«BN Invest»-тің ізгілікті ісі

«BN Invest»-тің ізгілікті ісі

«BN Invest»-тің ізгілікті ісі
ашық дереккөзі
  Шамалған ауылындағы әлеуметтік жағдайы төмен 17 отбасының бұдан былай өз баспанасы бар. Биыл сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары небәрі 5 айдың ішінде толығымен аяқталып, көмекке аса мұқтаж жандардың игілігіне берілді. Оның құрылысына 124,5 млн теңге жұмсалған. Одан бөлек 35 млн теңге инженерлік коммуникация жұмыстарына көзделсе, аталмыш тұрғын үйлерге су жүйесін жүргізу барысында құрылысқа жақын орналасқан 75 үй де орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Орталықтандырылған газ, электр, су жүйелерімен толық қамтылған  әр үйдің аумағы 120 шаршы метр. Салтанатты рәсімді ашқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бұл игілікті шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асып отырғанын айта келе, бүгінде облыс төңірегінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жоспарларының арқасында елімізде ғасырға жүк боларлық ғаламат істер атқарылды. Тіпті EXPO-ға қелген қаншама мемлекет және Үкімет басшылары таңданыстарын жасыра алмай: «Қазақстаннан үйрену керек» десіп жатты. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасының өзі қаншама игі істерге жол ашты. Алматы облысы бойынша 35 мектеп салынса, Қарасай ауданының өзінде 8 мектеп, ал Жамбыл ауданында 5 мектеп пайдалануға берілді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өзі өсіп-өнген елдімекендегі жерлестеріне меценат, ұлт жанашыры Болат Әбішұлы 17 отбасына пәтер тарту етіп отыр. Осындай қайырымдылық істері үшін ел атынан шексіз алғысымды білдіремін», – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Баспанаға ие болған тұрғынның бірі – 7 баланың анасы Бақыт Иманғалиева. Ол атақонысына 2010 жылы келген. Содан бері шиеттей бала-шағамен пәтер жалдап келген жалғызбасты ананың арманы орындалды. Ойламаған жерден 6 бөлмелі үйдің кілтіне иелік еткен көпбалалы ананың қуанышында шек жоқ. Біз де қуаныш иелерімен бірге қаз-қатар тізіле салынған әсем үйлерді аралап көрдік. Ең қуанарлығы, үйдің іші тұрмысқа қажетті құралдар және жиһазбен жабдықталған. «Елі мен жері үшін үлкен игілікті іс атқарған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Туған жерін түлету, мұқтаж жандарға қол ұшын беру – өзгелер үлгі аларлық іс», – деді жүрекжарды алғысын білдірген баспана иесі Бақыт Иманғалиева. Баспаналы болған 17 отбасы ешқандай кезекке тұрмаған. Олардың тізімі жергілікті әкімдік арқылы алынған. Ал екі үйдің иесі ғана бұған дейін талай жыл баспана кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі отбасы. Бір айта кетерлігі, меценат Болат Назарбаев өзінің елге жасаған қайырымдылық шараларын көпшілікке жария ете бермейді екен. Ол 2010 жылы Қызылағаштағы қайғылы оқиғадан кейін де 20 үй салып, қаншама отбасын сумен қамтамасыз етуге қолұшын тигізіпті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін». Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп жазғандай қайырымды жандардың туған жеріне, туған ауылына жасаған тартуы талай жанға үлгі боларына күмәнсіз сендік.