өз елінде, өз жерінде құлға, қайыршыға айналып бара жатыр. Бүкіл жерасты байлығымызды шетелдерге беріп қойдық. Ең қымбат уран, вольфрам, жез кімге кетіп жатыр, мұнай кімге кетіп жатыр?! Міне, бұлардың бәрі – жұмбақ.

***

Жердің асты-үстіндегі соншама байлықпен, бар-жоғы 17 млн халықты жөндеп асырай алмай отырмыз: не үй жоқ, не күй жоқ, не жұмыс жоқ. Мысалы Польша, Чехославакия, Жапонияны қарашы: ештеңе жоқ оларда, бірақ бәрі бар. Бізде бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ.

***

Кінәнің бәрін Кеңес үкіметіне арта бергенге келіспеймін. Кеңес үкіметі ұлт болма, қазақ болма деп айтты ма немесе ұлтсыздандыратын саясат жүргізді ме? Жоқ. Кінә қазақтың өзінде. Әйтпесе Кеңес үкіметінің құрамында болған өзбектер мен түркімендер біз сияқты орыс болып кеткен жоқ қой. Олар сол кездің өзінде ұлттық киімдерін киіп жүрді. Ал біз тез аздық.

***

Тәуір қызметке барған адам өзінің туысын тартуды әдетке айналдырды. Соның кесірінен «командалық қызмет» пайда болды. Асыра айтқандық емес, балабақшалардағы бүлдіршіндерге дейін руға бөлінетін жағдайдамыз қазір. Бұрын біздің студент кезімізде руыңды сұрау ұят саналатын. Қазір мақтаныш.

***

Қазақ ешқашан саудагерге немесе банкирге еліктемеген. Қазақ балалары батырға, биге, қысқасы, әділдік үшін күресетін ұлы тұлғаларға қарап бой түзеген. Әттең, ұрпақ тәрбиесінде осы жағымыздан ақсап тұрмыз. Телеарналарда да ұрпаққа тәрбие боларлық еш нәрсе жоқ. Кәріс пен түріктің бітіп болмас ұзақ сериалдары бізге не берсін?! Ұлттық идеология болмаған соң, бәрі – нөл. Ұлтты ұрпақ жасайтыны рас болса, қазақтың ұрпағынан ертеңгі қазақты жасап шығу – тұманды күнгі түн сияқты.

***

Дипломмен ауылға барамын, ол жерде не істеймін? Менің ауылымда 8000 адам тұрады. Аудан орталығымен бірдей. Жұрттың барлығы жекеменшік фермерлік шаруашылықпен айналысып жатыр. Сырттан барған адамға айлық керек, жағдай керек. Оны алып не істейді? Ауылдағы мұғалімдердің өзі мектепке әрең орналасады. Ашығын айтайын, өзім бір адамды орналастыру үшін, абыройымды салдым. Менен ұялғанынан әрең алды. Бірақ маған айтпа деп, орналастырған адамымнан 400 мың теңге алыпты. Міне, осындайлардың бәрі ұлтымызды бұзады.

***

Жұмысшы табы қалыптаспай, мемлекет болмаймыз. Қазір теледидарың бұзылып, маман шақырсаң, орыс келеді. Тоңазытқыш жөндеуге де орыс кеп тұрады. Осының бәрін қазақ үйренетін кез келді.

***

Отыз екінші жылғы ашаршылық, отыз жетінші жылдың нәубеті, одан кейін Отан соғысы деген қасірет келді, тың игеру басталды – сөйтіп қазақтың тоз-тозы шығып, әбден берекесі кетті. Әр шаңырақта бір-бір ұл, бір-бір қыздан қалып, солар бас құрап, енді жетілдік. Ел ішінде отырдық десек те, біздің де көрмегеніміз жоқ. Енді ғана аяқтан тік тұрып, бес-он жылдап баспана кезегінде тұрып, жасы қырық, тіпті елуге келгенде үй-жайлы болып жатқандар бар. Өз азаматтарымыздың жағдайын оңалта алмай жатқанда, Үкімет оралмандарға келген бойда бар жағдайды жасап бере алмайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сырттан келген қандастар туған жерге оралғандарын міндетсінбеуі керек. У ішсек у ішіп, су ішсек бірге су ішсін.

***

Үштілділік деген ұғым үш мемлекет деген түсінік қалыптастырып тұрғандай.

***

Оқушылар алдымен өзінің ана тілін меңгерсін, одан кейін он тіл үйренсе де, жиырма тіл үйренсе де өз еркі. Ұл-қызымыздың тілі ағылшынша немесе орысшамен сынса, қайдағы рухани жаңғыру? Қазақтың ұлттық тілінде тәрбие алмаған бала ұлтжанды бола алмайды.

***

Еліміздегі өндірістің 70-80 пайызы өзге ұлт өкілдерінің қолында. Соның бәріне өзіміз иелік ету үшін бойдағы жалқаулықты жеңіп, кәсіп үйренуіміз керек. Пролетариат қалыптаспай буржуазия қалыптаспайды.

***

Қазақ үшін ақша да, алтын да, байлық та, үлде мен бүлдеге оранып жатқан тоқшылық та қымбат емес. Маған ең қымбаты – ұлттық намыс. Жалаңаш жүрсем де, аш жүрсем де, ұлттық намыс болса көңілім тоқ болар еді.

