1 желтоқсанда Ақтаудағы аманат капсуласы ашылады

1 желтоқсанда Ақтаудағы аманат капсуласы ашылады

1 желтоқсанда Ақтаудағы аманат капсуласы ашылады
ашық дереккөзі
Ақтау қаласында бұдан жарты ғасыр бұрын жерге көмілген аманат капсуласы 1 желтоқсанда жаңасына ауыстырылады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, аманат капсуласы Тұңғыш Президент күні ашылып, мәтіні көпшілік алдында дауыстап оқылады. Одан кейін  «Қазақстан-2050: Мәңгілік Елдің» қалыптасу тарихы тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері жазылған деректі хат салынып, жаңа орынға қойылады. Бұл күнге жоспарланған іс-шаралар жүзден астам жас ұландықтардың қатысуымен өтетін мерекелік шеруімен басталмақ. Ақтаудың іргесі 1963 жылы қаланған. Шөл далада әсем қала салу Каспий аймағы машина құрастыру комбинаты ұжымының бастамасы болатын. Құрылысшылар төрт жылда алғашқы шағын аудандарды қолданысқа береді. Тарихи кезеңді мәңгі есте сақтау үшін келешек ұрпаққа аманат хаты салынған капсула салтанатты түрде 2-ші және 4-ші мөлтек аудандар аралығындағы жол жиегіне қойылады. Осы сәттен бастап бұл жерде қала тұрғындары жиі бас қосады. Шетелге қоныс аударған азаматтар  арнайы келіп, Ақтаудың қалыптасуына үлес қосқан ата-аналарын еске алуды үрдіске айналған. Жауапты мамандар аманат хат қойылған нышанды таяу күндері қоршап,  капсуланы қазып алуды бастайды. Тот басып, бүлінген жері болса тазалап, ретке келтіреді. Ал ішіне салынған хат 1 желтоқсанда ашылып, көпшілікпен оқылады. «Ол капсуланың қасынан «Болашақ-2050: Мәңгілік ел» тұрғындарына да жаңа жолдау дайындалуда бүгінгі таңда. Сосын жолдауды салатын орын да дайындалады. Сол күні біз капсуланы ашып, тек қана оқып қойғымыз келмейді. Сол кезеңде қала салушылардың тарихын, олардың ерен еңбектерін қазіргі халыққа бір жағынан насихаттағымыз келеді», – дейді Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Гүлжазира Алдашева. Тұңғыш Президент күні қала тұрғындары мерекелік шеруге қатысып, Ақбота саябағынан капсула қойылған нышанға дейін жүріп барады. Жол жиегіндегі дыбыс күшейткіш құралдары арқылы мұнайлы өңірді алғаш ашқан азаматтардың есімдері мен еңбектері хабарланып, үлкен экраннан Ақтаудың тарихы туралы деректі фильм көрсетіледі. Шеру концерттік бағдарламаға ұласады.