Жәкібаевтың есімі жаңғырды

Жәкібаевтың есімі жаңғырды

Жәкібаевтың есімі жаңғырды
ашық дереккөзі
667
Өткен аптада Алматы қаласы әкімдігінің және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Қасым Жәкібаевтың құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуы болды. Осыдан біраз жыл бұрын «Ұнтақ жеп өскен ұрпақтың өкіліміз» деп газетімізге сұхбат берген қазақтың қалақтай ғана  қара шалының есімін мәңгі еске қалдыру мақсатында өзі тұрған үйдің бұрышына мемориалдық тақта орнатылды. Қазақ мәдениеті мен өнеріне өшпес із қалдырған жан құстың ұясындай ғана екі бөлмелі пәтерде тұрып-ақ, өмірінің соңына дейін қазақ театр өнерінің жұлдызын жарқыратып жағып кетті. Сонау 1948 жылғы ең алғашқы А.Толстойдың «Алтын кілт» ертегісіндегі мысық Базилио рөлінен бастап, М.Ақынжановтың «Алтын сақа» мен «Ыбырай Алтынсаринінде» – Сарман мен Жақайы, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында»– Қайрақбай,  С.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысында» – Бүкір,  Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан-Есенейінде» – Тоқай, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында» Шыңғыс хан рөлдерімен бірге, шетелдік авторлардың қойылымдарындағы сомдаған образдары көпшіліктің көңілінен әлі де өше қоймағаны анық. Әсіресе, В.Шекспирдің «Гамлетіндегі» – Полонии, Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» – Вурле сынды үш жүзге таяу кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге мұңайып жүрген таланттың өмірі де, өнері де үлгі-өнегеге толы. Қасым Жәкібаев ақсақал кино саласында да өзіндік із қалдырып қана қоймай, кешегі мен бүгінгі көрермен көңілінде мықтап жатталып қалған актер. «Дерсу Узала», қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Қан мен тер», «Жансебіл», «Үшеу», «Дәнекер», «Отырар», «Махаббат станциясы» сынды көркемфильмдердің жүгін көтерген актер «Тоғысқан тағдырлар» телесериясында да жаңаша бір кейіпке еніп,  кейіпкерлерін сендіре алатындай бейнелеп шыққан. Қазақ өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген жанға арналған мемориалдық тақта ашу рәсіміне Астана мен Алматы қалаларынан зиялы қауым өкілдері мен әріптестері, туған-туыстары қатысты.

Серіктес жаңалықтары