***

Ең жаманы –  немқұрайдылық. Қоғамдағы қауіпті адам осылар. Ана жаққа да шығып кетеді, мына жаққа да шығып кетеді. Өзіндік көзқарасы қалыптаспаған. Бірақ олар өздерінікін жөн санайды. «Менің де өз ойым бар», – дейді. Әрине, өз ойы бар болуға тиіс. Бірақ бір нәрседе – ұлттық мүддеге келгенде ойымыздың бір жерден шыққаны дұрыс. Көрініп тұрған әділетсіздікке айқай салмау, араша түспеу – бұл әділетсіздікті қолдау деген сөз.

***

Кейде ойлаймын, қазақтың жанын күзетшілік сақтап отыр ма деп. Жұмыссыз жігіттеріміздің бәрі – күзетші. Қыздарымыз асхана-мейрамхананың еденін жуып, даяшы болып жүр. Вокзалға бара қалсаң, жігіттер көлігіңнің астына түсе жаздайды. Қолыңдағы жүгіңді тартып алып кетеді. Енді қайтеді, ақша керек.

***

Мынау кең байтақ жерге ие болып қалу үшін де бізге көбею керек. Онда да Қазақстан халқының көбейгені емес, қазақ халқының көбейгені маңызды.

***

Елді жемқорлық жайлады. Сол жемқорларға таңқаламын. Бүгін түрмеге отырса, ертең темір тордан шығып, қайтадан жіліктің майлы басына жайғасады. Ұрлық пен қылмысқа жаза қолданбау – сол ұрлық пен қылмысқа жол беру деген сөз.

***

Абай заманынан бергі қазақ өзгерді ме? Маған осы сауал жиі қойылады. Бәрі өзгерді. Киген киіміміз, тұратын үйіміз жаңарды. Бірақ жан-дүниеміз, рухымыз құлдырап кетті. Ақша бірінші орынға шықты. Қарапайым халықтың өзі кісіліктен, ұят-намыстан бірте-бірте айырылып жатқан сияқты.

***

Ішкі мәдениеті қалыптаспаған, бағыт-бағдарынан айырылған жандар көрсеқызар, ілеспе, уланғыш келеді. Екінші жағынан, тұрмыстық әлеуметтік жағдайы да себепкер боп жатады. Сананы тұрмыс билеген заманда «Ақша төлеймін» десе, кейбір жастар халыққа қару кезенуден де тайынбай кете ме деп қауіптенемін.

Арлы заманды аңсағанда..

Ойлы адамның бақытты болуы мүмкін емес. Абай айтқандай, ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда. Әсіресе, алпыс жастан кейін адам өзінің бақытты не бақытсыз екенін сезіне алмайтын болуы керек.

***

Өзіңе жамандық ойлаған адамдардан сәл биіктеу тұруың керек. Мұндай жайттарға философиялық тұрғыдан қараймын. Жамандық жасаған адамның пендешілігін түсіне білу керек. «Мен осындай адам деп жүрсем… Бұл байғұс қарадүрсін, кісілігі, білімі шамалы адам екен-ау… Бет пердесінің бір шетін ашып қойды-ау. Ішкі жан дүниесінің төмендігін білмей-ақ өткенім жақсы еді…» деймін-дағы өзімді-өзім жұбатам.

***

Біз соғыс жылдарының ұрпағымыз. Бірақ сол қиын-қыстау, аш-жалаңаш жылдардың өзінде адамдар бүгінгідей емес еді. Бәрі жоққа қанағат, барға сабырмен қарап, ар-ұятты биік қоятын, кісі ақысын жемейтін-ді. Халық бойындағы осындай мінезді көргенде кейде «Біз бостандықты осы үшін алған ба едік?!» деп кейимін.

***

Бәрінен юмор іздеуге тырысамын. Кез келген нәрседен. Бұл ойсыздығымнан емес. Ішіме жинай білем де, сыртыма шығармаймын. Біреудің жасаған қиянатына ешуақытта қиналып көрген емеспін. Жұрт осы күйіп-пісіп жатады ғой. Марқұм Оралхан мақалада кішкене сыналып жатса шыдамайтын, ренжитін. «Оралхан, сен неге өйтесің? Сен шығарманы мақталу үшін жаздың ба? Достоевский өмір бойы сыналумен өтті. Белинскийдің мақаласын оқышы. Пушкин, Гогольдердің қалай тас-талқанын шығарған. Соған шыдады ғой» деп ондайда басу айтатынмын.

***

Ойлы адам өзгелер секілді ойнап-күліп, қызықтап, ішіп-жеп жүре беруі мүмкін. Бірақ оның өз ойы өз ішінде. Қақпағы жабылған, қайнап жатқан қазан сияқты. Сол ішіңдегі ой-қазаныңа зер салсаң-ақ жалғыздығыңды сезінесің. Сырласатын адамның жоқтығына налисың. Кейде бәрін айтып, ішіңдегіні төгіп-төгіп тастағың келеді. Сондайда жаныңа таяныш, сүйеніш, жақындық іздейсің. Мұқағалидың Фаризаға мұң шаққаны да сондықтан ғой.

***

Максим Горький «суреткерді жоқшылық қалыптастырады» деген ғой. Егер мен колхоз бастығының баласы болып, не ішем, не кием демей, үлде мен бүлдеге оранып өссем, қызық қуып кетер ме едім. Қалтамда ақшам толы болып, ат мініп, бертінде қымбат көлік мініп, шалқып жүрсем, терең ойлармен дос бола алар ма едім?..    

Серіктес жаңалықтары