Адамзаттың алыбы – Мұхтар Әуезов

Адамзаттың алыбы – Мұхтар Әуезов

Адамзаттың алыбы – Мұхтар Әуезов
ашық дереккөзі
  120 жылдығын атап өтуге байланысты мәдени шаралар жалғасын табуда. Соның бір парасы ретінде Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданына қарасты Әуезов кентінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ескерткіші бой көтерді.  Ескерткіштің ашылуына бірқатар қоғам қайраткерлері, соның ішінде Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов те келген. Заңғар жазушының 120 жылдығы өткен айда Абай ауданында аталып өткен. Біртуар тұлғаны Жарма ауданы да ұмыт қалдырмапты. Аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, жазушы көзі тірі кезінде Жарма өңірінде болып, Ақжал деген кенішке барып, очерк жазған екен. «Ескерткіштің бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер Оразхан Қалиевке зор алғысымызды білдіреміз. Әуезовтің рухани мұралары ұрпаққа демеу болып, ізгілікке шақырып келеді. Уақыт өткен сайын жазушының еңбектерінің маңызы арта түспек. Өйткені оның туындылары адамзат дүниесіне тән мәңгілік құндылықтарды паш етеді. Әуезовтей ғұламаның шығармаларынан нәр алған ұрпақтың санасы сергек, ойы озық, рухы мықты болмақ. Бүгінгі іс-шара да осы мақсатты көздейді», – дейді Нұрлан Сыдықов. Аудан әкімі ескерткіштің ашылуына келген жазушының ұлы Мұрат Мұхтарұлына, Ғарифолла Есім тағы бірқатар қоғам қайраткерлеріне ат мінгізіп, шапан жапты. «Бүгін бұл өңірде, шынымен, ерекше мағыналы оқиға орын алып, Әуезов кентінде еңселі ескерткіш бой көтерді. Рухтанып отырмыз. Жақында ғана Мұхтар Әуезовтің Лондонда жинақтары шықты. Тәуелсіздігіміз бен елдігімізге Мұхтар Әуезовтің үлесі зор деп білемін», – деді Мұрат Әуезов.