Алаш ғылымына арналған кітап

Алаш ғылымына арналған кітап

Алаш ғылымына арналған кітап
ашық дереккөзі
«Ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Бүкіл қабілетін адам санасына сәуле түсіретін ғылымға арнап өтетін ғалымдардың еңбегін бағалай білудің әділдік екенін халқымыз бір ауыз сөзге сыйдырып, ақиқатын айтқан. Ұлтының тілі мен әдебиетін, тарихын, дәстүр-салтын ұлықтап, шын мәнінде ұлттың кім екенін әуелі өзіне танытатын, сол арқылы мемлекет болашағының жарқын болуына қызмет ететін гуманитарлық сала ғалымдарының шығармашылық өмірінде жас ұрпаққа өнеге болар тұстар мол. Әрине, өз елімізде де ғалымдарымыз сый-құрметтен кенде емес. Ал көрші елдерде қазақтан шыққан ғалымдардың мерейтойы лайықты атап өтіліп, оның шығармашылық өмірбаянына арналып кітап шығарылуы – қазақ руханияты үшін назар аударарлық оқиға. Абай атындағы ҚазПИ-дің (қазіргі АлМУ) түлегі, 40 жылдан аса уақыттан бері Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті мен Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік институтының филология факультеттерінде қазақ әдебиетінен қазақ балаларына ана тілінде білім беріп,  жемісті еңбек етіп жүрген филология ғылымдарының кандидаты, сыншы-әдебиеттанушы Қайыржан Аралбаев – бүгінде атамекеннен сыртта жүрген санаулы әдебиетші ғалымның бірі. Өткен жылы жетпіске толған ғалым Алматыдағы «Арыс» баспасынан «Бесқала өрнектері» атты әдеби зерттеу кітабын шығарып, мерейтойы өзі еңбек етіп жатқан елде лайықты аталып өткен болатын. Биыл Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Халыққа білім беру министрлігінің бекітуімен Қайыржан Аралбаевтың 70 жылдығына арналған «Актуальные вопросы филологии» атты ғылыми мақалалар жинағы жарық көріп отыр. Ғалымдар З.Шамуратова, И.Дильманов құрастырған бұл кітап философия ғылымының докторы, профессор, Өзбекстан Ғылым академиясының академигі Жұманазар Базарбаевтың «Әдебиеттер байланысының байсалды зерттеушісі» деген мақаласымен ашылған. Мақалада Қ.Аралбаевтың осы өлкеден шыққан қазақ қаламгерлерінің, жырауларының шығармашылығын терең зерттегені жан-жақты дәлелді дәйектермен ашып көрсетілген. Екі тілде (қазақ-орыс) тұңғыш рет жарық көріп отырған салалық ғылыми жинақта Қайыржан Аралбаевтың бірнеше ғылыми мақалалары мен оған арналған мақалалар орын алған. Сол сияқты аталған кітапқа филология мәселелеріне арналған бірнеше автордың мақалалары да енгізілген. Атамекеннен жырақта жүрсе де жарты ғасырдан бері өзі өмір сүріп жатқан өлкедегі қазақтардың  әдебиеті мен өнерін ғылыми жақтан негіздеп, зерделі зерттеулер жүргізіп келе ғалым Қайыржан Аралбаев әлі талай құнды кітаптар шығарып, ұлт руханиятын байытуға мол үлес қоса беретіні анық.