"Бала дауысы" байқауының супер финалы аяқталды

"Бала дауысы" байқауының супер финалы аяқталды

"Бала дауысы" байқауының супер финалы аяқталды
ашық дереккөзі
565

Алматыда "Бала дауысы - 2017" байқауының супер финалы аяқталып, жеңімпаздар мен Гран-при игері анықталды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Әлия Назарбаеваның "Жандану әлемі" қорының қолдауымен өтетін байқау еліміздің әр түкпіріндегі талантты бүлдіршіндердің томағасын сыпырды. Мамыр айында бастау алған іріктеу сындары Қазақстанның әр аймағында өтіп, эстрада жұлдыздары еліміздің 14 облысы мен екі қаласынан жас үміткерлерді таңдаған болатын.

Нәтижесінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 18 бүлдіршін республикалық байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алды. Финал басталардан бір ай бұрын Алматыдағы "Жұлдыздар үйіне" орналасып, эстрада мен вокал, сханада өзін-өзі ұстау мәдениеті мен билеуді үйренген бүлдіршіндер қалың көрермен алдында өздерінің нағыз жұлдыз екенін дәлелдегені сөзсіз. Байқаудың алғашқы күнінде жас өнерпаздар өзіне тәлімгер ретінде бекітілген отандық шоу-бизнес жұлдыздарымен бірге ән салды. Тәлімгерлердің арасында Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Толқын Забирова, Ақерке Бүркітбай сынды халықтың сүйікті әншілері бар. Сайыстың екінші күнінде қатысушылар өзара дуэт орындап, әділ-қазыларға бар өнерін паш етті.
Майра Мұхамедқызы, Карина Абдуллина, Парвиз Назаров пен Жеңіс Сейдоллаұлы бастаған қазылар алқасы үшін жеңімпаздар мен жүлдегердерді анықтау оңайға соққан жоқ. Ұзақ уақыт бойы ақылдасқан әділ-қазылардың шешімімен "Бала дауысы - 2017" байқауының Гран-при иегері атағын қызылордалық Назерке Шамбилова жеңіп алды. Назеркеге Қазақ ұлттық өнер академиясында грантпен оқу мүмкіндігі ұсынылды. Сондай-ақ, ол Париждегі әйгілі Диснейлендке саяхаттау бақытына ие болды. Бірінші орынды алматылық Нұрлыбек Сапарбай, екінші орынды павлодарлық Анастасия Михайлюк, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының өкілі Әлихан Бекболатов иеленді. Шымкенттік Зарина Нұржанова "Көрермен көзайымы" атағын жеңіп алды. Концерт соңында жас бүлдіршіндерді құттықтаған Әлия Назарбаева талантты бүлдіршіндерді тәрбиелеген ата-аналарға алғысын айтып, жас өнерпаздарға ақ жол тіледі.

Серіктес жаңалықтары