Артық салмақ ауруға жол ашар

Артық салмақ ауруға жол ашар

Артық салмақ ауруға жол ашар
ашық дереккөзі
Жер бетінде арық адамдардан гөрі артық салмағы бар адамдар саны күннен күнге артып отыр. Артық салмақтың әр түрлі ауруға әкеп соқтыратыны белгілі. Әрбір төртінші қазақстандықтың артық салмағы бар екенін ескерсек, ұрпақ денсаулығына бейжай қарауға болмас. Семіздік – жаһандық дерт. Дамыған мемлекеттерде артық салмақ мемлекеттік деңгейде қаралатын мәселеге айналған. Өйткені жыл сайын адамдардың семіздікке шалдығуы жиі тіркелуде. Әлемде әрбір екінші адамның және әрбір алтыншы баланың артық салмағы бар. Артық салмақ – семіздік емес. Десе де артық салмақтың біртіндеп артуы сау адамды дертке шалдықтырады. Әлемдік экономикалық қауымдастық және даму ұйымының (OECD) мамыр айындағы дерегін алға тартсақ, ең семіз адамдар Америкада, Мексикада, Венгрия және Жаңа Зеландияда тұрады. Ал ең төменгі көрсеткіш – Жапония мен Оңтүстік Кореяда. Рейтинг жасаушылардың айтуынша, тамақтану дағдысына қарай семіздіктің жиі не аз кездесетінін байқауға болады. Айталық, жылдам тамақ пен газдалған сусынды жиі тұтынатын елдерде артық салмақты адамдар көп. Ал тамақтану дағдысы мен күнделікті өмір сүру салты айқын мемлекеттердің тұрғындарына артық салмақ сөз емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазақстандықтардың 25 пайызының артық салмағы бар. Қазақстан бірнеше жылдан бері Орталық Азияда алдыңғы орында. Мамандар артық салмақ жинаған азаматтар саны соңғы жылдары жылдам өсіп келеді деп дабыл қағуда. Мәселен ресми деректер бойынша, соңғы он бес жылда семіздікке шалдыққандар саны 10 пайыздан 15 пайызға артқан. Ал соңғы жеті жылдың ішінде сырқаттанған қазақстандықтар үлесі 15 пайыздан 20 пайызға артып отыр. Семіздіктің эпидемияға айналуына екі себеп бар. Мамандар келтірген дәйектерге сүйенсек, әлеуметтік ахуалдың жақсаруы мен тұрмыстың тым нашарлауы семіздіктің көбеюіне ықпал етуде. «Статистикалық талдау жасаған кезде семіздік көрсеткіші мен жалпы ішкі өнімнің арасындағы тура байланыстың бар екенін байқауға болады. Яғни елдегі экономика өскен сайын, семіздіктің қоғамдағы үлесі де артып отырған. Қазақстанды Орталық Азия елдерімен салыстырсақ, онда жалпы ішкі өнімі ең жоғары біздің ел бірінші орында, ал Тәжікстан секілді кедей елдер ең төменгі орында орналасқан», – дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

 Әрбір бесінші баланың  артық салмағы бар

Ұлыбританияда семіздік дерті өршіп бара жатқандықтан, балалар киімін сататын дүкендер жаппай «семіз» манекендер сатып ала бастаған. 7-8 жастағы балаларға арналған қарапайым манекендердің көлемі әдетте бойы – 120 см, кеудесі 66 сантиметр, белі 60 сантиметр болады. Ал семіздікке шалдыққан бүлдіршіндердің өлшемі бұл көрсеткіштен 20 пайызға артық. Mirror басылымының жазуынша, «семіз» манекендерді сатып алу жылдан жылға артып келеді. Диетологтардың айтуынша, семіздік дертіне шалдыққан жасөспірімдердің өмір жасы кемі 10 жылға қысқарады. Қазіргі таңда Ұлыбритания балалардың семіздігі бойынша Батыс Еуропа елдері арасында бірінші орында тұр. Аталған дертпен күресу үшін жылына 4 миллиард фунт жұмсалады екен. Дене салмағы артық және семіздікке шалдыққан балалар саны республикада күрт артты. Мәселен 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы бұл көрсеткіш 25 пайыз шамасында. Жалпы, 14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздікке шалдыққандар көрсеткіші 12 пайызға тең. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Қазақ тағамтану академиясының мәліметінше, жасөспірімдердің басым көпшілігі фастфудты жөн көреді. Тұрғындардың көпшілігі күніне екі рет ыстық тамақ ішпейді. Сондай-ақ күнделікті асының 400 граммы жеміс-жидек болуы керектігін ескермейді. Тізе берсек, семіздіктің себебі көп. Оның алдын алу жолдары да жетерлік. Әрбір үшінші оқушы күніне кемінде бір рет фастфуд жейді, әрбір үшінші оқушы аптасына бір рет газдалған тәтті сусын ішеді, ал әрбір студенттердің 60 пайызы фастфуд пен газдалған сусынды күнделікті тұтынады. Алайда ересек адамдар ескермейтін тамақтану дағдысын балаға қалай түсіндіруге болады? Тағамтану академиясының дерегі бойынша, әйелдердің 25 пайызы, ерлердің 16 пайызы мен балалардың 11 пайызы семіздерге жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздіктің эпидемияға айналғанын айтып, дабыл қағуда. Әлемдегі әрбір оныншы ер адам мен әрбір жетінші әйелдің салмағы шамадан тыс артық. Яғни, өкпесін май басқан аса семіздер. Егер осы көрсеткішпен кете берсе, 2025 жылы төркүл дүниеде әйелдердің 21, ерлердің 20 пайызы семіздік ауруына шалдығады. Әлемде адамдардың 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болатын аурулардан көз жұмады. Сондықтан тамақтану дағдысын дұрыстап, салауатты өмір салтын ұстануды жолға қойған абзал. Алайда елімізде бұл оңай енгізілетін жүйе емес. Дәстүрлі ас мәзірінің өзі қимыл-қозғалысы көп өмір салтына арналғаны анық. Майлы және қою тағамдардың адам ағзасына зияны көп. Десе де жергілікті халық өз ас мәзірінен бас тартпайды. Ендеше қайтпек керек? Осындайда жылдам дайындалатын фастфуд пен майлы тағамның қайсысы зиян деген сауал туындайтыны заңды. Еліміздің егде жастағы тұрғындары майлы тағамды еш ауырлықсыз тұтынады, ал жастары фастфудты тәуір көреді. Екі ұрпақтың тамақтану дәстүрі екі түрлі болса да, түптеп келгенде екі ұрпақтың да семіздікке ұрыну көрсеткіші тең. Сонда дұрыс тамақтану салтын қалай үйретуге болады? Қазір дұрыс тамақтану сәнге айналған. Әнші, биші, қоғам қайраткерлері спортшылар арасында дұрыс тамақтануды өмір салты санайтындар аз емес.

Салмақ пен сән әлемінің  текетіресі

Соңғы жылдары сән әлемі сұлулыққа көзқарасын өзгертті. Келбеті келісті болғанмен, салмағы сәл артықтау қыз-келіншектер сымбатын қатаң стандарттарға сай ету үшін өз денсаулығына зиян әдеттерге баратын еді бұрын. Енді сән әлемінің магнаттары қырым еті жоқ арық модельдерден бас тарта бастады. Бес жыл бұрын атышулы Vogue журналы кәмелетке толмаған тым арық модельдермен жұмыс істеуді доғарды. Бүгінде француз сәнбикелері салмағы мен бойының қатынасы, денсаулығы туралы медициналық анықтамамен ғана жұмысқа алынатын болған. Луи Витон, Кристиан Диор, Фенди, Марк Джейкобс, Гучи, Ив сен Лоран брендтері сән әлеміндегі жаңа талаптарды қолдап отыр. Басқаларын да семіздерге саясатын өзгертуге үгіттеуде. Әзірге бұл талап Еуропаның сән орталығына айналған мемлекеттерінде ескерілмей келеді. Сән әлеміндегі жаңа киімдердің кішірейгені соншалық, дені сау қыз-келіншектер оңайлықпен кие алмайтын күйге жетті. Дизайнерлер ұсынған киім өте арық қыздарға арналғандықтан, қыздар арасында анорексияға шалдығып, ақыры ажал құшқандар қатары көбейген. Мысалы соңғы деректерге сүйенсек, Францияда кәмелетке толмаған 600 мың жасөспірімнің тамақтануы бұзылған, соның ішінде 40 мың жеткіншек анорексиямен ауырады. 15-24 жас аралығындағы жастардың өлімі жол апатында көп тіркелсе, екінші орында – тамақтанудың бұзылуы екен. Ұзақ өмір сүретіндердің алдыңғы легінде – жапондар. Бұл елдің 50 мыңнан астам тұрғыны жүз жастан асқан. Қазақстанда олардың қатары саусақпен санарлықтай ғана. Орташа өмір ұзақтығы бойынша да жапондар бірінші орында – ондағы орташа жас – 83. Мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстандағы қазіргі орташа жас – 72. Дені сау ұрпақ тәрбиелеп, халықтың орташа жасын ұлғайту үшін алдымен асты түзеген дұрыс. Қала көшелерінде кездесетін жарнаманың дені – арықтау тәсілдері. Көпшіліктің мұңына айналған артық салмақ мәселесін пайда көзіне айналдырып отырғандар да баршылық.